- Advertisement -

Бұл орталықта әрі ем қабылдайды, әрі мамандық алады

115

- Advertisement -

Мереке қарсаңында аймақта бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, олардың ашылу салтанатына облыс əкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Олардың қатарында Мамыр саябағында орналасқан «Асар» оңалту-сауықтыру орталығы да бар. Бұл орталық кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған. Сондықтан да көпшіліктің күшімен бой көтерген оңалту-сауықтыру орталығына «Асар» деген атау беріліпті.

Бұл оңалту-сауықтыру кешенінің директоры Руслан Төлегеновтің айтуынша, жаңа кешеннің жалпы ауданы 0,9 гектар аумақты алып жатыр. Ал тұсауы кесілген екі ғимарат 200 шаршы метр алаңды алып жатыр. Орталық бір мезгілде 60 келушіге қызмет көрсете алады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар мамандық алып, өз кәсібін ашуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ тірек іс-қимылында ақауы бар балаларға да медициналық көмек те көрсетіледі. Ол үшін орталықта 30 кабинет, 8 шеберхана арнайы тігін машиналары, лазер, тоқу, фрезер, ұнтақтағыш, бұрғылау станоктарымен басқа да оқу жиһаздарымен жəне сауықтыру шараларына арналған құрал соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жабдықталып, 51 адам жұмыспен қамтылған. Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мақсатында ашылған бұл кешеннің басты демеушісі – «Айқын МСБ» ЖШС.

Аталған орталықтың ашылу салтанатында алғашқы сөз облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа берілді.

Өткен жылы осында оңалту-сауықтыру орталығын ашамыз деп уəде берген едік. Сол уәдеде тұрып, биыл демеушілердің күшімен ойға алған жоспарымызды жүзеге асырдық. Енді орталық жанынан атқа мініп серуендеу арқылы ем жүргізілетін импотерапия орталығын салу көзделуде. Бірінші кезекте осы орталықты салуға, жабдықтауға қолдау көрсеткен демеушілерге рақмет айтамын. Өзі мүмкіндігі шектеулі азамат болса да, қоғам өміріне араласып, өзі сияқты азаматтардың өтінішін жеткізіп, осындай орталық салуға бастамашы болған мекеме директоры Руслан Төлегеновке де алғысымды жеткізгім келеді. Енді орталыққа келушілер жай ғана емделіп қана қоймай, мамандық алып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алады. Аймақта осындай оңалту орталықтарын салу арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз кәсібін ашуға көмек көрсете алсақ, онда біз азаматтық парызымызды орындаған боламыз, – деді аймақ басшысы.

Одан кейін сөз алған мекеме директоры Руслан Төлегенов осындай оңалту-сауықтыру кешенін салуға бастамашы болған, демеушілік көрсеткен билік пен ел азаматтарына мүмкіндігі шектеулі азаматтар атынан алғысын жеткізді. «Қос оқу корпусынан тұратын оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтар бір кəсіпті меңгеріп, жеке кəсібін ашуға мүмкіндік алса, екінші нысанда балалар ем қабылдайтын болады. Індетке қарамай қаламызда демеушілердің күшімен осындай орталық бой көтергендіктен де біз оған еліміздің игі дәстүрі жалғасын тапсын деген ниетпен «Асар» деп ат қойдық», – деді ол.

Бердібек Машбекұлы орталықтың әрбір жұмыс бөлмесіне кіріп, ондағы  жұмысшылармен және ем қабылдап жатқан балалардың ата-аналарымен сөйлесті. Инватакси бөлімінің басшысы Севара Нұрматованың айтуынша, оның қарамағында 6 арнайы автокөлік мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетеді екен. Бұл қызметті бес жүзге жуық қала тұрғыны алады. Жұмыс істейтіндерді жұмысқа апарып əкелсе, емханалар мен ауруханаларға баратын мүмкіндігі шектеулі азаматтар инватакси бөліміне алдын ала хабарласып, кезекке жазылады екен.

