Қос жағалауда балалардың ойыны қыза түспек

21

Тараз қаласы тұрғындары мен қонақтарына арналған «Зербұлақ» және «Үш бұлақ» жағалауындағы аттракциондар паркінің басты артықшылығы – су қоймаларына жақын орналасуында. Бүгінде бұл демалыс орындары келушілерді қабылдай алмайды, өйткені олар тек эскиздік нұсқада.

Кеңес заманында қала орталығында орналасқан «Комсомол» көлі жамбылдықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі еді, алайда уақыт өте көлдің тозығы жетіп, қараусыз қалғаны жасырын емес. Бас мердігер «South holiday» ЖШС 1,5 миллиард теңге салып, дәл сол аумақтан жайлы және әртүрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Бұл – облыс орталығына сәуір айында тартылған ең алғашқы инвестициялардың бірі. Жоба әлеуметтік бағытта іске асады, тек мейрамхана мен үш бассейн орналасқан нысанға ғана ақылы түрде кіру қарастырылмақ. Жалпы, кешен төрт аймақтан тұрады. Онда көлдің өзінің тамаша жағажайы және қайықтар мен катамарандарды жалға беруге арналған орын, тамаша көрініс беретін пирспен қамтылған орталық аллея және жақын жерде орналасқан спорт алаңшалары, арнайы балық аулау аймағы да қарастырылған.

Сондай-ақ балалар алаңдары, қарттар үшін демалыс орындары ашылып, сәкілер орналастырылады.

Жоба 2023 жылдың екінші тоқсанында толық аяқталады деп күтілуде. Мердігер бірінші кезеңде көлді тазартумен айналысады, оның түбін арнайы геомембранамен қаптап, тас төсемек. Жағажайға таза құм әкелініп, субұрқақтар орнатылады. Сондай-ақ орталық аллея толық абаттандырылып, түрлі бағалы ағаш көшеттері отырғызылады.

– Жұмыс кестесін жасаңыздар, оның орындалуын Тараз қаласы әкімдігі бақылайтын болады. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында табиғатқа зиян келмеуіне баса көңіл бөлу қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.

«Жеңіс» саябағына іргелес «Үш бұлақ» жағалауындағы аттракциондар паркіне қала тұрғындарынан аса сұраныс болмады. Жаңа жоба бойынша саябақ балаларға арналған, отбасылық және экстремалды болып үш аймаққа бөлінеді, әрқайсысы өзіндік аттракциондар жиынтығымен қамтылады.

Әсіресе айналмалы шолу аттракционы айрықша назар аудартады. Ондағы әр кабинка кондиционерлермен қамтылады. Америкалық тау үлгілері, әйгілі екі қабатты Лондон автобусының шағын көшірмесі, картинг алаңы, ролледром, темір жол, велосипед трассасы және барлық жастағылар үшін басқа да қызықты құрылғылар орнатылатын болады.

Бердібек Сапарбаев жобамен танысып болғаннан кейін жұмыстарды ертерек бастап, Халықаралық балалар күніне дейін аттракциондардың бір бөлігі іске қосылуы тиіс екендігін баса айтты.

Comments are closed.