Өнер иелерінің еңбегі еленді
Өнер иелерінің еңбегі еленді
Жалпы алғанда үш бірдей Халық әртісі, бір Мемлекеттік сыйлықтың иегері, он алты Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі өнер ордасында әр жылдары өз саласының шын білгірлері жұмыс істегені баршаға мәлім. Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков «Өнер адамы» әнін (Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы) жүрекпен орындап, жүректерге жеткізді. Жас актерлерден құралған музыкалық хор ұжымы Абай Құнанбайұлының «Айттым сәлем қаламқасын», сондай-ақ Жамбылдың «Әгугай-ай», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерін шырқап, құрметке бөленді. Кез келген образдың, яғни күрделі тағдыр иелерінің жан-дүниесін ашып бере алатын актерлеріміздің ән орындау шеберлігі де жоғары екеніне сүйсіндік. Мұнан соң облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөз сөйлеп, тарланбоз тұлға, ғажайып режиссер болған Асқар Тоқпановтың есімін иеленген облыстық қазақ драма театры қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап, театр шеберлері қасиетті өнер иелері екенін айтып, 85 жылдық тарихы бар ұжымның жұмысына табыс тіледі. Іс-шара барысында ол облыс әкімінің Алғыс хатын жас актерлер Әбу Шоңбаевқа, Абзал Дәулетбақовқа, бас есепші Динара Тілеубековаға тапсырды. Бұдан соң сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сайлаухан Ашанов театр ұжымын құттықтап, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың Құрмет грамотасын және Республикалық ардагерлер кеңесінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанат Төлендиевке, труппа бөлімінің меңгерушісі Сәнтөре Пірманға табыс етті. Мәдениет, спорт,туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, Қазақстан театр қайраткерлері одағы облыстық филиалының директоры Жүніс Әлімбеков сөз сөйлеп, аталған филиалдың Құрмет грамота және Алғыс хаттарын тапсырып, бірқатар мереке иелерін қуантты. Кейіннен театр директоры Мәлік Ақүрпеков сөз алып, құттықтап келген басшылар мен барша театр ұжымына өзінің ақжарма алғысын білдірді. Сондай-ақ мекеме директоры алдағы уақытта атқаратын бірқатар жоспарларымен бөлісіп, бірнеше актерді жекелеген рөлдерін аса шебер орындағандары үшін «Үздік рөлдері үшін» аталымдарымен марапаттады. Соңыра іс-шараға жиналғандарға арнайы дастарқан жайылып, өмірден озып кеткен театр ардагерлері мен майталмандарына Құран бағышталды. Бірқатар мереке иелері марқұмдардың жақсы қасиеттері жайында естеліктер айтты.
Есет ДОСАЛЫ