Еңбектің исі сіңген көк орамал әлі күнге сандығымда сақтаулы тұр

43

Өткен ХХ ғасырдың  екінші жартысында  біздің буын орта мектепті бітіріп, өмірден өз жолымызды іздеп, игілікке талпынып, есеюге  бет алған шағымызда республикамызда есімдері  сол кездегі бүкіл Одаққа әйгілі болған еңбек ардагерлері – күріш өсіруші – Ыбырай Жақаев пен қой өсіруші – Жазылбек Қуанышбаевтың абыройлы атағы  қоғамның төрінде тұрды.

Еңбек адамына деген құрмет ерекше болатын. Ол тұлғаларды тек ауыл шаруашылығы емес, мектеп оқушылары да, жоғары оқу орнының студенттері де, өнеркәсіп  саласының еңбеккерлері де, ғылым, өнер салаларының өкілдері де, әскерилер де, қысқасы – бүкіл қоғам болып, олардың еңбектегі жетістіктері насихатталып,  жас ұрпақ тәрбиесіне үлгі, өнеге болып, құрметтелетін. Қандай да жастармен өткізілетін шараларға еңбек ардагерлері қатысып, ұрпақ жалғасы мен сабақтастығына ұласып,  өрістейтін.

Ыбырай Жақаевтың да, Жазылбек Қуанышбаевтың да жастарға айтқан өсиет, тағылымдары да, ғибратты өмірлері де бүгінгі ұрпақтың да, ұлтымыздың да асыл қазынасы.

Биыл еңбектегі егіздей қос қарияларымыздың  кішісінің туғанына 125 жыл толады екен.

Осыған орай аталарымыздың  асыл бейнелері, олармен кездесу, дидарласу мүмкіндігі болған бақытты сәттерді  еске алудың жөні келіп тұр.

…1979 жылдың көктемінде Жамбыл облысына іссапар жолында  облыс комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, жаңа ғана партия қызметіне  өскен Сағынхан Әміреқұлов, оның орнына  облыс жастарының бірінші хатшысы болып сайланған Фариза Атшабарова үшеуміз арнайы Мойынқұм ауданына барып, «Айдарлы» совхозының атақты шопаны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жазылбек Қуанышбаев атамызға сәлем беруді жоспарладық.

Аудан шекарасына жеткенде Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков бастаған бір топ аудан басшыларымен бірге Жазекең атамыз да тұр. Әлі бәлендей құрметке үйрене қоймаған жас шағымыз, іштей қысылып қалғаным да рас. Шүйіркелесіп, ескі таныстарша жылы амандасып, танысып жатырмыз. Аудан басшысы Айтбай ағамыз туралы ол кісінің облыста іскер,  беделді  басшылардың бірі екендігінен де хабардармын. Айтекең бірден тізгінді өз қолына алып, шалғай ауданға  келгеніме ықылас білдіріп, аудан басшыларын таныстырды. Алдымен, әрине, «Міне, атаңыз –  өзі алдыңыздан шығып тұр», – деп Жазылбек Қуанышбаев атамызға ілтипат көрсетті.

– Ойпыр-ай, ата, әдейі сізге сәлем берейін деп келіп ем. Үйде отырмадыңыз ба, алдымнан шыққаныңызға қысылып тұрмын, – дедім.

– «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт сәлем берер»  демей ме қазақ, қош келдің, – деп ата құшағына алды.

Қуантқаны – сексеннен асқан еңбеккер қарт қуатты екен. Сөзі жинақы, ойы сергек. Әңгімешіл. Тыңдай да біледі, сөйлей де біледі. Толық денесі шымыр. Жүрісі ширақ.

Сол күні аудан орталығында, Көктерек ауылында бірнеше кездесулерде бірге болдық.  Көп адам жанкүйер болып жиналған аудан орталығының шағын стадионында Жазылбек Қуанышбаев атындағы  арнайы жүлдеге қазақ күресінен облыс палуандары күш сынасып жатыр екен. Жарыстың ашылуына Жазекең  ата тілегін айтып, батасын берді. Кейін осы жүлделі жарыс республика дәрежесінде өтетін дәстүрге айналды. Жазекеңнің отбасымен таныстық, дастарқан басында ұзақ әңгімелестік. Әнгімеге Айтбай ағамыз бастамашы болып, ресми де, бейресми де, жан-жақты, қызғылықты әңгімелер айтылды. Мойынқұм даласының қыр-сыры, қасиетті қазынасы тілге тиек болды. Жазекең шаруа, совхоз тірлігі жайлы әңгімеге  жүйрік болғанымен өзі туралы  оншалықты ашыла қоймайды. Ол жағын ел ағасы Айтбай ағамыз толықтырып отырады екен.

