- Advertisement -

Жастарға жаны жақын Жазекең

356

- Advertisement -

Мен облыстың бас шопаны Жазекең туралы ең алғаш рет 1958 жылдың аяғына қарай ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасайтын өзімнің туған ағам Әуезхан Әміреқұловтан естіген едім. Дастарқан басында отырғанда жәй ғана «Біздің облысымыздың атақты шопаны Жазылбек Қуанышбаев екінші мәрте КСРО-ның ең жоғарғы марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды» деді, қуанышты көңіл күймен. Ол кезде мен мектеп оқушысымын. Содан да болар ағамның әлгі сөзіне мән-мағына беріп, айтқан әңгімесін санама тереңдеп сіңіре қойған жоқ едім. Өткенге ой жүгіртіп отырсаң, Жазекеңнің көзін көргендер де бүгінде көп емес екен. Менің замандастарымның ішінен ол кісінің көзін көріп, әңгімесін тыңдаған жандар да некен-саяқ. «Дүние шіркін, дүркін-дүркін, өтеді бір күн» дегендей бұл жалған дүние де тоқыма секілді сетінеген, сетіней де береді. Кейін жолым түсіп іссапармен Мойынқұм ауданына барған уақытымда, сонымен қатар облыс көлемінде өтетін үлкен жиындарда жастарға деген жаны да, қолы да жылы қарияның аялы алақанын қос қолдап алып, сәлемімді әдеппен беруші едім.

Жалпы, Жаз-атаның қарапайымдылығын, мінезін, сабыр мен салмақты болмысын, ойын кімге болса да жылы жүзбен жымиып отырып бүкпесіз айтып салатындығының сирек те болса куәсі болдым.

1964 жылы әлі студентпін, самбо күресінен республика біріншілігінің соңғы күні болатын, жарысқа қатысушылар кілемге шығатын тәртіп бойынша кезегімізді күтудеміз. Бір уақытта жарыстың бас төрешісі: «Құрметті жарысқа қатысушылар, құрметті спорт жанкүйерлері, бүгінгі жарысқа  КСРО-ның екі мәрте Еңбек Ері, қадірлі қонағымыз Жазылбек Қуанышбаев ағамыз қатысып отыр», – деп хабарлады. Бәріміз ду қол шапалақтап, құрмет көрсеттік. Жазекеңді сонда бірінші рет жақыннан көргенмін, оның үстіне екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын тек қана елімізге өзінің қажымас қайраткерлік еңбегімен, азаматтық қасиетімен ие болатындығын білетұғын, түсінетін және бағалай білетін жасқа да жеткенбіз.

Жазекеңнің Алматыға не шаруамен келгенінен хабарымыз жоқ. Ал енді уақыт тауып Қазақстан бойынша мен деген спортшылардың күресін қызықтап көруге келгені атамыздың (бүгінгі күні өзім де ата болып шөбере сүйіп, қолынан май жалаған қариямын) артта қалған жастық шағын еске түсіріп, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған жігерінің арқасы болар. Бәрімізге қысқа ғана сөйлеп, жақсы тілегін, ниетін жеткізгенде, жеңіске деген жастық жігерімізді қайрап, рух берген қарапайымдылық, жаныңа жылылық әкелген өнегелі ойы есімде қалыпты.

Арада бірталай жылдар өтіп жатты. Мен жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, сол жылдардың тәртібі бойынша арнайы жолдамамен Луговой ауданындағы №97 Луговой асыл тұқымды жылқы зауытының орталық бөлімшесінде агроном, уақыт өте келе бөлімше меңгерушісі болып қызмет атқарып жаттым.

1969 жылдың ызғарлы күзінің бір күні Луговой ауданының малшыларының басын қосып Тереңқұмдағы Үмбет бөлімшесінде көп салалы жиналыс өтті. Осы жиынға ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілхан Аққозиев мал шаруашылығы саласының  білгірі деп еліміз құрмет тұтқан Жазекеңді, Жазылбек Қуанышбаевты Мойынқұм ауданынан арнайы жиынға қатысуға шақырған екен.

