Жаңалықтар

Боранда адасқан қойшыны орманшылар құтқарды

Боранда адасқан қойшыны орманшылар құтқарды

Наурыздың соңғы апталары жауын-шашынды болып, қыстақта отырған малшыларды да, дән себуге асыққан диқандарды да ауа райы біраз әбігерге салып қойды. Осы бір қолайсыз ауа райында Мойынқұм ауданындағы Ұланбел орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Әбілқасым Қарнақбаев малшысының боранда жоғалып кеткенін айтып көмек сұраған. Өйткені  оның шаруа қожалығы Ұланбел орман шаруашылығы мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қорында орналасқан еді.

Қожалық жетекшісінің айтуынша, қойшысы екі күн бұрын мал жайып шығып, 600 бас қоймен жоғалып кеткен. Алдымен қожалық өз күшімен іздеп табуға әрекет жасаған. Бірақ таба алмаған соң өтінішпен орман шаруашылығына қайырылады. – Қожалықтың малшысы жоғалғанын естіген сәтте, орман шаруашылығы қызметкерлерін іздеу іс-шарасына толық жұмылдырдық. Оған мекеме тарапынан бір трактор мен бір «УАЗ» автокөлігін жұмылдырып, 10 адам бөлдік. Мекеме қызметкерлерінің қорық аумағын жақсы білетіндіктен бораннан адасқан қойшыны сол күні Ұланбел ауылынан 4 километр жерден таптық, – дейді Ұланбел орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Бауыржан Шайшаев. Малшы Асқанбай Базарбаев жайылымға шыққаннан кейін артынша соққан боранның салдарынан желдің ығымен жүріп, жолдан адасып қалғанын айтты. Үш күн ол айдалада түнеп, далада адасып жүрсе де алдындағы малын түз тағысынан қорғап, жаңа төлдеген қой қозыларын да аман алып қалыпты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы.