- Advertisement -

Ерте есейген еркенің ертеңіне кім жауапты?

442

- Advertisement -

«1989 жыл. Ерте көктем еді. Қан қысымым кенет  көтеріліп кеткендіктен бе, мерзімінен бұрын толғақ қыса бастады. Жедел жәрдем көлігі   облыс  орталығындағы перзентханаға  алып келді. Есім кіресілі-шығасылы бір сәтте дәрігерлердің «не ананың, не баланың өмірін сақтап қалуымыз керек» дегені алыстан құлағыма талып жетіп жатқан секілді. Одан арысы ойымда жоқ…Әйтеуір, Алланың қалауымен жеті айлық, 1,5 килограмм ұл баланы өмірге әкелдім. Бала тым әлсіз болғандықтан, ваккумге салып қойды. Сондағы жанымды жегідей жеген уайымды айтсаңызшы. Алла жар болып, кенже ұлым адам қатарына қосылып кетті.

Осы кезде менімен бірге перзентханаға әлі кәмелеттік жасқа толмаған 15-16 жас шамасындағы өрімдей қыз келіп түсті. Дәрігерлер оның құжатының жоқтығын айтып жатқан. Бірақ толғағы келіп тұрған соң, аман-есен босандырып алыпты.  Жастай ана атанған қыз, айы-күніне толық жеткен,  балпанақтай ұлға өмір сыйлады. Бір палатада жатқанбыз.  Сол күні кеш қылаң бере  әлгі қыз  баласынан бас тарту туралы  тілдей қағаз қалдырып, перзентханадан қашып кетті… Өмір есігін ашпай жатып, анасыз қалған шақалақтың   шырылдап  іңгәлаған дауысы талай жүректі сыздатқан еді. Баланы медбикелер әркімге бір емізіп алып ілдәлап жүрді. Арада екі-үш күн өткенде тиісті органдардың өкілдері келіп, сәбиді алып кетті. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де сол оқиға әлі күнге дейін көз алдыма көлбеңдеп келе береді», — деді бүгінде жетпістен асқан тараздық көп балалы ана Мейрамкүл  апамыз.

Жалпы қыздар арасындағы ерте жүктілік мәселесі қанша уақыттан бері қоғамның қыжылына айналып, өзекті күйінен түскен емес. Бір үйдің еркесінің қылығын түзде көрсететіні – көзге үйреншікті нәрсеге айналып кеткен. Мәселен, өткен  жылы облыста 244 кәмелетке толмаған қыздар ерте жүкті болып қалғаны туралы дерек айтылғанымен, оған алаңдаушылық білдіргендер аз. Негізінен өскелең ұрпаққа тәрбие және білім беретін мекемелер ғана болмаса, кейбір ата-аналардың өзі бұл жағдайға бас қатыра қоймаған секілді.

Осы деректің 40-ы жыныстық сипаттағы жасалған қылмыс (зорлау 8, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері — 4; 16-жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу — 21; жас баланы азғыру — 7) болғаны – қоғамды ойландырса керек. Бұл туралы облыстық білім басқармасының жыл қорытындысына арналған алқа мәжілісінде  айтылған болатын. Жүкті болғандардың  175-і 17-18 жас аралығында болса, 57-сі – 16-17 жастағылар. Ал 12 қыз  небәрі 15-16 жасында құрсақ көтерген. Бір алаңдататыны –  жасына жетпей жүкті болғандардың қайда білім алатыны немесе үйде отырғаны, қайсысының ата-анасынан бөлек тұратыны,  кімнің ерте бастан отау құрғаны белгісіз. Осыған қатысты мәселелер облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысының  да күн тәртібінде көтерілді. Ол жиынның қорытындысы негізінде  жазылған жазба әлеуметтік желіде де   қызу талқыға түскен-ді. Желі қолданушыларының дені құзырлы органдар мен жауапты мамандарды орын алған фактіні осылай  ашық түрде   ұдайы талқылап отыруға шақырған.

Мұның барлығы әрине көңілге қаяу түсіретін көрсеткіштер. Ата-анасына еркелеп, тұлымшағы желбіреп жүрер шағында қыз баласының «жаман атқа» ілігуінің соңы әртүрлі келеңсіз факторларға да апарып соғуы мүмкін.  Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар балалар гинеколог-дәрігері  Динара Шондыбасова солай дейді.

– Бүгінде жасөсіпірімдер арасында ерте есею  (акселерация)   үдерісі үдеп келеді.  Себебі,  интернеттегі ақпараттар  сүзгіден өткізілмейді. Содан кейін балалар әртүрлі  анайы нәрсені тәк-тәксіз еркін көріп отыратын болған. Міне, сондықтан, қазіргі жасөспірімдер  бүкіл ересектердің өмірінен ерте хабардар болады. Солай бола тұра көпшілік   ата-аналар әсіресе қазақи отбасылар балаларының сексуалдық өмірлеріне араласқысы келмейді. Былайша айтқанда, анасы мен қызы, әкесі мен ұлы болып сырласудан қалып барады.

