- Advertisement -

Елді мекендердің келбеті өзгеріп, жұрттың еңбекке деген құлшынысы артты

120

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп ерекше атап айтқаны белгілі. Президент жүктеген міндеттерді іске асыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар Байзақ ауданында жүйелі жүргізіліп келеді. Өткен жылы ауданда 5739,9 миллион теңгенің өнеркәсіп, 45219,2 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда едәуір артық.

2020 жылы ауданға 20043,2 миллион теңге инвестиция тартылды. Өсім негізінен ауданымызда құрылысы жүріп жатқан су жүйелерін, мектеп, жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары есебінен құралды. Атап айтсақ, өткен жылы ауданда 10917,5 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өсімге дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде мемлекеттік бағдарламалар мен қосымша бөлінген қаржының арқасында қол жеткізілді. Сонымен қатар ауданда 29 нысанның құрылыс жұмыстары атқарылды. 30511 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына 1534,9 миллион теңге инвестиция тартылды.

Аудан негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан ағын суды үнемдеу бағытындағы жұмыс та нәтижелі атқарылуда. Аудан аумағындағы 151 су шаруашылығы нысандарының 143-і канал, 8-і коллекторлы дренажды жүйе. Осы су шаруашылығы нысандарының 120-сы (112 канал мен 8 коллекторлы дренажды жүйе) «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының «Байзақ» өндірістік бөлімшесінің теңгерімінде.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында суармалы жерлерді пайдалану көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 9,6 мың гектарға артты. 2022 жылы бұл көрсеткішті 32 553 гектарға, яғни 115,7 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Осы мақсатта жалпы ұзындығы 348 шақырым 72 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы 284 миллион теңгеге ұзындығы 107 шақырым болатын 23 каналға жөндеу жүргізіліп, нәтижесінде қолданыстағы 6882 гектар жерге су жеткізілді. Сондай-ақ Талас пен Байзақ ауданының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метр «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда.

Өңірде тамшылатып суаруды – 3211, жаңбырлатып суаруды 829 гектар алқапқа жеткізу көзделуде. Осыған орай 28 жаңбырлатып суару қондырғысын алуға «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтініш берілді. Оның 3 қондырғысы шаруашылықтарға жеткізілді.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға да үлкен мән беріліп келеді. 2020 жылы аудан бойынша жалпы құны 722 миллион теңгеге 171 жаңа техника сатып алынды. Техниканың жаңару көрсеткіші 11,2 пайызды құрап отыр. 2019 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан – 539, 2020 жылы 3630 гектар жер мемлекеттік жер қорына қайтарылды.

Жалпы, Байзақ ауданының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері 161 269 гектар, оның ішінде 55 514 гектар егістік, 95 853 гектар жайылым, 5 367 гектар шабындық және көп жылдық екпелер. 2 936 жер пайдаланушы бар.

Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау және несиелендіру бағдарламалары аясында 2020 жылы барлығы 1096 шаруашылық 3,4 миллиард теңгеге мемлекеттік қолдауға ие болды (субсидия – 2,9 миллиард, несие 506,9 миллион теңге). Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 миллиард теңгеге, яғни 170 пайызға артық.

Төрт түлік малдың басы өсіп, өсім 106 пайызды құрады. Нәтижесінде, 17,8 мың тонна ет, 48 мың тонна сүт және 13,6 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 45,2 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 105,1 пайызды құрады.

Ел Үкіметі қолдаған қанатқақты жоба алғаш болып облысымызда жүзеге асырылғаны белгілі. Қосалқы шаруашылықты дамыту жұмыстары бойынша өңірден он аудан бойынша 11 ауыл іріктеліп алынды. Солардың қатарында ауданымызға қарасты 6 710 тұрғыны бар Қостөбе ауылдық округі, 9 036 тұрғыны бар Түймекент ауылдық округі бар. Аталмыш жоба аясында Қостөбе ауылдық округіне 887 миллион теңге, Түймекент ауылдық округіне 615,2 миллион теңге қаражат берілді.

