- Advertisement -

Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді

1 014

- Advertisement -

Жалған дүние біздерді өз дегеніне көндіріп жатыр. Уақыт өткен сайын заман талабына сай адамдардың мінезқұлқы, психологиясы, пейілі де өзгерістерге ұшырауда. Пейіл дегеннен шығадыау, тегіОсы пейіл деген не? Ол қалай, неге өзгеруде? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап, бір уақыт санамызға салмақ салып көрелікші

Ұлы даламыз қандай дархан болса, қазақтардың кеңпейіл, жомарт, дастарқандары мол болғанын әрдайым мақтан етеміз.Қазақтың қонақжайлылығын көп халық аңыз етіп айтып жүреді. Қазақтың ұнамды салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, мәдениетін, пейілін ұмыта алмай, кейінгі ұрпақтарына өнеге-мысал етеді.

«Құдайы қонақпыз» деп келген кісілерге қабағын шытпай, құрметті қонағындай қарсы алып, қазанын көтеріп, ас-суымен бөлісіп, жақсылап шығарып салу, тіпті көліктеріне (аттарына) жем-шөп беру ежелгі ата дәстүрімізде бар. «Ауылдағы үйлердің есігіне құлып салынбайтын, дастарқаны жиылмайтын кеңшілік заман еді. Шіркін-ай, адамдардың пейілі қандай еді…» деп әңгімесін бастайтын апаларымыз бен аталарымыз өздерінің өткен өмірлеріне шолу жасайтын. Олары рас еді. Ауылда өстік, көршілер мен ағайындар арасындағы татулық, бауырмалдық деген қандай керемет еді. Біреудің үйіне қонақ келсе, кішігірім той болса, жақын ағайындар мен айналасындағы көршілердің барлығы көмекке келіп, меймандардың жағдайын жасап, қонақтардың көңілін аулап, өнері барлар ауылдың алты ауызын айтып, мейманын разы қылатын. Қазақтың сол бір асыл қасиеті бүгінде көзден бұлбұл ұшып кеткендей болады. Қазір көршілермен жақын араласу, қонағы мен кісісін күтісу тіптен ұмыт болып кетті десек қателеспейміз. Неге?

Есімізде. Облыстан, қаладан өнер көрсетуге келген әртістерді ауыл басшысы үйді-үйге бөліп (көп ауылдарда арнайы қонақ үй жоқтықтан солай ететін), кешкі концерттен кейін үй иелері әлгі әртістерді құтты қонағындай күтіп, бар дәмдісін дастарқандарына жайып, аузына тосатын. Қызықты әңгіме, әзіл-қалжың, әсем ән мен күй, ескірмес естеліктер жазғы қысқа түннің ортасынан асып барып әрең тыйылатын. Ой, шіркін, қимас сол бір дәурен де сағынышқа айналды ғой.

Қазақта «Асар» деген ертеден сақталып келе жатқан әдемі дәстүр бар. Көршілері, ауылдастары жиылып жағдайы төмен отбасыға үй салуға, әлдебір себептерден өртенген немесе құлаған, жарамсыз болып қалған баспанасын жөндеуге жәрдемдесетін. Тіпті қажет болса, ауылдың қадірлі ақсақалдарының шешімімен жылу (қой-ешкі және де басқа мал, азын-аулақ қаржы) жинап беру де бар еді. Сөйтіп бала-шағасы көп, «қолының қысқалығынан» қиналған жанға, отбасыларға түсіністікпен қарап, көмек көрсететін, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасының аяққа тік тұрып кетуіне себепкер болатын. Солай адамдарды біріне-бірін жақындататын, татулыққа, бауырмалдыққа баулитын, тәрбиелік мәні зор қайырымды, өнегелі, жағымды іс еді!

