- Advertisement -

Біз қандай кезеңдерден өттік? (1995-1996 жылдар) Жылымық кезеңнің жақсы нышандары аз болған жоқ

259

- Advertisement -

1995  жылдың басы елеулі оқиғадан басталды. 4 қаңтарда Шу қаласына Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Жаңа жылдың алғашқы күндері Арыс-Шу темір жолының аралығында электрлендірудің аяқталуына байланысты салтанатты жиынға қатысқан Нұрсұлтан Әбішұлы экономикалық қиындықтарға қарамастан, жаңа жолмен дамуда Қазақстан алға адымдай беретіндігін айтты. 582 шақырымдық темір жолды электрлендіру, бұл – шын мәнінде үлкен оқиға. Алматы темір жолының үлкен табысымен құттықтаған Елбасы республиканың Оңтүстік және Солтүстік аймақтарын байланыстыратын магистральді электрлендіру толық аяқталғанын мәлімдеді.

Кубадан қант құрағын алу сол кезде басталған

Әйтсе де, ауыл шаруашылығында жаңа экономикалық қатынастарға көшу барысында орын алған келеңсіздіктер өңіріміздің дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. Осылай, 1995 жылы облыстың қант зауыттарына шикізат бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз түсті. Бұл жағдай кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеуіне кедергі еді. Осындай жағдайдан шығу үшін «Қант» акционерлік қоғамы алыстағы Кубадан қант құрағын алуға келісім-шарт жасады. Осы жылдарда мекеме басшылары тауар айырбастау (бартер) әдісін де пайдаланып, мәселен, «Жамбыл былғары аяқ киім» АҚ «Қарағанды көмір» бірлестігіне өнімдерін беріп, олардан көмір алуға уағдаласты. Қолма-қол ақша төлемесе де, мұндай әдіс екі жаққа да тиімді болғанға ұқсайды.

Дегенмен, облысымыздағы өнеркәсіп орындарындағы жақсылық нышандары да аз болмай, 1996 жылдың 25 қазанындағы мәліметке сәйкес, Ақбақай кен байыту комбинаты аталған жылдың 9 айында 1320 килограмм алтын өндіріп, 1995 жылмен салыстырғандағы өсу қарқыны – 120 пайызға жеткен. Мемлекетке өнім өткізуден 1995 жылғы 9 айда акционерлік қоғамға 323 миллион 390 мың теңге түссе, 1996 жылғы осы мерзімге түскен қаржы 532 миллион 648 мың теңгені құраған. Тоғыз ай ішінде акционерлік қоғам 51 миллион 322 мың теңге таза пайда тапқан. Республика Президенті Н.Назарбаев елімізде жыл сайын 20 тонна алтын өндірілетіндігін айтқан болатын. Осы міндетті орындауға үлес қосуда Ақбақай кен байыту комбинаты үлкен жұмыстар атқарды. Мұнда жаңа австралиялық технологиямен жабдықталған алтын балқыту зауыты салынуы жоспарланды.

Жалпы, 1996  жылы облыста реформаларды тереңдету және экономикалық дағдарыстан шығу жөнінде едәуір іс-шаралар қабылданды. Бірқатар кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып, өздерінің қаржылық жағдайын жөндей бастады. Инфляцияның орташа айлық деңгейі жыл басындағы 4,8 пайыздан жыл соңында 1,9 пайызға төмендеді. Тұтас алғанда, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 17,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді, бұл 1995  жылғы деңгейдің 97,5 пайызын құрайды. Барлық аудандар және Жаңатас, Қаратау қалалары өндіріс көлемін біршама ұлғайтты. Мән беретін жайт ретінде аталған Қаратау және Жаңатас қалаларының бірінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс он төртінші сессиясында, аудандық мәндегі қалалар қатарына жатқызылып, тиісінше, Талас және Сарысу аудандарының құрамына енгізілгендігін айтуға болады.