Қостөбеліктер 4443 бас мал, 47,5 миллион теңгеге 12 дана техника, түймекенттіктер 5352 бас мал, 85,8 миллион теңгеге 18 дана техника сатып алды. Нәтижесінде Қостөбе ауылдық округінде жұмыссыздар саны алты есеге кеміп, 257 азамат жеке кәсіпкерге айналса, Түймекент ауылдық округіндегі жұмыссыздар үш есеге кеміп, 262 азамат жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Тың жоба артықшылығының арқасында қостөбелік малы бар аулалардың орташа табысы 4,4 есеге, ал түймекенттік малы бар аулалардың орташа табысы 3,7 есеге артты. Сондай-ақ бүгінде Түймекентте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 394 отбасыдан 146 отбасыға кеміді, Қостөбеде аталған көмекке мұқтаж отбасы жоқ.

Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Көктал ауылдық округінде «Аллель Агро» акционерлік қоғамы жалпы құны 25,6 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 55 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы жобасы 2021-2024 жылдары іске асырады деп күтілуде. Жоба бойынша 800 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті бюджетке 540 миллион теңге қаражат түседі деп болжамдалуда. Аталған жобаны кеңейту үшін Көптерек және Темірбек ауылдық округтерінен қосымша жер бөлу қарастырылуда.

Сондай-ақ 2021-2022 жылдары «Караганда АргоИнвест» (көкөніс өңдеу), «Орбис-Қазақстан», «Көкжиек» компанияларының (тауарлы сүт фермалар) құны 30,2 миллиард теңгені құрайтын 3 жобасы іске асырылып, 570 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Пандемияның бизнестің экономикалық белсенділігін төмендететін теріс әсеріне қарамастан, шағын және орта бизнес саласында оң динамика байқалады. «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы–2025» және өзге де кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар аясында жеке тұлғалар мен шаруашылық субъектілері жалпы сомасы 8,3 миллиард теңге мемлекеттік қолдауға ие болды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 5055 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жоспар 12,4 пайызға артығымен орындалды. Оның ішінде 2109 адам тұрақты жұмысқа орналасты, жоспар 15,7 пайызға артық орындалды. Бағдарлама аясында 183 адам несие алып, 841 адам қайтарымсыз грантқа ие болды. Грантқа қол жеткізгендердің 276-сы жастар, 207-сі көпбалалы отбасылар, 226-сы жұмыссыздар. Осылайша өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы 2019 жылмен салыстырғанда 336,3 миллион теңгеге артты.

Аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында 2020 жылы елді мекендерді газбен қамтуға облыстық бюджеттен 700 миллион теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде аудан бойынша 43 елді мекеннің 41-інде тұрғындар «көгілдір отынмен» қамтылды. 2017 жылға дейін 22 елді мекен тұрғындары «көгілдір отынды» пайдаланған болатын.

Биылғы жылы қалған 2 елді мекенге (Ақшолақ, Төрткөл) орта қысымды магистралды газ құбырын жеткізу жоспарлануда. Оған 406 миллион теңге қаралып отыр. 2021 жылы аудан аумағындағы 43 елді мекен толық көлемде газдандырылатын болады. Бүгінгі күні аудан бойынша 18 181 ауланың 15 025-і «көгілдір отынға» қосылған немесе 82,6 пайызды құрайды.

Таза ауызсуға қажеттілік күн санап артуда. «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 2020 жылы 8 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етуге 5,3 миллиард теңге бөлініп, жалпы халықтың сапалы ауызсумен қамтылуы 52,8 пайызға жетті. «Өңірлерді дамыту 2020-2025» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 4 елді мекенге (Байзақ – 931,9 миллион теңге, Қостөбе – 549,6 миллион теңге, Көктал – 717,5 миллион теңге, Сеңкібай – 341,6 миллион теңге), «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 2 елді мекенге (Жаңатұрмыс – жаңа құрылыс 420,1 миллион теңге, Бурыл ауылы – қайта жаңғырту 850,6 миллион теңге) су жинау ғимараттары мен су бұру желілерін салу жұмыстары жүргізілді.

2021 жылы 4 елді мекенге ауызсу беріліп, онымен аудан тұрғындарының 95 пайызы қамтылатын болады. 2025 жылға дейін барлық 43 елді мекен таза ауызсу жүйесімен қамтылады.

Көше жарығы да күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызы мәселенің бірі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 257,4 миллион теңгеге 68 көше жарықтандырылды. Аудан бойынша жалпы көшелердің 66,3 пайызы жарықпен қамтылды.

