- Advertisement -

Төкпе жырды төкті ақындар арқырап…

367

- Advertisement -

«Жамбыл – менің жәй атым, халық – менің шын атым!» айтысы өз деңгейінде өтті

 Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық торқалы тойы мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Тараз төрінде дәстүрлі «Жамбыл – менің жәй атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының өтуіне «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы қолдау білдірсе, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өз деңгейінде ұйымдастырды. Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы, ақын Жүрсін Ерман жүргізген айтыс аламанында 11 жұп сынға түсті. Олардың қатарында жамбылдық он үміткер болды. Айтыстыстың қазылар алқасына Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Халиолла, Ақпарат саласының үздігі, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков қазылар алқасының құрамында болды.

Айтыс аламанын қостанайлық ақын, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев пен облыс атынан сынға түскен Айтмұханбет Исақов бастады. Екі жүйріктің сөз барымтасы аға мен іні арасындағы сыйластықты дәріптегені анық. Айтыс әлеміне ұстаз ретінде талай дүлдүлді тәрбиелеген Айтмұханбет Исақовпен сөз сайыстырған Айбек Қалиев ағасына жол беретінін тіліне тиек етіп, тектілік танытты. Бұдан соң сахнаға көтерілген қызылордалық Нұрмат Мансұров пен жамбылдық Рай Дөңбай, елорда атынан сынға түскен Олжас Отар мен тараздық Шапағат Әбдір, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Жарқын Жұпархан мен «Ақ жол» газетінің тілшісі, тараздық Есет Досалы арасындағы айтыс өз деңгейінде өрбіді. Ақындар жүз жыл жырлаған жүрек иесі Жамбыл Жабаевтың рухына тағзым ете отырып, ерлік пен елдікті, бірлікті жырлады. Арасында қазақы қалжың-қағытпаларымен де қағысып отырды.

Батыс Қазақстан облысының үміті Бекболат Қаленовпен жұп құраған жерлесіміз Шапағат Сәбитқызының аяқ алысы көңіл қуантты. Айтыс әлеміне енді ғана келіп қосылған Шапағаттың өз ойын әдемі теңеулер арқылы жеткізе білгеніне разы болдық. Әрине, жас ақынның шумақтарында әлі де жетілдіретін, көркемдік қуатын арттыратын тұстар кездеседі. Дегенмен, шымыр шумақтарымен қарсыласынан кем түспегенінің өзі мықтылық десек, қателеспеспіз. Бұдан кейін сөз сайыстырған түркістандық Еркебұлан Қайназаров пен жерлесіміз, талантты ақын Дархан Әбдіманат арасындағы дода да тартысты өтті. Талай айтысқа қатысып, көптеген жүлдені иеленген Еркебұланға қарсы шыққан Дархан қарсыласынан еш қаймықпай, әдемі шумақтарымен көрермендерді тәнті етті. Павлодарлық белгілі айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев пен облыс атынан бақ сынаған Айтбек Тұрсынбай да барын салып бақты. Екеуі тосын теңеулерімен, шымыр шумақтарымен даралана білді. Жамбылдың ақындығы мен жыраулығын тілге тиек ете отырып, ойдағыдай айтыс жасаған бұл жұпқа да көрермендер разы болғаны сөзсіз. Сегізінші боп сахнаға көтерілген жұп оралдық Әділ Ахметов пен тараздық Дидар Апбасов та жүректен шыққан жалынды жырларын жеткізді. Атыраулық жас ақын Фариза Жетпісбаева мен облысымыздың атынан айтысқан Ғабит Есдәулет арасындағы сөз сайысы көңілден шықпады. Екі ақын алдағы уақытта әлі де шумақтарын ширатып, ойларын көркемдеп жеткізуге тырысса нұр үстіне нұр болар еді.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Шығыс Қазақстан облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы мен алматылық (негізі Жуалы ауданының тумасы) Қанат Мырзахан және алматылық Шұғайып Сезімхан мен жамбылдық Алтынкүл Қасымбекова арасындағы сөз сайысы көрерменге ұнаған секілді. Рүстем мен Қанат ойнақы сөздер арқылы көрерменнің көңіліне жол тауып, қазақы қалжыңдарымен жұртқа езу тартқызды. Әрине, бір-бірін сынаған сәттерде әдемі жауаптарымен де даралана білді. Сондай-ақ Шұғайып Сезімхан да салмақты тармақтарымен көкейдегі ойын көрікті етіп жеткізгенін айта кеткен жөн. Соған қарап-ақ осы екі жұптағы ақындардың дені финалға өтеді деп топшылағанбыз. Солай болды.