Соңғы жылдары біздің облысымызда ауылдардағы тұрмысы төмен, жалғызбасты қарт аналарға, көпбалалы үйсіз жүрген отбасыға асарлатып үй салып беру үрдісі қолға алынды. Оған көпшілік түсіністікпен қарап, қолдан келгенше атсалысуда. Сөйтіп «Көп түкірсе – көл» дегендей сауапты істің  арқасында ауылдарда баспаналы болып жатқандар бар. Халық арасында жетімдер мен жесірлерге қол ұшын беріп жүрген жаны жомарт, пейілі кең, ұстанымы дұрыс жандарға рақметтен басқа айтар сөз, тілек жоқ.

Уақыт өте адам санасы өзгерді. Бүгінде көпшілік үшін басты құндылық ақша, дүние болды. «Ақша жүрген жерде сайтан жүреді» дейді халық. Сондықтан болар, адамдар дүниенің құлына айналды. Жеке басы үшін алаяқтыққа барып, біреуді алдап-арбаудан, тіпті тонаудан тайынбайды. Дүние жиюдың жолына түскендер кейбіреудің басына сыймайтын небір айла тауып, оны іске асыруда аянбай тер төгуде. Мақсатына жеткенше  оның берекесі кетіп, ұйқысы қашып, ағайын-туысқанды, досты ұмытады. Олардың бар аңсағаны – қу дүние.

«Әркім қылығынан табар, пейілінен жазар» демекші, апта сайын телеарналар мен газеттерден «пәленбай деген шенеунік осынша мың доллар немес миллион теңге пара алу үстінде ұсталды», «түгенше деген басшы пәленбай миллион теңге мемлекет қаржысын «жеп» қойыпты» дегенге бұл күндері құлақ үйренді. Ешкімді селт еткізбейтін үйреншікті хабар десек те болады. Бұған не себеп? Біз ғұмыр кешкен әлем ашкөздердің қоғамы болды ма деген жаман ой санаңды мазалайды. Орыстың  ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген шағын әңгімесінде оқырманын терең ойға қалдыратын мынадай  мәнді  сюжет бар:

…Ертеректе, орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста бір орыс азаматы жергілікті башқұрттардан жекеменшікке жер сұрайды емес пе.  Сонда башқұрттың  сұңғыла ақсақалы: «Мен  анау көрініп тұрған төбе басына шығып қарап тұрам. Кешке дейін қанша жерді айналып өтесің, соның барлығы сенің жекеменшілігіңе өтеді. Бірақ есіңде ұста, бір шартымыз бар: күн ұясына отырмай тұрып біз отырған төбеге келіп жетуің керек. Жете алмасаң, өз обалың өзіңе, онда саған жер жоқ», – депті.

– Келістік, мен онда кеттім. Тек, Сіз сөзіңізде тұрсаңыз болды.

– Ал, жүгір, жігітім. Күн ұясына батқанша әлі талай уақыт бар…

Әлгі жер сұраған жігіт жүгіре басып, аяғы аяғына тимей зырлап тез-ақ бел асып кетеді. Қанағатты ұмытқан ол көбірек жерді қамтымақ болып, қара терге түсіп бірнеше өзендерді кешіп өтіп, көлдерді айналып, дала мен орман-тоғайларды артына қалдырады.  Бір мезетте  аспанға қараса, күн дөңгеленіп көкжиекке тақап қалыпты. Оны байқап, жаны қысылған жігіт екі өкпесін қолына алып, көз ұшында қалған төбеге қарай құстай ұшады. Бірақ қайдан, межелеген төбе жеткізер емес. Төбе басына жиналған башқұрттар қиқулап,  қалбақтай жүгіріп, жаны қысылғаннан қара  терге малынып, өкпесі өшкен орысты мазақ етеді. Күн ұясына бата бергенде бойынан әбден күш-қуат кетіп, шаршап-шалдығып, өлдім-талдым деп төбе етегіне жеткен бейбақ мұрттай ұшып түседі де сол жерде жан тәсілім етеді. Башқұрттар қанағатсыз ақымақты сол төбе  етегіне ұзындығы екі, ені бір метр жерге көмеді…

