- Advertisement -

Жаңатастағы көпқабатты үйлердің тұрғындары газ баллонын пайдаланып отыр

160

- Advertisement -

Жаңатас қаласын фосфор кенімен аты әйгілі болған кеншілер мекені деп атайды. Бүгінде қаладағы «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен елге он жылдай бұрын келген «ЕвроХим» компаниясы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, қала өміріне ерекше серпін беріп отыр деуге болады. Әйтсе де қыстың тура ортасында осындай ірі өндіріс орындары орналасқан қалада көпқабатты үйлер мен бюджеттік мекемелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары екі-үш күн жылусыз қалғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Себебі мердігердің жауапсыздығынан, аудан басшылары тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығынан қыстың көзі қырауда орын алған жағымсыз жайтқа абдыраған жұрт әлеуметтік желілерге жазып, салдары біраз шу тудырғаны бар. Содан бері «Екі бірдей ірі кәсіпорын орналасқан шаһар тұрғындарының осы күнге дейін көгілдір газдың қызығын көре алмай отырғандары қалай?» деген орынды сауал қайта-қайта көтеріліп, бірқатар интернет-сайттар мен әлеуметтік желілерде түрлі жазбалар жариялана бастады. Тіпті артынша болған қайғылы оқиға – бір отбасындағы бес бүлдіршіннің қазасын көпқабатты үйлерде тұрғындардың амалсыз газ баллондары мен  жылыту құрылғыларын пайдалануға мәжбүр болып отырғандығымен байланыстырғандар да табылды. Мамандар бұл нұсқаны теріске шығарғанымен, жаңатастықтар «апат айтып келмейтініне» бір рет көз жеткізгендей болғаны рас.

Сарысу ауданының елді мекендерін, оның ішінде Жаңатас қаласын газдандыру мәселесі көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқаны жаңалық емес. Тіпті «Кеншілер қаласы «көгілдір отынның» қызығын 2014 жылдан көре бастайды» деген уәделер де берілген. Енді жаңатастықтардың сол ұзақ күткен үмітінің ақталар күні де алыс емес сияқты. Себебі екі жылдан бері тынымсыз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көршілес облыстан тартылып жатқан газ құбырлары шаһардың  тұсына дейін жеткен көрінеді. Қалаішілік газ құбырларын жүргізумен айналысатын мердігер де анықталған.

Айта кетейік, бүгінде аудандағы 25 елді мекеннің әзірге 4-еуі ғана газдандырылған. 2017-2019 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 4,8 миллиард теңге қаражатқа Әбілда, Тоғызкент, Майлыкөл және Досбол ауылдарына газ құбыры жүргізілген болатын. Ал аталған елді мекендердің ауылішілік жүйелерінің құрылысына облыстық бюджеттен 271,7 миллион теңге бөлініп, бүгінде аудан тұрғындарының 16 пайызы «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. Артынша ауқымды жоба – «Шаян-ЕвроХим-Жаңатас» газ құбырын тарту ісі басталып кетті. Осыған орай, «Бүгінде ауданды газдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жаңатас қаласы мен елді мекендерге көптен күткен табиғи газ келер күн жақын ба?» деген сауалды аудан әкімінің міндетін атқарушы Олжас Көкейге қойған едік.

– Бүгінде ауданда газдандыруды жалғастыру мақсатында екі нысанның құрылысы жүргізілуде. Біріншісі, Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы. Бұл жобаның қосылу көзі Түркістан облысының «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры арқылы жүргізілуде.

Жоба бойынша 98,3 шақырым газ құбырын салу көзделген, оның 76,2 шақырымы Түркістан облысы аумағында, қалған 22,1 шақырымы Жамбыл облысында салынады. Газ құбырының өткізгіштік қуаты 110 мың м3/сағат, соның 30 мың текше метрі Түркістан облысының Созақ ауданына, 40 мың текше метрі «ЕвроХим» зауытына, қалған 40 мың текше метрі Сарысу ауданына арналған. Сонымен қатар жоба аясында қуаты 80 мың м3/сағат құрайтын «ЕвроХим» автоматтандырылған газ тарқату стансасы (АГТС) салынады. Бүгінде 90 шақырым траншея қазу жұмыстары бітіп, оның 69 шақырымында құбырларды монтаждау жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, автоматтандырылған газ тарқату стансасының орны толық әзірленді. Мердігер «StroyGasСompany» ЖШС 2019 жылы ұзындығы 2,6 шақырым газ құбырын тартып, қуаттылығы 40 кВА болатын трансформаторлық қосалқы стансасын және  АГТС алаңын электрмен жабдықтау үшін 3,3 шақырымдық жоғары кернеулі электр беру желісінің темірбетон тіректерін орнату жұмыстарын аяқтаған болатын. Жобаның жалпы құны 7,7 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына 2019 жылы 1,4 миллиард, 2020 жылы 2,2 миллиард теңге қарастырылып толық игерілді. Жобаны аяқтау үшін қалған қаржы бюджеттен кезең-кезеңімен бөлінуде. Биыл оның 2,2 миллиард теңгесі ғана қолдау тауып, жұмыстар жалғасуда.