Ел арасында «Жазекең жалғыздықты сүймейді» деген қанатты сөз бар, – деді Айтекең, –  Неге дейсіз ғой? – Жазекең баққан саулық қой тегінде егіз туады, Жазекеңде екі жұлдыз (Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы), екі үй, егіз екі ұл – Қойшыбай, Тойшыбай бар, – деп, бәрімізді күлдірді.

Шын мәнінде де солай. Бәрі де жарасып тұр. Жазылбек атамыз бір үй, бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің ырыс, берекесі екенін сезініп, көзім жетті. Ол кісі отырған елі іші ерекше ықылас пен жақсылықтың, молшылықтың көрінісіндей. Өзі де жаратылысынан тілеуі телегей, шалқып жатқан дархан құбылыс екен. Ұшы-қиыры жоқ Мойынқұм даласының шежіресі дерсің. Әсіресе екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы, соғыстан кейінгі еңбек майданы туралы әңгімелері ерекше қызықты. Бала кезінен қой өсірумен шұғылданып, сол қажымас еңбегінің нәтижесінде 1948, 1958 жылдары Екі мәрте Кеңес Одағының Еңбек Ері атағын иемденген. Мұндай жоғары бағаға Қазақстаннан Кеңес заманында осы атаққа үш рет ие болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан және соғыс Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдиновтен басқа, әйгілі колхоз басшылары Нұрмолда Алдабергенов, Николай Головацкий және осы естелікке арқау болып отырған екі атамыз Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев қана еді. Олар еңбектің үлгісі, елдің көркі, мақтанышы болды.

Атамызбен дидарласып, елмен араласып жүріп, бір күн бір түннің қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалдық. Қимастықпен қоштасар сәт те келіп қалды. Күтпеген жерден ата маған ықылас білдіріп, алдыма әбзел сайманымен ерттелген ақ боз атты көлденең тартып, «балам, саған сыйым» – деді. Сөз жоқ, дәстүр, салтты құрметтеймін. Әсіресе абыз атаның құрметіне алғысым шексіз екендігін айтып, аттың жағын, кекілін сипап,  тізгінін ұстадым да: «Ата, рақмет! Қабылдады деп есептеңіз, бірақ осы атты Қойшыбай, Тойшыбай бауырларым мініп жүрсін. Сізден тәбәрік десеңіз – кешелі бері байқап жүрмін – маңдайыңыздың терін сүртіп жүрген қалтаңыздағы көк орамалыңызды беріңіз», –  дедім Жазекеңнің палуан денесін құшақтап. Атам қалтасындағы маңдайының тері сіңіп, умаждалған, молынан пішілген көк орамалын шығарып:

– Ал онда қолыңды жай, бата берейін, – деді де ақ тілегін ағылтып, соңында: «Қайратың қайтпасын! Қанатың талмасын!» – деп қайырды.

Атаның тері сіңген көк орамалды иіскеп, маңдайыма тигіздім де, қаттап, бүктеп қалтама салдым.

Үйге келген соң осы әңгімені анама түгелдей баяндап, атаның көк орамалын көрсеттім. Ондай ырым, ұғымның қадірін жақсы білетін анам әңгімеме риза болып,  әдетінше маңдайымнан иіскеп, «сол атаңның бағын, батасын, жасын берсін саған», – деп көк орамалды сандығының  түбіне салып қойды да, «сексенге келгенде өзінің қолына бер» деп келініне тапсырды.

Жазылбек атаның сол көк орамалы біздің үйдің рухани қазынасындай әлі сақтаулы.

Жазылбек атамыздың егіз ұлы Қойшыбай, Тойшыбайды сол кездегі Қара теңіз жағалауындағы Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жіберуді, олардың болашақ оқуына да қамқор боп жүруін мектеп жұмыстары бойынша Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Жібек Әмірхановаға табыстадым. Егіз ұл республика көлеміндегі басқа да жастар шараларына қатынасып жүрді. Атаның егіз ұлының жоғары оқу орнында оқуына кезінде Дінмұхамед Ахметұлы тікелей қамқорлық жасағанына да куә болдым.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

қоғам қайраткері.

 

Comments are closed.