Жаңалықтар

Біз қандай кезеңдерден өттік? (1997-2000 жылдар)

Біз қандай кезеңдерден өттік? (1997-2000 жылдар)

1997 жылдың 8  қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев екі күндік іссапармен Жамбыл қаласына келді. Елбасының кезекті іссапары біздің облыстағы маңызды іс-шараға қатысты еді.

Тараз атауын қайтарған тарихи сәт

Алдымен Елбасы жұмыссапарын облыс орталығындағы Жамбыл ескерткішіне гүл қоюдан бастап, Қарахан кесенесіне барды. Мұнда ел Президенті облыс тұрғындарының тілегін ескере келіп, «Жамбыл облысының орталығы Жамбыл қаласының атын – Тараз қаласы болып өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың  Жарлығымен Жамбыл облысындағы Шу қаласы аудандық маңызы бар қалалар санатына енді. Осы үрдіс өз жалғасын тауып, бірінші шақырылған облыстық мәслихатының кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қаратау қаласын аудандық мәндегі қалалар қатарына жатқызу және оны Талас ауданының құрамына енгізу туралы» шешім қабылданды. Бұл  өңірдегі әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қабылданған маңызды шешімнің бірі болды. Себебі облыс тарихынан ойып алар орны бар көрнекті қалалардың тоқырау кезеңінде құлдырап кеткені көпшіліктің ертеңге деген сенімін азайта бастаған. Қалай айтсақ та, өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары әлеуметтік көңіл күйді өзгерткені шындық.

Инвесторларға өндіріс жұмысын жолға қою міндеттелді

Бұл орайда, аталған қалаларда бірінші кезекте өндіріс тоқтап, өнеркәсіптің ойсырағанын айтпай кетуге болмайды. Мұндай мәселелер облыс орталығында да кездесіп жатты. Ал, осындай қиын түйіндер қалай шешілді? Әрине, нарықтық қатынастардың басты шарттарының бірі – инвесторлар тарту арқылы. Мысалы, облыс басшылығы ағылшынның «Клейндон» фирмасы мен «Тұлпар» акционерлік қоғамының бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Келісім-шарт бойынша мүліктік кешеннің 58 пайызы ағылшындарға тиесілі болды. Осымен бірге бұл фирма мен облыс әкімі жүн өңдеу кәсіпорынының нақты экономикалық есепке негізделген болашақ даму бағдарламасын жасады. Инвесторларға өндіріс жұмыстарын жолға қойып, жүргізу арқылы «Тұлпардың» бұған дейінгі күллі қарызын келісілген уақыт аралығында, ұсынылып отырған кесте бойынша өтеуге міндеттелді. «Клейндон» фирмасы өз міндеттемесі бойынша алты айдың ішінде өндіріс дамуын инвестициялау, жалақы, салық және басқа да бюджетке төлемдерді толық төлеу, айналымдағы капиталды көбейтумен бірге, жұмысшы одақтарымен бірлесіп, мәжбүрлікпен еңбек демалысына жіберілгендердің еңбек ақысына байланысты өндірістік келісімдерді қалпына келтіру және жаңа қырқылған, жуылмаған жүнді жеткілікті мөлшерде кеден және басқа да жергілікті органдардың рұқсат етілген ережелері бойынша тасымалдауы керек болды. Былай қарасаңыз, көрсетілген шаралардың  әлеуметтік бағыты анық-ақ болып тұр. Дегенмен, кәсіпорын акциясының басым бөлігін өздеріне қаратып алған ағылшындардың көп жағдайда шартта көрсетілген мәмілені орындаған жоқ. Сол себептен де, басқаруға алған әрбір шетелдік компания тұсында облыс кәсіпорындарының қарыздары көбейіп, жұмысшылардың наразылығы өлшеусіз өсе түсті. Соның салдарынан Жаңатас пен Қаратаудың кеншілері ереуілге шығып, аштық жариялап, астанаға дейін сапар шекті. Бір сөзбен айтқанда, қордаланған проблемалар көбеймесе азаймады. Жаңатастың  ереуілшілері мен аштық жариялаушыларының айдан айға ұлғайып бара жатқан әрекеті бүкіл республиканы шарлап кетті. Бұған  жаңатастықтардың 1998  жылдың 16  ақпаны күні кешкі сағат сегізден Қазақстан темір жолының Түркістан бөлімшесі, Жамбыл филиалының шойын жолында пикет жасауы әсер етті. Соның салдарынан 17  ақпан күні сағат 15.00-ге дейін он үш жолаушы, осыншама тауар пойызы тоқтап қалды. Жүздеген жолаушылар дер кезінде көздеген жеріне жете алмай, тауарларын күткен шетелдіктер тиісті жерлерге жеделхаттар жолдап жатты. Есептеулер бойынша пикетшілер әрекеті мемлекетке екі миллион теңгедей зиян келтірген. Облыс әкімі Сарыбай Қалмырзаевтың оларды сабырға шақырып, ұзақ уақыт әңгімелесуі мәселені шешпеді. Жаңатастықтар  Премьер-Минисрдің  келуін талап етті. Соңынан, 25 сағат бойы темір жол қатынасын тоқтатқан жаңатастық пикетшілерді ішкі істер органдары қызметкерлері арнайы пойызға отырғызып, Жаңатасқа жеткізді. Олардың ішінен осы темір жол қатынасын тоқтатуды ұйымдастырушылар ретінде 10 адам ұсталды. Оның жетеуіне әкімшілік жаза қолданылатындығы, үшеуіне қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы өңір басшысы 18  ақпан күнгі журналистермен болған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Әйтсе де, пикетшілер тегеуіріні жауапсыз қалмады. 20  ақпаннан бастап жаңатастық жұмысшылардың бір бөлігі бұрынғы үш жылдық жалақыларын алатын болды.