Жиында Жазекең малшылар қауымына арнап өзінің жүрекжарды ойларымен бөлісті. Көп жылдар қой шаруашылығында болғандықтан, өз басынан өткен талай қиын-қыстау сәттерін айтып: «Айналайын ағайын, ұлтымызда мынандай мәтел бар: «Ит сегізден туады, қой егізден туады. Сонда арам көп пе, адал көп пе» дей келе, «Ынта, қабілет болса бәрі орнына келеді. Мойымаңдар. Табиғаттың қысымына қарсы келу оңай емес, бірақ ұйымшылдық, бірлік, түсінік, қолдау бар жерде жемісті жетістіктер болатынына сеніңіздер», – деген шын көңілді аталық-ағалық тілегі елдің есінде қалды. Малшы қауымы Жазекеңнің жайлы да, дегдар мінезіне, қарапайым азаматтық парасат-пайымына үлкен ризашылдық білдірді.

Жиынға  қатынасқандардың ойында қалғаны ақырын жүріп, анық басатын табиғи жаратылысымен, кіршіксіз тазалығымен, еңбекқорлығымен, адам баласын алалауды білмейтін арда азамат пайымымен бүкіл еліміздің ыстық ықыласына бөленген азаматты  көрген көрініс болды.

Тағы бірде, оның ішінде 1976 жылдың жаз айларының ортасында Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков ағамыз өзі бас болып, даңқты шопан-ата Жазекеңнің 80 жасқа толған  мерейтойын өткізуді ұйғарыпты. Бұл тұста мен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, жұмыс атқарып жүргеніме 4 жылға аяқ басқан кез еді.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ерінің мерейтойын өткізуді облыс басшылары дұрыс деп тауып, құнды металдан Жазекеңнің келбеті бейнеленген төсбелгі жасау керек деп шешіп, оны орындауды маған тапсырды. Мұндай мәселені нақты шешу менің қолымнан келері екіталай еді. Себебі менің білуімде Қазақстан бойынша сол жылдары мұндай төсбелгі бұрын-соңды жасалмаған екен. Бұл істі бірінші болып біз жасататын болдық.

Осы тұста облыстық партия комитетінің саяси-әлеуметтік, мәдениет мәселелерін үйлестіру саласын басқаратын хатшымыз, елдің аса зор құрметіне ие болған Ғаникен Айдарханқызы Бибатырова Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Ғибат Мырзағалиевке  телефон соғып, аталған мәселені оң шешуге қолұшын беруді сұрана отырып, тапсырды. «Тапсырды» деп баса айтып отырғаным, олар кезінде бірге комсомол қызметінде болған.

Төсбелгіні жасауда көп қиындықтар болды.  Дегенмен жолын тауып жасаттық.  Бүгінгі күні тарихта қалған сол төсбелгі көрген адамның көзін тартатындай жарқырап, жалтылдап шыққаны естен кетпейді.

Жазекеңнің мерейтойына облыстың екі басшысы да, яғни Х.Ш.Бектұрғанов пен С.Аққозиев та қатыса алмады. Жаңылмасам, Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің кезектен тыс сессиясы өтіп, басқа да орталықтан шақырылған қонақтар, зиялы қауым өкілдері, айтулы азаматтар да келе алмады. Есімде қалғаны – салтанатты шараға КСРО-ның халық әртісі Роза Бағланова апайымыз қатысып, тойға жиылған елді өзінің әуезді әнімен баурап, көпшілік  көңілінен шыққаны.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, республика басшысы, кемеңгер тұлға, жаз дидарлы Жазекеңді аса жоғары бағалай білетін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың құттықтау хатын облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Анатолий Федорович Шалов қазақша мақамынан жаңылыспай, мәнін келтіріп оқып, Жазекеңе тапсырды. Бұл басқосуға, салтанатты шараға Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Зақаш Камелиденов те қатыса алмады. Бірақ Зақаш Камелиденов араға 3 ай салып, Мойынқұмға арнайы келіп БЛКЖО Орталық Комитетінің марапатын, мерекелік төсбелгілерінің толық комплектісін аудан орталығында өткен арнайы мәжілісте көпшілік алдында шын жүрегімен құттықтап, тапсырды. Жиыннан соң Зақаш Камелиденов, ауданның бірінші басшысы Айтбай Назарбеков және мен Жазекеңнің үйінде арнайы дайындалған дастарқаннан дәм таттық. Дәм үстінде Жазекең өзінің мінезіне тән қасиетімен: «Зақаш қарағым, сендер мектеп бірген жастардан комсомол-жастар қой өсірушілер бригадасын Қазақстан бойынша көптеп құру керек» деп жөнсіз бастама бастап жүрсіңдер. Сендер біріншіден жер жағдайын, өзен-көлін есепке алсаңдаршы. Мысалы, біздің Мойынқұм жерінде 2 мың қойға қора-қопсы салып, мал шаруашылығын өркендетеміз деп ойлайсыңдар. Бір-екі жылда қойдың қыстауы мен жайылымы тоз-тоз болып, арты жал-жал құм басып қалуы ықтимал. Анау Талдықорған облысындағы Николай (Николай Никитич Головацкий) 10-15 мың қойды бір жерде етке өткізу үшін бордақылап отыр. Оныкі жөн. Мен білетін Панфилов ауданы дәндік жүгері өсіруге бейімделген, мемлекетке сатқан жүгері өнімі үшін, оларға соның есесінен арзандатылған комбикорм тиесілі. Онан басқа жүгерінің паясын ұнтақтап ірі қара болсын, қой болсын қолда ұстап бордақылауға ыңғайлы. Сол тек қора жайда тұратын малды күтетін  адамдарды комсомол-жастар бригадасы деп атай беруге болады. Оның үстіне менің бір ағайынымның баласы мектепті барлық пәннен 5-ке бітіріпті. Енді соны да қойдың артына саламыз ба?» – деді.