Ерте жүктілік ең алдымен қыз баланың денсаулығына зиян келтіріп, болашағына балта шабатыны айтпаса да белгілі.  Өйткені, жас ананың ағзасы бұл өзгеріске физеологиялық тұрғыда дайын емес. Соның салдарынан мерзімінен бұрын туу немесе денсаулығында ахауы бар сәбидің өмірге келуі мүмкін. Әсіресе, жас жүктілік кезінде жүрек қан-тамырлары мен эндокриондік жүйеге де қосымша жүктеме түседі.  Салдары ауыр анемияға соқтырады. Бұл жағдайдың  соңы ана өліміне апарып соғатыны анық. Жасөсіпірім қыздар жүкті болып қалса, көбіне одан құтылуды яғни, жасанды түсік жасатуға бел буады. Ал, жасанды түсік жасатудың соңы – бедеулік. Зерттеулер көрсеткендей, ересек әйелдермен салыстырғанда жасанды түсіктен кейінгі асқынулар жасөсіпірім қыздарда екі есе жоғары болатынын баса айтқым келеді. Мәселен, әр жыл сайын әлемде түсіктен кейінгі асқынулар бойынша  500 мың  әйел қайтыс болады екен. Ал, біздің елімізде  он жүктіліктің үшеуі түсікпен аяқталады. Сонымен қатар жыл сайын әлемде 14 миллион жасөспірім қыздар жүкті болады.  Жалпы кәмелетке толмаған жастардың 40-60 пайызы ерте жыныстық қатынасқа түссе, оның  он пайызы – 14 жасқа толмағандар. Егер отбасында ата-ана ұл-қызына өмірдің мәнін ұқтырып, шолжаңдағанын қабағымен ықтырып отырса, қазір ерте жүктіліктің проблемасы бұлай ушықпас еді.  Осы жайды әрбір ата-ана ескеруі тиіс, — деді Динара Мелсқызы.

Ал, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия  хатшысы Бахыт Жақсылықова:  «Ерте жүкті болған қыздардың мәселесін қарау біздің  комиссияның құзырына кірмейді. Біз тек олардың  ата-анасы қандай да бір көмек сұрап, өтініш жасаса ғана қолұшын созамыз.  Менің ойымша мұндай  жағдайға тап келген қыздың өмірін талдап, талқылап «жығылған үстіне жұдырық болмау» керек. Оларды ата-анасымен бірлесіп,    моральдік және  психологиялық тұрғыда қолдаған абзал.

Осыдан  екі жыл бұрын біздің өңірде бес қызы бар отбасының  он жеті жастағы екінші қызы жүкті болып қалып, сол қыздың мәселесі бойынша біздің комиссия  үлкен жұмыстар жүргізді. Әкесі   қызынан  бас тартып, жағдай ушыға түсті. Біз  қызға қолдау, көмек көрсетіп, айы-күні жеткенде босандырып алдық.   Өмірге ұл  келді. Бұл отбасында  ұл бала жоқ болғандықтан, біз ата-анасымен  сөйлесіп жүріп, ақыры олар немересін атына жазып алған еді.  Мәпелеп отырған қызының «оң жақта» отырып, от басқаны әрине, қай отбасыға болсын оңай соқпасы анық. Дейтұрғанмен,  жағдайды  ушықтырмай тиімді шешілу жағын да қарастыру қажет сынды»,- деді.

«Қызға қырық үйден тыйым» десек, қазір сол «үйдің» жауапкершілігі отбасынан гөрі облыстық білім басқармасына ойысқан секілді. Өйткені, жас ұрпақтың бойына  білім мен тәрбиені ұштастырып сіңіру  мәселесі  осы мекеменің құзіретіне кірген соң, жоғарыдағылар келеңсіздіктердің салдарын солардан сұрауды әдетке айналдырған. Бүгінде аталған басқарма тарапынан облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген кезекті отырысының №1 хаттамасының 6 тармағы (ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында, облыста 2020 жылғы 12 айда тіркелген 244 кәмелетке толмағандар  бойынша толық ақпарат әзірлеп, ұсынсын)  негізінде  жұмыстар  атқарылуда. Осы орайда басқарманың бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева жоғарыда көрсетілген 244 деген  көрсеткіштің арнайы хаттамалық тапсырмаға сай әлі де пысықталып жатқандығын алға тартты. «Олардың қатарында кейбір қыздар екі рет тіркеліп кеткен дерек болуы мүмкін. Сондықтан ерте жүкті болғандар саны қайта нақтыланып жатыр» деген уәжін  айтты сала маманы.

