- Advertisement -

Қоқыс даланы да, қаланы да жайлап барады

165

- Advertisement -

Бірер жыл бұрын республикалық «Ана тілі» газетінде Алматы қаласының іргесіндегі «жабайы ауылды» мекен еткен «тағы адамдардың» өмірі жайлы мәселе қозғаған «Қарға адамдар» деген мақала жарық көргені есімде. Ең ірі мегаполистің маңындағы тау-тау қоқыстың үйіліп қалуы заңдылық секілді көрінген, сонда. Ал қазір қоқыс қаладан көшіп, далаға жеткен секілді. Осылайша, тұрмыстық қалдық заттар бүгінде үлкен экологиялық проблемаға айналып отыр.

Жалпы «экология» деген ғылымның өзі «тіршілік ету мекені, өмір сүретін ортаның» адамзатпен, жалпы тіршілік иелерімен қарым-қатынасын зерттейтін ғылым екені бәрімізге белгілі. Негізгі міндетін бір сөзбен түсіндіргенде, үйіңнің ауласынан бастап, биосфера шегінде әлемдік жағдайларды бақылай отырып, ондағы тіршіліктің тұрақтылығын сақтау. Ендеше, бұл сала сіз бен біздің болашағымыз үшін аса қажет деген сөз.

Елімізде бүгінде индустрияландыру үдерісі қарқын алуда. Бірақ мұның өзі қаланы  қоқыстан тазартуға септігін тигізе алмай отыр. Өндірістегі автоматтандыру процесі, әлеуметтік салалардағы цифрландыру жүйесі қажетсіз қалдық заттарды азайтқан жоқ. Бұған ірі қалалар маңындағы ауылдардың жылдам урбанизациялануы да себеп болып отыр. Сондай-ақ тағамдардың басым көпшілігінің жартылай консерванттардан жасалуы, пластик ыдыстардағы көшеде тұрып, жылдам тамақтануға болатын бірреттік азық-түліктердің көбейгені де, жағдайды ушықтыра түсті.

Өңірдің қазіргі экологиялық жағдайы көңіл көншітпейді. Облыста жыл өткен сайын түрлі жаңа  өндіріс орындары ашылып, нәтижесінде  сыртқа шығарылатын химиялық қалдықтардың саны артқан. Бұған қоса, автокөліктердің көбеюі де ауаның ластануына кесірін тигізуде. Қазіргі уақытта облыста өңірдегі атмосфераның ластануын бақылайтын 9 бекет жұмыс істейді. Солардың бірер жыл бұрын жасаған мониторингтерінің нәтижесінде өңірдегі ең лас қала Қаратау ден танылған. Мұндағы ластану деңгейі –  7,39 көрсетіп отыр. Тараздағы жағдай да мәз емес. Ластану көсеткіші-5,37 құрап отыр. Себеп…

Соңғы он бес жылда өңірже өнеркәсіп өнімі  өндірісінің көлемі 2,5 есеге артса, кейінгі алты жылдың өзінде облыста жаңадан 50-ге жуық өндірістік нысан  іске қосылған. Осыған байланысты ауаға шығарылатын зиянды заттардың да көлемі ұлғайғаны сөзсіз. Мысалы, облыс бойынша осыдан он жыл бұрын атмосфераға өндіріс орындарынан жылына шамамен 20,0 мың тонна зиянды заттар шығарылса, қазір бұл көрсеткіш екі-үш есе өскен.

Ауылдық жерлердегі экологиялық, санитарлық, эпидемиялогиялық жағдай да аса мәз емес. Елді мекендерде көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанымен, көңіл көншітпейтін бірнеше  мәселе бар. Соның бірі – қоқыс мәселесі. Біздің ауылымыздың бірен-саран  көшесінде ғана арнайы қойылған қоқыс жәшіктері бар. Ал қалған көшелердің тұрғындары не істеуі керек? Тағы бір түйткіл – қоқыс полигоны. Тұрғындар тұрмыстық қалдық заттарын тиісті қоқыс полигонына тастағанымен, оның көлемі ұлғаюда. Қоқыс полигонының ұлғаюы туған жеріміздің табиғатына орасан зиянын тигізері айдан анық. Ал бұл проблеманы шешу үшін оны жыл сайын тазарту жұмыстары жүргізу қажет.

Ауылды быйлай қойғанда, бүгінде елді мекендердің сырт жағы таулы аймақтарда да қоқыс өзекті мәселе болып отыр. Табиғат аясына демалуға шыққан әрбір адам соншама қалдықты шашып кетеді. Ал ол желмен ұшып, кең жайыла береді. Суға түсіп, қайта ауылға ағып келеді.  Бұл проблеманы жою үшін әрбір адам өз қалдықтарын жинап, өздерімен алып кетсе, оны апарып арнайы қоқыс орнына тастаса, бұндай мәселе болмас еді.

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем алдында экология мәселелері өзекті болып тұр. Адам ақыл-ойының нәтижесі алып ракеталар, атом станциялары, зауыттар, т.б. ғылыми прогресс жетістіктері өмірімізді байыта, жеңілдете түсумен қатар, өмірімізге қауіп-қатер туғызуда. Сонымен бірге, табиғи ортаға ғарыштық және күн сәулесінен келетін  немесе жасанды жолмен флюрография, теледидар экраны, интернет желілілері, ұялы телефондар т.с.с. туындайтын сәулелер де әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, адамзат экологиялық жағдайды өз қолдарымен жасап отыр. Мысалы, қоршаған ортаны  қоқыстармен ластап жатыр. Қалдықтарды қоқыс жәшігіне емес, сыртқа тастай салады. Ал көптеген кәсіпорындары  техногенді қалдықтарымен ерекше зиян келтіруде.  Осының бәрі экологиялық сананың жеткіліксіздігінен, адамдардың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін жете сезінбеуінен.

Адам өміріне экологиялық зардаптардың әсер ете бастауы – олардың қоршаған ортаға жыртқыштықпен қарауының салдары. Экологиялық апатқа душар еткен адам санасының эрозиясының нәтижесі.

Рас, еліміз әртүрлі табиғат қорғау ұйымдарының қатарына енген. БҰҰ тұрақты даму комиссиясының мүшесі. Қазақстан даму стратегиясының ішінде экологиялық қауіпсіздік басым бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Тәуелсіз Қазақстанымыздың экологиялық жағдайына зиян келтірмей, адамдар немқұрайлы қарамай, жауапкершілік таныту – баршамыздың міндетіміз!

 

Үміт Үсейінова,

Болтай батыр атындағы орта мектептің 

биология пәнінің мұғалімі.

 Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support