- Advertisement -

Батырдың ерлігі ұмытылмайды

82

- Advertisement -

Біздер Сарысу ауданындағы Ұйым ауылында орналасқан Ыбырайым Сүлейменов атындағы орта мектептің ұжымы облыстық «Аq jol» газетінде  Ыбырайым Сүлейменов жайлы жарияланған Мұхтар Құл-Мұхамедтің мақаласын ықыласпен оқыдық. Сол мақалаға орай, аталған басылым бетінде бірнеше беделді кісілердің пікірі жарияланып, мақаладағы ұсынысты қолдау мәселесі көтерілді. Біз де осы ұсынысты құптайтынымызды білдіреміз.

Біздің мектепке даңқты батыр жерлесіміз Ыбырайым Сүлейменовтің  есімі берілген.Оның өзі бекер емес. Ол кісі осы Ұйым ауылынан майданға аттанған. Отанын қорғауға батырды аттандырған ауыл – Ұйым ауылы. Сол батыр ұлымыз ортамызға оралмағанмен, оның жасаған ерліктері әлемді аралап кетті. Батырдың ерлігін біздер қашанда мақтаныш тұтамыз.

Мектебімізде 204 бала оқиды. Оқушыларға 42 мұғалім дәріс береді.  Оқушыларымыз пән олимпиадаларында танымдық-интеллектуалды байқауларда көптеген жүлделер иеленіп жүр. Ұстаздарымыздың арасында да  әртүрлі деңгейдегі байқауларда жүлде алған, жеңімпаз болған озаттары жетерлік. Ұстаздар құрамын сапалы деп айта аламын. Жақында ғана мектеп психологі Бағлан Жақсыпейілова психолог мамандарға арналған   аудандық, облыстық байқауда жеңімпаз атанып, республикалық байқауда жүлделі үшінші орынды иеленді. Батырдың атындағы мектеп, міне осындай жетістіктерге лайықты болса керек.

Ұйым ауылынан елімізге белгілі бірнеше азаматтар шыққан.Оның ішінде Социалистік Еңбек Ері Тамдыкүл Жамбылова, белгілі ғалымдар Мейрамбек пен Қуаныш Оралбековтерді ерекше мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі таңда түлектеріміздің арасында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, басқа да аймақтарда білім алып, түрлі мамандықты меңгеріп жатқандары жетерлік. Олар Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған еліміздің отаншыл, білімді болашақтары екені даусыз.

Оқушыларымыздың барлығы шетінен патриот. Еліне өз үлесін қосатын ұлтжанды тұлға болып өсіп келеді.  Шәкірттерімізге батыр, сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігін насихаттап, батырдың қаһармандық тұлғасын ашуға арналған іс-шараларды көп өткіземіз. Біздің мектепте дәл Ыбырайым аталарындай батыр болғысы келетін, елімізге танымал әскери адам болғысы келетін оқушылар да аз емес. Олардың талабын ұштап, жігерлендіріп келеміз. Себебі біз – батыр атындағы мектептің ұстаздарымыз.

Міне, осы тұрғыда даңқты батырымыз Ыбырайым Сүлейменовтің Отан үшін көрсеткен ерліктері ескеріліп, «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы берілсе деген ұсынысты жерлестері ретінде біз де айтамыз. Сұрмерген Сүлейменов  «Қазақстанның Халық қаһарманы»  атанып жатса, бұл Ерлікке жасалған тағзым, батырлықты бағалау болар еді. Ер есімін елі  ұмытпайтынын дәріптейтінімізді білдірер еді. Сұрапыл жылдарда Отаны үшін от кешкен, қайталанбас ерлік жасаған Ыбырайым Сүлейменовтің еңбегінің лайықты бағалануы болар еді. Сондықтан біз Ы.Сүлейменовке «Қазақстанның Халық қаһарманы»  атағы берілетініне сенеміз.

 

Ғалым Бозжігітов,

Ы.Сүлейменов атындағы орта мектептің директоры. 

 Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support