Олжас Көкейдің айтуынша, ауданда 14 елді мекенге жеткізуші және ауылішілік газ құбырларын салу құрылысы да басталған. Бұл құбырлардың ұзындығы 362 шақырымды құрайды. Өткен жылы 152 миллион теңгеге 4,8 шақырым газ құбыры салынды. Аталған жобалар іске асқанда ауданның 14 елді мекеніндегі 40 мыңға жуық адам (соның ішінде Жаңатас қаласында – 22 мың) табиғи газға қол жеткізетін болады. Осылайша, ауданда тұрғындардың табиғи газбен қамтылу деңгейі 72 пайызға жетпек. Қалған 7 елді мекенді (Қамқалы, Шығанақ, Жайлаукөл, Ақтам, Шағалы, кіші Көлдала, үлкен Көлдала) де газдандыру үшін тиісті шаралар қабылдануда.

Иә, «Жаңатасқа жақында газ келеді» деген уәде әзірге сөз күйінде қалып тұрғанда, көпқабатты үйдің иелері, қауіпсіздік ережелеріне қайшы екеніне  қарамастан, үй тұрмысында газ баллондарын пайдалануға мәжбүр екен. Орталықтандырылған газ жүйесі болмағандықтан, олардың ас әзірлеу үшін осылай істеуден басқа амалы тағы жоқ. Газ жарылысынан болып жататын қайғылы оқиғалар туралы оқта-текте естіп қалатын тұрғындар өзі мен жақындарының өмірі үшін алаңдайтындарын айтады.

Шолпан Ақтөреева 1-шағын аудандағы 32-үйдің 6-пәтерінде тұрады. Бұрын ауруханада тазалықшы болып жұмыс істеген ол қазір жұмыссыз. Төрт баласы өз алдына бөлек тұрады. Шолпанның айтуынша, өзі де, көршілері де ұзақ жылдардан бері газ баллонын пайдаланады. Біреуін 1600-1800 теңгеден сатып алады, онысы пайдалануына қарай 2 айға жететін көрінеді.

– Ас әзірлеудің басқа жолы болмағандықтан солай істеуге мәжбүрміз. Көпқабатты үйде баллон ұстау қауіпті екенін түсінеміз әрі заң тұрғысынан рұқсат етілмейтінін де білеміз. Дегенмен қалаға табиғи газ келмей солай бола беретіні анық. Әрине, қорқыныш та жоқ емес, – дейді тұрғын.

Жасы 70-тен асқан Сейілбек Сәтенов 2-шағын аудандағы қайта жаңғыртудан өткен 26-үйдің 5-қабатында тұрады. «Осындағы кез келген пәтерге кіріп көріңіз, барлығы газ баллонын пайдаланып отыр. Баллонды 1200, кейде 1600 теңгеден сатып аламыз. Ол 20 күнге, ары кетсе 1 айға жетеді», – деді әңгімеге тартқан ағамыз. «Үйдің бесінші қабатында газ баллонын ұстау қауіпті емес пе?» деген сұрағымызға: «Әрине, қауіпті екенін білеміз, басқа амалымыз бар ма?! Өзім бұрын газ мекемесінде жұмыс істегенмін. Содан да болар, баллонды күніне бірнеше рет тексеріп, бөлмені желдетіп тұрамын. «Сақтықта қорлық жоқ» деген», дейді зейнеткер. «Пәтеріңіз жылы ма?» деп сұрадық. «Салқындау. Өткенде қала бірнеше тәулік жылусыз қалғанда электр пешті пайдалануға тура келді. Оны да көпқабатты үйде қосу қауіпті ғой».

Қаладағы көпқабатты үйде тұратындардың газ баллонын пайдаланатынынан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алмаз Дауылбаев та хабардар болып шықты.

