Жаңалықтар

COVID-19-дан оңалту орталығы алғаш рет Тараз қаласында ашылды

COVID-19-дан оңалту орталығы алғаш рет Тараз қаласында ашылды

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында былтыр 14 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған жұмсалған жалпы қаржы сомасы 988,5 миллион теңге. Бұдан өзге жергілікті бюджеттен бөлінген 72,039 миллион теңгеге Шу қалалық ауруханасы да күрделі жөндеуден өтті. Ал «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 261,9 миллион теңгеге Шу аудандық орталық ауруханасы ғимаратына емхана құрылысын жапсарлас салу жобасы толығымен аяқталды. Сонымен қатар Үкімет резервінен  күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған емдеу мекемелерінің қатарында Қордай ауданындағы Қарасай, Қарасу дәрігерлік амбулаториялар мен Ауқатты ауылдық емханасының ғимараты да бар екенін айта кеткеніміз жөн. Коронавирус індетімен күресте ең алдымен үлкен жауапкершілік дәрігерлерге жүктелгені белгілі. Олар уақытпен санаспай еңбек етті. Былтыр облыс бойынша індетпен күрес жүргізу үшін жалпы, 4 885,1 миллион теңге бөлінді. Бөлінген қаражатқа Т.Рысқұлов ауданындағы ескі туберкулезге қарсы диспансерінің және қалалық перинаталдық орталығының ғимараттарына 218,4 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың арнайы тапсырмасымен Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешенінде 120 төсектік коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды оңалту орталығы ашылды. Мұндай орталық республика бойынша алғаш рет Тараз қаласында ашылып отыр. Аталған орталықта науқастарға физиотерапия, массаж, тыныс алу гимнастикасы сияқты ем түрлері жүргізілуде. Сонымен қатар мұнда Тараз қаласы мен аудан тұрғындары да оңалту шараларынан өте алады. Ол үшін науқастардың өздері тіркелген жергілікті ауруханаларынан жолдама алулары керек. Ал кешенді оңалтуды қамтамасыз ету үшін үйлестіруші дәрігерлер, реабилитологтар, физиотерапевт, жұқпалы аурулар жөніндегі маман, пульмонолог, кардио-ревматолог, невропатолог, эндокринолог, гастроэнтеролог, нефролог, физиотерапевт, психолог, психотерапевт және терапевт мамандары қызмет көрсетеді. Сондай-ақ орталыққа құны 150 миллион теңгені құрайтын ең қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Оңалту бағдарламасы әр емделушіге жеке жасалады және ем алу 14 күнге созылады. Бұл орталық науқастардың толық сауығып шығуына көп септігін тигізіп отыр деп айтуға болады. Реабилитацияның 3-кезеңі бойынша қызмет көрсететін орталық бүгінде өз жұмысын атқаруда.