- Advertisement -

Қазақ осы көкпар тартып, қыз қууға жаралған

439

- Advertisement -

Кейде бізге тұлпар мен қазақ егіз ұғым сияқты көрінетіні бар. Халқымыздың бағзы заманнан бергі келе жатқан тарихына көз жүгіртсек, эпостық жырларда батырларымыздың сенімді серіктері алдымен тұлпарлары болғанын білеміз. Расында Алпамысты Байшұбарсыз, Қобыландыны Тайбурылсыз, Ер Тарғынды Тарлансыз елестету әсте мүмкін емес. Осыдан-ақ жаугершілік заманның өзінде «Ер қанаты – ат» болғанын байқаймыз. Жалпы эпостық жырларда тұлпарға жарайтын аттың күтімі айрықша бейнеленетіні де белгілі. Оны мына жолдардан да аңғаруға болады.

«…Сексен күні біткесін,

Тоқсан күні жеткесін,

Алмасын деп, талмасын деп,

Маңқа қолқа болмасын деп,

Жеміне қосып қыз Құртқа,

Қызыл дәрі жегізді.

Бурылға қыз Құртқа,

Түндікпенен күн берді,

Түтікпенен су берді», – деп кете беретін эпостық жырда Қобыландының Тайбурылының қалай бапталғаны толыққанды суреттеледі. Осыдан-ақ аттың сынын білуге болатын секілді. Тіпті алты жыл бабын келтірген Тайбурылдың Қобыландының Қараманмен барар жорығында толық тұлпар болуына біршама күн жетпегені де деректерде айтылады. Көрдіңіз бе, тұлпарды жарату оңайға соқпақ емес… Ол да – еңбек…

Қазақта: «Ат болатын құлынның бауыры жазық келеді, адам болар баланың маңдайы жазық келеді», –  деген сөз бар. Қай кезде де ердің сенімді серігіне айналған сәйгүліктерді қазақ елі қатты қадірлеген. «Атқа мінгеннің арқасы қозады» деген сөз де текке айтылмаса керек.

Тұлпарлар тұяғының дүбірін естісе, делебесі қозатын жамбылдықтар «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының көкпаршыларын жақсы біледі. Енді ше, Манарбек Дүйсенбиев, Атамекен Рүстемов, Бағлан Шырынбаев, Құлажан Тоғайбаев секілді серкені көргенде аттың басын бұра тартып, салым салуға асығатын сом білекті жаужүрек азаматтарымыз дәл осы клубтың он мәрте ел чемпионы атануына күш салды ғой. Олар шаңдатып барып өңгерген серкесін қазандыққа тастай салғанда жанкүйер ретінде өзіміз де қиқуға басып кеткен едік қой. Ендеше, азаттық жылдарында бұл клуб қалай құрылды? Бүгінде қандай ұлттық спорт түрлерін дамытуға ден қойған? Жеткен жетістіктері қайсы? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Әуелде облысымыздың намысын қорғаған көкпаршылардың «Әулие-Ата» клубының негізі 1999 жылы құрылды. 2004 жылы ұлттық ат спорты түрлері мен көкпар ойынын облыс көлемінде дамыту мақсатында облыс әкімінің қаулысымен «Әулие-Ата» көкбөрі клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып бекітілді. Клуб ашылған жылдан бастап кәсіпорынды Нұрдәулет Момынов басқарып келеді. 2011 жылы облыс әкімінің қаулысымен «Әулие-Ата» көкбөрі клубының» атауы «Әулие-Ата» ат спорты клубы» болып өзгертіліп, ат спортының басқа да түрлерін облыс көлемінде дамытуға мүмкіндік туды. Атап айтсақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, бәйге (оның ішінде аламан, топ, құнан, жорға және ұшқыр бәйге) секілді қазақтың қанында бар спорт түрлері қамтылды.  Ал 2017 жылы «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ретінде іргесі қайта қаланды. Бүгінде мұнда ұлттық спорттың 7 түрінен спортшылар дайындалады. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ және құсбегілік секілді ұлттық құндылықтарымыз назардан тыс қалмаған. Барлығы 15 жаттықтырушы, 210 спортшы бар. Қазіргі таңда мекемеде төрт бірдей «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», отыз екі «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және он жеті «Спорт шеберіне үміткер» спортшылар жаттығып жүр. Ұлттық ат спорты ойындарынан құрама командаларды жоғары спорттық жетістіктерге жеткізгені үшін Нұрдәулет Момынов және Мұхамедәлі Құралов «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағына ие болды.

Мұхамедәлі Құралов, Есжан Құрманбай сынды жаттықтырушыларымыз көкпаршы жігіттерімізді жігерлендіруден танған емес.

