Елдігімізді әйгілеген тұғырлы Тудың авторы
Елдігімізді әйгілеген тұғырлы Тудың авторы
...Шәкен Оңласынұлы жұмыстарын негізінен патриоттық тұрғыда жазды, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы болуы – тума талантымен қатар,Отанын шексіз сүйгендігі деп білеміз», – деп жазды еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев. Шындығында Шәкен Ниязбекұлы еліміздің мемлекеттік Туын жасауда Отанға деген шексіз махаббат таныта білгенін бүгінде көк туымыздың бейнесіне қараған сайын әрбіріміздің де сезінетіміз даусыз. Шәкен ағамыздың да көкейінде көк туымыз алдымен халқының көңілінен шықса деген толқулы сезім болған екен. Бұл туралы Шәкен Оңласынұлы былай толғанған: «Ең алдымен Парламент бекіткен тудың осы үлгісі халқымызға ұнай ма екен, халқымыздың таңдауына, талғамына сәйкес келе ме екен деген қобалжу сезімі басым болды. Бойымды бір түрлі қорқыныш сезімі билегендей күй кештім...». Бүгінде Тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында өзінің тұғырында желбіреп тұрған көк Туымызға сүйсінбейтін қазақ жоқ. Бұл кезінде Ту авторының да көкейіндегі күдігін сейілтіп, ел алдындағы еңбегінің ақталғанын көрсетеді. Өздеріңіз жақсы білетіндей, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес болып келеді. Тарихшыларымыздың кітабында біз пайдаланып жүргендей көк ту туралы мәліметтер жоқтың қасы. Есесіне тарихта қызыл, жасыл, ақ тулардың болғаны айтылады. Кейбір деректерде Абылайдың жасыл ту ұстағаны айтылады. Ханның немересі Кенесарының да байрағының түсі жасыл болған көрінеді. Ал Амангелді батыр атасы Иман батырдан қалған алашұбар туды төбесіне көтерген. Бұл жайлы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұсылманның ұраны – шұбар ала ту алдың» деп жырлайды. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да қазақта шұбар ала ту болғандығын айтқан. Соған қарағанда, қазақ тарихында шұбар ала тудың қасиеті мол болғанға ұқсайды. Шұбар ала ту, әсіресе Ұлт-азаттық көтерілістер көсемдерінің негізгі нышанына айналды. Қазақта ақ ту көтеру дәстүрі бұрыннан бар. Дешті Қыпшақтың да туы ақ болған дейді. Олардың ұғымында ақ түс – тазалықтың, әділдіктің нышаны. Қазақ хандығында әр ханның, тіпті әр батырдың жеке байрағы болған екен. Тарихи құжаттардан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек батырлардың өз туы болғанын білеміз. Қабанбайдың, Оспан батырдың байрақтарының түсі ақ екен. Абылай ханның да жауынгерлерді ерлік пен өрлікке бастаған туының түсі ақ болыпты. Хан байрағы ұзындығы үш құлаш найзаға сапталыпты. Биіктігі – жүз елу, ені жетпіс сантиметр болатынын ақ байрақ екенін тарихшылар жазып жүр. Осы деректерден-ақ, тудың мемлекет тарихында қаншалықты маңызды орын алатынын білуге болады. Мемлекеттік тудың авторы болуы – елімізге еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Оңласынұлы Ниязбековтің суретшілік қабілетінің мойындалуы. Бұл азаматтың арман-ойының халықпен бірге, халықтың арманымен тереңнен үндескендігі. Мемлекеттік туды бекітуге арналған байқауға бұрынғы Кеңес Одағы, неміс, түрік, моңғол елінен жүздеген қылқалам шебері өз нұсқаларын жолдаған. Жалпы бір мың екі жүзден аса жұмыс сынға түсіпті. Солардың арасынан қара үзіп, көптің көңілінен шығатындай байрақ салу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ болса керек. «Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарымыз болатын. Бір күні Президент аппаратында істейтін бір қызметкер хабарласып, мемлекеттік Туға байқау жарияланып жатқанын айтты және қатысуымды да өтінді. Осы оқиғадан кейін, барлық жұмысымды ысырып қойып, Тудың жобасына кірісіп кеттім. Дүниеге еліміздің өткені мен болашағын баяндайтын ту әкелу – басты мақсатым болды. Байқауға қатысушыларға жарты жыл уақыт берілді. Ұзақ уақыт ой үстінде, толғаныста жүрдім.