- Advertisement -

Біз мерген атамызбен мақтанамыз

179

- Advertisement -

Қай кезде де жаңалыққа, жаңашылдыққа құлағымды түріп жүретіндердің қатарынанмын. Түрлі баспасөздерді де жаздырып, дер кезінде оқып жүремін.

 Биылғы ақпан айында республикалық «Еgemen Qazaqstan», облыстық  «Aq jol» газеттерінде жарияланған Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Ерлік өшпейді» атты мақаласынан хабарым бар. Онан соң екі газетке де белгілі азаматтардың қолдау пікірлері жариялануда. Оның барлығы үшін рақметімді айтамын.

Ал енді өзіме келетін болсам, мен Ыбырайым Сүлейменовтің артында қалған жалғыз перзенті Алмагүлдің қызымын. Мерген атамыздың немересімін. Қаратау қаласында тұрамын. Анам Алмагүл кейіннен ұзақ жыл Қаратау қаласында тұрған. Өмірінің соңына дейін медицина саласында еңбек етті. Әкем Баян Көшенов екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Солардың ішінде туған жерімізде қалғаны мен ғанамын. Өзге бауырларым қызмет бабымен  Ресейде, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тұрады.

Мұндайда ең алдымен анамның жылап айтып отыратын естелігі еске түседі. 1941 жылдардың аяғында Ыбырайым атамыз әскерге алынып, әуелі Алматы қаласының маңында біраз жаттығу жұмыстарында болған. Сонан соң 1942 жылдың алғашқы айлары болса керек, пойызбен Тараз арқылы майданға жіберіледі. Сонда мерген атамыз қаланың кіре берісіндегі Шайқорық  стансасынан түсіп қалып, қазіргі өзінің атымен аталатын көшедегі үйіне соғып, 3 жасар қызы Алмагүлді жерден көтеріп алып, бетінен құшырлана сүйген екен. Сосын анасы құйып берген бір кесе айранды сіміріп алып, үйдегілермен жедел қоштасып, вокзалға қарай жүгіріп кетіпті. «Пойыз кетіп қалады. Үлгеруім керек» деп асығыпты. Міне осы көрініс менің анамның есінде еміс- еміс қалып қойыпты.

Ыбырайым атамыздың жұбайы – Базарбике апамыз. Базарбике – маған нағашы апа. Сол кісі жылдар өткенде жолдасынан (Ыбырайымнан) «Қара қағаз» келген соң, батырдың жылы өткен соң, үлкендерден бата сұрап, тұрмысқа шығып кетеді. Базарбике апам сонда Талас ауданы, Көшек ауылының азаматымен тағдыр қосқан екен. Бұл жағдайға қарғыс атқыр соғыс кінәлі ғой. Талай жас шаңырақтың отын өшірген зұлмат күндердің беті аулақ болсын. Ендігі жас ұрпақ ондай қасіретті көрмесін деп тілеймін. Ол жылдар Сүлеймен ата мен Тынышбала әжелердің  бар уақыты.  Олар жас келіндерінің тұрмысқа шығу туралы шешімін құп көрмеген. Бұл жағдайды көтере алмаған. Ыбырайымнан қалған жалғыз тұяқ Алмагүлді (менің шешемді) бауырларына басып алып қалған.  Ыбырайымның ағасы Сүйіндік атаның жұбайы Бикен апамыз да Алмагүл анашымды қызындай мәпелеп өсірген.  Ал Базарбике әжем сүйгенінен бір ажырап, қызынан екі ажырап, жылай-жылай тұрмысқа шығып кете барған.  Бірақ қызы Алмагүлді көңілінен шығара алмай, мүмкіндігі болғанда Таразға (ол кезде Жамбыл қаласы) келіп, қызын ұрлап алып кетуге талай рет оқталған. Қандай қасірет десеңізші! Өз қызына өзінің қолы жете алмау. Сонда абысындары байқап қойып, «Ойбай, Базарбике аңдып жүр» деп сыбырлап, Алмагүлді жасырып қояды екен. Қанша талпынса да, қызына қолы жете алмай, көз жасына ерік беріп, әжеміз Көшек ауылына қайтадан жылап-жылап қайтатын болған. Қандай ауыр жағдай, қасіретке толы жылдар десеңізші! Содан кейін Базарбике апам мен Алмагүл шешем арада 10 жыл өткенде әрең табысқан екен. Анасын туған қызынан бөліп тастаған соғыстың зұлмат күндеріне қарғыстан басқа  не айтарсың?!

