Денсаулық

Қазақстан – «үздік жиырмалық» қатарында

Қазақстан – «үздік жиырмалық» қатарында

Денсаулық саласындағы жұмыстардың тиімді ұйымдастырылуы нәтижесінде елімізде қан айналымы жүйесі аурулары бойынша өлім-жітім бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Ең бастысы, алдын ала диагностикалаудың жетілдірілуіне байланысты осы санаттағы аурулардың ерте анықталуы көрсеткіші өскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі кардиологиялық және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәлім Беркінбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жетістік елімізде Елбасының тапсыруымен Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, отандық кардиохирургиялық көмекті жаңа сапалы деңгейге көтеруге жағдай жасалуына тікелей байланысты. Бүгінде елімізде 24 кардиологиялық орталық пен бөлімшелер (оның 3-еуі Астанада, 6-ауы Алматыда) ашылған. Кардиохирургтер құрамы мыңға жуық білікті мамандармен толықтырылыпты. Жоғары технологиялар қолданылуымен жүрекке ашық күйінде өте күрделі оталарды жүзеге асыруымен Қазақстан әлемдегі «жиырмалықтың» қатарына да еніп отыр. 2012 жылы елімізде жүрек жетімсіздігімен сырқаттанушыға алғаш рет донорлық трансплантациялау жүзеге асырылғаны мәлім. Бүгінде мұндайлардың қатары ондап саналады. Барлығы да қатарымызда аман-сау жүр. Сәлім Беркінбаев кардиохирургиялық ота жасату үшін шетелге баратын қазақстандықтардың емес, керісінше шетел азаматтарының медициналық туризм аясында елімізге келуі артып отырғандығын атап өтті. Брифингте, сондай-ақ, Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Жамила Баттакова, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-ның бөлім жетекшісі Сәуле Абсеитова журналистердің жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, сақтану, сауықтыру шаралары, емдеу әдістері, басқа да мәселелер бойынша сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».