Ит жүгіртіп, құс салған

85

Құсбегілік – бекзат өнер. Осынау ұлттық өнерді өрістетуге төзімдінің төзімдісі ғана тәуекел ете алады. Сондай жанның бірі –  Жамбыл ауданы, Өрнек ауылында тұратын Бауыржан Ешметов. Оның құс салудағы ерекшеліктерін жерлестері аса қызығушылықпен әңгімелеп жүреді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық құсбегілік өнерді, атқа міну мәдениетін дамытып жүрген нағыз қазақ Бәкең ақсақалдың үйіне барып, қазақы болмысымен тағы бір танысып қайттық.

Бауыржан ағаның негізгі кәсібі – көлік жүргізушісі. Ұзақ жылдарын темір тұлпардың рөлінде өткізген. Бұрынғы «Крупская» (қазіргі «Өрнек») деп аталған ұжымшардың белді көлік жүргізушілерінің бірі болған. Ал құсбегілік өнер – ата кәсібі. Атасы Тұрғанбай  өз әкесі Ешмет те ит жүгіртіп, құс салған, құралайды көзге атқан мергендер болыпты. Тіпті нағашы атасы Әзімбет те, оның бауырлары Бегімбет, Нарымбет, Күнімбай да құсбегілік өнерден алыс болмаған.

Баукең төрт перзенттің ішіндегі жалғыз еркек кіндік. Әкесі оны 43 жасында көрген. Сондықтан Ешмет қария оны құсбегілік өнерге оқушы кезінен баулыған. Яғни жалғыз ұлының елден жырақ кетіп қалмай, ауылда жүргенін қалапты. Баласына алтыншы сыныптан бастап құсбегілік өнерді жанын салып үйреткені де сондай мақсаттан туса керек-ті. Содан бері де желдей жүйткіп 60 жыл уақыт өте шыққан. Сол 60 жыл ішінде қазақ даласында араламаған жері, бармаған мекені жоқ. Алатау мен Қаратау бөктерінде де, Бетбақдаланың алыс түкпіріне дейін барып, ұлттық өнерді дәріптеді. Осылайша өз ісіне адалдық таныта білген. Талайға арман болған ұлар құстың етін де жепті. Таутеке, арқар, елік, бөкен Бәкеңнің мылтығынан құтылып кеткен емес. Баукең құсбегі ғана емес, ауданға белгілі көкпаршы. Бейнелеп айтқанда – нағыз қазақ. Бәкең атадан жалғыз болса да, ата кәсібін үзген жоқ. Жалғастырып келеді. Ешқашан ерінбейді.Ұзақ жыл облыстық құсбегілер құрамасының аға жаттықтырушы қызметін де атқарған екен. Аудандық балалар-жасөспірімдер мектебінде құсбегілікке арналған үйірмені басқарды. Құсбегілік өнері бойынша спорт шеберлігі атағын қорғап шыққанын да айта кеткен ләзім. Еңбектің еленгені болар, сол үйірмеден тәлім алған шәкірттері еліміздің әр қиырында жүр. Үйірме жетекшілігін өткізгеніне 4 жылға ғана жуықтады. Бүркітші биыл жетпіс үш жасқа толып отыр. Ендігісі –  ұлдарына, ұрпақтарына аманат. Аудандық спорт мектебі 350 мың теңгеге үш  бүркіт құсқа арнап, жай соғып беріпті. Ол жерді арнайы көрдік. Заңдылығы солай ма, құстар әр торда бөлек-бөлек тұр.

Білгенге құсбегілік – жеңіл өнер емес. Бүркітті тауда тор құрып ұстайды. Кейде балапанын қияға өрлеп барып, ұядан алады. Атасы қыран емес пе, бүркіттің қолға үйренуі өте қиын екен. Ашуланып, шоқып, бүріп, абайламаса адамды жарадар етуі де мүмкін. Ал осындай қиындыққа төзіп көріңіз. Бүркітті аңға салған кезде де өте қырағылық керек. Түлкіге түскен бүркітті жылдам жетіп, тез ажыратып алу қажет. Түлкі ретін тауып бүркітті теуіп жібермей тұрғанда қимылдаған дұрыс. Түлкі теуіп үлгерсе, құстың беті қайтып қалатын көрінеді.

