- Advertisement -

Соңғы тоқсанның сергелдеңі

102

- Advertisement -

Оқу жылының аяқталуына бір жарым айдай уақыт қалғанда ата-аналар базар аралап, ұл-қызына киім іздеп әлек болды да қалды. Біреуінің аяқкиімі тар, екіншісінің жейдесі қысқарып қалған, тағы бірінің сөмкесі жоқ дегендей. «Үйдегі барыңды кие берсеші, жаңасын қыркүйекте аласың» деп тыйып тастағанға көне салатын бала бар ма, қазір?! Қысқасы – ең қысқа тоқсан отбасылық бюжетті бір жағынан қысып тұр. Онсызда бақылаусыз кеткен азық-түлік бағасының кесірінен олай тарт та, бұлай тарт болып тұрған аз ғана табыс қайда жетсін?!

Бұл мәселе неден туындады дейсіз ғой! Бәрі өткен аптада Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова брифинг өткізіп, соңғы тоқсанда оқушылар мектепке оралатынын айтқан кезден басталды. Рас, вице министр облыс немесе елді мекен жасыл және сары аймақтарда орналасқан жағдайда, барлық оқушылар төртінші тоқсаннан бастап оқытудың аралас форматына көшетінін, ал балаларға мектепке бірыңғай емес, еркін формада келуге рұқсат берілетінін бірден мәлімдеген болатын. Бірақ, ресми ақпарат толық таралмай жатып, мұғалімдерден ата-аналардың ватсаптағы чатына «1 сәуірден бастап сабақ офлайн түрде өтеді. Балалар мектеп формасы немесе ақ кофта, ақ жейде, қара юбка, қара шалбар киеді», деп хабарлама жіберіп үлгерді. Министрліктегілер олай дейді, мектептегілер бұлай дейді. Сонда қайсысына құлақ асқан жөн?!

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға журналистер тарапынан қойылған сұрақтардың бірі осы болды. Өңірдің бас педагогы оқушылардан мектеп формасын кию талап етілмейтінін қадап айтты. Қалай десек те, киім мәселесі бір жақты шешімін таба жатар. Ал бірақ ата-аналарды тап қазір соңғы аптада өзге өңірлерде эпидахуал қайта ушығып жатқаны алаңдатып отыр.

Негізі вице-министр қызыл аймақта орналасқан өңірлерде оқыту форматын жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық санитариялық дәрігерлер айқындайтынын айтқан болатын. Ал вирустың таралу көрсеткішіне қарай, сары және жасыл түсті ұстап тұрған облыстарда сабақ толықтай аралас форматта өтеді. Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шараларды қарастыру міндеттелген. Тіпті асханалардың жұмысының өзі жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша және санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өңірлік Бас санитарлық дәрігерлердің келісімімен ұйымдастыру жолдары да пысықталып жатыр.

Әп-сәтте жұртты әбігерге салған – төртінші тоқсандағы оқудың жайы екенін айттық қой. «Мектеп асханаларын да ашуға рұқсат беріледі екен» деген соң, дүйсенбінің ала таңынан ауылда алаңсыз жатқандар «Халыққа қызмет көрсету орталығына» ағылыпты. Жуалы ауданындағы осындай орталықтағы ұзын-сонар кезек күтіп тұрғандар арасында баласына мектептен тегін тамақ берілетінін растайтын анықтама алушылар да бар екенін сол жерден Фейсбуктағы парақшасы арқылы тікелей эфирге шыққан болгер Исламбек Дастан жеткізді. Оқу форматындағы сәл ғана өзгеріс сабақ басталмай жатып, осылай елді дүрліктіріп қойды. Ертең оқушылар мектепке оралғанда қалай боларын кім білсін?!

Сабақ процесіне дейінгі дайындық барысының өзі қалай жүріп жатқанын там-тұмдап айтып өттік. Енді оқыту үдерісінің қалай өтетініне тоқталсақ. Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова пәндердің бір бөлігі дәстүрлі форматта, бір бөлігі қашықтан ұйымдастырылатынын айтты.  Негізі біздің өңірде бұған дейін-ақ 300 оқушыға дейінгі контингенті бар 229 мектеп оқуын дәстүрлі форматта өтіп келген. Енді қалғаны бала санын 25 адамнан асырмай, «1 сынып – 1 кабинет» қағидаты бойынша офлайн оқиды. Сабақтың ұзақтығы – 40 минут. Егер білім алушы ауырып қалса, науқастармен байланыста болса, ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту форматында қалдыруға рұқсат берілмекші.