Бірінші шақырылған облыстық мәслихат Тараз атауын қайтару туралы ұсыныс жасады

Осыған орай, облысымыздағы ономастика саласында орын алған оң өзгерістерді атап өтсек. Бірінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының он бірінші сессиясында облыс орталығы – Жамбыл қаласының атын Тараз қаласы етіп өзгерту туралы ұсыныс беруге шешім қабылданды. Бұл кезде Жамбылда көше аттарына жаңа атаулар беру басталып та кеткен болатын. Осылай, Киров және Карл Маркс көшелері арасындағы Северная көшесі тарихи терең тамырымызды еске салу мақсатымен Рим көшесі болып аталды. Жібек жолы өтетін ежелгі сүрлеу орнындағы Октябрьдің 60 жылдығы көшесіне ежелгі атауы қайтарылды. Карл Маркс көшесі бұрынғыдай  Қапал көшесі аталса, Көк базар мен мал базарын жалғастырып жатқан  Фурманов көшесі ескі атына сәйкес Көшеней көшесі болып қайтадан аталатын болды. Халқымыздың ардақтылары Жүсіп Баласағұни, Қыдырғали Жалаири, Мұхаммед Хайдар Дулати бабаларымыздың есімдері Щербаков, Свердлов, Луначарский көшелеріне берілді. Қалалық атқару комитетінің шешімімен мөлтек аудандар бұдан былай реттік санымен емес, тиісінше «Ақбұлақ», «Қаратау», «Жайлау», «Салтанат», «Қарасу», «Талас», «Самал», «Алатау», «Мыңбұлақ», «Аса», «Жансая» деп аталатын болды. 1995  жылдың 25 сәуірінде Жамбыл облысы әкімінің «Қаратау қаласының, Жуалы, Қордай, Меркі, Свердлов және Шу аудандарының бірқатар елді мекендерінің, колхоздарының, ауылдық кеңестері мен мектептерінің аттарын өзгерту» туралы қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес: Қаратау қаласындағы А.Гайдар атындағы орта мектеп Д.А.Қонаев атына, Жуалы ауданы, Ақтөбе ауылдық әкімшілігіндегі «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы орта мектеп Т.Тастандиев атына өзгертілді. Қордай ауданы Георгиевка селосы Қордай ауылы болып, «Калинин» атындағы колхоз «Сұлутөр» агробірлестігіне, «Коммунистік» колхозының аты «Бянху» агробірлестігі, Меркі ауданы «Киров» селосы «Аққайнар» ауылына, «Қызыл ту» селосы «Тескентоған» ауылына, Свердлов ауданы «Политотдел» ауылы «Көктал» ауылына, Шу ауданы, «Коммунизм» колхозы «Төле би» атындағы агробірлестікке, «Ленин » атындағы совхоз «Кемер» агробірлестігіне, «Новый путь» совхозы «Жаңа жол» агробірлестігіне, «Ақтөбе» колхозы «Балуан Шолақ» атындағы агробірлестікке, «Калинин» атындағы колхоз «Баласағұн» атындағы агробірлестікке өзгертілуі және Мойынқұм ауданындағы Аманкелді агробірлестігінің екінші бөлімшесінің атын Қызылотау ауылы етіп өзгерту және Қызылотау ауылдық округін құру туралы сұраным-ұсыныс Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетіне жіберілді. Бірінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттары жиналысының алтыншы сессиясында Мойынқұм ауданының Фурманов ауылдық округінің атын Мойынқұм ауылдық округі етіп өзгерту туралы Шешім қабылданды.

Үш ел Президенті Таразда Тұрар Рысқұловтың ескерткішін ашты 

1995  жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан, Қырғыз елі және Өзбекстан мемлекетаралық кеңесінің мәжілісіне қатысу үшін Жамбылға Президенттер Асқар Ақаев пен Ислам Каримов келді. Жергілікті әуежайда оларды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жылы шыраймен қарсы алды. Бұл сапардың бір есте қалар сәт – осы күні бүкіл түркі халқының көсемдерінің бірі, қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың Тараз қаласындағы ескерткішінің салтанатты лентасын үш елдің Президенттері қиғаны еді.