Жалақыларын жылдап күткен кезең

Аталған жылдары айлық жалақының кешігуі бюджет мекемелеріне де тән болатын. Осылай, 1999  жылдың сәуір айында дәрігерлерге де көптен күткен еңбекақылары төленді. Міндетті сақтандыру қоры жүйесі бойынша қаржыландырылатын медицина мекемелерінің қызметкерлері жалақыны 1998  жылдың ақпан айынан бастап күткен еді.  Бірінші сәуірге дейінгі  оларға тиесілі қарыз 218,8 миллион теңге болатын. Облыс бюджетінде күрделі жағдай туындап отырғандығына қарамастан мидицина қызметкерлеріне 118,8 миллион теңге төленді, ал аудандар өз қарыздарын жергілікті бюджеттердің есебінен өтеді. Облыстық және қалалық мекемелер өз қызметкерлеріне әлі де 80,8 миллион теңге төлеуі керек болса, ол бойынша  еңбекақы төлеу кестесі жасалып, облыстық мекемелердің еңбекақысы маусым айының аяғына дейін, ал қалалық мекемелердің еңбекақысы қазан айына дейін төлеу қарастырылды. Жаңа қоғамдық-экономикалық қатынастарға көшу жағдайында мемлекет макроэкономикалық үрдістерді ғана назарында ұстамай өз тарапынан кәсіпкерлікті де дамытуға барынша көңіл бөліп отырғаны белгілі. Өйткені жаңа жұмыс орындарын ашу, тауарлар мен азық-түлік өнімдерін өндіруде бәсекелестік ортаны қалыптастыру – меншік иелерінің көбеюіне тікелей байланысты екендігі түсінікті. Әлеуметтік оңды өзгерістерге шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың  қосар үлесі аз емес екендігі және аян. Облысымызда бұл бағытта қолға алынған шаралар, іс-жоспарлар аз болмады. Бұл істен өнеркәсіпті қала Тараз да сырт қалған жоқ. Осының айғағындай облыстық семинар-кеңес өтіп, онда кәсіпкерлікті қолдау мен жандандыру, инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.