Жол – ел экономикасының дамуына әсер ететін шешуші факторлардың бірі. 2020 жылы сапалы жолмен қамтамасыз етуге республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден 2,2 миллиард теңге бөлініп, 161 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Нәтижесінде елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық үлесі 88,4 пайызға жетсе, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы 121,5 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық үлесі 92 пайызды құрады. Ауылдарды дамыту, инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 297 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 18 шақырым 15 көше орта жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 – 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында 2020 жылы 12 инфрақұрылым жобалары дайындалып, оның 9 жобасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Қалған 3 жоба (Мырзатай су (сметалық құны 97404 мың теңге), Аймантөбе жол (сметалық құны 39348 мың теңге), Үлгілі жол (сметалық құны 80781 мың теңге) облыстық және республикалық бюджеттерден қаржыландыруға 2021 жылға ұсынылып отыр.

Азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да көрініс тапқан болатын. 2019 жылы 152 азаматқа жер телімі берілсе, 2020 жылы 371 жер телімі таратылды. 2021-2023 жылдары 2 мың азаматқа жер телімін беру жоспарлануда. Осы мақсатта, яғни тұрғын үй құрылысы үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптар алынуда. Аудан халқының 75 пайызы егін немесе мал шаруашылығымен айналысатындықтан, егін мен жайылымға жер тапшылығы сезілуде. Осыған байланысты жер телімдерін беру 2023 жылдан бастап тоқтату көзделіп отыр.

Білім – қоғам дамуының кепілі. Сондықтан білім саласын қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2019 жылы білім саласына 10,5 миллиард теңге, 2020 жылы осы мақсатқа 15,0 миллиард теңге бөлінді.

Мәдениет саласының даму картасына сәйкес 2021-2025 жылдары 5 мәдениет үйін салу жоспарланған болатын. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бурыл ауылына (құны 157901,0 мың теңге) 180 орындық, Жетібай ауылына (құны 101609,0 мың теңге) 90 орындық, Көкбастау ауылына (құны 96211,0 мың теңге) 90 орындық мәдениет үйлері пайдалануға берілді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының игілігін халық көруде. Тарқатып айтатын болсақ, 2020 жылы 3,8 миллион теңгеге қосымша 5 елді мекенде Талас, Көкөзек, Дихан-2, Ақжар және Ақшолақ ауылдық кітапханалардан «цифрландырылған ақпараттық орталықтар» ашылды. Бүгінде олардың саны 23-ке жетті. Аталған орталықтар арқылы көрсетілген электронды қызмет 3 есеге өсті. 2019 жылы 3504 қызмет, 2020 жылы 10006 электронды қызмет көрсетілді. Яғни 23 елді мекеннің 69704 тұрғындары орталық арқылы қызмет алуға қол жеткізді немесе аудан халқының 65 пайызын құрады.

Аудан халқына 44 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен Мырзатай және Қостөбе-1 дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өтті. 2021 жылы Түймекент және Байзақ елді мекендерінде ауылдық дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Жыл сайын денсаулық саласының материалдық-техникалық жағдайын нығайту, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтуға көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда ауруханада 12 дана ИВЛ аппараты, 28 дана оттегі концентраты, 31 дана Бобров аппараты, 30 дана пульсоксиметр, 1 дана перфузор, 5 дана инфузомат, бұдан бөлек аурухананың барлық бөлімшелеріне оттегі түтікшелері жүргізілген.

Әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Аудан бойынша кедейшілік шегінен төмен тұратын 979 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек (338,9 мың) тағайындалды. 4674 адамға жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 67,6 миллион теңгеге бір реттік қаржылай көмек көрсетілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету мен жағдай жасау мақсатында жалпы 169,2 миллион теңге қаралған болатын. Осы орайда жергілікті бюджеттен 7,4 миллион теңгеге 25 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу және оңалту орталығы пайдалануға берілді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында 17 ауылдық округте асарлату арқылы тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, 2020 жылы 13 баспана тұрғызылып, осал топтардағы отбасыларға берілді. Биыл да бұл жоба жалғасын табатын болады.

Мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын халық көруде. Елді мекендердің келбеті өзгеріп, тұрғындардың еңбекке деген ұмтылысы артып, ел экономикасына үлесін қосуға деген құлшынысы артуда. Мақсат – айқын, оған жету жоспары – жүйелі. Ал жүйелі жоспар – нақты нәтижелердің іргетасы.

Нұржан НҰРЖІГІТОВ,

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support