Басқосуда Тұрар Рысқұловтың  үш елдің ғана емес бүкіл түркі халқының мүддесі үшін күрескен тұлға екендігі айтылды. Осы кездесуден кейінгі 1995 жылы тағы бір есте қалған елеулі оқиға – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылдың 20 желтоқсандағы Свердлов ауданына Байзақтың атын беру туралы Жарлығы еді. Біраз жыл бұрын «Байзақ датқа» қорының бастамасымен батырға ескерткіш орнату ісі қолға алынған болатын. Елбасының Жарлығы бұл істі жеделдетті. Қызыл граниттен қашалып жасалған ескерткіш аудан орталығы – Сарыкемерге кіреберісте орнатылды. Ескерткішті ашу салтанатына облыс, аудан басшылары, тұрғындар қатысты.

Баба есімі қайта жаңғырғаны қуанышты жайт, әрине. Әйтсе де, кейбір жағдайда біз Колпаковский мен Кауфманның немесе Скобелев пен Гродековтың «жақсы» жақтарына мән бере отырып, көп жағдайда осылардан озбырлық көрген өз ата-бабаларымыз туралы «ұмытып» қала береміз. Гродеков сияқтылардың «саясатының» осы күнге дейін әсерлі болып келе жатқандығы сондықтан да болса керек. Айтар болсақ, мәселен, Головачевка елді мекені «Айша бибі» атына ауыстырылса, Гродеков елді мекені әлі мызғымай тұрғаны ойландырады.

Ал, тапшылық кезеңдегі болмай тұрмайтын басбұзарлықты ауыздықтау мақсатында, 1994 жылғы 9 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Заңдылық және құқық тәртібін нығайту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қаулысын орындаудың жай-күйі және 1993-1995 жылдарға арналған өңірдегі қылмыспен күрес  және құқық тәртібін қамтамасыз етудің шұғыл шараларының бағдарламасының орындалу барысын, сол кездегі облыс прокуроры Ә. К.Мәмбетовтың 1995 жылдың 11  сәуірінде, Жамбыл облыстық мәслихаттың бесінші сессиясында жасаған  баяндамасынан байқауға болады. Онда халық  депуттары облыстық Кеңесінің ХVІІ сессиясының қаулысымен бекітілген Жамбыл облысының 1993-1995  жылдарға арналған қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін нығайтудың бірінші кезектегі шаралары бағдарламасында ұйымдық және практикалық шаралардың кешені қаланғаны айтылады. Ары қарай: «Облыс прокуратурасы басқа да құқық қорғау, жергілікті өкілетті және атқарушы органдармен бірлесе отырып, нақты жұмыстар атқарды. Өткен жылы бірқатар қылмыскер топтың және олардың жетекшілерінің іс-әрекеті әшкереленді. Бірқатар бандиттік шабуыл, қасақана кісі өлтіру, басқа да ауыр қылмыс жасаған 25 ірі топқа қатысушылар қылмыстық  жауапкершілікке тартылды, олардың 10-ы ең ауыр жазаға кесілді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бопсалаушылар фактісі екі есе көп ашылып, ол бойынша 78 іс қозғалды. Оның 52-сі сотқа жолданды. Банк  жүйесінің, салық инспекцияларының, құқық қорғау және атқарушы органдардың лауазым иелеріне пара алғаны үшін  18 іс қозғалып,  олардың 11-і сотқа өтті. 1250 aдам мемлекеттік және қоғамдық мүлікті талан-таражға салғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы қолданылған шаралар оң нәтижеге бастағаны анық. Өткен жылы қылмыс 16,1 пайызға кеміді. Мұндай кему Мойынқұм және Сарысу аудандарынан басқа барлық аймақта болып отыр. Ауыр қылмыс түрлері 29 пайыз қысқарды. Қасақана кісі өлтіру 35 пайыз, қарақшылық шабуыл жасау тең жартысына қысқарды. Соған қарамастан облыста қылмыстың дәрежесі жоғары күйде қалып отыр. 1994 жылдың басынан бері облыс прокуратурасы мыңнан астам тексеру жүргізіп, осы арқылы 1700 заңды бұзу фактісі анықтады, 300 наразылық білдіріп, 160 ұсыныс енгізді. Мемлекетке 3 миллионнан астам теңге, 520 мың АҚШ доллары қайтарылды. Тәртіптік, әкімшіліктік, материалдық жауапкершілікке 400 лауазым иесі тартылды.

