Іздеушісі болмаса еленбей қала береді
Іздеушісі болмаса еленбей қала береді
Кеңес Одағының соңғы жылдарында Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, сонымен Одақ тарады ғой. Бірақ соғыс даласында ерлігі бағаланбай қалған кісілерді лайықты құрметтеу Тәуелсіз Қазақстан Республикасында да жалғасын тапқаны сөзсіз. Еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Хиуаз Доспановаға, Рахымжан Қошқарбаевқа, Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бірақ бұл атақ Бауыржан Момышұлына берілген жоқ (Кеңес Одағының батыры атанғаны жетеді деді ме, кім білсін). Ыбырайым Сүлейменовтің даңқы өте ерте шықса да, ерлігі лайықты ескерілмей жүргені ақиқат. Кеңес Одағының батыры атағы берілмеуі де өте өкінішті деп ойлаймын. Оған «Халық қаһарманы» атағының берілуін қолдаймын. Бұл атаққа Сүлейменовтің майдан даласында көрсеткен ерлігі өте лайық деп есептеймін. Менің бір түсінгенім, көп батырлар іздеушісі болмаса еленбей қала береді екен. Соған көзім жетіп келеді. Біздің бала күнімізде Мәншүк Мәметованың есімі көп шықты да, Әлия Молдағұлова туралы өте аз еститінбіз. Кейін білдік, Әлияның әлемі біз ойлағандай көп зерттелмеген екен. Содан кейін Бауыржан Момышұлы майдандас қаламгерлерінің құлағына салып, Әлия мен Рахымжан Қошқарбаев туралы зерттетіп, жаздырып, екі батырдың атақ-даңқын көтеріп тастады. Мұның өзі Баукеңнің кісілігін көрсете түссе керек. Бірақ әлі де көрінбей, тасада келе жатқан бір кісі бар. Ол №28-ші Панфиловшылар атқыштар дивизиясының жауынгері болған, сұр мергеннің бірі – Төлеуғали Әбдібеков. Ол майдан даласында 397 фашисті өлтірген екен. Оның ерлігі де Ыбырайым Сүлейменовтікімен тең ерлік десем, қателеспеймін. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысында туған, әскерге осы Оңтүстік өңірден аттанған деседі тарих парақтары. Мен мұны Бауыржан Момышұлының ерлікке толы өмір жолын зерттеумен айналысқандығымнан біліп отырмын. Шындығында жоғарыда айтқанымдай, Ыбырайым Сүлейменовтің «Халық қаһарманы» атануын қос қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Бірақ осы жолы қос мергенді бөле-жармай, Төлеуғали Әбдібековке де «Халық қаһарманы» атағы берілсе, батырлар рухына көрсетілген лайықты құрмет болар еді деп есептеймін. Құдайшылығын айтсақ, ерлік дегеніміз ешқашан ұмытылмайды. Батырларымыздың майдан даласындағы жанкештілігін қазақ халқы қай кезде де құрметпен еске алады. Біз оны жан жүрегімізбен сезінеміз, түсінеміз. Осы тұрғыдан келгенде батырларымыздың ерлігі лайықты бағаланса деген тілегіміз бар. Сол тілегіміз жақын күндері орындалады деген сенім де жоқ емес.
Елен Әлімжан, жазушы-драматург,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.