– Мұндай үйлерде газ баллонын пайдалануға тыйым салынғанын тұрғындар жақсы біледі, алайда ережені сақтап жатқандар шамалы. Біздің пәтерге кіріп газ плитасы мен баллонды тексеруге өкілеттігіміз жоқ. Қолдан бар келері, үйді-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жақында ғана ТЖ, қалалық әкімдік қызметкерлері, шұғыл құтқару жасағы мамандары мен еріктілерден құрылған топтар қаладағы 94 көпқабатты үйді аралап, пәтер иелеріне қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Балаларды үйде қараусыз қалдырмауды, ашық терезеден құлап кетпеуін қадағалауды ескерттік, өрт қауіпсіздігі тақырыптарында жадынамалар таратылды.

Қазір қала бойынша газ жеткізуге «Бейбарыс» компаниясы жауапты. Қала сыртында орналасқан мекемеде тұрғындарға берілетін баллонның сапасы сол жердегі терминалда тексеріліп, арнайы тіркеліп отырады. Қандай да бір ақауы байқалған жағдайда тұрғындардың оны ауыстырып алуына мүмкіндігі бар. Мамандардың айтуынша, жеке тасымалдаушылар мұндай қауіпсіздік шараларын сақтауға бастарын онша қатыра қоймайтын көрінеді. Кейбір тұрғындардың баллонды газбен жүретін көліктерге қызмет көрсететін орындарда толтырып алатын фактілер де кездеседі екен. «Бұл өте қауіпті», – дейді мамандар. Кеңес одағы тарағанға дейін Жаңатаста қысымдалған газ ықшам аудандардың ауласында жерге көмілген үлкен цистерналарға құйылып, сол жерден «көгілдір отын» көпқабатты үйлерге берілетін болған. Кейін олардың көбісі қараусыз қалғандықтан жарамсыз боп қалды. Сала мамандары тиісті орындарға осы қауіпсіз тәсілді жүзеге асыруды ұсынған да көрінеді. Алайда қалаға табиғи газ түбі бір келетіні белгілі болғандықтан, шығыны көп істі қайта қолға алу тиімсіз саналған.

Қалада бірінен соң бірі орын алған оқыс оқиғалардан кейін, оның үстіне аудан басшысының қызметінен кеткені бар, соңғы кездері республикадағы біраз ақпарат құралдарының, интернет-сайттар мен әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың назары Жаңатас қаласына жіті ауғаны жасырын емес. Одақ тұсында дүрілдеп тұрған өнеркәсібі тоқтап, халқының жартысынан көбі үдере көшіп кеткен, жұмыссыздық жайлап, тоқырауға ұшыраған кеншілер қаласының 90-жылдардағы тіршілігі мен бүгінгі тынысы жайлы ақпараттарда билікке айтылған сын да, мін де аз емес. Бұл туралы қала тұрғындарының пікірлері де әртүрлі. Кейбірі жазылғандардың біразы шындық десе, енді біреулері шағын шаһардың жылдан-жылға дамып, халқының тұрмыс деңгейі өсіп жатқанына сенімді.

– Жаңатас қаласының қайта түлеуіне «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» тигізген пайдасы зор. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға баса көңіл бөлінген. Шаһарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді, – дейді қала әкімі Дүйсенәлі Борсықов.

Қала басшысының айтуынша, экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған Жаңатаста өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 25 миллиард 085 миллион теңгені құраған. Қала қойнауында жатқан табиғи қазба байлықтар жаңа инвесторлардың келуіне және қаланың өнеркәсіптік, экономикалық аймақ ретінде қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы негізгі капиталға 18 миллиард 826 миллион теңге инвестиция тартылған. Жоба құны 44,8 миллиард теңге болатын, жылына 100 мВт электр энергия таратуға мүмкіндігі бар Жаңатас жел электр стансасының құрылысы аяқталды. 2021-2025 жылдарға арналған ұзақ мерзімді екі ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл жоба құны 346 миллиард теңге болатын «ЕвроХим-Қаратау» зауытының 2-кезеңінің құрылысы басталады. 2,8 миллиард теңге болатын цемент зауытының құрылысы да келер жылы толығымен аяқталады деп күтілуде. Аталған жобалар іске асқанда 1280 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.

Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өткен жылдың өзінде екі көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтіп, 180 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бүгінде пәтер алу кезегінде 1608 азамат тұр, бұл былтыр кезекте тұрғандар саны 15 пайызға кемігенін көрсетеді. Қазір 56 пәтерлік бір көпқабатты үй қалпына келтіріліп жатыр. Бұдан басқа, биыл 120 және 140 пәтерлі екі көпқабатты үй қайта қалпына келтірілмек. Осылайша, жыл соңына дейін 316 пәтер қолданысқа беріледі.

