Жаңалықтар

Жастар тәрбиесіне назар аудару қажет

Жастар тәрбиесіне назар аудару қажет

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кездесулердің бірінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа: «Сіздерде өмірлік тәжірибе жеткілікті, алар ұлағат та мол. Соны облыс имамдарымен бірлесе отырып, тұрғындардың, әсіресе жастардың санасына сіңіргендеріңіз жөн», – деп жақсы ой айтқан болатын. Облыстық ардагерлер кеңесі бұл ұсынысты бірден қолдап, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісу мақсатында нақты істі бастап кетті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған бірнеше ақсақал және ақ жаулықты әжелер «Һибатулла Тарази» мешітіне арнайы атбасын бұрды. Қонақтарды облыстың және «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қарсы алып, құрмет көрсетті. Мұнан соң аталған имандылық ошағының мәжіліс залында екі тарап өкілдерінің қатысуымен келелі жиын өтті. Әуелі сөз алған «Әжелер алқасы» клубының жетекшісі Гүлжан ұстаз мұндағы ұлағатты әжелердің негізгі міндетіне жан-жақты тоқталды. Облыстық мешіттегі «Әжелер алқасының» мүшелері қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге көмек беру, салт-дәстүрді насихаттау, жаны гүлдей нәзік қыз баланың тәрбиесіне қатысты дұрыс бағыт беру, өмірлік тәжірибелерімен бөлісу секілді мәселелермен тұрақты түрде шұғылданады екен. Барлық аудандарда да орталық мешіттердің жанынан «Әжелер алқасы» клубы құрылып үлгеріпті. Олар талапқа сай өз деңгейлерінде тірліктер атқарып жатыр. Жақында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы аталған мешітке келіп, «Әжелер алқасымен» кездесу өткізгені де оқырмандарға белгілі. Мұнан соң облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев ардагерлердің бойындағы тағылым жас ұрпаққа өнеге екенін айта келіп, облыстағы діни ахуалдар туралы қысқаша баяндап өтті. Бүгінгі таңда өңірде 313 мешіт бар болса, онда 434 діни қызметкер еңбек етіп жатыр. Одан бөлек 40 намазхана жұмыс істесе, жаңадан 19 мешіттің іргесі қаланған көрінеді. Олардың ішінде 177 мешіт «көгілдір отынмен», 117 мешіт көмірмен жылытылады екен. Тіпті кейбір «көгілдір отын» барған ауылдарда мешіттің газбен жылынуы шешімін таба қоймағаны да айтылды. 300-ге жуық мешіт қызметкерлері әртүрлі қолдаулар арқылы жалақы алғанымен, 10 мың теңге айлық алатын имамдардың да жүргені белгілі болды. Былтыр біздің өңірден 76 шәкірт «Нұр Мүбарак» университетін және медреселерді бітірсе, 17-сі ғана мешіттен жұмыс тапқан. Өзгесі білімдерін одан әрі жетілдіруді жөн көрген сияқты. Облыстық мешіт қызметкерлері тарапынан қайырымдылық іс-шаралары көптеп атқарылыпты. Былтыр 428 оқушыға қажетті жабдықтар, оқу құралдары сатып әперілсе, былтырғы қасиетті ораза айы кезінде 888 адамға 140 тонна ет мешіт арқылы таратылған екен. Жалпы 34 мың 768 адамға азық-түлік түрінде көмектер көрсетілген. Қордайда ашылған имамдар үйінде дүнген ұлтының 50 имамы мемлекеттік тілде сабақ алса, келешекте олар мешіттерде қазақ тілінде уағыз жүргізеді деп көзделуде. Бұдан соң облыстың бас имамы ардагерлерді мешіт жанынан ашылған «Асыл дін» студиясына сұхбат беруге шақырды. Ондағы мақсат – ардагерлердің көкейіндегісін тыңдау. Мұнан соң сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев  соңғы жылдардағы имамдардың сапалы қызметіне тоқталып, адамгершілік, имандылық, тәрбие бағыттары бойынша мешіттермен бірлесіп жұмыс істеуге қай уақытта да дайын екендіктерін жеткізді. Бұл ретте ол мәселеге облыс әкімі де терең көңіл бөліп отырғанына тоқталып өтті. Еркінбек Бейсенбекұлы бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде бейауыз сөздер жазып, қарттарды мазақтайтын азаматтар шыққанын қинала баяндап, жастар тәрбиесімен айналысу өзекті іс екенін, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп атқарар тірлік көп екеніне баса назар аударды. «Біздер облыстық кеңес жанынан «Әкелер мектебін» құрдық. Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан да құрылды. Енді университеттер мен арнаулы оқу орындарын осындай мүдде жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырмақшымыз. Барлығы жастардың бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыру үшін қажет», – деді Еркінбек Солтыбаев. Мұнан соң облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов сөз сөйлеп, билердің  міндетіне, жастарға берер тағылымына жан-жақты, тереңірек тоқталды. Соңыра облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері мешіттің «Асыл дін» студиясын, медресенің жатақханасын, спорт залын аралап, игі іске көңілдері толып, имамдар жұмысына сәттілік тіледі. Мұндай маңызды басқосулар келешекте де жалғасып, тәрбие мәселесі назардан түспейтін болды.

Есет ДОСАЛЫ