Тарихи кітаптарды ақтаруыма тура келді. Әрине, Ту – біздің мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің белгісі. Өзге ел біздің туымызға қарап-ақ өткеніміз бен болашағымыздың болмысын түсінсе деген ойда болдым. Талай кітапты ақтардым. Халқымыздың өткен тарихын парақтап шықтым. Өзге елдердің Туларын зерттедім. Ал бір өзім тудың отыз бестен астам нұсқасын жасадым. Байқаудың соңғы күндері көз ілмедім десе де болады. Қабылдауға баратын күні біздерді сағат сегіздерге шақырған. Ал мен неше күндік ұйқысыздықтан абдырап қалсам керек, ұйықтап қалыппын. Бірақ бардым. Соңғы талқылауға бес-алты ту ғана қатысты. Менің Туымды көрген марқұм Өмірбек Жолдасбеков: «Біз іздеп таба алмай отырған ту осы емес пе?» – дегенде, жұрт қолдай кетіп ду қол шапалақтауынан менің төбем көкке шамалы жетпей қалды емес пе?! Сонымен не керек, ту мәселесі соңғы кеңесте қаралатын болды. Мен де оған дейін туыма өзгерістер енгіздім. Тудағы оюдың түсі алғашында қызыл түсті болатын. Кейін оны күн мен қырандай алтын түстіге ауыстырдым. Және күн мен қыран тудың шет жағында еді, оны Елбасының ұсынысымен ортасына қарай жылжыттым. Ту соңғы кеңестен де сүрінбей өтіп, мен Мемлекеттік Тудың авторы болып шыға келдім» деген болатын өз естелігінде ту авторы. Мен осы материалды жазарда мемлекет қайраткері, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбековтің пікірін қосқым келді. Сөйтіп ол кісінің көмекшісіне хабарласып, ғалым ағаның сәлемдемесін жеткізді. Ол кісі «Болат Боданбайға берген сұхбатымды алсын» депті. «...Мен конкурсқа түскен туларға, елтаңбаларға қысқаша жалпылама шолу жасадым. Солардың ішінде Абылайдың ақ туы бар екен, оның Әбділдинге ұнайтынын айттым. – Өзіңе ше? – деп сұрады Елбасы. – Маған Шәкен Ниязбеков ұсынып отырған көк ту көбірек ұнайды. Егер ол ту қабылданса, түбінде жаман болмайтын сияқты көрінеді, – деп, осы ту жөніндегі пікірлерімді айттым. – Жарайды, көрейік, – деді Елбасы. Конкурс комиссиясы іріктеп алған жобалар Жоғарғы Кеңестің фоэ залына ілінді. Ақыры таңдауды, соңғы сөзді ел Президенті айтуға тиіс. Жалпы, Нұрекең, өзге асыл қасиеттеріне қоса, өте алғыр ғой. Не нәрсенің де қадір-қасиетін бірден байқайды. Жұрттың бәрі Президент не айтар екен деп, демдерін ішіне алып, тосып тұр. Ол кісі әр тудың жанына сәл бөгеліп, мұқият көз салып,жағалай қарап келе жатты. Шәкеңнің туының жанына азырақ бөгелді. Абылайдың ақ туының жанынан да солай өтті. Бәрін тегіс қарап шыққан соң кері бұрылды. Қайтып келе жатып, Шәкеңнің туының жанына тоқтады. Шәкең, қойылған сұраққа орай, өзінің осы тудың үлгісін жасау кезінде қандай идеяларды басшылыққа алғанын айта бастады. Сөйтіп, Президент таңдауын жасады...» (Болат Боданбай: «Таңғаламын өмірдің ғажабына» сыр-сұхбатқа құрылған ғұмырнамалық роман 2-том 95-96-беттер). Шәкеннің жақын туысы болып келетін інісі, медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалқаров Шәкен аға жайлы «Ағаның үйі бұрынғы Коммунистік проспектісі бойындағы «Қаракөз» кафесінің үшінші қабатында болатын. Шәкен ағамен Алматыдағы жұмыс орнымды Түркістан қаласына ауыстырғанға дейін үнемі жиі араласып тұрдым. Бір күні мені үйіне шақырып, Президент аппаратында Ербол Шаймерденов деген інішек мемлекеттік туды жасау үшін конкурсқа түсуімді қалап отырғандығын, конкурсқа қатысатындығын айтып өтті.