Содан соң «Жастардың болашағын тек қой бағуға бағыттамаңдар, арыдан ойлап, болашақта ұлтымыздың ұлағатты перзенті болуына көбірек көңіл бөліндер» деп көзінің қиығымен Зақашқа  қарап қойып, ары қарай сөзін жалғастыра берді. «Рас, ауыл – қазақтың түп қазығы, ауылда өскен жастар үлкеннің сөзіне ықылас қоя біледі, ауылдағы қара домалақ сәбидің тілі өзіміздің тілде шығады. Дегенмен бәріміз бүгінгі ғылымның жетістіктерін, білімді білгендіктен заманауи ортаға, уақытқа тәуелдіміз. Адам өз өмір жолының артта қалған бөлшегін емес, алдағы келер күндері жайында көп ойлауы керек, себебі әр адамның өмірлік бағыты болуы керек», – деді. «Құнды сөз құнарлы ойдан туады» демекші қарияның айтылған сөзіндегі салиқалы ойлары бәрімізді іштей толғанысқа түсірді. Осы бір жайды мен бүгінгі күнге дейін есімнен шығарған емеспін. Өйткені ол кісі жасы келіп, шау тартса да пенделіктен бір мойын озық тұрған азамат екенін таныта білді.

Сол жылдары Мойынқұм ауданының орталығы Фурмановка селосына ЯК-40 самолёті қатынайтын. Сыйлы қарияға кішілік жолымызбен қайтар уақыттың таянып қалғанын сыпайылап жеткіздік. Жазекең аға ретінде Зақаш Камелиденовқа өз қолымен шапан жауып, сый-сияпат көрсетіп, қайтуға рұқсатын берді. Бұл бір естен кетпес сол жылдардың көңілде қалған оқиғасы еді.

Жазекеңнің дастарқан басында жайлап қана жеткізген өмір топтамасы, бүкіл еліміздің жастарына жасаған жақсылығы деп түсіну керек. Себебі сол әңгімеден соң Орталық Комитеттің «Мектеп бітірген жастарды қой шаруашылығына тартыңдар», «Қой шаруашылығы – екінші  тың» деген ұран-талаптары жәйлап қана өздігінен ұмытыла бастады. Жалпы жастарды қолдап айтары мол, ақыл-кеңесі сарқылмас қазыналы, ойын тоқтаусыз жеткізе білген Жазекең халықтың ортасынан шыққан қарапайым адам және елдің жағдайын жақсы түсіне білетін жаны жайсаң жан еді.

Кеудесінде қос жұлдызы бар ғұмырында жарқырап өткен, артында өшпес із қалдырған, көзінің тірісінде-ақ «дала академигі» атанған бар қазақтың қасиетті қариясы Жазекең жарықтықтың ерен еңбегі – еліміздің тарихында, есімі ұрпағының жадында сақталып, халқымызбен бірге мәңгі бола беретіні ақиқат. Өйткені ол өз дәуірінің қайталанбас тұлғасы болатын.

 

Сағынхан Әміреқұлов,

комсомол, партия және ауыл

шаруашылығы саласының ардагері,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support