- Advertisement -

«Тараз-Шымкент» бағытындағы жол ақылы болады. Ал, жүргізушілер жолақысын қалай төлейді?

240

- Advertisement -

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ЖОФ директорының орынбасары Дəурен Тултаевтың айтуынша, наурыз айында «Тараз – Шымкент», ал сәуірден бастап «Тараз – Қайнар» бағытындағы 378 километр  автомобиль жолы ақылы болмақ. Жалпы мұндай тәжірибе дамыған елдерде бар. Осы ақылы жолдардың қауіпсіздігі артып, жолдың күтіміне ерекше мән беріліп, қызмет көрсету сапасы да жақсара түспек.

Елімізде алғашқы болып ақылы жүйе «Нұр-Сұлтан – Щучинск» автомобиль жолына енгізілген болатын. Бұл жол бүгінде ашылған сәттен бастап (жеті жыл бойы) жиналған қаржы есебінен күтіліп, жолдың бойында қызмет көрсету сапасы жақсарған. Одан кейін ақылы жол санатына (2019 жылы) «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» автомобиль жол учаскелері енгізілген.

Ақылы жолдарды пайдалану тәжірибесінің табысты іске асуы аясында 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданды. Осыған сәйкес алдағы 4 жылда республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды ақылы жүйеге енгізу жоспарланған. Оның ішінде «Тараз – Шымкент», «Тараз – Қайнар» бағытындағы автомобиль жолдары ақылы болмақ.  «Тараз – Шымкент» жолының ұзындығы 140 километрді құрайды. Техникалық санаты бірінші санатқа жататын автомобиль жолының әр бағыты бойынша 2 жолағы бар, толық 4 жолақты тас жолмен көліктер қатынайды. Ақылы учаске Тараз бен Шымкент қалалары мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Түлкібас, Сайрам аудандары арқылы өтеді. Қазіргі таңда Тараз – Шымкент бағытында 3 бақылау аркасы мен клиенттермен жұмыс жасаудың 1 орталығы орнатылған. Екінші бағыт, «Тараз – Қайнар»  бағыты 238 километрді құрайды. Бұл учаске Тараз қаласы мен Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары арқылы өтеді. Бұл жол бойында 5 бақылау аркасы мен клиенттермен жұмыс істейтін бір орталық ашылған.

– Ақылы жүйені енгізу жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады. Барлық төлем жүйесі енгізілген автомобиль жол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен көліктердің жылдамдығын бақылайды, – дейді филиал директорының орынбасары Дəурен Алматаұлы.

Қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолымен келе жатсаңыз жол бойында жаңадан орнатылған аркаларға еріксіз көзіңіз түседі. Мұндай арканың «Тараз – Шымкент» жəне «Тараз – Қайнар» бағытындағы автомобиль жолының бойына 8-і орнатылып, арнайы бейнебақылау қондырғыларымен жабдықталған. Осы аркалардың тұсына келгенде жүргізушілердің көпшілігі оны «сергек» бейне бақылауы деп қабылдап, тежегішті басады. Жылдамдықты күрт түсіру салдарынан ол арада жол көлік оқиғасының бола жаздағанын да ары-бері өткенде көріп те жүрміз.  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Мадиев ол аркадағы бейнебақылау камералары жылдамдықты түсірмейтінін айтты. «Бүгінгі таңда бұл бейнебақылау қондырғылары тек жол қозғалысын ғана бақылап тұр. Негізінен ол айыппұл жазбайды. Ақылы жолға жол-жөнекей елді мекендерден қосылған автокөліктерді бақылап, нөмірімен тіркеп отырады. Бір сөзбен айтқанда, ол мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен көліктердің қозғалысын бақылауда. Сонымен қатар арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Жүргізушілер тәулік бойы 1403 call-орталығына тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақтарын қойып, жауап алуларына да болады», – дейді ол.

