- Advertisement -

Дипломдық жұмысты жазудың талаптары жеңілдеді

495

- Advertisement -

Жоғары оқу орнында академиялық адалдықтың сақталмауы көп бастамаға кедергі келтіретінін көріп жүрміз. Жең ұшынан жалғасатын әрекеттер, жеңілдің жолын іздеу бүгінге дейін білім мен инновацияның дамуына тосқауыл болып келгені де, жасырын емес. Қазір жоғары білім беру сатысында жемқорлықтың жолын кесу үшін бірқатар шаруалар қолға алынып жатқаны да, сондықтан. Соның бірі жуырда ғана қабылданған шешім – дипломдық жұмысты орындаудың жаңа ережесі. Түсініктірек болуы үшін диплом жұмысын жазуда нақты қандай өзгеріс енгенін айта кетейін.

Бірінші жаңалық – дипломдық жұмыстың көлемі азайғаны. Енді дипломдық жұмысты жазудың жаңа талабына сай енді жұмыстың көлемі 60-70 беттен 30-40 бетке дейін қысқарды. Сондай-ақ студент жазған жұмысын қағазға басып шығармай-ақ, электронды түрде қорғай алады. Бұрынғыдай 60-70 беттік еңбекті басқызып, оны түптеп әуреге түспейді. Орындаған жұмыс Антиплагиат бағдарламасы бойынша тексеріледі.

Жалпы жуырда ғана М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы-ректордың  міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлы осы мәселе төңірегінде әлеуметтік парақшалар арқылы тікелей эфирге шығып, студенттер мен ата-аналардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берген болатын. «Біздің мақсатымыз – студенттерге жүктелетін жұмысты барынша жеңілдетіп, олар дипломдық жұмысын ешкімнің көмегінсіз адал жолмен жазып, қорғауларына жағдай жасау. Егер бітіруші мұндай жеңілдік берілгеніне қарамастан жұмысты біреуге жаздырып, академиялық адалдықты сақтамағаны белгілі болса, жұмыс қабылданбайды, диплом берілмейді», — деді Ержан Әмірбекұлы.

Осы тұста диплом жұмысын жазатын студенттерге пайдалы ақпарат беру мақсатында қойылатын талаптарға  тоқталып өтсек. Ең алдымен жоба тақырыбы өзекті, ғылым, техника, өнер мен мәдениеттің даму перспективасына сай болып, мазмұны талапқа сәйкес келуі керек. Жоба тақырыбы кафедраларда анықталып, факультеттің ғылыми кеңесінде қарастырылады. Дипломдық жұмыстың тақырыбы жыл басында анықталып, ректордың бұйрығымен бекітіледі. Жобаны жазу мақсатында әр студентке ғылыми жетекші тағайындалады. Жетекші дипломдық жұмысты орындауға тапсырма береді, студентке керекті негізгі әдебиеттерді, анықтама және мұрағаттық материалдарды, басқа да дерек көздерін ұсынады.

Бұл – мазмұны бойынша бітіруші курс студентінің нақты мамандық бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы. Егер бітіруші өз білімін магистратура, докторантурада жалғастыратын болса, осы дипломдық жұмысын әрмен қарай зерттеп, толықтырып, өз бағыты бойынша жұмысын жетілдіре алады. Ал диплом жазудың талаптарының жеңілдетілуі студенттерге өз қаржысын, уақытын үнемдеуге мүмкіндік туғызып отыр. Ендігі кезекте жастарымыз жалқаулыққа салынбай, ата-анасының маңдай термен тапқан қаражатын мақсатсыз жұмсамай, өздері еңбектенеді деп сенеміз.

Дәл қазіргі уақытта 4-курс студенттері тәжірибеден өтіп, дипломдық жұмыстарын жазуды бастап та кетті. Енді аз күнде олар өз еңбектерін қорғап, мамандығын растайтын құжаттарын қолдарына алмақ. Сондықтан түлектер тарапынан қазіргі пандемия жағдайында «Диплом қорғау сынағы қалай өтеді?», «Мемлекеттік емтиханды қайтіп тапсырамыз?» деген сынды сұрақтар қойылуы – заңдылық. Дегенмен, уақытынан бұрын бұл сұрақтардың нақты жауабын біз әзірге айта алмаймыз. Барлығы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ. Әрине, біз кез-келген өзгерісті, жаңалықты студенттерімізге алдын ала хабарлайтын боламыз.

 

Алима Кенжебаева,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

мектепке дейінгі және бастауыш

білім беру кафедрасының меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support