- Advertisement -

Кеш болса да әділдік орнауы тиіс

138

- Advertisement -

«Aq jol» газетінде жарық көрген белгілі қаламгер, көрнекті Мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» деген  көлемді мақаласы кім-кімді де ойландырмай қоймасы анық. Мақалада Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен, майданда болған қысқа мерзімнің өзінде 289 фашисттің  көзін жойған, көздегенін мүлт жібермейтін жамбылдық сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің өмір жолы және оның өшпес ерлігі туралы егжей-тегжей жазылыпты. Автор мақаласында Ресей Федарациясының әртүрлі әскери мұрағаттары мен соғыс қолбасшылары-генералдардың (К.Н.Галицкий, Ф.Лисицын, Ф.Зуев және басқалар) мемуарларынан алынған көптеген дәйекті деректер мен сенімді мағлұматтарға сүйене отырып, көсіле ой тербепті.

Біздің өңірдің азаматтары майдангер Ыбрайым Сүлейменов туралы, оның Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі жайлы бұрыннан хабардар. Өйткені облыс орталығы Тараз қаласының басты көшелерінің бірі снайпер-жауынгер Ы.Сүлейменовтің атымен аталады. Оның ерлігі жайлы мәлімет елге қысқа мерзімде жетіп, көпшілік ризашылық сезімге бөленген еді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай 2015 жылы оның граниттен жасалған ескерткіші сол көшенің бойынан бой көтерді.  Өкінішке қарай, оның майданда көрсеткен ерлігі туралы көптеген мәліметтерге қарамай, ержүрек азаматқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалғанына көпшілік іштей күйініп жүретін.

Кеңес заманында атақ беру ісінде орыстың шовинистік көзқарасы таразының бір басын басып кететін. Соғыс кезінде майданда көрсеткен ерлігі мен соғыс тактикасындағы шеберлігі, әскерді басқарудағы ерекше қасиетін бағалап, Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше рет ұсынылған  Бауыржан Момышұлы белгісіз себептермен ол атаққа ілінбеді. Өмірден өткеннен кейін ғана әділдік орнап, Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Немістің Рейхстагына алғаш Жеңіс туын тіккен қандасымыз Рахымжан Қошқарбаевтың, белгілі партизан Қасым Қайсеновтің, қазақтан шыққан ержүрек қаһарман ұшқыш қызымыз Хиуаз Доспанованың, ұшқыш-жауынгер Бақтораз Бейсекбаевтің ерлігі уақытында бағаланбады.

Бодандықтың құрсауынан құтыла алмаған жылдары көп дүние арман-қиял болып, жабулы қазан, жабуылы қала бергені рас. Әрине, соғыс жүріп жатқан кезде базбіреулердің ерлігі еленіп, енді бірі лайықты баға алмағаны белгілі. Тіпті, жаңылысқан кездер болған. Мысалы, көп жылдар бойы көкте жанған ұшағын жау танкілеріне бағыттап, «отты таран» жасап, ерлікпен қаза болды деп ұшқыш капитан Н.Гастеллоға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, басқаларға оның ерлігін үлгі етіп, оның атақ-даңқын әлемге таратты. 1951 жылдың мамыр айының 12-сінде Белоруссияның әскери музейі Гастелло басқарған ұшақ экипажының мүрделерін орталық зиратқа әкеліп, жерлеу жөнінде облыстық атқару комитетіне ұсыныс жасайды. Ондағы мақсат соғыста қаза болған азаматтарға ескерткіш орнатпақ болған. Сөйтіп, мектеп оқушылары, әскерилердің және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қазылған қабір Н.Гастелло экипажының емес, капитан А.Маслов экипажы мүшелерінің мүрделері болып шығады.  Әрине, жиналғандардың барлығы таңғалған. Қабірден Маслов пен оның экипажына тиесілі көптеген заттар табылған. Бұл оқиға жөнінде кейін ресми органдарға тиісті хат жазылады. Алайда ол уақыттың заңдылығы бойынша «отты таран жасаған Гастеллоның ерлігін», Жоғарғы Кеңестің Жарлығын бұзуға болмайды. Сондықтан Орталық Комитет пен Қорғаныс министрлігіндегілер бұл шындықты білсе де мәселені жабулы күйінде қалдырады. Қабірден табылған заттар экипаж құрамында Масловпен қатар, Мәскеу облысы Коломенск ауданының тұрғыны лейтенант Балашов, қазіргі Алматы облысы Іле ауданының тумасы, кіші сержант Бахтурас (Бақтыораз) Бейсекбаев және орынборлық атқыш-радиошы, кіші сержант Григорий Реутовтың да болғанын растаған. «Отты таранмен» ерлік көрсеткен А.Маслов экипажы екені нақты анықталғаннан кейін 1996 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельциннің жарлығымен экипаж құрамы, оның ішінде жерлесіміз Бақтыораз Бейсекбаевқа «Ресей батыры» атағы беріледі.

Осындай жайдан кейін ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаевтың өмірі мен жасаған ерлігі зерттелді. Қаламгер, сол жылдары Мәжіліс депутаты болған Арғынбай Бекбосын Парламентте болған кездесуде жоғарыда аталған жайды Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізеді. Осыдан кейін «Егемен Қазақстан» газетіне «Ресей батыры — Бақтурас Бейсекбаев» деген тақырыппен жарияланған А.Бекбосынның мақаласы талай адамға ой салды.

Арнайы құрылған экспедиция батырдың майдандағы ерлік ізімен жүріп өтіп, көптеген дәйекті материалдар жинап қайтты. Осыдан кейін «Егемен Қазақстан» газеті, «Хабар» агенттігі, «Столичное обозрение» басылымдары тарихи «ақтаңдықты» анықтауға үлкен үлес қосты. Отан қорғауда көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Бақтыораз Бейсекбаевқа 1998 жылы Президенттің Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiсi «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Майдангер Рахымжан Қошқарбаевқа, ержүрек партизан Қасым Қайсеновке, ғажайып ұшқыш қызымыз Хиуаз Доспановаға да «Халық қаһарманы» атағы берілген болатын. Бұл қаһарман майдангер ерлердің ерлігін бағалаған орынды, әділ іс болды.

Соғыста талай мерген болған шығар. Бірақ сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігін қайталаған, майданда қысқа мерзімде 289 неміс солдаты мен офицерлерін оққа ұшырып, жер жастандырған бірде-бір мерген шыққанан еш кітаптан, газет-журналдардан оқымаппыз. Жерлесіміздің сол ерен ерлігі дер кезінде Кремльден қолдау таппай, тұмшаланып, тек қана Ленин орденімен наградталған болатын-ды.

«Елді ер танытады, ерді ел танытады», – демей ме қазақ. Сұрапыл майданда ерлік көрсеткен, жанын елді фашизмнен азат ету үшін пида еткен азамат, даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменов сияқты ержүрек азаматтарымыздың есімі халық есінде мәңгі сақталғаны жөн. Ел арасында «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ертеден келе жатқан сөз бар. Сондықтан кеш болса да әділдік салтанат құруы керек. Соғыс даласында 289 фашистің көзін жойған, сөйтіп қан майданда ерлікпен қаза болған сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовке кеш болса да  «Халық қаһарманы» атағы берілгені жөн. Бұл – көптің тілегі.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,  профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support