Жазушы өз әңгімесінің түйінінде «Адамға қанша жер керек?» деп өткір сұрақ қояды. Иә, Құдайдың құдіреті, тойымсызды қорлау,  дүниеқоңыздықты, қорқаулықты, қанағатсыздықты суреттеу осындай-ақ болар. Ойлап отырсаң, бұл барлық пысақайларға айтылған ауыр қарғыс!  «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайды» немесе  «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» демейтін емес пе еді  халық мұндайларға. Онысы рас, билік басында отырған базбір шенеуніктер, мол дүниеге қызығып, заңды белінен басып, мемлекет қаржысын «түгімен» жұтып немесе көлемді пара алып, ұсталып, абақты торына тоғытылып жатқаны нені білдіреді? Дүние – жалған. Бұл біздің айтқанымыз емес, ертеден келе жатқан халық философиясы. Сол аталы сөзді ұмытып, мына жарық дүниені өтпестей ойлап, өлместей дүние жиған пақырларды көргенде олардың мүшкіл халін аяп, жағаңды ұстайсың. Қазір адам үшін не жетпейді?

Ойыма кезінде әлемнің үштен бірін жаулаған Александр Македонский туралы халық арасында сақталып қалған мына бір аңыз-әңгіме түседі. Арғы дүниеге аттанып бара жатқан ұлы император: «Мені табытқа салып жерлегенде табыттан екі қолым сыртқа шығып жататын болсын. Ел көрсін, мына жарық дүниеге қалай шыр етіп қолым бос келсе, о дүниеге де солай дүние-мүлік ілмей бос кетіп барамын» деген екен. Бұл – өмір шындығы. Сен кім бол, қандай бол өзіңмен бірге жер қойнына екі метрлік кебінге оралып баратының болмаса ештеңені алып кетпейсің. Қандай байлығың болсын, барлығы төгіліп-шашылып, мына дүниеде қалады. Сондықтан бір мезгіл ойланып, аш қасқырдай пейілімізді тыйып, сабырлыққа жол беру дұрыс емес пе екен деп ойлайсың.

Ойында жоқ бірінің,

Салтыков пен Толстой.

Иә, тілмәш, иә, адвокат,

Болсам деген бәрінде ой,

– деп ұлы Абай айтқандай, бұл күндері өз ана тілінен мақұрым, салт-дәстүрінен жұрдай, шетелде орысша немесе ағылшынша білім алып, кіндік қаны тамған жердің, қадірін білмей, бір мекеменің «құлағын» ұстап, қалай да болса баюды мақсат еткен қуыскеуде тобыр өсіп келе жатқан секілді болады да тұрады менің көңілімде. «Ұялмайтынды көріп ұяласың» деген екен бір көреген қария. Сол айтқандай әлгілердің ісін көріп, жүрегің мұздап, жағаңды ұстайсың. Біз қайда кетіп барамыз? Келешекте қандай қоғам боламыз?

Ангела Меркельдің (тарихта канцлер болған алғашқы әйел) 18 жыл 80 миллион халқы бар елін абыроймен басқарғаны мәлім. Таяуда әлеуметтік желіде оны ел-жұрты қалай құрметтейтіні  жайлы ақпарат таралды. Бүкіл елі оның ерекше басқару қабілетін, адал қызметін, халқына деген махаббатын, арының тазалығын, қарапайымдылығы мен ел алдындағы ерен жауапкершілігін атап, рақметтерін жаудырып, 6 минут бойы үзбей қол шапалақтап, жүректері елжіреп ризашылық сезімін білдірді. Қанша жылдар биік қызметте, саясатта жүрсе де ол қарапайым халқының ортасында болды. Дүниеге еш қызықпады. Тіпті отбасындағы әйелдерге тән жұмысты (тамақ әзірлеу, кір жуу, үй жинау және т.б.) өз қолымен атқарып, азық-түлікті дүкеннен өзі сатып алып, көпқабатты үйде үш бөлмелі пәтерде тұрғаны, әдемі киім-кешекке еш қызықпағаны, жеке автокөлігінің жоқтығы таңғаларлық дүние емес пе? Қазір қолына аз ғана билік тигендердің жиіркенішті іс-әрекеттерін ой таразысынан өткізе отырып жүйкең жұқарады. Қайнайды қаның…

«Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген даналық сөз бар қазақта. Орынды айтылған. Шынында адамның пейілі, құлқы түзелмей алдыңғы қатарлы қоғам орнатамыз, іргелі мемлекет құрамыз деу бекершілік-ау. Ғұлама Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түйген екен. Ұлы Абайдан артық не айтасың?!