1995 жылдың өзінде лауазым иелері мен экономикалық сала бойынша 10 қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру мәселелері бойынша прокуратура органдары жүргізген тексерулерде 324 заң бұзушылық анықталып, 200 наразылық білдірілді, 40 ұсыныс енгізілді. 64 oсындай ұсыныс бойынша заңсыз жекешелендірілген миллион теңгеден астам мүлік мемлекетке қайтарылды, тәртіптік, әкімшіліктік және материалдық жауапкершілікке 47 лауазым иесі тартылды. Ал сауда-саттық шарттардың негізсіз деп танылуы туралы төрелік сотқа 13 талап жолданып, 3 қылмыстық іс қозғалған. Облыстың банк жүйелерінде де елеулі кемшіліктері орын алған. Олар кредит ресурстарын мақсатымен пайдаланбау фактілеріне жол берген. Прокурорлардың бастамасымен бірқатар банк басшыларына тәртіптік шара қолданылып, мемлекетке 46 миллион теңге қайтарылды. Мұндай қылмыстық көріністердің орын алуы, біздіңше, ұлттық банктің облыстық  басқармасының  тиісті банктік бақылауды жүргізбегендігінен болып отыр. Экономикалық мүмкіндікке едәуір әсер ететін жағымсыз іс сыртқы экономикалық қызметте де анықталды. Түрлі тәртіп бұзушылық бойынша осы саладан 76 лауазым иесі жауапкершілікке тартылды. Мемлекетке 31 миллионнан астам теңге және 210 мың АҚШ доллары мөлшерінде шығын келтірілді. Әлі де болса, кедендік тәртіп бұзушылықтың жолын кесу тиімділігі жеткілікті емес. Республикадан тыс жерлерге өнімдер мен шикізаттарды лицензиясыз тасымалдаудың жолын кесу кеден және ішкі істер органдарының арнайы бөлімдерінің міндеті. Облыста мемлекеттік өкімет және басқару органдарының лауазымды қызметкерлерінің кәсіпкерлік қызметті заңсыз бірлесе атқаруы әлі де тыйылмай отыр. Бұл өз кезегінде мемлекет қаржысын коммерциялық құрылымдарға өткізуге қолайлы жағдай туғызады. Өткен жылы прокурордың талабы бойынша 16 лауазым иесінің қосымша қызметі, облыс бойынша барлығы мемлекеттік кәсіпорындар жанынан құрылған 84 коммерциялық құрылым жойылды»,- деп жазылған.

Байқап қарасақ, прокуратура органдары анықтаған тәртіп бұзушылықтың ауқымы кең, қоғамға тигізер әсері де өте қауіпті. Тиісінше, заңдылықтың орындалуын, тергеу мен айғақтаудың сапасын, сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды жетілдіру жұмысының да нақты жолға қойылғаны көрініп тұр.