Тұрғындардың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларына былтыр жеңілдетілген бағамен 21 жәрмеңке ұйымдастырылып, 108 миллион теңгенің өнімі шығарылды. Бұл шара биыл да жалғасатын болады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында 5 сауда нысанында әлеуметтік азық-түлік бұрыштары ашылған. Шағын, әсіресе микробизнес елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарады десек, қалада 1079 кәсіпкерлік субъектісі белсенді жұмыс атқаруда. 283 жас кәсіпкер қайтарымсыз несие алып, өз жұмыстарын бастады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы моноқалалар үшін несиелік қаражат беру көзделіп отыр. «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасымен несие алғандар өз істерін дөңгелетуде.

– Тұрғындарды әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту – басты назарымызда,  – дейді Дүйсенәлі Қыдырәліұлы. – Қалада 1095 көпбалалы және 530 әлеуметтік осал топтағы отбасы бар. 630 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек, ал  коммуналдық қызметтегі төлемдер бойынша 283 отбасына тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалды. Былтыр 897 азамат қоғамдық ақылы жұмысқа, 268 жас «жастар практикасына», 30 адам әлеуметтік жұмыс орындарына және 1150 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда.

Осылай деген қала әкімі Жаңатастың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында атқарылып  жатқан жұмыстарға да тоқталды. Жыл сайын көшелер мен шағын аудандағы жолдарға жаяу жүргіншілер жолы салынып, түнгі жарықшамдар орнатылуда. Былтыр шағын аудандардағы барлық көпқабатты үйлердің ауласы жарықтандырылып, 5 үйдің сыртқы беті қапталған. Саябақтар мен жасыл белдеулерге және орталық көше бойына суару жүйелері, Қойгелді көшесінің соңына жеңіл көліктерге арналған көпір орнатылды. Орталық базар аумағында жаяу жүргіншілер жолы салынып, қаладағы 12 баспалдақ қалпына келтірілді, 18 жерге балалар ойын алаңшасы, екі автотұрақ соғылды. Демеушілер тарапынан 19 миллион теңгеге «Ынтымақ» аллеясын абаттандыру жұмыстары жалғасын тапты. Ұзындығы 8 шақырым болатын 12 көшеге орта жөндеу, 2 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы қаладағы 94 көпқабатты үйдің 93-інің ауласы жарықтандырылған. «Осының барлығы қала тұрғындарының игілігі үшін істелініп жатқан дүниелер», деген қала басшысы биыл атқарылатын жұмыстардың жоспарымен де бөлісті. Орталық алаңды абаттандыру, 6 жерден шағын футбол алаңшасын, 10 жерге балалар ойын алаңшасын салу, Бейбітшілік көшесінде жаяу жүргіншілер жолына ағымдағы жөндеу жүргізу, осы көшенің бойына орындықтар орнату, 1-шағын аудандағы №19 үйдің сыртын жылыту үшін қаптау, 20 жерге тренажер элементтерін орнату, бірнеше көшелердің  жарықтарын ауыстыру, екі шағын аудандағы бірқатар үйлердің кварталішілік жолдарының жабындысына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу, Әулиеата көшесінен Абай мектебіне дейін жаяу жүргіншілер жолын салу, т.б. жұмыстар атқарылмақ.

Әкімнің айтуынша, бүгінде шешілмей тұрған басты мәселе қаланың  саяжай аумағына қатысты болып шықты. Бұл алқап заңды тұлғадан жеке тұлға санатына ауысқалы осында тұратындар үшін жарыққа төлем төлеу әлдеқайда арзандаған. Енді мұнда тұрғын үй, жол, ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін күтіп тұр.

Біз әңгімеге тартқан ауданның Құрметті азаматы Ермекбай Ақылбеков ақсақал 90 жыл ғұмырында талай жақсыны да, жаманды да көрген. «Мемлекеттің қолдауымен қалада біраз жұмыстар істеліп жатыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен аудан басшысының жылға жетпей ауысып, тұрақтамауы көп жұмыстарға кері әсерін тигізетінін де көріп жүрміз. Ауданымызға білікті, жердің, халықтың жағдайын жақсы білетін басшы келсе дейміз. Ал халықтың әл-ауқаты қалай десеңіз айтайын, жасырып не керек,  бәрі жақсы деуге келмейді. Жастар арасында жұмыссыздық көп, жеңілдетілген несие алып кәсіп бастағысы келетіндер кедергіге жолығып, тауы шағылып жатады. Қымбатшылық болса мынау, халық тұтынатын азық-түлік пен тауарлардың, жарық, газдың бағасы қымбаттап жатыр. Басшылар қайда қарап отар, осыны реттеу солардың міндеті емес пе?!».