Жыр додасының ақтық сынына алты ақын шықты. Олардың қатарында біздің облыстың атынан бақ сынаған жас ақын Шапағат Сәбитқызы да бар. Алғашқы жұпта сөз сайыстырған Шапағат әрине барын салып бақты. Алматылық Шұғайып Сезімханмен жұп құраған ол бірінші айналымдағыдай айтысқанда, шіркін дестік. Иә, алғашқы кезеңде Шапағат қыз бен жігіт айтысы тұрғысынан болсын, басқа қырынан болсын, шумақтарын ойдағыдай өрген еді. Финалда сол деңгейге сәл жетпей қалғандай көрінді. Бірақ, Шұғайып екеуі бір-бірінен қалыспай, жақсы айтыс жасауға тырысып бақты. Бұдан кейін сахнаға көтерілген қызылордалық Нұрмат Мансұров пен шығысқазақстандық Рүстем Қайыртайұлы қос құрдастың әдемі әзілге толы айтысын жасағанын айта кеткен ләзім. Бұл екі ақын өз деңгейінен төмен түскен жоқ. Жыр аламанын Қанат Мырзахан мен түркістандық Еркебұлан Қайназар арасындағы айтыс түйіндеді. Екі ақын да тақырыпты жақсы ашып, ойдағыдай өнер көрсетті.

Жыр додасының қорытындысында сөз алған қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов: «Бүгін бір жақсы күн болды. Ұлы баба рухына арналған айтыс аламаны жақсы өтті деп есептеймін. Ақындар шабыттана жырлап жатты. Елдің де көңілі жақсы. Барын салған ақындарымыз шын ниетімен айтысты. Сіздер ризасыздар деген ойдамын»,-деді ол өз ойымен бөлісіп. Айтыс қорытындысында 10 ақынға Алғыс хат және қаржылай сыйлық тапсырылды. Сонымен қатар бірнеше ақын ынталандыру сыйлығына ие болды. Олардың қатарында оралдық Бекболат Қаленов, облыс атынан айтысқан Айтұханбет Исақов пен Алтынкүл Қасымбекова және елорданың атынан қатысқан Олжас Отар бар. Жүлделі үшінші орын (300 мың теңге) павлодарлық Аспанбек Шұғатаев,  Солтүстік Қазақстан облысынан келген Жарқын Жұпархан, алматылық Шұғайып Сезімханға бұйырды. Жүлделі екінші орынды (500 мың теңге) қызылордалық Нұрмат Мансұров, жамбылдық Шапағат Сәбитқызы иеленді. Ал бірінші орынға түркістандық Еркебұлан Қайназаров (750 мың теңге) пен шығысқазақстандық Рүстем Қайыртайұлы ие болды.

Жыр додасының бас жүлдесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыстады. «Айтыс ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан тамаша өнер. Біз қай кезде де айтысты асыға күтеміз. Өйткені ақындар арқылы ел арасындағы шешілмей жатқан мәселелер билікке жетеді, тарих еске түседі. Әлбетте, өткен жылы өтуге тиіс болған жыр додасы пандемияға байланысты ұйымдастырылған жоқ. Осы жыл ел үшін, біз үшін ерекше жыл. Жамбыл бабамыздың 175, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қатар келіп тұр. Жаңа ғана Рүстем мен Нұрматтың айтысында Абай мен Жамбылды рухани тұрғыда байланыстырған әдемі жолдар айтылды. Бұл іс-шараны санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырдық. Айтыскерлер келесі айтыста залда ине шаншитын орын қалмасын деген жақсы тілектерін айтып жатты. Лайым солай болсын. Өйткені әулиеаталықтар айтысты жақсы көреді. Нұрмат ақын айтыста айтылған өлең шумақтары індетке қарсы вакцина болсын деп игі тілегін де жеткізіп жатты. Солай болсын деп тілейміз. Айтыстың үлкен жанашыры Жүсін Ерманға, күллі қазақ қадірлейтін Асанәлі Әшімовке, Алтынбек Қоразбаевқа арнайы келіп қазылар алқасының құрамынан табылғандары үшін зор алғыс айтамын. Айтысқа жас таланттардың келіп қосылып жатқаны шын қуантты. Олар бүгін кәдімгідей тәжірибе жинады. Болашақта қазақтың өнерін дамытуға күш салатын оларға Құдай қуат берсін»,-деді Бердібек Машбекұлы өз ойын түйіндеп. Ал облыс әкімі тапсырған бас жүлдені (2 миллион теңге) Алматы қаласының атынан қатысқан (Жуалы ауданының тумасы) Қанат Мырзахан қанжығасына байлады. Іс-шара соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жақында ғана Мәдениет саласының үздігі төсбелгісін иеленген Айтмұханбет Исақовқа төсбелгісін салтанатты түрде тапсырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support