Мына жоба-сызбаларымды қарашы деп салған жоба жазбаларын көрсетумен болды. Бір суреті-бір суретінен артық салынғандай көрінеді.Шәкен аға салынған суреттер жайлы емес, қазақ тарихына ойысып кете береді.Күнде үйіне шақырады.Бүгінгі салған жобалары кешегі күннен өзгеше болып шығады.Суреттерінде жалпы тарих баяндалады.Мен соны көріп білгендей болдым. Күніге пікірін тыңдату үшін шақырады. Мен қарсы болмаймын. Барамын.Көп ұзамай көк тудың нағыз нұсқасы дүниеге келді. Сондағы ағаның жүзіндегі қуанышты айтып жеткізудің өзі бір бақыт екен!» деп тудың дүниеге келген сәтін әңгімелеп айтып берді. «Көк түс – қазақтың көк тәңірісі аспанның түсі. Ол ынтымақ пен бірлік, байлық пен берекені аңғартады. Жер шарында барлығын бөліске салуға болатын шығар, бірақ ешкім, ешқандай көк аспанды бөліске сала алмайды. Ол – ортақ. Күн арқылы қазақтың мейірімділігі мен ақ пейіл мінезін бергім келді. Қыран құс та халқымыздың биікке ұмтылғыш қасиетін, күш-қайратын көрсетеді. Ол – ерлік пен азаттықтың символы. Байқауда да көпшілік бірауыздан қыранды қолдады. Тек «Не себепті қыран құсты таңдадыңыз?» деген сұрақ болды. Оған мен 1269 жылы Италиядан шығып, қазақ даласын кесіп өтіп, Құбылай ханның ордасына барған, сонда 17 жыл тұрып, қызмет атқарған Марко Поло деген саяхатшының өмірден өткенін, ол өзінің «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабында «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар» деп жазғанын айттым. «Әрине, ол далалықтар, сөзсіз біздің ата-бабаларымыз, қазақтар. Қыран құсты қазақ қана сонау шыңнан балапан кезінде әкеліп, асырайды. Қыранды бағындыру қазақтың ғана қолынан келеді. Сондықтан да біздің Мемлекеттік Туымызда қыран құстың көрініс табуының заңды оқиға екенін айттым. Қошқар мүйізді ою – қазақтығымыздың нышаны. Әрине, әр елдің Туының көлемі әртүрлі. Менің туымызды «бір де екі» етіп алуымның мәнісі мынандай. Біздің солтүстік өңірдің желі қатты. Еліміздің сондай өңірлерінде Туымыз мен мұндалап желбіреп тұрса екен деген ниет қой біздікі. Бұл Ту енді менікі емес, қазақ халқының, мемлекетіміздің құндылығына айналды. Әрине, ерекше толқығаным есімде. Дегенмен мен үшін Туды халықтың қабылдауы өте маңызды еді. Мұндай жеңіс оңайдан-оңай келе салмайды. Оның артында терең ізденіс, батыл шешімдер, ерекше дарын мен күш-қуат жатыр. Әр жобаның өз идеясы, өз философиясы бар» деп Ш.Ниязбеков өткен күндерді еске алатын. Шәкен Оңласынұлының туған жері – киелі Әулиеата өңірі. Оның арғы атасы дана Төле би. Әкесі Оңласын ірі шаруақор кісі болса, анасы Айнагүл ісмер, он саусағынан өнер тамған өз еліне аты мәлім әншілік өнері болған екен. «Менің туған жерім бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласы. Туу туралы куәлігімде туған күнім 12 қараша, 1938 жыл деп көрсетілген. Ал шын мәнінде, 1933 жылдары дүниеге келсем керек. Мен шала туылған бала екенмін. Алғашында өте кішкентай, әлжуаз болыппын. Туғанымда кірпігім де қимылдамаған көрінеді. Менің осы халімді көрген айналамдағылар құжат алуға асықпапты. «Бір күні шетінеп кетер» деп ойлаған болулары керек. Көрер жарығымыз болса керек, мен сол қалпыммен беске келіппін. «Мына бала өлмейді екен. Бұған куәлік алайық» деген жұрт, құжат туралы сонда ғана ойланса керек», – дейді Шәкен аға өз естелігінде. Шәкен орта мектепті Тараз қаласындағы В.