Атакәсіп дегенді қойсаңшы. Бауыржан ағаның төрт ұлы Нұржан, Ержан, Сержан, Мейіржан барлығы да тазы жүгіртіп, құс салады. Ержан құсбегіліктен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Нұржаны Жамбыл ауданы бойынша құсбегіліктен жаттықтырушы. Ал немерелері Тұрнияз, Шернияз да құсбегілік өнерге бейімделіп өсіп келеді. 8-сынып оқитын немересі Ғазизхан ең жас құсбегі. Барлық немересі құсбегіліктен ел чемпиондары.  Тағы бір немересі Кәусар да бүркіттің әр қадамын бақылауға құмар. Қысқасы, бұл әулеттің ақсақалынан бастап, еңбектеген сәбиіне дейін құсбегілік өнерді серік еткендер. Құсбегі Бауыржан Ешметовтің «Үкіліқара», «Ботақара» деген бүркіттері, «Сары жебе», «Тұнжыр» деген қаршығасы  үнемі республикалық құсбегілер байқауында жүлделі орындардан көрініп жүр. Осынау қасиетті құстардың бабын табу да оңай емес. Олар таза ет жейді. Құсбегінің екі бүркіт, бір қаршығасының тамағы мемлекеттің есебінде. Мұнда ителгі құсты да көрдік. Күніне әр құсқа жазда бір келіден, қыста жарты келіден қойдың еті қарастырылған. Бірақ құсбегі қыркүйек айынан бастап, қыран бүркіттерін тамақтан қысып, ашықтыра бастайды екен. Құстарды бабында ұстау үшін етті 3-4 рет жуып, қансыз ақжем етіп береді. Тамақты тоя жей берсе, құстың формасы бұзылатын көрінеді. Бәкең құс өсірумен ғана шектелмейді. Қорасында 4-5 айғыры кісінеп тұр. Кез келгенімен аңға шығып, көкпарға бара беруге болады. Нағыз қазақ деп осы Бауыржан Ешметұлын айтуға болатын шығар. Бұл ауладан қазақ ұғымында «Жеті қазына» деп аталатын қазынаның барлығын кездестірдік. Құсбегінің жары Сейтін апа да ширақ, әлі де қолынан келгенін істеп, немерелерінің бір жағында жүр.

– Бүркіттер негізі жүз жылға дейін жасай береді. Бірақ біз балапан кезінен таудан, таудың қия құздарындағы ұядан аламыз. Қыран баласын екі айда ұшырады. Біз сол 50-55 күндік балапанды ұстап әкетеміз. Негізі 3 жастағы жас бүркітті ұстап, қолға үйрету тиімді. Себебі, балапаны қопалдау болады. Ал баптаған жас бүркіттер ширақ қимылдайды. Жас бүркітті қанат, құйрығының астындағы ақ жүнінен ажыратуға болады. Егде тартқан сайын ақ жүні қара түске айнала береді. Әр бүркіттің 3-4 жерде ұясы болады. Олар да сақ. Құсбегілерді шатастыру үшін ұяларын ауыстырып, із жасырып отырады. Құсбегілік үшін талай рет жанымызды шүберекке түйдік. Сонда «Бүркіттің баласын ұстап әкел» деп қинап тұрған ешкім жоқ. Өзіміздің құмарлығымыз. Қыран құсты ұстау – оңай емес. Біз арнайы құстың орнын жасақтадық, ішіне пешке дейін орнатып, жылытып отырмыз. Бүркітті шамамен 12-13 жыл ұстап, онан соң тауға апарып, ұшырып жібереміз. Өзінің табиғатымен өмір сүрсін дейміз. Сонша жыл баптаған құсыңды қимай да қаласың. Бірақ амал жоқ. Еркіндікке ұшырып жібермесек, обалына қаламыз. Жас бүркіттердің бабын келтіру – қиынның қиыны.  Оларды аңға салған сайын шеберлігі артып, шыңдала береді. Алайда бір жарысқа қатысу үшін 350 мың теңге көлемінде қаражат кетеді екен. Құсбегінің арнайы шапаны, етігін тігу де назар аударуды қажет етеді. Соны спорт саласының басшылары, жауапты кісілер сезінсе, түсінсе дейміз. Жамбыл өңірінде де бүркітшілер жарысы жиі өтіп тұрса деген тілегім бар. Себебі, жас бүркіттер жарыс тілеп  тұрады, – дейді белгілі құсбегі, көкпаршы, нағыз қазақ Бауыржан Ешметов.

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.