– Біздің облыс  жасыл аймақта болғандықтан, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 25 наурыздағы №12 қаулысына сәйкес, төртінші тоқсанында оқу үрдісі аралас форматта ұйымдастырылады. Жалпы облыстағы 442 мектепте 238682 оқушы оқиды. Оқу жылының үшінші тоқсанында оқушылардың 51 пайызы дәстүрлі форматта оқыса, 49 пайызы қашықтықтан білім алды. Соңғы тоқсанда барлық мектептерде «Бір сынып– бір кабинет» принципін сақтай отырып, сабақтар аралас форматта ұйымдастырылады. Оқу пәндерінің 70 пайызы дәстүрлі форматта, қалған 30 пайызы қашықтықтан оқытылады.

Сыныпта балалар саны 25-тен және сабақ уақыты 40 минуттан аспайды. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады, — деді Гүлнар Ходжабергенова.

Мамандар жас жеткіншек ауырып қалса немесе созылмалы дерті болса, ата-анасының өтініші бойынша онлайн оқуда қалуға рұқсат екенін айтады. Осы жерде тағы бір мәселе туындайды. Сыныптағы 20 балаға сабақты офлайн өтіп, әке-шешесінің сұранысына қарай, екі-үш жасөспірімге тағы бөлек уақытын бөлетін мұғалімдердің айлық жалақысы қалай төленеді? Бұған қосымша үстемақы қарастырылған ба? Осы жайттың басын ашып алғысы келген педагогтар брифингте басқарма басшысына әлеуметтік желі арқылы сауал жолдады. Бас педагог денсаулық жағдайына байланысты ұл-қызын қашықтан оқытуға өтінім білдіретіндер болатынын, оқыту процесі партада отырған баламен бірдей жүретінін, бірақ қосымшаақы қарастырылмағанын айтты.

Былтыр елде жарияланған төтенше жағдай режимі мен енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты 9-11 сыныптар мемлекеттік емтихан тапсырмағаны белгілі. Биыл негізгі сыныпты және орта мектепті бітірушілер қорытынды аттестаудан өтетін болды. Сынақ уақыты – мамырдың соңы мен маусым айының басы.  9-сынып оқушылары оқыту тілі бойынша эссе,  математикадан (алгебрадан), өзге тілдерде оқитын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптар  орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан тапсырады. Ал 11-сынып оқушылары 4 емтиханға қатысады. Бітіруші түлектерден  екі жазбаша сынақ алынса, екеуі – тестілеу түрінде. «Мәселен, Қазақстан тарихы, өзге тілдерде оқытатын мектептерде қазақ тілі, ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу жүргізіледі.  Қалған оқыту тілі бойынша эссе, алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан алынады», — дейді басқарма басшысы.

Сонымен балалар мектепке барады. Енді бұрынғыдай емес, оқушыларға сабақ уақытында сыныптарда маска кимеуіне рұқсат. Ата-аналарды да алаңдатып отырған осы жағдай. Рас, сабақ арасындағы үзіліс уақыты да әркелкі болады. Бірақ, бала болған соң, басқа кластағы құрбы-құрдастарымен араласпай, оларға жоламай қашанғы жүреді. Бала біткен қорығанға өш келетіні тағы бар. Мектепте оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру кезінде де барлық санитарлық талаптар сақталғанымен, жасөспірімдердің індет жұқтырып алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Көпшілік әлеуметтік желі арқылы міне осындай жайттарды алға тартып, оқушылардың соңғы тоқсанда мектепке оралуына қарсы болып отыр.

Сонау оқу жылының басында «Балалар мектепке неге оралмайды?» деп дүрліккен жұрт енді, ұл-қызын сабаққа жіберуден азарда-безер қашып отыр. Кім білсін, індет жұқтырып, зардабын шеккендер, коронавирустың қауіпті екенін шын түсінді ме екен?! Бәлкім, соңғы тоқсанға келгенде қай олқылықтың орнын толтырып үлгереді дейтін шығар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support