- Advertisement -

Ұлы жыраудың шөбересі Мұратхан Жамбыловпен кездесу өтті

284

- Advertisement -

ХХ ғасырдың Гомері атанған әйгілі ақын, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі Жамбылтану орталығында жалғасын тапты. Іс-шараға жүз жыл жырлаған жүрек иесі Жамбыл Жабаевтың шөбересі Мұратхан Жамбылов арнайы келіп, жамбылдықтармен жүздесті.

Кездесуге жиналған жұртшылық алдымен Жамбыл Жабаевтың өмірі мен өнерінен сыр шерткен деректі фильмді тамашалады. Бұдан соң айтыскер ақын Дидар Апбасов мәртебелі мейманның алдында арнауын айтып, қошеметке бөленді. Кейіннен Мұратхан Жамбыловпен бірге жүздесуге келгендер Жамбыл Жабаевқа арналған көрмемен танысты. Іс-шараны ардагер журналист, қаламгер Қалыбек Атжан жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Жамбыл Жабаевтың айтыс әлеміндегі орны, шығармашылығы, өмірі туралы кеңінен толғанды. Одан соң облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз алып, ұлы тұлғаның жалғасы Мұратхан Жамбыловқа Тараз төріне арнайы ат басын бұрғаны үшін алғысын білдірді.

Басқосуда сөз сөйлеген жазушы-драматург Елен Әлімжан Жамбыл мұрасы ешқашан өлмейтінін тілге тиек етті. «Жамбыл деген сөзді біз апа, ана сөздері секілді әбден естіп өстік. Сондықтан ұлы тұлғаның аты біз үшін қай кезде де ыстық» деді ол өз сөзінде. Бұдан кейін ардагер журналист Байтанғали Төлентаев Жамбыл бабаның рухына арналған арнауын оқып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Кейіннен сөз алған Мұратхан Жамбылов: «Қақаған қыс кезінде дүниеге келген баба есімін неге Жамбыл деп қойғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Қазақта «әруақты жерден ат үркеді» деген сөз бар. Қасиетті Жамбыл топырағында қаншама әулиелер туған. Бабамыздың атымен аталған өңірдің халқына   амандық тілеймін»,-деп ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ ол Жамбыл Жабаевқа қатысты мазмұнды естеліктер айтып, жиналғандарды тебірентті.

Соңыра Жамбыл Жабаевтың тағы бір шөбересі Бекмұрат Жамбылов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ұйымдастырушы тарапқа алғысын айтты. «Жамбыл бабамыз тоқсаннан асқан кезінде де жыр жүйрігі болғанын ел жақсы біледі. Ол жыр оқығанда хатшыларының өзі жазып үлгере алмаған деседі. Мені бабамның жырларымен әкем таныстырып, баулыған. Сол кезде бабаның мақамдарын да үйреніп алғанмын»,-деген ол әрі қарай Жамбыл Жабаевтың мақамына салып «Алатаудан, Арқадан, ақындарым келіпсің» деп әуелете жөнелді. Бекмұраттың өнеріне разы болғандар қошеметтерін аямады. Бұдан соң филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Сейсекүл Исматова Жамбыл Жабаев пен Сауытбек ақын арасындағы байланысты кеңінен әңгімелеп берді. Басқосу барысында өзге де азаматтар ойларын ортаға салды. Жалпы алғанда тәлімі мол кездесу көптің көңілінен шыққаны анық.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support