Өтпелі кезеңде қалт-құлт күн кешкен облысымыздың медицина саласындағы жағдай 1996 жылдың ақпанындағы ақпарат бойынша әлі де күрделі қалпында болған. Төмен жалақы, оның өзінің кешіктіріліп берілуі, тозығы жеткен жабдықтар, дәрі-дәрмектердің жетімсіздігі өте қолайсыз жағдай тудырды. Соның салдарынан көптеген дәрігерлер өз мамандығы бойынша жұмыстарын тастап, табыс табатын жұмыстарға, сауда-саттыққа ауысқан. Мұның өзі жаңа проблемалардың туындауына себеп болғандығы анық.Нәтижесінде тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар, жекелеген дәрігердің қызметіне қанағаттанбаушылық көбейген. Әсіресе, бюджеттік жетімсіздік, соның салдарынан денсаулық сақтау саласының қажеттіліктеріне бөлінетін қаржының тапшылығы – туберкулез, жүйке және онкологиялық аурулардың күрт артуына әкелген. Сондай-ақ, нашақорлықтың алғашқы нышандарына шалдыққандардың саны арта түскен. Жоғары органдарға дәрігерлер тарапынан жаңа туған балалар мен босанған аналардың тағдырына немқұрайлылықпен қараудың сорақы фактілері туралы дабылдар көбейген. Бұл шағымдардың мұқият тексеріліп, кінәлілердің айыбын мойнына қою мәселесі де сөзбұйдаға салынған. Міне, осы фактілер халық денсаулығын қорғау сияқты аса маңызды салада орын алып отырған жағдайды айқын сипаттайды және оны түзеу үшін шұғыл шаралар қолдану қажет екендігін көрсетіп тұр. Бұл мәселелердің барлығы 1995 жылдың аяғында болып өткен медицина қызметкерлерінің облыстық мәжілісінде жан-жақты талқыланып, жұмысты түбегейлі жақсарту жөнінде нақты шаралар белгіленген еді. Алайда, салада орын алған кемшіліктер бұдан кейін де жойылған жоқ. Жамбыл қаласының барлық емдеу мекемелерінде жүргізілген тексеру барысы бөлінген қаржыны дұрыс пайдаланбау түріндегі кемшіліктердің басын ашып берді. Облыстық денсаулық сақтау департаменті алқасының қорытынды мәжілісінде оның бастығы М.Т.Сейдуманов сала бойынша өткен жылғы атқарылған жұмыстарды талдай келіп, қол жеткен игілікті нышандарға да тоқталды.  Денсаулық сақтау саласын реформалау бағдарламасындағы маңызды міндеттердің бірі – оны бюджеттік қамсыздандыру жүйесіне көшіру болып табылады десек, бұл міндеттің ауқымында аса қысқа мерзім ішінде емдеу, алдын-алу мекемелерін лицензиялау және аккредитациялау, дәрігерлік қызметтердің ақылы бағасын қалыптастыруды да айқындап, медициналық сақтандыру және экономикалық байланыстар мәселелері бойынша проблемалық орталықтар жұмысын жандандыру қажеттігі де айтылды.

1996  жылдың 14 тамызында облыстық нәрестелерді қорғау орталығы ашылды

 Біртіндеп, осындай қиыншылықтарды еңсере бастаған медицина саласында 1996   жылдың 14 тамызында, №2 аналарды босандыру емханасы негізінде, облыстық нәрестелерді қорғау орталығы ашылды. Аталған мекеменің қажеттілігі анық-ақ еді. Себебі, кез-келген өркениетті мемлекетте ана мен бала тағдырына айрықша көңіл бөлу, аялау, қиын сәттерде қол ұшын беру әлдеқашан-ақ дәстүрге айналған. Өкінішке қарай, бізде оған өтпелі кезең ауыртпалықтары қолбайлау болды. Облысымызда жүкті әйелдердің 60-70 пайызының ауру-сырқаулы болуы салдарынан нәрестелердің 13-15 пайызы түрлі ауруларға ұшырады.Әрине, ашылған перинатальдық орталық осынау проблемаларды шешуге септігін тигізетіндігі белгілі. Мұнда «жоғары қауіптілік» тобына жататын жүкті және босанған аналар мен сәбилерге кешенді медициналық көмек көрсетілетін.