Ата-аналармен сөйлескен аймақ басшысы «Мұндай оңалту-сауықтыру орталықтарын аймақта көбейту керек. Тірек іс-қимылында ақауы бар балалар қоғамнан оқшауланып, үйде жатпауы тиіс. Олар оңалту орталығына келіп ем қабылдаса тез сауығып қатарларына қосылып кетеді. Биыл ат импотерапиясын іске қоссақ деген жоспарымыз бар. Оның қасынан монша саламыз. Жалпы мені мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеуге деген құлшынысы қайран қалдырды, – дейді Бердібек Машбекұлы.

Осыдан кейін аймақ басшысы болашақ оңалту кешені жанынан салынатын импотерапия кешенінің іргетасының капсуласын орнатты. Сондай-ақ облыс әкімі мерекеге орай мекеме ауласына шырша көшетін отырғызды.

Айта кетерлігі, бүгінде аймақта мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған мақсатты саясат тиісінше жүзеге асып келеді. Облыс әкімінің бастамасымен бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар қолға алынған. Мәселен, өткен жылы мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы жаңа ғимаратқа көшірілген болатын. Ол үшін облыстық бюджеттен 170 миллион теңге қаралып, қосымша бөлінген 12 миллион теңгеге жиһаз және қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде, ондағы тәрбиеленушілер саны 40-тан 68-ге артты.
Сондай-ақ былтырғы тамыз айында «Атлетик» спорт кешенінің базасында оңалту орталығы іске қосылды. Қазір мұнда коронавируспен ауырған науқастар денсаулықтарын қалпына келтіруде. Дегенмен алдағы уақытта орталық кеңейтіліп, мүгедектігі бар адамдарды оңалтумен де айналысатын болады.

Тал-теректі екпей тұрып, оны суғару мәселесін шешу қажет

Наурызда тал-дарақ отырғызу ежелден келе жатқан дәстүр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы әкімдігінің қала сыртында «Таза табиғат» жобасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке қатысты. Жалпы облыс көлемінде биыл 140 мың түп тал-дарақ отырғызу жоспарланса, соның 42 мың түбі Тараз қаласына тиесілі.

Тараз қала әкімдігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 мың түп тал-дарақты саябақтар мен аллеяларға, қала көшелеріне отырғызуды жоспарлапты. Ал қала сыртында 10 гектар алқапқа 12 мыңнан аса көшет отырғызу көзделіпті.

Бердібек Машбекұлы ағаш көшетін отырғызғаннан кейін, қала әкімдігінің қызметкерлерінен мұның суару жүйесін қалай ұйымдастырғалы отырғанын сұрады. Қала әкімінің орынбасарларының бірі суды сутасушы көлікпен тасып құятынын жеткізді.

– Біз жылда қаншама тал-дарақ отырғызамыз. Соның басым бөлігі шықпай қалады. Өйткені біз жоспар қуамыз, сөйтеміз де суландыру жүйесін естен шығарып аламыз. Соның салдарынан бейнеттеніп еккен ағаштың 60-70 пайызы жаз айларында қурап кетеді. Сутасығыш көлікпен он гектарға отырғызылған ағашты суару мүмкін емес, құлаққа да қонымсыз. Сол үшін жақын маңда су көзі немесе суұңғымасы болса сол арадан арық тартып су жеткізу керек, – деді Бердібек Машбекұлы.

Сұрастыра кере ол арадан 100-200 метрде бір ұңғыма бар екені белгілі болды. Аймақ басшысы қала басшысына сол суды осында тартып, суландыру жүйесін реттеуді тапсырды.

620 тұрғын баспана бақытына ие болмақ

Наурыз мерекесі қарсаңында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде №15-ші шағын ауданда көпқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді.  Әрқайсысы 45 пәтерден тұратын қос үйдің алдында өткен салтанатты іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, қала тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, баспана қуанышын көптен күткен пәтер иелеріне баспана кілтін тапсырды.

Екі бөлмелі 45 пәтерден тұратын қос көпқабатты тұрғын үйге 7 мемлекеттік қызметкер, 6 ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар,  15 толық емес отбасы, 2 мүгедек баласы бар отбасы қоныстанды. Қос тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС жүргізген.