Ғимараттар сенімгерлік басқаруға берілді

Әрине, өнеркәсіпті қала Таразда кәсіпкерлікке кең өріс ашуға зор мүмкіндіктер бар. Алайда, семинар-кеңесте айтылғандай, өнеркәсіп өндірісінің 1 пайызға жетпейтіндей бөлігі ғана қаладағы шағын кәсіпорындардың үлесіне тиетін. Қала әкімі өз тарапынан кәсіпкерлікті дамыту мен жандандыруға көмектесетін шараларды аз қабылдаған жоқ. Үйлестіру кеңесі құрылып, бос тұрған ғимараттар мен үйлерді меншік иелеріне сенімдік басқаруға берді. Жұмыстарды атқару мен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға конкурстар өткізетін тендерлік комиссия  құрылды. Тауар өндірушілерді қолдаудың өзге шаралары назардан тыс қалған жоқ. Жәрмеңкелер мен әр алуан көрмелер ұйымдастырылды. Шағын кәсіпкерлікпен шұғылданушылардың өздері шығарған бұйымдары мен тауарларын жарнамалауларына және өткерулеріне көмек көрсетілді. Соның  бір айғағы – «Тараз қаласында шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен жандандырудың 1999-2000-шы жылдарға арналған бағдарламасының» талдап-жасалуы дер едік. Осы арқылы кәсіпкерлік құрылымдарға бос тұрған өндірістік ғимараттар мен жер телімдері берілетін болды. Семинар-кеңесте кәсіпкерлерді жөнсіз тексеруден арашалау қажеттігі туралы нақты айтылды. Осыған байланысты қабылданған Тараз қалалық әкімшілігінің шаралары да назар аударарлық. Ол бойынша басым бағыттағы 100 орта және шағын бизнес кәсіпорны таңдалып алынып, олар тексеруші, құқық қорғау органдары тарапынан жөнсіз араласушылықтан қорғалып, жан-жақты, заңды көмек пен қолдауға ие болды. Мұндай шағын кәсіпорындар тізімі бірте-бірте толыға береді. Ал, қала базарларында жасырын контрабандалық жолмен жеткізілген тауарлармен сауда жасаушыларға қарсы күрес тоқтаусыз жүргізіле берді. Нәтижесінде, жыл аяғына дейін қалада шағын кәсіпкерлік құрылымдар санын 16,3  пайызға өсіру, оларда жұмыс істейтіндерді 11,2 мың адамға дейін жеткізу көзделді. Ал, жалпы өндірілген өнім көлемі 20 пайызға ұлғайтылатын болды. Тиісінше, 2000  жылға қарай шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 50 пайызға артып, оларды 3690-ға жеткізу жоспарланды. Нарықтық қатынастар аса қажет ететін қадамдар мен тың идеяларды ұсынушылар –  республикалық инвестициялар жөніндегі агенттік төрағасы А.Сайденовтың, Тараз қаласының әкімі Б.Сауранбаевтың, инвестициялар тартуға жәрдемдесу жөніндегі қазақстандық орталықтың бас директоры А.Баталовтың, өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің республикалық одағының төрағасы М.Үркімбаевтың, шағын және орта бизнесті қолдаудың Шымкенттегі комитетінің төрағасы К.Күлбаеваның, Тараздағы «Киванис» клубының президенті В.Проскуриннің, «Жамбылбылғарыаяқкиім» АҚ-сының президенті А.Губашевтің, «Айвенго» ЖШС-інің директоры Л.Попова еді. Семинар-кеңес өткен облыстық драма-театрында «Тараз – 99» көрмесі өтті. Онда негізінен қала кәсіпорындары шығарған өнімдер, бұйымдар мен заттар көрсетілді.

Алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі

Дана халқымыз «Бардың жақсысы – базарға» дегенде малы төлді, егіні шығымды шаруаның әкелгені алушысын тез тауып, төккен тер, еткен бейнетін өтейтін бағаға сатылатынын меңзеп айтқаны сөзсіз. Нарықтық қатынастар жағдайында ауылдағы тауар өндірушінің қай-қайсысы болсын, осыны қалайтыны анық. 2000 жылдың 19 қарашасындағы Тараз қаласының орталық егін егіп, мал өсіріп отырғандардың көп бейнетпен алған өнімдерін өткерулеріне көмектесу мақсатын көздеген тұңғыш облыстық көрме-жәрмеңке өткізілді. Бұл облыс әкімі С.Үмбетовтің бастамасы еді. Бұған дейін нарық жағдайына көштік дегенмен, ауылдағылардың көпшілігі делдалдарға жем болып, өнім өндіру үшін жұмсаған шығындарын да өтемейтін бағаларға өткеріп жүрген-ді. Көрме-жәрмеңке оларды мұндай кіріптарлықтан құтылып, артық өнімдерімен ауыс-түйіс жасауына, тұқым, техника, тыңайтқыш және басқа да керектерін келісім-шарт жасау жолымен алуына мүмкіндік туғызды. Ауыл еңбеккерлері аталған жылдары ауа райының қолайсыздығына байланысты қиыншылықтарға қарамастан егіншілік пен мал шаруашылығында  жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе алған еді. Айтар болсақ, ауыл шаруашылығында сол жылы облысымызда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 18752,4 миллион теңгені құрап, 1999  жылғымен салыстырғанда 2,5 пайызға артты. Егін шаруашылығы өнімдерінен түскен табыс –  10536,4 миллион теңге. Өсім – 2,2 пайыз. Мал шаруашылығы өнімдерінің құны  8216,0 миллион теңгені құрап, 2,8 пайызға өсті. Міне, көрме-жәрмеңкенің негізгі пайдасы осы болды. Тиімділікпен жұмыс істеген ауылшаруашылық құрылымдары барды ұқсатып, табысын арттыра бастады. Облыстық статистика басқармасының өңірдің әлеуметтік-экономикалық қорытындылары туралы мәліметтеріне ары қарай мән берер болсақ, 2000  жылы облысымыздың өнеркәсіп кәсіпорындары (шағын, қосалқы және үй шаруашылығы секторын қоса алғанда) қолданыстағы бағалармен 26270,7 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндіріпті. Бұл 1999  жылғы көлемнен 5 пайызға артық. Жалпы өнімнің 87,1 пайызы ірі кәсіпорындардың үлесіне тиеді. Ал 62,5 пайызы өңдеу кәсіпорындарының үлесінде. Бұл кәсіпорындарда өнім өндіру 17,0 пайызға өскенін көрсетеді. 2000 жылы облыс  бойынша тұрғын үй құрылысына 281,0 миллион теңге салым  салынды. Бұл негізгі қорға бөлінген барлық қаржының 25,7 пайызын құрайды. Облыстық салық инспекциясының мәліметтері бойынша 2000  жылдың қаңтар-желтоқсанында бюджет жүйесіне 8918,0 миллион теңгенің әртүрлі салықтары мен төлемдері аударылды. 1999  жылдың желтоқсан айының соңында салық төлеушілерден жиналмай, мерзімінде төленбеген салық көлемі 2603,9 миллион теңгеге жетті. Мұның 1693,5 миллион теңгесі, 65,1 пайызы Тараз қаласына тиесілі еді. 2000 жылғы сауда кәсіпорындарының, базар саудасы және сервистік қызметпен шұғылданатын кәсіпорындардың сауда айналымы 17036,7 миллион теңгені құрады. Ал, жыл ішінде бөлшек саудадағы (базарларды қоса есептегенде) тауарлар айналымы 6941,2 миллион теңге мөлшерінде болса, оның ішінде саудамен ресми айналысатын кәсіпорындардың айналымы 3277,6 миллион теңгеге жетті. Осы жылы сауда орындары 59,8 миллион теңгенің ақылы қызметін көрсетті. Оның 84,3 пайызы (50,4 миллион теңгесі) қоғамдық тамақтандыру орындарының үлесіне тиді. Облыстық кеден басқармасының мәліметтеріне қарағанда 2000  жылдың қаңтар-желтоқсанында облыстың сыртқы сауда айналымы 148,3 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл 1999  жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 10,2 пайызға төмен. Экспортқа шығарылған тауарлар бағасы 60,9 миллион долларды (13,6 пайызға төмен), импорт 87,4 миллион долларды (7,6 пайызға төмен) жеткен. Тұтыну бағаларының индексі 2000  жылдың желтоқсан айында 1999  жылдың осы айымен салыстырғанда 111,5 пайызды, ал, өнеркәсіп өнімдерін өндірушілердің бағасы аталған кезеңде 111,8 пайызды құрады. Жүк тасымалдау тарифтері деңгейі өзгеріссіз қалды. Есесіне, азық-түлік нарқы орта есеппен 13,6 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың құны 3,6 пайызға, халыққа ақылы қызмет көрсету 14,4 пайызға қымбаттаған.