Сонымен  Гүлзира Лесбайқызы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста 12-15 жас аралығында  3 оқушының ерте жүктілік фактісі тіркелген. Олар: Қордай ауданы, Отар ауылындағы №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебінің  10-сынып, осы аудандағы Карасу ауылының №7 орта мектебінің оқушылары және Жуалы ауданы Қарасаз ауылындағы   №6 А.Пушкин  орта мектебінің  9 сынып оқушысы. Аталған оқиғалар  бойынша жергілікті полиция бөлімінде тергеп-тексеру ісі жүргізілуде. Гүлзира Лесбайқызы, аудандық, Тараз қалалық  білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес  жалпы білім беретін мектептер мен колледждер бойынша да бөлек деректер жиналғанын атап көрсетті. Мәселен, аудандық (қалалық) білім  бөлімдерінің жергілікті денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп алынған мәліметтер   бойынша  16 жастағы – 18, 17 жастағы – 58 (оның 1-еуі ата-анасының өтінішімен басқа өңірге қоныс аударған), 18 жастағы  43 қыздың ерте жүктілігі, өңірде барлығы 122 қыздың  тіркелгені анықталған. Оның ішінде 56-ы заңды некеге тұрған болса, 65-і азаматтық некеде тұрып жатқандығы белгілі болған. 122 қыздың  76-ы  колледж студенттері, 43-і – 11 сынып бітіргендер. Осы орайда, Гүлзира Лесбайқызы тағы бір маңызды мәселенің басын ашты. Айтуынша бүгінгі күні, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тіркеуге  алынған кәмелетке толмаған қыздарға байланысты (барлығының оқу орны көрсетілмеген) іздестіру жұмыстарын жүргізу  Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына қайшы келеді екен. Яғни, денсаулық сақтау басқармасына тіркеуге алынған қыздардың оқу орнын көрсету бойынша бірнеше рет жолданған сұраныс хаттар жауапсыз қалып жатқан көрінеді.  Жоғарыда көрсетілген мәліметтердің бірізге түспей жатқаны осындай жағдайларға байланысты болса керек. Қалай болған күнде де қанша жағдай орын алса да, қыздардың ерте жүктілік мәселесі бүгінде алаңдатарлық өзекті күйде тұрғаны белгілі.

-Бұл тұрғыда  қыздарымыздың өмірде тағы бір қате жасамауына көмектесу жолдарын қарастырып, нақты шешім қабылдау қажет сияқты.  Сондықтан, жастардың болашағына алаңдаушылық білдіріп, жол сілтейтін қызметкерлер өз ісінің мамандары болса, мәліметтерді нақтылауға арналған талас-тартыс та болмас па еді деп ойлаймын. Себебі баланың өміріне жауапты құзырлы орган қызметкерлері ең алдымен соған көңіл бөлуі керек.  Ал, бізде денсаулық сақтау нысандары оларды тек тіркеп алады болды. Одан әрі оның тағдыры не болады? Біздің алаңдайтынымыз осы жайт болуы қажет. Өйткені, қазіргі жастардың барлығы бір жағдаятқа тап болса, уайым-қайғыға салынып, тіпті өз-өзіне қол жұмсаудан да тайынбайды.  Сол үшін тек сандарды көрсете бермей, салдармен де күресуді күшейту қажет,- деп түйіндеді өз сөзін Гүлзира Дәрібаева.

Тілші түйіні: Жоғарыда  келтірілген мәліметтерді аздап жұмсартайық яки, жұмсартпайық немесе тіркелген деректі нақтыладық деп азайтқанмен, орын алған жайды жоққа шығара алмасымыз айдан  анық. Құзырлы органдар ол сандарды «жауырды жаба тоқып» тігісін басып жатқанында, тағы  бір жаңа деректің орын алып  қалмасына   ешкім кепілдік бере алмайды. Оданда ерте есейіп, көшеде, көпшілік орында қымсынбай құшақтасып, бір-біріне езеуреп тұратын ұл мен қызымызды «тәйт» деп айтып, тәртіпке шақырайық. Жеткіншектерге тек деуден қалып, тексіз ұрпақ өсірмейік. Бүгінде бұл көрініске үлкендердің де көзі үйреніп барады…

Пәленшенің қызы «оң жақта отырып от басып қалыпты» деп бүкіл жұрт болып жабылып, тұс-тұстан бір қыздың өмірін қызу талқыға салудың шебереміз.  Бұл мәселеде ұлдың да өз жауапкершілігі, жасаған қателігі бар екенін неге ұмыт қалдырамыз?! Өрімдей қыздың ішін шермитіп  неге олар алшаң басып жүруі тиіс? Базбір ата-аналардан «ұлдың ісі білінбейді» дегенді айтып қарқылдай күліп отырғанын естіп жатамыз.  Мамандардың  пайымдауынша, ерте жыныстық қатынасқа түсу ұл баланың да денсаулығына зиян келтіріп, еркектік қуатының толыққанды жетілуіне кері әсерін береді екен.  Сондықтан, әрбір отбасында өсіріп отырған ұл мен қыздың  тағдырының артында біртұтас ұлттың тағдыры жатқандығын ұмытпайық!

Фариза Әбдікерімова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support