Ұлық мерекені қалай тойлап жүрміз?

276

Соңғы жылдары Ұлыс мерекесі – Наурызды тойлауды бір апта бұрын, яғни осы айдың 14-інен бастау дәстүрге айналды. Әр күнге атау беріп, түрлі игі амалдар жасауға ұмтылатын болдық. Бұл – ұлттық болмысымызға қарай қалыптасқан әдет-ғұрпымызды жаңғыртудың жолы екені анық. Әйтсе де, кейбір кездерде салт-дәстүрімізді бұрмалап, асыра сілтейтініміз соншалықты, атауын да өзіне қолайлы етіп, өзгертіп алатындар көбейді. Бастапқыда мұны елең санамадық. Алайда кейінгі кездері әлеуметтік желі арқылы сол «мағынасы» майысқан атаулар мен өзгеріске ұшыраған дәстүріміз қоғамдық санаға сіңіп бара жатқан секілді.

Жалпы, біз Наурыз мерекесін қалай тойлап жүрміз? Мереке ішіндегі – мейрам Амал күні деген атау қайдан шықты? Осы сұрақтарды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, этнограф, PhD докторант, тараздық жерлесіміз Айнұр Бейсеғұловаға қойған едік.

– Айнұр Қыдырғалиқызы, 14 Наурыз – Көрісу күні, Амал мерекесі деп атап жүрміз. Соңғы кездері осы күнге байланысты әлеуметтік желіде мереке ішінен мереке ойлап шығармайық деген әңгіме көп қозғалып жатыр. Әсіресе, Батыс аймақтың тұрғындары «Көрісу» күн емес, Наурыздама жоралғысы, Көрісу басталатын күн деп түсіндіруде. Жалпы ата-баба дәстүрі бойынша бұл қандай күн еді?

– Қазақ халқының ең көне мерекесінің бірі – Наурыз. Бастауын сонау ерте замандардан алатын мейрам. Ғалымдар Наурызды тойлау дәстүрін бабаларымыздың отқа, күнге табынған кезеңімен, зороастризм діні пайда болған кезбен байланыстырады. Кейбір деректерде Иран тілдес халықтардан басталған деп көрсетіледі. Дегенмен түркі халықтары да жыл басын осы наурызда бастайтынын ауызша және жазбаша да дәлелдейтін деректер бар.

Ал енді жаңа жыл басталатын күнмен тұспа-тұс келетін «Көрісу күнін» тек Қазақстанның батыс өңірінде ғана аталып өтеді деген қате түсінік. Ол қазақ жерінің барлық өңірінде болған, тек атауы түрліше аталуы мүмкін. Тек Григориян күнтізбесі бойынша жыл басы Наурыз, еліміздің табиғат ерекшеліктеріне көктемнің шығуына байланысты тойланып отырған. Қыстан аман-есен шыққан ел-жұрт «мал-жан аман ба?» — деп бір-бірімен қауышқан, көшпенді халықтар көктеуге көшкенде аман-есен қоныстанып, құшақ жайып, бір-бірін көріп амандасқан. Бір- бірінің аманшылығын біліп төс қағыстырған, онда үлкен мән жатыр. Бірақ көрісу бір ғана күнмен шектелмеген, бұл бастауы ғана.

Алдымен бұл күні кішілер барып үлкен қариялардан бастап аманшылықтарын біліп, көріскен. Үлкендер елдің, жердің амандығына бата берген. Қазіргі күні ол тек батыс өңірінде ғана сақталып отырғандықтан, тек сол аймақтардың ғана жұрты көріседі деген пікір қалыптасып қалған. Соңғы екі жылда амал күні деген атаумен ауысып жүргені бұл ай атауы Һамал айының басталуына байланысты болуы мүмкін деген пікірлер бар этнограф ғалымдарда. Бірақ Көрісу сөзіннің түпкі мағынасы  «көр» сөзінен шыққандықтан, бұл сөзден қашпауымыз керек.  Көрісу сөзінен қашып, амал күні деген атауды шатастырып енгізбеуіміз қажет.

Наурыз келгенде, жыл жаңарғанда ағайын-туыс, жекжат-жұраған бір-бірімен көріседі. Алайда «Көрісу» мереке емес. Ал амал мерекесі дегенге келсек, осыдан үш жыл бұрын көрісуді айтқысы келмегендер солай атап, содан көпшілікке тарап кеткен.

–  Жер бусанып, табиғат түлеп жатқан шақта жұрт 9-10 күн бойы той тойлау керек пе, әлде «Көктемнің әр күні жылға азық» екенін естен шығармай, шаруаның қамын ойлауы керек пе? Наурыз мерекесін 9 күн бойы атау беріп, атап өтіп жүрміз. Енді 10 күн бойы тойлану керек, 10 күн демалыс керек дейтін де пікірлер айтылып жатыр. Мерекенің мәні демалыста ма? Әр күнге атау беру – мерекенің маңызын арттыру үшін керек шығар, бәлкім? Бірақ ол қаншалықты дұрыс? Бұрын халқымыз Наурызды қалай тойлаған?

–  Наурыз мерекесі ерте заманнан түркі дүниесіне ортақ мұраға айналғанымен, әр халық бұл мерекені өзінің дәстүрлі әдет-ғұрыптарына, дәстүрлі тұрмыстарына, дәстүрлі шаруашылықтарына сай бейімдеген. Қазақ халқының да Наурыз мерекесін өзінің дәстүрлі шаруашылығына сай қалыптастырғанын бізге келіп жеткен жазба деректер, ауызша деректер мен ғұрыптар дәлелдейді.

