Қатаң шаралар қабылдайтын уақыт келді
Қатаң шаралар қабылдайтын уақыт келді
Соңғы тәулікте өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 31 жағдайы тіркелсе, оның тең жартысы, яғни 15-і Қордай ауданынан анықталған. Өңір басшысы ахуалдың күрт нашарлауын халықтың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзуымен, қоғамдық көліктерде және адамдар көп жиналатын орындарда бетперде режимінің сақталмауымен байланыстырады. Сондай-ақ көршілес Алматы, Қарағанды облыстарында, Алматы қаласында ауру көрсеткішінің айтарлықтай өсіп бара жатқандығы, тіпті Қырғыз елінің астанасы Бішкектегі де ахуалдың күрделілігі алаңдатпай қоймайды. – Шекарадағы бақылауды күшейту қажет, шетелдіктер тек ПТР-тест нәтижелері бойынша жіберілуі тиіс. Жақында жалған анықтамалардың деректері анықталған болатын, сондықтан ПТР-тесттердің түпнұсқасын мұқият тексеру керек, – деп атап өтті өңір басшысы. Қазақ-Қырғыз шекарасындағы алты өткізу пунктінде санитарлық жұмыс жүргізілуде. Онда шетелдіктерді тексеруді күшейту маңызды. Біз адамдарға санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мен вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін белсенді пайдалануымыз керек. Кафелер мен мейрамханалардың жұмысына қатысты қатаң шараларға жүгінетін, мекемелерге ғана емес, банкеттер ұйымдастырушыларға да айыппұл салатын кез келді. Егер біз қазір шұғыл шаралар қабылдамасақ, онда біздің облыстың «қызыл» аймаққа еніп кетуі әбден мүмкін, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.