«Әулие ата» көкпаршылары он бірінші мәрте ел чемпионы атанды

6

Көкпар ежелден қазақ халқының ұлттық өнері екені талас тудырмайды. Тұлпарлар тұяғының дүбірін естіген қазақ халқы аламан бәйге, көкпар десе делебесі қозып, тыпыршып кететіні және бар. Одан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Атқа міну мәдениеті» туралы кеңінен айтылса, осы көкпар, аламан бәйге секілді ұлттық спорт түрлерін көрген жұрттың арғымақ үстіне отырып, сәйгүлікті сипай қамшылап, сайын дала төсінде сайран құрғысы келетіні және рас.

Тараз төрінде ұлттық спорт түрлері көкпар мен аударыспақтан кезекті ел чемпионаты өтті. Бектөбедегі атшабарда өткен чемпионаттың ашылу салтанатында еліміздің Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан қатысып, сөз сөйлеп, көкпарға және аударыспаққа енгізілген жаңа ережелерді баяндаған болатын.

Биылғы дода бұрынғысынан өзгерек. Көкпар додасында екіге бөлінген (бірінші лига және жоғары лига) ұжымдардың мақсаттары да екі бөлек екен. Бірінші лиганың жеңімпазы жоғары топқа жолдама алса, жоғары топта төмен нәтиже көрсеткен ұжым бірінші лигаға сырғиды. Жұртты қызықтырған кездесу әлбетте, облыс намысын қорғаған «Әулие ата» командасы мен Түркістан облысының «Құлагер» ұжымы арасында өтті. Жыл сайын финалда жолдары түйісетін екі команда кезекті мәрте бірінші орынды сарапқа салды. Бұл жолы да «Әулие атаның» жігіттері намысты қолдан бермеді. Көкпардың үздік шабандоздарының бірі Құрманбек Тұрғанбек әдеттегідей финалда да жасындай жарқырады. Ол шешуші кездесуде төрт салым салып, өзінің шын мәнінде мықты екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, Құлажан Тоғайбаев, Ернар Жарылқасын бастаған жігіттеріміз де бір-бір мәрте қанжығасын майлады. Қысқасы, «Әулие ата» көкпаршыларының сегіз салымына «Құлагер» командасы төрт салыммен жауап қатты. Қорытынды есеп 8:4. «Әулие атаның» пайдасында. Осылайша кезекті ел чемпионатының жоғары лигасында «Әулие ата» командасы он бірінші мәрте топ жарса, Шымкенттің «Құлагері» күміс жүлдені, Атыраудың «Нарыны» қола жүлдені қанағат тұтты. Бірінші лига додасында Нұр-Сұлтан қаласының командасы топ жарып, жоғары лигадан төменгі лигаға топ ете түскен Ақмола облысының орнына жоғары лигаға жолдама алды. Бірінші лиганың екінші орны қарағандылықтарға бұйырса, маңғыстаулықтар үздік үштікті түйіндеді.

«Өнер көкпары» аламанында «Құлагер» командасы жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Финалдық кездесуде «Құлагерге» есе жіберген Ақмола облысының өнерпаздарынан құралған ұжым екінші орынды иеленсе, қарағандылықтар үздік үштікті түйіндеді.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында ұйымдастырылған ел біріншілігінде аударыспақ спортының да жеңімпаздары анықталды. Мұнда командалық сында Түркістан облысы топ жарса, Батыс Қазақстан облысы екінші, Ақтөбе облысы үшінші орынды иеленді. Үздік шыққан командалардың барлығы диплом, кубок және қомақты қаржылай сыйақымен марапатталды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.