- Advertisement -

«Егемен елдің ұланы болудан асқан бақыт жоқ», дейді Тәуелсіздіктің төл құрдасы, Елбасы есімін иеленген Нұрсұлтан

183

- Advertisement -

Кешқұрым ұялы телефоныма белгісіз нөмірден хабарлама түсті. Артынша қоңырау шалып, өзін Нұрсұлтан деп таныстырған ұяң дауысты жігіт Тәуелсіздік құрдасы екенін айтып, ойымен бөлісуді жөн көріпті.   Көп ұзамай газетіміздің белсенді оқырманымен сұхбаттасудың да сәті түсті.

Расында да, азат елдің құрдасы болу кез келген адамның пешенесіне жазыла бермеген. Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін жариялап, азаттықтың ақ таңы арайлап атқанда дүние есігін ашқандардың бірі – Нұрсұлтан Жамбылханұлы. Бүгінгі таңда кейіпкеріміз Талас ауданының Сәду Шәкіров ауылында тұрады. 1991 жылдың 1 қазанында зоотехник Жамбылхан мен мұғалім Дүйсенкүлдің отбасында дүниеге келген ол ата-бабалары ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікпен құрдас болғанын мақтан тұтады, тарихи жылда өмірге келу әр адам үшін Жаратқанның берген сыйымен пара-пар деп санайды. Сонымен қатар өзінің азан шақырып қойған есімін де жақсылыққа балайды екен. Оның да өзіндік тарихы бар көрінеді. «Нұрсұлтан деген есіммен жүру мен үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Себебі  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланған уақытта, әкемнің қарындасы есімімді осылай қойған екен. Сол жылдары, одан кейін де осы есімді иеленген балалар өте көп болды ғой», – дейді кейіпкеріміз.

Нұрсұлтан 2009 жылы Шона Смаханұлы атындағы мектепті аяқтап, одан кейін Тараз политехникалық колледжін бітірді. 2015-2016 жылдар аралығында Сәду Шәкіров ауылдық округі әкімі аппаратында «жастар тәжірибесі» бойынша жұмыс істеді. 2017 жылы елімізде «ZhasProject» жастар корпусын дамыту жобасы жанданғанын жұрт жақсы біледі. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, жұмыссыздардың санын азайту болды. Сол үшін осынау жобаға миллиондаған қаржы бөлінген еді. Гранттық бағдарламаға Нұрсұлтан да қатысуға мүмкіндік алды. Аталған жоба бойынша 1 миллион теңге грант ұтып алып, жоба жетекшісі  ретінде алты ай бойы командамен жұмыс істеді. Мәдениет, өнер саласын таңдаған олар мектептің бір кабинетін алып, «Inspriaton» ән орталығын ашты. Бес ай бойы 50 балаға сабақ беріп, осы уақыт ішінде үздік деген 10 оқушыға сертификат тапсырылды. Жобаға қатысып, 6 айлық бағдарламаны сәтті аяқтағаны үшін өзі де арнайы сертификатқа ие болды. Бұл Жастар жылына тұспа-тұс келгендіктен, әрі еліміздің қоғамдық-саяси өмірі мен мәдениет және спорт салаларында белсенділік танытып, ауыл беделін арттыруға қосқан үлесі үшін ауылдық округ әкімі А.Оңбаевтың Алғыс хатын алғаны тағы бар. Өткен жылы жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуының 20 жылдығы» тақырыбында өткен облыстық шығармалар байқауында белсенділік танытқаны үшін облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожаның Алғыс хатына, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының ұсынысымен және Еріктілер жылына орай елімізді жайлаған пандемия кезінде табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткені үшін Талас ауданы әкімдігінің алғысына ие болды. Нұрсұлтан бүгінде Сәду Шәкіров ауылдық округі әкімі аппаратында статист болып  қызмет атқарады.

Тәуелсіздік туралы тебірене айтатын Нұрсұлтанды тыңдап көрсең, былай деп ағынан жарылады: «Қазақ елінің еркіндігі, Тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алатын талай-талай көтерілістер болды. Сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды. Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы да қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі, оның жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді! Қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде. Тәуелсіз Қазақстан – біздің тыныстап отырған, еркін әрі бақытты күн кешіп жатқан Отанымыз. Сондықтан да Тәуелсіздік біз үшін киелі ұғым!».

– Ауылда тай-құлындай тебісіп өскен, мен сияқты Тәуелсіздік жылы дүние есігін ашқан құрдастарым баршылық. Олар бүгінде алға қойған мақсаттарына жету үшін әр салада еңбек етіп жүр. Негізі ойлап қарасам, бүгінде елімізде 18-29 жас аралығындағы жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер өте көп. Мысалы, білім алам десең де,  кәсіпкерлікпен айналысамын десең де жыл сайын мемлекеттен гранттар көптеп бөлініп жатыр. Тек өз бетіңше кәсіп ашып, білек сыбана жұмыс істеп, алға ұмтылуың керек. Егемен елде емін-еркін өмір сүріп, арман-асуларымызға қол жеткізіп келе жатқан біздің басты міндетіміз – еліміздің одан әрі өркендеуіне үлесімізді қосу болу керек. Елдің еркіндігін аңсау бар, оған жету бар және ұстап қалу деген жауапкершілік бар. Үш түрлі кезеңнің үш түрлі тарихы бар. Біз дәл осы кезеңнің үшіншісіндеміз. Яғни келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпақпыз. Ел ертеңі, Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Сол сенімді ақтай білуіміз керек, – дейді Нұрсұлтан.

Бүгінде Тәуелсіздіктің 30-шы белесіне көтеріліп отырған Қазақстанның әлем алдындағы биік беделі мен абыройы бар. Міне, осы жасампаздық жолды жалғастыруға біздер дайынбыз ба деген сауал әрбір жасты толғандыруы тиіс және оны іске асыру – олардың басты парызы. Мағжан Жұмабаевтың: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», дегеніндей, ел ертеңі, Қазақстанның болашағы Нұрсұлтан сияқты жастардың қолында. Біз де олар сол сенімді ақтайды, ертеңгі елдің келешегі үшін еңбектеніп, Отанның ошағында от болып жанған жалын болатынына сенеміз.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support