Соғыс жылдарында Сүлеймен атамыздың Шайқорық маңында жері болған. Сонда жүгері егіпті. Жүгерінің түбін үюге Айткүл әпкем мен Алмагүл анам баратын болған. Айткүл әпкем – 1936 жылы, анам 1939 жылы туған. Аралары үш жас қана. Екеуі бірге жүгерінің шөбін жұлған, суға түскен, бірге жүрген, бірге ойнаған. Соғыс жүріп жатқанда қайбір ойын дейсің, бірақ…

Ал Тынышбала әжеге де жағдай оңай соқпаған. Қайран ана батыр баласын аман оралады деп күдерін үзбей  күткен. Бірақ баласы оралмай, майданнан ұлының ерлігі туралы хаттар, марапаттар, медальдар келген. Тынышбала әже ұлының оралмағанына қайғырып, «Балам аман келмесе, бұл қағаздардың не керегі бар?» деп жылап, әлгі марапаттарды, медальдар мен хаттарды өз қолымен өртеп, жойып жіберген. Мүмкін, баласының есімі жазылған құжаттарды оқып отыру ауыр тиді ме екен? Ал анам Алмагүл:  «Егер апам сол қағаздар мен марапаттарды өртеп жібермегенде әкем Ыбырайым Сүлейменов «Кеңес Одағының батыры» немесе  «Халық Қаһарманы» атағына әлдеқашан қол жеткізетін бе еді, кім білсін!» деп өкінішін айтып отырар еді.

Негізі, біздер 1979 жылы Талас ауданы Ақкөл ауылына көшіп бардық. Сол кездегі «Ақкөл» кеңшарының директоры Базар Тәттібаев деген кісі әкемді қызметке шақырып, әкем Баян Көшенов Ақкөлде ферма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Оған дейін біз «Қаратау» кеңшарының Есейхан ауылында тұрған едік. Анам кейде:  «Әкеңнің жұмыс жағдайымен көлден шөлге көшіп бардық», – деп отыратын. Негізі айтайын дегенім, Нарша Қашағанұлы деген ақын ағамыз бізді Ақкөлге барған кезімізден іздеп тауып алып, анаммен бірнеше рет әңгімелесіп жүрді. Сөйтіп, аудандық «Талас тынысы» (ол кездегі «Ленин жолы») газетіне «Құралайды көзге атқан мерген» атты Ыбырайым Сүлейменов атамыз туралы көлемді мақаласын жариялады.  Жатқан жері жайлы болсын Нарша ағамыздың да. Содан бастап батыр атамыз жайлы қайтадан жазыла бастады. 1985 жылы Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы қарсаңында Сүйіндік атаның жұбайы Бикен апаны ертіп, әкем мен анам үшеуі Невель қаласына барып, Ыбырайым Сүлейменов атамыздың жерленген жерін көріп, топырақ салып қайтқан.  Ол жақта Ыбырайым атамызға және Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатылып, көшенің атауы берілген екен. Сол кезде бір орыс қариямен танысып, ол кісі бұларды қонақ етіпті. Кейіннен біраз жыл сол орыс атайдан әр мереке сайын құттықтау хат келіп жүрді.