Қарап отырсақ, акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, ақылы жол бойында үлкен сервистік қызмет көрсету орталықтары, жол мен жолдың бойын күтіп ұстайтын арнайы мекемелер жұмыс істемек. Жол қауіпсіздігін арттыру үшін бұл учаскелерде тәулік бойы патрульдік күзет те қойылмақ. Жауапты мекеме жолдың жай-күйін тексеріп, кем-кетігін орнына қойып, жол бойын тазалауды жүзеге асырады. Төтенше жағдай кезінде жүргізушілер мен жолаушыларға жедел көмек көрсетеді. Көлігі жолда бұзылып, тұрып қалған жүргізушілердің көлігін техника жөндеу орталықтарына жеткізетін арнайы эвокуаторлар тұрмақ. Сондай-ақ жол бойындағы инфрақұрылымды, демалыс орындары және көлік тұрақтарын, қонақ үйлер, супермаркеттер, дәріханалар мен дәмханалар, тіпті дәретханалар еуропалық талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтылып, жүргізушілер мен жолаушыларға жоғары қызмет ұсынбақ. Бір сөзбен айтқанда, шетелдегідей жүйе қалыптасатын болады ақылы жол бойында.

Мысалы, «Нұр-Сұлтан – Щучинск» тас жолында – 37, «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде – 11, «Алматы-Қорғас» – 6, «Алматы-Қапшағай» тас жолында – 5 қызмет көрсету нысандары бар. Сонымен қатар ақылы учаскелердің бойында кафелер мен дүкендерде модульдік павильондар, жылы дәретханалармен қамтылған. Аталмыш нысандар кәсіпкерлерге жалға беріліп, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуде. Біздің өңірде осындай 40 учаске анықталып, кәсіпкерлер назарына ұсынылуда. Әзірге бірде-бір кәсіпкер жоғарыдағы нысандарды салуға ынта таныта қоймапты.

«ҚазАвтожол» ҰК» АҚ 2024 жылдың соңына дейін барлық республикалық маңызы бар автожолдарда 134 заманауи кешен салу бойынша «GasEnergy», «ҚазТрансГаз», «Compass», «Sinooil», «PetroRetail» және «М-36» ірі жанар-жағармай құю бекеттері  желілерімен келісімге қол қойылыпты. Жол бойындағы жаңа кешендерде қонақ үй, фуд-корттар, супермаркеттер, душ кабиналары, сондай-ақ электромобильдерді зарядтауға арналған стансалар орналасады.

Енді жүргізушілердің көкейінде «жол жүру ақысын қалай төлейміз?» деген сұрақтың тұрғаны анық. Кейбіреулер «әрбір арканың тұсынан төлем бекеті салынады екен» деп те жүр. «Бекет салынса жол бойында ұзақ сонар кептеліс пайда болмай ма?» дейтіндер де жоқ емес. Өйткені былтыр карантиндік шектеу қатаңдатылған кезде қойылған блок-бекеттерден өту үшін жеңіл және жүк автокөліктерінің сағаттап кезекке тұрғанын ешкім ұмыта қойған жоқ.   Осы және басқа да сұрақтарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Мадиевке қойған болатынбыз.

– Жол ақысын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың 20-дан астам төлем түрі қарастырылған. Жеңіл автокөліктер үшін ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру тегін болады. І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылады. Яғни аудандардағы жеңіл автокөлік иелері жылына мың теңге төлеп, аталған жол учаскелерінде еркін қозғала алады. Ауыр жүк көліктеріне бөлек төлемдер қаралған. Ал ауыл шаруашылығы техникалары бір аудан ішінде ғана қозғалатын болса бірінші санатты жолды тегін пайдаланады, ал кемі екі-үш аркадан өтетін болса олар да жүк автокөліктеріне белгіленген тарифпен ақы төлейді. Әзірге ауыр жүк көліктері мен транзиттік ауыр жүк көліктерінің төлем тарифі тиісті министрлікте қаралу үстінде. Ал бекет мәселесіне келетін болсақ, ол әрбір арканың түбіне қойылмайды. Жүргізушілер төлем карталары арқылы да жол бойында орналасқан бекеттерге төлеп кете береді, – дейді Дінмұхамед Ғалымжанұлы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support