«Әулие-Ата» командасы әр деңгейдегі республикалық және халықаралық жарыстарда толайым табыстарға қол жеткізгені мәлім. Атап айтсақ, көкпардан Қазақстан Республикасы чемпионаттарының 10 дүркін жеңімпазы (2001, 2002, 2005, 2007, 2009, 2010, 2013, 2015, 2016, 2019 жылдар), «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының 2 дүркін жеңімпазы (2003, 2013 жылдар), Ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық фестивальдің 4 дүркін жеңімпазы (2004, 2011, 2015, 2019 жылдар), «ЕуроАзия» кубогінің иегері (Тараз, 2003 жыл), Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен халықтар ойынының жеңімпазы (2006 жыл) және 2018 жылы өткен ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы Дала Рухы» фестивалінде, тағы да басқа республика-лық және халық-аралық жарыс-тарда топ жарған.

Манарбек Дүйсенбиев,  Құлажан Тоғайбаев және Бағлан Шырынбаев сынды көкпаршыларымыз ұлттық құрама команданың сапында 2013 жылы Астана қаласында өткен көкпардан бірінші ашық Азия чемпионатына қатысып І орынды жеңіп алды.

2017 жылы Астана қаласында өткен әлем чемпионатында Манарбек Дүйсенбиев, Атамекен Рүстемов, Бағлан Шырынбаев, Құлажан Тоғайбаев ұлттық құрама команданың сапында жеңімпаз атанды. 2019 жылы Алматы қаласында өткен көкпардан жастар арасындағы Азия чемпионатында ұлттық құрама намысын қорғаған әулиеаталық шабандоздар Ернат Мәлімбай, Құрманбек Тұрғанбек, Ернар Жарылқасын, Ерсұлтан Әзімбай және Ернұр Камелхан команданың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Жалпы, жастар құрама командамыз Қазақстан Республикасы чемпионаттарының 6 дүркін жеңімпазы екенін де айта кеткен жөн.

Аударыспақтан спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай жылда өтетін ел чемпионаттарында жеңімпаз-жүлдегер атанып жүр. Олардың ішінде Атамекен Рүстемов, Мұхтар Сейтбеков, Нұрболат Темірбеков, Нұржігіт Әмзеев, Қайсар Махамбетов, Азат Жұмаділов, Дәулет Ережепбаев сынды сайыпқырандарымыз Қазақстан Республикасы чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары атанып үлгерген. Сол Дәулет Ережепбаев пен Қайсар Махамбетов бүгінде жаттықтырушылық қызметті де адал атқарып жүр.

Клубта 2016 жылы «Жамбы ату» бөлімі ашылып, халықаралық, республикалық жарыстарға спортшыларды дайындау жұмыстары қызу жүргізіле бастады.Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубында жамбы ату спортымен шұғылдану үшін барлық жағдайлар жасалған. Арнайы үйретілген спорттық аттармен қамтамасыз етіліп, садақ, жебе, спортық киімдер мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар берілген. Бүгінде саңлақтарымыздың жеткен табыстары аз емес. Атап айтсақ, Елдос Бадашев, Абзал Төлібеков, Бақдәулет Бабажан сынды спортшыларымыз жамбы атудан Әлем чемпионатының жеңімпазы, қола жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионатының чемпионы секілді атақтарға қол жеткізген. Өзге де додаларда жеңістің биік тұғырынан көрінген. Жастар арасындағы ел чемпионатында екі мәрте топ жарған Серікболсын Жалғасұлының жетістігін де айта кеткен ләзім. Команданы жаттықтырып жүрген Абзал Төлібеков өз ісінің білгірі екені даусыз.

Қысқасы, ұлттық спортты дамытуға айрықша ден қойған клубта бүгінде асық ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлеріне де айрықша назар аударылғаны рас. Бұл спорт түрлерінен де әр жастағы спортшыларымыз толайым табыстарға қол жеткізгенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Соңғы уақытта елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты үлкен жарыстар өтпей қалғаны мәлім. Ұлттық спортқа аңсары ауған сайыпқырандарымыз сол дуы басым додаларды сағынып та жүр. Аттың құлағында ойнақтаған оғландарымыз алдағы уақытта көкпардан ел чемпионатында он бірінші мәрте топ жаруды көздейді. Елімізге індетіп кірген індеттің беті қайтқан соң ол мақсат та орындалар. Сол кезде «Әулиеата» командасына жанкүйерлік танытып, қиқуға басатынымыз анық. Ең бастысы, еліміз аман болсын!

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support