Саясат

Сенат сайлауына сақадай-сай әзірміз

Сенат сайлауына сақадай-сай әзірміз

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауына санаулы күндер қалды. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқанға дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде? Бұл бағытта облыста қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Негізгі бәсеке қанша үміткердің арасында өтпек? Біз осы сұрақтар төңірегінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали САРЫБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Махметғали Нұрғалиұлы, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Парламент Сенатының сайлауы жарияланғалы да екі айға жуықтады. Осы уақыт аралығында облыстық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан нендей жұмыстар атқарылды? 

– Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес, тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Алдағы Парламент Сенатының сайлауына байланысты Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен күнтізбелік іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес облыстық аумақтық сайлау комиссиясының да жоспары жасалынды. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі сайлауға дайындық және оны өткізу жұмыстары түгелдей облыстық аумақтық сайлау комиссиясы арқылы жүргізіледі. Бастапқыда Сенат депутаттығына кандидаттыққа облыс бойынша бес азамат өтініш білдірген болатын. Ресми тіркеу жұмысы жүргізілген кезде олардың біреуі тіркелген жоқ. Тіркелген төрт азаматтың бірі жақын күндері облыстық аумақтық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш білдіріп, өз кандидатурасын алдырып тастады. Бүгінгі күні нақты үш кандидат ресми тіркелген. Олар «Тараз» футбол клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Махамбет Дүйсембаев, облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев және «ЖМФ-Имсталькон» ЖШС директоры Владимир Новоселов. – Қазіргі таңда үгіт-насихат жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын білеміз. Оның өту барысын қаншалықты деңгейде бақылап отырсыздар? – Иә, үгіт-насихат жұмыстары 12 қыркүйек күні басталып кетті. Комиссия қазіргі таңда тікелей кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарының заң талаптарына сәйкес өту барысын бақылап, оған мониторинг жүргізуде. Бұл жерде біз бірнеше мәселеге назар аударып отырмыз. Біріншіден, Сенат депутаттығына кандидаттардың сайлаушылармен кездесуіне бірдей жағдай және мүмкіншілік жасалуы керек. Бұл орайда сайлаушылармен кездесу кестесін облыстық газеттерде жарияладық. Сол жерде кімнің қайда, қандай ғимаратта, қай уақытта кездесетіні көрсетілген. Одан ешқандай ауытқу болмауы тиіс. Соны қадағалаудамыз. Екіншіден, әр кандидаттың үгіт-насихат жұмысында плакат, парақша сияқты әртүрлі ақпараттық материалдарды пайдалануға құқықтары бар. Бірақ, оны кез-келген жерге, мысалы ағашқа немесе тұрғын үйдің қабырғасына ілуге болмайды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының арнайы бекіткен орындары бар. Мұндай материалдар тек сол жерде орналастырылуы тиіс. Біз бұл орындардың тізбесін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияладық. Үшіншіден, кандидат ретінде тіркелген мемлекеттік қызметкердің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әкімшілік ресурсты пайдалануына тыйым салынады. Өздеріңізге белгілі, кандидаттардың бірі – мемлекеттік қызметкер. Сондықтан біз осы жағын да қадағалаудамыз. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкер болып табылатын кандидат үгіт-насихат кезеңіне еңбек демалысын алып отыр. Осы мәселелер облыстық аумақтық сайлау комиссиясының қатаң бақылуында. Жалпы, үгіт-насихат жұмыстары 29 қыркүйек күні аяқталады. – Парламент Сенатының сайлауын өткізу үшін сіз басқарып отырған комиссияға қанша қаражат бөлінді? – Сайлау науқанына жеткілікті көлемде қаражат қарастырылған. Нақты айтқанда, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы негізінде 2 миллион 183 мың теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы қажеттілікке байланысты шетінен бөлініп беріліп отырады. Оның ішінде комиссия мүшелерінің айлық жалақылары да бар. Бүгінде комиссия құрамында жеті адам жұмыс істеудеміз. Мен өз басым сайлау науқанынан айлық жалақы алмаймын. Дегенмен, төрт адамға еңбекақы төлеп отырмыз. Сонымен қатар кеңсе тауарлары, жарнамалық-ақпараттық материалдар, көлік, байланыс шығындары сияқты қажеттіліктерге қаражат жеткілікті. Сайлауды жоғары деңгейде сапалы өткізуге толық мүмкіндік бар. – Сайлау үдерісінде болашақ сенаторларды жергілікті мәслихат депутаттары таңдайтыны белгілі. Сайлауға облысымыздан қанша таңдаушы қатысады? – Облыс бойынша 202 таңдаушы сайлауға қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың ішінде 35-сі облыстық, 25-і Тараз қалалық, 152- сі аудандық мәслихаттардың депутаттары. Сайлау М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өтеді. – Облысымыздағы сайлау барысын бақылауға халықаралық ұйымдардың өкілдері келеді ме? – Шетелдік бақылаушылар міндетті түрде Орталық сайлау комиссиясынан аккредитациядан өтіп, тіркелу керек. Бүгінде біздің өңірге ТМД елдерінен төрт бақылаушының келетіні белгілі болып отыр. Олар Тараз қаласында орналасып, сайлауға дайындық барысын және сайлаудың өту үдерісін бақылайтын болады. Сонымен қатар елімізде тіркелген әртүрлі саяси партиялар өкілдерінің де сайлау барысын бақылауға толық құқықтары бар. – Сайлаудың қорытындысы қай кезде шығарылады? – Біз сайлау нәтижесін, оның ішінде қай кандидаттың қанша дауыс жинағанын дәл сол күні айтатын боламыз. Сөйтіп тиісті хаттамаларды рәсімдеп, Орталық сайлау комиссиясына жібереміз. Бұл жолғы сайлаудың өзі сәрсенбінің сәтті күніне тұспа-тұс келіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, сайлауға дайындығымыз жақсы. Ел өміріндегі елеулі науқанның ойдағыдай өтетініне сенімім зор. – Әңгімеңізге рахмет!

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».