- Advertisement -

Ерліктаным елге керек

114

- Advertisement -

Көрнекті мемлекет қайраткері, қарымды қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» мақаласын оқып шыққаннан кейін есіме Константин Симоновтың «Тірілер мен өлілер» эпопеялық романы түсті. Онда әскер саны, қару-жарақ саны, түрлері, жойқын, қырғын шайқастардың тарихи мәліметтері қисапсыз.

22 миллион адамды жер жастандырған сұмдықтың энциклопедиясы іспеттес. Дегенмен ойыма соғыс пен жеңістің ұлы тарихы жайлы оқып-тоқығандарымның арасынан Василь Быковтың шығармалары үлкен әсер береді. Неге? Беларусьтың осы бір ғажайып жазушысының соғыстағы ұлы жеңістің қалай келгені, қалай келетіні жайында жасайтын өзіндік өзгеше пайымы таңғаларлық. Ол жеңіске әскердің қалың қолы, қаптаған қару-жарағынан бұрын адам-жауынгердің жеке басының намысы үшін, ары үшін құрбандыққа саналы түрде бара алатын ерен ерлігі жеткізеді дегенді білдіреді. Мұхтар Құл-Мұхаммед Ыбырайым Сүлейменов туралы жазғанда, міне, сол жарық дүниеге ерлік рухымен келетін ерекшелерді еске салады. Қалың әскердің қатарындағы қанды шайқастың әңгімесі басқа. Онда кім қанша жаудың жанын алды, кімнен кім асып түсті, білу мүмкін емес. Санап тұрған ешкім жоқ. Ал снайпердің жағдайы басқа.

Мергендік – аңдысқан жау алмай қоймайтын жекпе-жек. Қылт еткенді қылпып түсіретін жылдамдық. Басқаша айтқанда, бұл туа бітетін қасиет. Даламыздың «сұрмерген» деген атауының арғы түбінде сол жатыр. Швед саяхатшысы, географ әрі этнограф Свен Гердин: «…Қоршаған табиғатқа қарап қазақтар жерді жақсы біліп, сезіне алатын, қырағы көзді екенін айтуға болады. Әрбір ағашты, жерде жатқан әрбір тасты біледі, тастар көп не аз болатын жерлерді, топырақтың барлық тегіс емес тұстарын байқап, есінде ұстайды, ондай жерде еуропалық адам ерекше құралдардың көмегінсіз жол таба алмайды. Қазақ күншығыстан көрінген аттың түсін, басқа жолаушы бірдеңе көремін деп әуре болып жатқанда, бірден ажыратып алады. Қазақ жолаушыға күшті бинокльмен қараған күннің өзінде қара нүкте болып көрінетін арбаның әрі, не бері қозғалып бара жатқанын бірден біледі», деп жазғаны еске түседі. Өзге мергендерден Ыбырайым Сүлейменовтің артықшылығы, ол – әлгіндей қасиетті ұлттың ұлы, дала перзенті. Немістің аттан айнымайтын тұлып жасап қойған амал-айласын сол қанында бар байқағыштығы болмаса аңдай алар ма еді?!

Даламызда мергендерді көздеп ататындар немесе кезеп ататындар деп екіге бөліп атаған. Кезеп ататындар өте жылдам болған. Ы.Сүлейменов 289 жауды жайратқанда оның әлгіндей ерекшелігін бағамдаймыз. Қыбыр еткенді көздеп жатпай, қолма-қол кезеп атып, жайратып салатын болған. Ол да өз дәуірлерінде не көрмеген қазақтың жау көргенде салған жерден садақтай тартылып шыға келетін сайыпқырандық белгісі деген сөз.

Соғысқа кіргеніне небәрі екі жарым айда сұрмергеніміз 217 жауды жеке-дара жайпағанда (Калинин майданы) айтылатын ақиқат: Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында бірде-бір снайпер мұндай нәтижеге қол жеткізіп көрмеген. Атақты әскер басшылары оған Кеңес Одағының Батыры атағын беруді ұсынған. Үш бірдей генерал қолдап жатса да, есіл ерге сол атақ берілмеді. Қасым Қайсенов: «Соғыста көп жауынгер батыр атағын алып жатты, ал енді соның талайы не үшін алғандарын да білмейді», дегенін құлағымызбен естігенбіз.

Ы.Сүлейменовтің майдан шарлаған ерлігі елге де жетіп жатты ғой. Ол туралы жарықтық Жамбыл жыр, Балтабай Адамбаев дастан шығарды. Осы орайда, мақалада көрсетілген генерал-лейтенанттың естелігін қайталай кеткім келеді. «Мергендердің армиялық мергендік жарысында сөз сөйлеген Ыбырайым Сүлейменов: «Мен неге Москваны қорғадым, менің Қазақстаным Москвадан алыста. Москва – барлық Кеңес адамдарының астанасы. Ол – менің де астанам. Міне, Москваны қорғауым осыдан шығады. Мен егер жауды тоқтатпасам, құртпасам, ол менің Қазақстаныма да жетуі мүмкін», деп айтқанын жазған. Осыны айтқан Ы.Сүлейменовке Москва батыр атағын қимады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Қиыр Шығыстың қарлы боранында ну орманды мекендейтін, ұзын-саны қазақтың бір ауылына да жетпейтін нанайлардың өжеттігіне бекер тоқталмаған. Максим Гассир деген нанайлық мерген 237 жауды жайратып, сол үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен ғана марапатталғанын мүлде місе тұтпай, ешкімнен жасқанбай, жағадан алып, тебініп теңдік сұраған, ақыр соңында Владимир Путиннің Жарлығымен атақты Дерсу Узаланың інісі М.Гассирге Ресей Батыры атағын бергенін жай айта салған жоқ. Айтайын дегені – алақандай нанайлардың ұлттық намысқа шапқан өжеттігі. Біз көп жағдайда «Құдай салды, біз көндіктің» әуенімен жүре береміз.

Түптеп келгенде, бұл қан майданда мерт болған Ы.Сүлейменовке қажеті жоқ, қазаққа керек. Қазақтың рухына керек, қазақтың тарихына керек, қазақтың намысына керек, әділеттің салтанат құру дәуіріне келіп жеткенін көру үшін керек. Ерліктанымсыз, соның дәлелі – ерлердің есімдерін ел есінде сақтап қалудың мүмкіндігін жоғалтып алмағанымыз ләзім.

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support