Денсаулық

Тарихи өңірден басталған тағылым

Тарихи өңірден басталған тағылым

Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбатын газет­тен де оқыдым, теледидардан да тыңдадым. Әрине, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының көрегендігін, сөзге шешен­дігін, ойының ұшқырлығын  бәрі мойындайды. Бұл сұхбат ерекше қырынан танылды. Ел мен жер, тіл мен дін, тарих пен мәдениет, қазіргі саясат, экономика­лық жағдай – бәрін жіліктеп, қолмен қойғандай етіп айтып берді. Ең бастысы, Президент елге өз ойын нақты әрі қарапайым тілмен жеткізе білді.

«Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз. Енді біз осы­лармен сауда-саттық жасамасақ, онда эко­но­микамыз қалай өседі?» – деді Нұр­сұлтан Әбішұлы. Шынында, Еуразия­лық экономикалық одақты әр ел мен кон­ти­ненттерді сауда-саттық жағынан байла­ныс­тырған Ұлы Жібек жолының бейнесі деп айтуға әбден болады. Жібек жолы – әлемдегі ең көне, жан-жақты дамыған, тұрақты, бейбіт өмір сүрудің символы болған экономикалық-дипломатиялық байланыс қой. Еуразиялық экономикалық одаққа ене отырып Қазақстан Қара және Балтық теңіздеріне баж салығынсыз шығуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда Владивосток арқылы Тынық мұхитқа да еркін өткел тауып отыр. Темір жол және автомобиль магис­тралі құрылыстарының аяқталуы елімізді Еуропа мен Азия арасындағы аса қуатты көлік дәлізіне айналдырады. Тарихшы-философтар ХІХ ғасырды – Еуропа ғасыры, ХХ ғасыр – Америка ғасыры, ХХІ ғасыр – Азия-Тынық мұхит өңірінің ғасыры деп тұжырым жасау­да. Шамасы, үшінші индустриялық революцияның жемісі де осы жаққа қарай ауыспақ. Заман талабымен даму қарқынына сай әлемдегі екінші және үшінші (Қытай, Жапония) экономикалық державалар, аса жаңа технологиялар, әскери әлеует, саяси салмақ, идеология мен құндылықтар осы өңірге жайғасқан. ХХІ ғасырда ешқандай мемле­кет оқшауланған жағдайда әлемдік бәсе­ке­лес­тіктің дамуына төтеп бере алмасы анық. Тек қана жер астындағы байлыққа иек артып, ғылыми-техникалық жаңа тех­но­логияға негізделген өндірісті дамытпай, әлемдік бәсекелестікке сай даму мүм­кін емес. Осының тамырын дөп бас­қан Елбасы табыстан түскен қаржының біраз­ын өндірісті әртараптандыру саласына пайдаланудың қажеттігін баса айтуда. Бұл біздің стратегиялық бағыт – шикізат экспортынан дайын өнім экспортына көшу деген сөз. Жаңа интеграциялық бірлестіктер отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Атап айтсақ, Қазақстан қазіргі кезде сыртқы нарыққа 700-ден астам тауар шығарып сатуда. Соңғы екі жылда қазақстандық тауарлардың Ресей нарығына көптеп еніп жатқанын байқауға болады. Қоғам болған соң одақты, интеграция­ны сынға алып жатқандар да баршылық. Әлеу­меттік стратегия және саяси зерттеу­лер АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша көмек­шісі Р.Блейк осы интеграция туралы оң пікірін: «Түркиядан Каспий теңізі арқы­лы Оң­түстік Азияға дейін созылған дина­ми­калық дамудағы аймақта тығыз ынтымақ­тас­тық пен интеграция өркендеу мен тұрақ­ты­лыққа алып келеді», деген байламмен білдіреді. Елбасы бұл жөнінде «Біреулер «Ресей бізді қайтадан басып алатын болды» деп қорқақтайды. Олай емес. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері жиналып, үш Президент мәселе қараған кезде, біреуі қарсы болса, ешқандай шешім қабылданбайды. Консенсус деген сол. Егер екеуінің шешімі жақпайтын болса, мен қарсы боламын, мәселе шешілмейді. Сондықтан, бәрінің құқығы бірдей», – деп әңгіменің ашығын айтты. Шынында, ЕАЭО-да ең басты мәселе – Қазақстанның Тәуелсіздігі, бұл ылғи бірінші орында тұрады. ЕАЭО тек экономикалық одақ екенін естен шығармаған жөн.

18Тәуекелбек ЖАҢАҚҰЛОВ, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың профессоры.