Қайта жаңғырған мейрам көктем мезгілінің шығуымен табиғаттың түлеп, уақыттың жаңару сәтінен бастау алады. Қыстан аман құтылып, көктеуге аман есен жеткен жұрттың табиғатпен бірге өзгеріп, түлеген, жаңарған кезеңі десекте болады. Себебі осы кезде табиғат құбылысымен бірге бүкіл құбылыс өзгерген. Самарқанның көктасы жібіген күн деп бекер айтпаса керек. Табиғаттың жаңаруымен қатар, адамзат та тазарған. Жамандықтан арылып имандылық, игі істер жасаған, арасына жік түскен ағайындар бір-бірімен татуласып, үлкендердің батасын алған. Бұл күндері «Бұлақ көрсең көзін аш», демекші табиғат тазалығына да мән берген, арық, бұлақтарды аршып, тазалыққа да мән берген.

Наурыз – еңбек тойы, осы кезден бастап малдың төлдейтін кезеңімен егін егу науқаны басталатын уақыт. Сондықтан, әз Наурыз тек бір күн ғана тойланбаған, әр күннің өзі табиғатпен бірге жасасып, өзгеріп отырған. Жылдық азықты қамдайтын дала жұмыстарының бәрін бірге, бірлесіп атқарған. Ең бастысы бұған мерекелік жоралғылар ретінде үлкен мән берген. Бұл кезең адамгершілік, қамқоршылықтың белгісі, ағайындар жылу жинап, туыстарына қолдау білдірген, табиғат сияқты тепе-теңдікті ұстанған. Самарқанның көктасы жібіген күн, жаңару күн деп бекер айтпаса керек. Наурыз көже пісіріп, түрлі ғұрыптар жасап отырған, сондықтан бір күн ғана атап емес, оның әр күніне ерекше мән беріліп, жоралғылар жасалды. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде де наурыз мерекесін наурыз бойы аталып отырғаны туралы жазылады.

– Наурызда жасалатын жоралғыларды кей деректерде Наурыздама, тағы бірінде Наурызнама деп жатады. Дұрысы – қайсысы? Ұлыс мерекесінде қандай жөн-жоралғылар жасалған?

Дұрысы – Наурызнама. Ежелгі жазбаларда мысалы Бабырнамада Наурызнама деп жазылған. Қазір этнографтар ертедегі наурызда аталатын «селк еткізер», «ұйқы ашар», «бел көтер» және тағы басқа ғұрыптар  жойылып кеткенін айтып жүр. Ал осы күнге жеткені – Наурыз көже. Сүрленген етті салып, жеті түрлі дәннен жасап, ағайынның басын қосатын, бұл көженнің мәні зор, бұл бөлек әңгіме.

«Наурыз көже» атауына ие болған ғұрыптық мәні бар ас пісіруді де, қазақ халқы өзінің дәстүрлі шаруашылығына сай бейімдеген. Алаш қайраткерлерінің жазбаларын негізге алсақ, қазақ халқы Наурыз көжеге бас салуға ерекше мән берген. Бірақ, арнайы мал соймаған, оны «пышақ қандамау» дейді. Ал Наурыз көжеге деп қыста сойылған малдың басын сақтаған. Қазақ халқының бас, шеке тарту рәсімінің түпкі мәнінде мал басының бүтіндігін меңзеу жатыр.

«Наурызнама» жасауға шамасы келмегендер, жалғыз қой сойса да, Наурыз күні ауылға дәм таттырам деп қамданған», деген жазба дерек малдың Наурызға дейінгі сойылғанын аңғартатынын аңғару қиын емес. Себебі, бұл мереке мал төлдейтіндіктен, қазақтар мал соймауға тырысқан.

– Кейінгі кездері той-жиындарда жасалатын ұлттық салт-дәстүрлеріміз өзгеріп кетті. Ысырапшылдыққа, мақтангершілікке салып, бәсекеге айналдырып, салтымызды өзгертсек, тамырымыздан ажырап қалмаймыз ба?

– Наурыз мерекесінің ұзақ уақыт бойы аталмай тек, ХХ ғасырдың 1988 жылдардан ғана қайта жаңғырып, басқа форматта өткізіліп отырды. Әйтсе де, бұлай тойлаудың да өзіндік маңызы болды. Қырық жылдай тойланбаған Ұлыс мерекесінің мән-мағынасын арттыру үшін жасалды мұның бәрі. Мысалы  қазақ үйлер тігіліп, қасына алтыбақан ойнатып, түрлі әдет-ғұрыптарымызбен, салт-дәстүрлерімізді осы күні жасауға тырысқан. Мысалы баланы бесікке салу, тұсау кесер, беташар тағы  басқалары… Ұлттық ойындар көкпар тарту, қыз қуу, балуандар күресі көрініс ретінде болса да көрсетіле бастады. Осы арқылы халықтың тарихи жады жаңғырды. Ағайынның басы бірігіп, наурыз көжелер дайындалды. Осылай Ұлыс мерекесінің қымызмұрындық сияқты жоғалып кетпей, қайта оралғанына қуанды жұрт. Қымызмұрындықтың бертінде ғой қайтадан жаңғыртылып, өткізіле бастағаны.

Наурыз мерекесі – ұлттық құндылықтарымыз бірі. Бірақ соңғы жылдары мейрамда жаңғыратын салт-дәстүрдің бәрі қойылымға айналып кетті. Ұлыс мерекесі қайта оралды. Енді Наурызнаманы қойылым күйінде қалдырмай, ағайын-туыс арасына сіңіріп, отбасылық мейрам ретінде қайта жаңғыртуымыз керек. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ұлыс күніне арналған іс-шараларды кеше ғана өткізді. Соның шеңберінде тарихшылар онлайн режимде конференция ұйымдастырып, наурыз мерекесін тойлаудың жаңа концепциясын талқыға салды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова

Comments are closed.