Жаңалықтар

Оптимист

Оптимист

– Бұл бәсекеде сіз, бәрібір жеңілесіз ғой! Сіздің қарсыласыңыз бірнеше шақырылымнан бері депутат! Көп «есіктің» арғы жағындыларға баратын төте жолды тапқан адам. – Мейлі, жеңілсем, жеңілермін! Бірақ, бәрін өзгермейтіндей көретіндерге ой саламын ғой! Содан кейін менің мамандығым – мұғалім! Үнемі өмір жолыма қарайлай жүретін шәкірттерім қиындықтан қорқып, кедергіден қашқанымды қалай қабылдайды?! ... Сол жолы әңгімені әрі қарай созудың жөні жоқ қой деп ойлап, еріксіз жымиып, бас шайқағам да қойғанмын. Ішкі бір үн қарсыласып-ақ тұр, «қазір кім кімге кінә арта қояды» деп қасарысады. Екіншісі – «қоғамдағы кереғарлықтардың барлығы немқұрайлылықтан басталады емес пе, бәлкім мұнысы дұрыс та шығар» дейді алдыңғы ойымды ішімде тұншықтырып. Бірақ, «оптимист» дегем іштей. Алайда бұл болмыс нағыз мұғалімге тән екенін бағамдаған да жоқ едім. Содан бері де арада 13 жылдай уақыт өтіпті. Одан кейін де аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Есенкүл Мұхтарованың нағыз оптимист екеніне талай мәрте көзім жетті. «Зейнет жасына жеткен күннің ертесіне-ақ бір күн де жұмыс істемей, зейнеттік демалысқа кетемін» деп жүрді. Сол әңгімеден соң, екі жылдан кейін сөзінде тұрып, наурыз айында өз қызметін шәкіртіне тапсырды. Тіпті сол кездегі бөлім басшысы Жұмакүл Бүкірованың «оқу жылының соңына дейін күте тұрсаңызшы» деген уәжіне де құлақ аспады. «Жастар өсуі керек, ендігі жол солардікі» дейтін ұстанымынан таймады. Есенкүл Мұхтарова – тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінен кейін аудандағы білім саласының ісін ілгерілетуге үлкен үлес қосқандардың бірі десек, артық айтпаймыз. Ауыл-ауылды аралап, жігерлі жастарды төңірегіне жинағанын осы салада еңбек етіп жүргендің көбі айтып жүр. Оларға сенім артты, ертеңгі күннің бүгіннен жақсы боларына сендіре де білді. Оған сол кездегі бөлім басшысы Жұмакүл Бүкірова да қолдау көрсетіп, танысы емес, талпынысы бар, білім-біліктілігі жоғары кадрларды топтастыруға мүмкіндік берді. Жаңа мың жылдықтың алғашқы он жылдығында ауданның білім саласы  алға шықса, ол – осындай жанкештілікпен еңбек ете білетін мамандардың арқасы! – Есенкүл Мұхтарқызы бізді әр мектептен шақыртты. Жас мамандардың аяқ алысын семинар, конференция секілді іс-шараларда көріп, таныды деп ойлаймын. «Сендер біздің орнымызды басасыңдар. Сала ісі ақсап қалмауы үшін жұмыс істей алатын жастарды тәрбиелеуіміз керек» деген ұстанымы мықты ол кісінің. Өзі соған сенді және солай болды да. Кейін өзі тәрбиелеген шәкірттері аудандық білім бөлімін басқарды, - дейді аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова. Негізі тұтас бір буынды тәрбиелеу  ұстаздың ұстанымына байланысты екен. Оған бұдан кейін сан мәрте көзім жетті. Нағыз мұғалім идея иесі ғана емес, оны жүзеге асырудағы үлкен ерік-жігерге ие және соның өз нәтижесін беретініне сенетін оптимист болуы керектігін түсіндім. Кешегі табандап еңбек етіп, бір нәтижеге тынбай жетпейтін аға буын сондай педагогтардың тәлімін алған. Кейін ғой – жоғары білім беру жүйесіндегі тоқырау жылдарында «диплом сатып алғандар» мектепке келгенде мәртебенің төмендегені. Бертінде ең оңай грант жеңіп алуды көздегендер оқу бітіріп, сала ісіне араласқанда – оқытушыға деген сый-құрмет мүлдем жоғала бастағаны. Нағыз маманның еңбегінің еленбей қалған кезі жоқ. Атақ-марапаты да жетіп жатыр. Бірақ, соның бәрінен Есенкүл Мұхтарованың нағыз ұстаз деген мәртебесі биік. Биыл мерейлі 70 жасқа толып отырған мәртебелі мұғалім туралы айтарымыз осы!

Ардақ Үсейінова

Т.Рысқұлов ауданы.