Жалпы өңірімізде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 32 мыңға жуық азамат тіркелген. Биыл барлығы 28 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Яғни пәтер кезегінде тұрған 620 адам баспана бақытына ие болмақ.

Қасиетті көк Туымызға арналған саябақ ашылды

Бұдан кейін аймақ басшысы Тараз қаласымен жалғасып жатқан Жамбыл ауданында болып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік транзитінің Бесжылдық елді мекеніне бұрылар тұсынан орын тепкен Қазақстан Республикасы Туы саябағының ашылу салтанатына қатысты.  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бұл саябақтың құрылысына республикалық бюджеттен 39 миллион теңге жұмсалыпты. Құрылыс жұмыстарын сәтті аяқтаған «МадГ» ЖШС 15 сотық аумаққа биіктігі 23 метрді құрайтын Тудың тұғыры мен алаңшасын салған.

Мемлекетіміздің айшықты нышандарының бірі саналатын Байрақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тартуымыз. Бұл жол арқылы ары бері өткен шетелдіктер Туымызды көріп, қазақтың рухы биік мықты халық екенін мойындайтын болады. Еңсе тіктеген аллеяда тұтастық пен бірліктің, ынтымақтың құдіретті белгісіне айналған Мемлекеттік Туымыз көтерілді. Елдігіміздің, Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегіне айналған қасиетті көк Туымызға арналған бұл нысанның жас ұрпақ үшін берер пайдасы ұшан-теңіз боларына кәміл сенемін, – деді Бердібек Машбекұлы.

Сонымен қатар облыс әкімі әулиеаталықтардың Мемлекеттік Тудың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәкен Ниязбековпен мақтанатынын айтты. Дарынды суретшінің есімі тек жерлестерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың жүрегінде сақтаулы. Салтанатты іс-шараға қатысқандар арасынан профессор, медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалқаров Мемлекеттік Туда бейнеленген элементтердің қасиетті мағынасын ашқан Шәкен Ниязбеков туралы тағылымды естелік-ойларын ортаға салды.  Ту ортасында халықтың еркіндігін, оның бейбітсүйгіштігін, жердің жомарттығы мен байлығын, халықтың жерді қорғауға дайындығын көрсететін мемлекеттің ең маңызды екі символы бейнеленген. Автор бұл мағыналарды сәуле-дәндермен қоршалған алтын күн және еркін қалықтаған дала бүркіті бейнесінде бейнелеген. Бүркіттің алға қарай – болашаққа бағыт алып тұрғанын байқауға болады.
Салтанатты рәсімнен кейін Бердібек Сапарбаев жергілікті ақсақалдармен әңгімелесіп, бірге естелік суретке түсті.

100 орындық жаңа мектеп халық игілігіне берілді

Бердібек Сапарбаев келесі кезекте Қостөбе ауылындағы 100 орындық Жамбыл атындағы орта мектептің ашылу салтанатына қатысты. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орайлас салынған мектепте Қостөбе мен Жамбыл ауылының балалары білім алуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынған білім ордасына республикалық бюджеттен 479 миллион теңге бөлінген.

Мұның алдындағы мектептің әбден тозығы жеткен еді. Бүгінгі таңда мектептің 18 оқу сыныбы, шеберханасы, спорт залы мен ашық спорт алаңшасы, асханасы бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

– Биыл ұлтымыздың бір туар перзенті жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туылғанына 175 жыл толып отыр. Жамбыл ғасырлық ғұмырында арыны басылмаған жыршы, өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Жыр дүлділінің мерейтойына 100 орындық жаңа мектеп халық игілігіне берілуде. Елімізде білім саласына жыл сайын үлкен қолдау көрсетіліп, ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру, білім беру жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін соның куәсі болып отырсыздар. Жаңа  ашылып отырған білім ордасында болашақ ғалымдар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері тәрбиеленеді  деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы.

Мұнан соң Бердібек Машбекұлы пән кабинеттерімен танысты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы мен Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support