Ермекбай ақсақалдың сөзін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орынбаев та қостады: «Осы қалада 49 жылдан бері тұрамын. Жұмыстың жоқтығынан, оның үстіне қымбатшылықтың кесірінен адамдар ұрлыққа, қылмысқа баруда. Жеңілдікпен несие алайын десе, жол «жабық», ондағылар түрлі сылтауды алға тартады. Бұл жемқорлық деген жойылмай, жақсылық болмайтын сияқты. Қала іргесіндегі комбинаттар жердің бәрін қазып тастады. Мал жайылымы жоқтың қасы, өріске шыққан мал сол шұңқырларға түсіп кетеді, өрістен аш қайтады. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін таппай жатыр. Қалаға кіре берісте «Үш алып» аталатын, кезінде комбинат жұмысшыларының жатақханасы болған үш көпқабатты үйді жөндеу мәселесі шешілмей-ақ қойды. Сол үйлердің жылда ең болмаса біреуін жөндеп, кезектегілерге берсе, біраз адамның баспана қиындығы шешілер еді ғой».

Ардагер Шәріпбек Қалжановтың айтуынша, Жаңатас бақша өнімдерін өсіруге қолайсыз мекен. Сондықтан кәсіпкерлер қалаға көкөністі көршілес облыстың Созақ ауданынан, ар жағы Өзбекстаннан тасиды. Сол екі аралықты жақындататын 45 шақырымдық жолды жөндеу мәселесі шешілмей-ақ қойды. Зейнеткер Марқаш Мизенбаев қала мен ауылдарға газдың нақты қашан келерін ешкім айта алмай отырғанына ренішті. «Ауылдарда да тұрғын үй салуға көңіл бөлетін уақыт жетті. Баспана мәселесі шешілсе ауылға келетін жас мамандардың қатары артар еді. Дәл қазір халықты діңкелетіп отырған мәселе – жұмыссыздық пен қымбатшылық. Ауданда басшылықтың тұрақтамауы осындай күрделі мәселелердің шешілуіне кері әсерін тигізуде», – дейді қария. Тұрғындар темір жол қатынасына қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапқанын қалайды. Қалада шыны қабылдайтын пункт ашылса. Осындай маңызды мәселелердің қолға алынуы халықтың әлеуметтік жағдайын түзетуге септігін тигізеді деседі.

– Ауданда халықтың әл-ауқатын арттыру мен экономикалық өсімді нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде кейінгі жылдары әлеуметтік нысандар салынып, бірқатары жөндеуден өтіп, халық игілігін көруде. Олардың қатарында денсаулық сақтау, спорт, білім беру, мәдениет салаларына тиесілі нысандар баршылық. Өткен жылды пандемияға қарамастан өсім көрсеткіштерімен қорытындыладық, – дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Олжас Көкей.

– Өндіріс өнімін арттыруда «Қаратау» тау-кен және «ЕвроХим» химия кешендері, ас тұзын дайындау, мұнай өнімін өндеу, мрамор мен асфальт шығаруға бағытталған зауыттар жұмыс істеуде. Өткен жылы өндірісте өнеркәсіп саласы 25 миллиардтан астам теңгенің өнімдерін өндірді. Бұл салада 2573 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өткен жылы инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард 852 миллион теңгені құрады. Биыл «ЕвроХим» компаниясы жоба құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын минералды тыңайтқыш зауыты мен тау-кен химиялық кешенінің 2-кезеңінің құрылысын бастайды. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға жуық азамат жұмысқа тартылады. Қазіргі уақытта 500-дей адам қызмет істеуде. Жоба аяқталғаннан кейін 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар Қазақ-Түрік бірлескен серіктестігі болып «Қазақ сода» компаниясы «Сорбұлақ» аймағы маңында кальцилендірілген сода өндіру зауытының құрылысын бастауы жоспарлануда. Бұл екі жылдық жобада құрылыс аяқталғаннан кейін 250 адам тұрақты жұмысқа орналасады.  Бұдан бөлек, «KAZ Chemicals» компаниясы Жаңатас қаласы мен Жаңаарық ауылдық округі аумағында фосфориттік кендерді барлау-зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Инвестиция тек өндіріске емес, мал шаруашылығына да келіп отыр. Жайлаукөл ауылында «Миллениум сокол» серіктестігі құны 455 миллион теңгеге 10 мың бас қой өсірумен айналыспақ.  «Жалпы, инвестиция тарту жұмысы осы бағытта жалғаса береді. Нәтижесінде, көптеген жұмыс орындары ашылатын болады», – дейді О.Көкей.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП 

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support