Анамның ұзақ жыл Қаратауда тұрғанын айттым. Бар арманы әкесіне «Халық қаһарманы» атағын алып беру болатын. 1996 жылы Таразға барып Әлібек Әмзеұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы ағаларға жолығып, біраз сырын ақтарыпты. Базарбике анамыз жайлы Әлібек Әмзеұлы жақсы білсе, Алмагүл анамыздың өмір жолы, арман мұңы жайлы Көсемәлі Сәттібайұлы ағамыз да біраз біледі. 2004 жылы анамыз Алматыға Әзілхан Нұршайықовты да іздеп барып қайтты. Алматыдағы інім мен сіңілім ертіп апарған. Сонда Әзілхан атамыз да жақсы сөйлесіп, анама  «Ақиқат пен аңыз», «Автопортрет» кітаптарын сыйға тартыпты. «Автопортрет» кітабында Ыбырайым атамыз жайлы бірқатар деректер қамтылған.  Кейіннен Қасым Шарипов деген кісінің кітабында да Ыбырайым атамыз жайлы толық қамтылып жазылыпты деп естідім. Сол кітап қолыма түспей жүр.

2006 жылы  КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, аңыз композитор Илья Жақанов, танымал айтыскер Аманжол Әлтаев  Сарысу ауданы жағынан келе жатып, Қаратауға арнайы соғып, «Дарын» мектебінде кездесу өтеді. Сол кездесуге менің Алмагүл анам қатысып, қонақтардың алдында Әзілхан Нұршайықовтың кітабынан жаттап алған 24 шумақ өлеңді оқып беріп, «Әкем Ыбырайым Сүлейменовке батыр атағын беруді Елбасыға жеткізіңіздер. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз көп»  деп  Асанәлі мен Илья көкелерімізге өтінген екен. Артынша екі — үш ай өткенде 2006 жылдың шілдесінде  анамыз аз ғана ауырып, өмірден озып кетті. Әкеміз содан кейін 12 жыл ғұмыр кешіп, 2018 жылы бақилық болды.

Әкемнің ағасы Сүйіндік деген кісі өнерлі, домбырашы болған екен. Мен музыка маманы болып жүрсем, сол Сүйіндік атамнан дарыған асыл қасиет деп ойлаймын. Сүйіндік атаны мен де көрдім. Беріректе кетті. Таразда Қазыбек би көшесінде осы Сүйіндік көкемнің қызы Айткүл әпкем тұрады. Ол кісі туралы да баспасөзде жазылған. Талас ауданы Ойық ауылында Ыбырайымның туған қарындасы Аманкүл әпкем тұрған. Бақилық болып кетті. Әпкемнің ұрпақтары сол Ойықта тұрады әлі.

2000 жылы ма, атамыз Ыбырайым Сүлейменовті еске алуға арналған іс-шара өткен. Сол жиынға Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов бастаған біраз белгілі кісілер келген. Сол жолы қаратаулық ақын Ербол Қамбатыровқа 7-8 шумақ жақсы өлең шығартып алып едім. Әлгі жиында оқып берем дегенмін. Оған сөйлеушілер өте көп болып, маған мүмкіндік болмады. Облыстық тарихи өлкетану музейінде де Ыбырайым Сүлейменов туралы кітаптар, біраз деректер жинақталған. Бір жолы Таразға барғанда музейді аралап жүріп көрген едім. Әттең уақыт тығыз болды.

Ыбырайым Сүлейменов атаға Тараздан үлкен көше берілді, орта мектептің аты берілді. Оқу орындарында, мектептерде атамызды еске алу іс-шаралары өтіп тұрады. Барлығына шүкір дейміз. Атам, барша халқымыздың батырына айналған Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы берілсе деген тілегіміз бар. Мұхтар Құл-Мұхамед жазған мақаланы,  облыстық  « Aq jol» газетінде көтерілген ұсыныстарды толық қолдаймын. Атама «Халық қаһарманы» атағы берілсе, әке атағын армандап өткен Алмагүл анамның алдында да бір парызымыз өтелгендей болар еді.

Айгүл  Көшенова,

Қаратау қаласындағы  «Дарын» өнер мектебінің оқытушысы

(Ыбырайым Сүлейменовтің немересі).

 Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support