Жұмыс іздегендердің әрбір 11-шісі жұмысқа орналасты

Әлеуметтік жағдайға нақты тоқталар болсақ, 2000  жылдың қаңтар-қарашасында  үй шаруашылықтарының жан басына шаққандағы ақшалай табыстары 11,9 пайызға өскен. Экономика салаларының ірі және орта кәсіпорындарында еңбек ететіндердің саны 117,2 мың адам болды. 1999  жылдың осы кезеңіндегімен салыстырғанда олардың саны 1 пайызға (1,2 мың адамға) артты. Аталған мерзімде еңбекпен қамту орталықтарына жұмысқа орналасу үшін көмек сұрап 16979 адам келді, олардың 8351-і, 49,2 пайызы – ауыл тұрғындары. Еңбекпен қамту мекемелерінің көмегімен жұмыс іздегендердің 1552-сі немесе 9,1 пайызы, әрбір он біріншісі жұмысқа орналастырылды. 2000  жылдың он бір айында облыста 15621 нәресте дүниеге келді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1596-ға, 11,4 пайызға артық. Бір өкіндіретіні, он бір айда 8227 адам дүниеден өткен. Бұл 1999  жылдың осы мезгіліндегіден – 694-ке (9,2 пайызға) жоғары. Облыс халқының табиғи өсімі 7394 адамды құрады немесе 1999  жылдың осы кезеңіндегіден 902 адамға артты. Сол жылы өңірде 5084 некелесуші мен 1106 неке бұзушы жұп тіркелді. Көші-қон мәселесінде де осындай бір-біріне қарама-қайшы дерек тіркелді. Атап айтсақ, облысымызға 9829 адам көшіп келіп, 18560 адам көшіп кеткен.

1998 жылы Дулати ескерткіші ашылды

Азаттықтың ақ таңы атқалы  тәуелсіздікті жақындатқан тұлғаларға облысымызда орнатылған ескерткіштер елдік еңсемізді биіктетті.1998  жылы туғанына 500 жыл толуына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдына ғұламаға ескерткіш орнатылды. Қойгелді батыр ескерткіші 1998  жылы облыс орталығында Төле би көшесі мен Қойгелді батыр атындағы көше қиылысында орын тепті. Қосы батыр құрметіне ұрпақтары Байзақ ауданының А. Суханбаев ауылына  Ақбақайдың көк тасынан қашалған ескерткіш орнатты.1998  жылы  Қордай ауданында Қарасай батырдың 400 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Батырдың ұрпақтары мекендейтін Қарасай батыр ауылында ескерткіш орнатылды.1999  жылдың 9 маусымында Бәйдібек бабамыздың басына, Домалақ анамызға, тағы бес анамызға – Сарыбәйбіше,  Зеріп, Жұпар, Қарашаш, Сыландыға тұрғызылған мавзолейлердің ашылу салтанаты болып, ас  берілді. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ұлы бабаларымыз Қойгелді, Жауғаш, Тілеуке батырлар қайта жерленді.1999  жылы Қордай ауданының Өтеген ауылында батырдың 300 жылдық мерейтойы  өткізіліп, аудан орталығында еңселі ескерткіш орнатылды. 2000  жылдың 11 қазанында облыс әкімі С.Үмбетов ұлттық ат спорты ойындары басталар алдында Наурыз мейрамында пайдалануға берілген облыстық атшабарға Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімін бергені туралы хабарлады.  

Сейдахан Бақторазов,

М.Х.Дулати  атындағы Тараз өңірлік университетінің  профессоры, 

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының жетекшісі.