Асылбековтердің алма бағында
Асылбековтердің алма бағында
Жадыраған жаз өтіп, жиын-терін мезгілі де жетті. Бұл – бау-бақша бағбандары ала-жаздай маңдай терін төккен еңбегінің жемісін жейтін уақыт. Ал, алыстан менмұндалап тұрған алмалы баққа, сірә, көз тоймайтын тәрізді. Жұлып алуға қимайсыз. Мұндай көріністі Шу ауданы Көктөбе ауылынан да кездестіруге болады. Тіпті, осындай тірі суретті тамашалап, бақша басына қалай жеткенімізді байқамай қалыппыз. Бақшаға жақындағанымызда алдымыздан жеңгей шығып, ағамыздың қайнаған тіршілік басында жүргенін айтып, жөн сілтеді. Алма бақтың иесі Серік Асылбековпен жүздесіп, әңгімелесудің де реті келді. – Бұл кәсіппен айналысқаныма 6 жыл болды. Алғашқыда мемлекет тарапынан субсидия алғанмын. Бүгінде, тіршілігімді өрге домалатып келемін. Бұл бақ жалпы 5 гектар жерді алып жатыр. Мұнда алманың сары және қызыл екі сорты отырғызылған. Жыл сайын көктем мезгілінде құрт-құмырсқаға қарсы дәрі шашып, түбін қопсытып, күтім жасаймыз. Енді міне, соның жемісін жегелі отырмын. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, жылдан-жылға тәжірибе де жинап келемін. Мәселен, өткен жылы 25 тонна жеміс алсам, биыл 40-50 тонна жинауды көздеп отырмын. Жемістердің 1-сұрпын Петропавл қаласына жөнелтемін. Ал, 2-сұрыптысын қалалық базарға арзан бағамен сатылымға шығарамын, – дейді жеке кәсіпкер Серік Асылбеков. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей бұл орайда кәсіпкердің көктемде де, шіліңгір шілденің аптап ыстығына да мойымай, еңбектің берекесін кіргізіп жүрген жұбайы Ләззәт Түкібаева мен ұлы Бауыржан Тілемістің де еңбектерін атай кеткен жөн. Кәсіпкердің өзі де отбасымен еңбек етіп, нәсіптерін осы алма бағынан тауып отырғанын жасырмайды.
Жәмила АҚБЕРГЕН.
Шу ауданы.
Суретті түсірген Петр Норкин.