- Advertisement -

Жазылған газет-журналды жинап-жинап айына бір әкеледі

283

- Advertisement -

Көптің көңілі қазір газет-журналдардан гөрі, әлгі алақандай ғана ұялы телефонға, сондағы әлеуметтік желіге ауды деп жүрміз. Оның не екенін, онда не айтып, не жазып жатқаны қарияларға аса түсінікті емес. Бізге бала кезден серік болған газет-журнал, тәрбиелік, тағылымдық хабарлар көрсетілетін телеарна керек. Бір мезгіл сондағы жан дүниемізге жақын дүниелерді оқып-көріп, ой таразысынан өткізуді аңсайсың. Бірақ бүгінде соның өзі мұң болды! Өйткені зейнетақымыздан жырып жазылған басылымдарды пошташылар жинап-жинап айына бір-ақ әкеледі!

Жасым сексеннен асса да, облыстық «Aq jol» газетінен қол үзген емеспін! Қазір онда көптің көкейіндегіні қозғап, көкейкесті тақырыптар жазылып жатыр екен. Алайда соларды уақытында оқи алмай отырғанымыз қынжылтады. Тіпті, бұл мәселені ашып жазып, айтарын жеткізген оқырманның ой-пікірін осы газет 15 қаңтардағы санында жариялапты. Міне, сол газет менің қолыма 15 ақпанда, тура бір айдан кейін тиді. Ауылдағы пошташыға «неге кеш таратасың» деп ескерту айтсам, қолым тимейді дейді. Ауылдық округ әкіміне «ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандарды пайдаланып, газет-журналды елге жеткізіп беруге көмектессеңдерші» десем, оныңыз заңсыз болатынын алға тартты.

Бұдан кейін «Жазылым төмендеп кетті» деп оқырманды қайтып кінәлайсың?! «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқа жұмысын қайдам, дәл осы газет-журнал таратудағы ісі көңілден шықпай тұр. Бұл мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жеткізіп, жоғарыдан қозғау салмайынша, шешімін таппайтын түрі бар. Жұртқа қазір есті сөз керек! Бірақ, сол естілердің айтқанын естір құлақ табылар ма екен?! Себебі, тасқа басқандай әбден екшеліп, ой елегінен өткізіп барып жарық көретін газеттің айтар сөзі елге кеш жетеді! Ал жастар әлеуметтік желідегі әулекі сөзге еріп барады!

Назымхан Тайлақбаев,

Еңбек ардагері.

 

Биназар ауылы,

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support