И.Ленин атындағы орыс мектебінде оқиды. Осы білім ордасы жас баланың талантын ұштап, үлкен аренаға жетелейді. Мектепте бір ғана сурет үйірмесіне ғана қатысып қана қоймай, жас техниктер үйірмесі, спорттық үйірмесіне де уақыт тауып, қатар қатысты. Спорттық гимнастикамен де үзбей шұғылданады. Мектепті бітіргеннен кейін Шәкен Ниязбеков 1956 жылы сол тұстағы атақты оқу орны болған Ленинград қаласындағы В.И.Мухин атындағы жоғарғы көркем-өнеркәсіптік училищеге оқуға түседі. Шәкен Оңласынұлының осы оқу орнында оқып жүргенде алғашқы тамаша картиналары дүниеге келеді. Оның туындылары елімізде, ТМД елдерінде және шетелде кеңінен танымал бола түседі. Мысалы, интарсия техникасы бойынша әзірлегенді жақсы көрді. Интарция дегеніміз жиһаз беттеріне сурет салу деген мағынаны білдіреді. Бұл саладағы оның еңбегі өзінше бір төбе болмақ. Бұдан бөлек дизайнер ретінде Кеңес Одағы кезінде санаулы дарындылар қатарында «Волга-24» жеңіл автокөлігін құрастырушылардың бірі болған. 1980 жылдары Шәкен Ниязбеков Қазақ ССР Суретшілер одағының басқарма төрағасы, Алматының бас суретшісі қызметтерін атқарған. 1982-1990 жылдары Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланады. Қызмет ете жүріп сурет салуды да ұмытпаған. Алматы – мемлекетіміздің жүрегі. Қала елтаңбасының ең үздік жобасына жарияланған байқау өте жауапты болды. Елтаңбаға Алатаудың ұлылығы, Алматының әлемге әйгілі «апорт» суретінен басқа Ш.Ниязбеков қар барысын енгізіп, түпкілікті жаңа ұйғарым жасады. Дәл осы барыс қала аумағынан шығып, еліміздің символына айналғанын да атап өтпеске болмайды. Егер де ту – идея, идеологияны, ал Барыс демократиялық қоғамымыздың бейнесін білдірсе, қазақстандық патриотизм – бұл мемлекетіміздің рухы. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан байрағымызды Президенттер сүйіп, ант береді, тағзым етіп, бас иеді. Спортшыларымыз төрткүл дүниені мойындатқан сәтте жалауымыз желбірейді. Патриотизм – идеологиямыз бастау алатын күш-қуат көзі. Үш терек дегеніміз мыналар: Ту, Елтаңба және патриотизм, үшеуі біріккен кезде ғана Отанымызға қажымай әрі мүлтіксіз қызмет етеді. Бұл байланыстың элементтері жеке-дара әрі еркін, соған қарамастан олар органикалық жағынан біртұтас, олар рухани сұлулық, әділеттілік пен сабырлылықтың бейнесін білдіріп, бір-бірін үйлесімді толықтырып, бірге тіршілік етеді. Мемлекеттік ту авторының мемлекетімізді дамытуға, оның рухани мәселелеріне қосқан үлесі туралы насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру – біздің азаматтық міндетіміз. Екі жылдан кейін оның 85 жылдық мерейтойы келеді. Мемлекет тарапынан Шәкен Оңласынұлының атын мәңгіге қалдыру мақсатында, туған еліндегі елді мекеннің біріне, республика бойынша білім ордаларына, көше атауларына есімін беретін уақыт келген сынды. Бұл ұсыныстарға Үкімет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан да қолдау болатынына сеніміміз мол.
Ғалымжан Мырзалы,
ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері.