- Advertisement -

Ардагерлердің көкейіндегі мәселені жазған

75

- Advertisement -

Республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Aq jol» газетінен «Өшпес ерлік» атты көлемді мақаланы оқып шығып, үлкен толғаныспен қабылдадым. Автор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ойларымен, ұсыныстарымен толықтай келісемін. Отанын қорғау жолында майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, батырлықтың символы саналған Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі неге ескерілмеуі тиіс?  Бұл ұсынысқа облыстық ардагерлер кеңесі, ақсақалдар қауымы қызу қолдау білдіріп, барлығы тебіреніске толы күй кешіп отыр деп ойлаймын. Өйткені қазақ халқы тарихқа қай кезде де құрметпен қараған халық қой.

Батыр атағын ресми түрде алмаса да, біздің облыс көлемінде Ыбырайым Сүлейменовке үлкен құрмет көрсетілді деп білемін. Тараз қаласындағы ұзыннан созылып жатқан үлкен көше сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің есімімен аталады. Таразға бұрылғанда бірнеше ауданнан кірген көліктер сол көшені басып өтеді. Бұл – әрине, батыр рухына көрсетілген үлкен құрмет. Одан бөлек Ыбырайым Сүлейменов атындағы мектептер баршылық. Ол жерде мыңдаған бала Ыбырайымның ерлік жолымен рухтанып өсіп жатыр десем, еш қателеспеймін. Мұның барлығы жамбылдықтардың Сүлейменовке деген құрметінің жоғары екенін көрсетеді. Себебі ондай көзсіз ерлікке нағыз отаншыл азамат, жүрек жұтқан батырлар ғана бара алады. Сондықтан ерлік ескірмеуі тиіс. Батырлық бағалануға лайық. 

Бұл мақала жамбылдық барлық оқырмандарға жылы жаңбырдай жайлы тиді. Жер-жерлерде оқырмандардың жақсы хабарға деген үміті оянғаны анық деп ойлаймын. Алда Ұлы Жеңістің 76 жылдығы келе жатыр. Сол мереке қарсаңында, майдан даласындағы батырларға өлеңімен рух берген Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы тойланып жатқан шақта сұрмерген, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы беріліп жатса, барша халықтың үлкен қуанышы болар еді деп есептеймін.

Ердің ерлігін бағалау – елдігіміз. Отанын сүйген перзенттердің батырлығын тану – ғажайып іс. Ерім деген елі бар екені, елім деген ердің бағалануынан байқалса керек. Ендеше бұл ұсынысты тек қана қолдап, тілектес болған жайымыз бар.

 

Еркінбек Солтыбаев,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support