Көріп жүрміз, қазіргі жастар тез баюдың жолын іздейді, үлкен бастық болуды қалайды. Олардың бірде-біреуі ешкімнен қалай  ақылды болуды сұрамайды. Адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік, намыс, ұят, уәде деген асыл қасиеттер неге сонша бұлынғырланып барады?  Көкірегі ояу, ой-санасы жетік жанды мазалайтын сұрақ бұл күндері аз емес-ау, аз емес. Тым көп…

Сәл ертеректе Шер-ағаның (Шерхан Мұртазаның) «Қайраткер Камал» деген естелігінің үзінділері елдің бас газеті «Егемен Қазақстанға» жарияланған болатын. Шебер жазылған дүниеде Шәкең былай деп толғанады: «Жақсылыққа да, жамандыққа да таразы бар. Бұл дүниеде болмаса, о дүниеде істеген адал ісің де, арам ісің де, әйтеуір, бір алдыңнан шығары хақ. Кісі ақысы кісіге кетпейді. Қазіргі алпауыттар ақырын ойламайды». Ойланатын жайт. О дүниеде бізді не күтіп тұр екен?

Сонау бір заманда Сүлеймен деген патша өтіпті. Сол ақылды азамат алтын жүзігінің бетіне «Бәрі де өтеді» деген сөздерді зергерге әдейілеп жаздырыпты. Жарықтық қуанса да, қайғырса да жүзігіндегі әлгі жазуды оқып, сабасына түсіп, тәубесіне келеді. Иә, тірлікте бәрі де өткінші, ештеңе мәңгілік емес екенін, сірә, естен шығармағанымыз абзал болар.

Таластық ерке ақын, марқұм Нарша Қашағанұлы екеуміз кездесіп қалсақ шүйіркелесіп, өткен-кеткенді, мына заманда болып жатқан өзгерістер, қазіргі адам пейілі жайлы қызықты әңгіме-дүкен құратын едік. Кей-кейде Нәкең шешіле сөйлеп, көңілде жүрген ой иірімдерін жыр жолдарына моншақтай тізіп, пікірін батыл, ашық білдіріп жататын. Сол замандас ақынның жазған мынадай жыр жолдары менің ойыма жиі түседі:

«Біреу тойып секіріп жүр барлықтан,

Жылай-жылай біреулердің даусы қарлыққан.

Байыса  да бола алмай жүр бақытты,

 

Талай пенде тек пейілі тарлықтан.

Біреу малын, біреу арын ұрлатып,

Қанша қазақ қасіретке жүр батып.

Жалмаңдаған мынау арсыз заманда,

Жаны таза Кісі табу – бір бақыт!».

Таяуда, қолым қалт еткенде, газет беттерін ақтарып отырып, көрнекті ақын Есенғали Раушановтың «Бекзат» («Егемен Қазақстан», 14.10.2015) атты мақаласында келтірілген мына жыр жолдарына көзім түсті:

«О дүние бір керуен жол кешкен әрі,

Бірі ерте, енді бірі  кеш барады.

Кетесің не қалдырып артыңа сен,

Ел ертең кім еді деп еске алады?

 

Қой баққан, тауық баққан, шошқа баққан,

Зәулімдеп сарай салған қос қабаттан.

Қарасаң не мықтылар өтіп кетті.

Бұл  дүние ақ сағым-дүр босқа лаққан».

Иә, «Кетесің не қалдырып артыңа сен, ел ертең кім еді деп еске алады?» деп ақын бізге орынды сұрақ қояды. Бұл әркімді міндетті түрде ертелі-кеш ойландыратын, толғандыратын сұрақ. Ойланайық, өткен өміріміз, атқарған ісіміз жай, бұлыңғыр сағымға айналып кетпесінші…

 

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support