1995 жылы жоғары оқу орындарына қабылдау сынағы тестілеу жүйесіне ауысты

Сонымен қатар, осы тұста өмірге енген тесттік сынақ қалай өткізілді? Болашақ мамандарды студент қатарына іріктеп алу үрдісі ендігі жерде қалай жүргізілмек? Міне, осы және басқа да түйткілді мәселелерге жауап берер болсақ, сынақтың мұндай тәсілін енгізу біздің республикамызда екі кезеңде іске асырылды. 1994 жылғы оқу жылында Алматы қаласындағы 11 жоғары оқу орнында сынақ республикалық әдістемелік орталық бекіткен  тәсіл бойынша өткізілсе, барлық қалған оқу орындары мұндай сынақты өз үлгілері бойынша жүргізеді. Ал 1995 жылдан бастап еліміздегі барлық оқу орындары мұндай сынақты республикалық әдістемелік орталық бекіткен үлгі бойынша бір күнде, бір сағатта өткізді. Сынақтан өтетін талапкерлерге ұсынылған тест жинағы – кішкене кітапша түрінде. Оған талапкерлердің таңдаған мамандығына байланысты жалпы білім беретін мектептің бес пәніне қатысты сұрақтар тобы кірді. Әр сұрақтың тұсында бірнеше болжалды жауаптары да тізілді. Сынақтан өтушінің алдында сол жауаптардың дұрысын табу міндеті тұрады. Бұл жерде тест жинағына кіретін бес пәннің әр қайсынан 25 сұрақ берілетінін ескерсек, жинақтың барлығы 125 сұрақтан тұратынын көреміз. Ал әр сұрақ төңірегінде жұмыс істеуге 2 минут шамасында ғана уақыт беріледі. Демек, сынаққа бөлінетін барлық уақыт 4 сағат қана.

Әрине, кезінде оқуға қабылдаудың мұндай тәсілінің көптеген артықшылықтары бар екендігі туралы: «бұл тәсіл талапкердің білімімен қатар біліктілігін де, логикалық ойлау жүйесінің артық-кемшілігін де айқындауға көп көмек бере алады», – деп көрсетілді. Кейінірек, бұл жаңа тәсілді сынаушылар да аз болған жоқ. Дегенмен, жаңа жүйенің оқуға қабылдау кезіндегі кездесіп тұратын тамыр-таныстық пен парақорлық сияқты әлеуметтік келеңсіз жағдайларды бәсеңдетуге өз үлесін қосып келе жатқандығы анық.

Қайрат Рысқұлбековке Халық қаһарманы атағы берілді

1996  жылдың айтулы оқиғаларының бірі ретінде, осы жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1986-  жылғы Желтоқсан көтерілісінің батыры, Мойынқұм топырағының ұланы Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың (марқұм) «Халық Қаһарманы» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын Жұлдызбен» наградталғандығын айта аламыз.

Ал, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік алғанымызға бес жыл толу мерекесі мен Желтоқсан оқиғасының он жылдығы аталып өтті. Осы мерекеге орай Қайрат Рысқұлбеков есімі берілген саябақ алдында Желтоқсан батырына ескерткіш орнатылды.

1996  жылғы қуанышты оқиғалар қатарына «Тараз» командасының ел чемпионы болуын қосуға болады. «Тараз» командасы өз алаңындағы маусымның соңғы ойынын 5  қарашада Өскеменнің «Востогіне» қарсы өткізді.  Ойын тартысты, шиеленісті өтті. Ойынның екінші таймның екінші жартысында Азамат Ниязымбетовтың алыстан соққан голы тараздықтарға жеңіс әкелді. Осылай, чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда «Тараз» республика чемпионы атанды. Сонымен, Тәуелсіз Қазақстанның  мерекелік бесінші чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алған «Тараз» футболшылары ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы тойланған мерейлі жылы жерлестеріне үлкен сый тарту етті.

Сейдахан Бақторазов,

М.Х.Дулати  атындағы

  Тараз өңірлік университетінің  профессоры, 

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

 зерттеу орталығының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support