«Мен үшін мәдениет амандасудан басталады»

12

Ахметжан ӨЗБЕКОВ,

Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің

халықаралық одағының облыстық филиалының төрағасы,

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану»

орталығы директорының орынбасары:

«Мен үшін мәдениет амандасудан басталады»

– Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған республикалық айтысқа былтыр іріктеуден өткендер қатыспақ. Бұған басқа ақындар ренжімейді ме? Карантинге олар кінәлі емес қой…

– Былтырғы болуы тиіс айтысқа іріктеуді шалғай ауылдар, одан аудан, қала, облыс көлемінде өткізіп, республикалық додаға қатысатындарды анықтағанбыз. Карантинге байланысты ол айтыс өтпей қалды. Биыл осы айтыстың дүбірі естіле бастағанда Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығына айтыскер ақындарды жинап, арнайы кеңес өткіздік. Сондағы ақындардың өзара келісімі осылай болды. Сол кезде Олимпиада ойындары уақытында өтпей қалғанымен, жолдама алған спортшылардың лицензиясы сақталғаны да айтылды. Сол секілді ақындардың өз ұсыныстары бойынша осындай келісімге келдік.

– Бұл айтыста кімдер қазылар алқасы құрамынан табылмақ? Қазылар алқасының құрамын бекіту мәселесіне қандай критерийлер тұрғысынан келдіңіздер?

– Қазылар құрамын айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның келісімімен бекіттік. Айтыс өнері тек суырып-салмалық қана емес, домбыра тарту мен мақам үндестігі, сахна мәдениеті деген секілді дүниелерге де қарап бағаланады ғой. Сондықтан да атамұра өнеріміз айтысқа әр саланың мамандары баға береді. Қазылар айтыс тарихы мен теориясын жақсы білуі керек. Ең бастысы, осы бабалардан мирас болған өнерді жан-тәнімен жақсы көріп, жанашыр боп жүрген елге белгілі тұлғалардан жасақталады.

– Кейбіреулер кезінде сізді белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның айтыстағы шумақтарын өңдеп беріп жүретін деген әңгімені айтады. Сол қаншалықты рас?

– Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Ел алдына шығу оңай шаруа емес. Сахнаның жүгі мен жауапкершілігі өте ауыр. Кезінде ұстазым Серік Қалиев, Шорабек Айдаров, Айтмұханбет ағаларыма өлеңімді тексертіп, талай мәрте түзетіп, артық-кем жерін күзетіп алатынмын. Қазір де жас ақындар жөн сұраса, оларға аманат ретінде қарап, ақыл-көмегімді аямаймын. Айнұрдың да талай айтыстарына ой көмегімді бергенмін. Ол да маған «Мына шумағың осал, ана шумағыңның мына жерін былай өзгертсең қалай болады?» деп талай көмектескені есімде. Бұл рас сөз. Бір-бірімізге деген көмегіміз болған.

– Әлеуметтік желілерге жазған өлеңдеріңізді салып тұрасыз. Сол өлеңдеріңіздің көркем шындығына көңіліңіз тола ма?

– Өтірікке ұқсайтын шындықтарым көп болғанымен, өнерде де, өмірде де өтірік айтпаймын. Былтыр жазда әлеуметтік желіге бір өлеңімді жариялаған болатынмын. Бір күні телефоныма Болат Бекжанов ағамыз (марқұм) қоңырау шалып, «Ахметжан, сенің өлеңіңді оқып, қатты риза болдым. Әсіресе:
Толған айдың тақалғанда ай-күні,
Аспанның да әбіржиді айдыны.
Бақ пен бақыт бас қосқанда толғатып,
Дүниеге әкеледі қайғыны, – деген жолың сұмдық екен. Өз басым бұлай жаза алмаймын», – деп тұр. Бірақ шумақты толық емес, соңғы екі жолын бұзбай, сол күйі айтты да, қоя салды. Бұл өлеңнің басында және «Мұраттар мен мақсаттардың бәрінің мұңға барып тіреледі аяғы» деген екі жолды да мысал еткен. Шынын айтайын, қуандым. Кейін қайтыс болғанда бардым ғой, менің сол өлеңімді қатты науқастанып жүргенде оқыған болуы керек. Асыл ағаның сол сөзі құлағымда әлі тұр. Оқырман дұрыс түсінсе екен, менің жазғандарым Болат ағаның шығармаларының алдында баланың ойыншығындай ғана шығар, бірақ ағаның сол сөздері мені қатты ойландырды.
Ақселеу Сейдімбек ағамыздың «Шектен шыққан ақымақ адам болмаса, әркім өз шамасын біледі» деген әдемі сөзі бар. Сол сияқты тұтынушы білмесе де, өндіруші өз тауарының сапасын білуі керек. Менің өлеңдерімде поэтикалық көркемдік, ойды образбен киіндіру сияқты талаптардан кемшілік көптеп табылуы мүмкін. Бірақ өтіріктің бір тамшысы да жоқ. Көзіммен көріп, жүрегімнің сүзгісінен өтпеген нәрселерді жазбаймын. Қуаныш пен мұңды қолдан жасауға талпынбаймын. Табиғатты да, адамды да Алла жаратқан өз орнында танып, жазуға тырысамын. Өлең деген қашан ұшып-қонатыны белгісіз ғайыптың құсы. Өтірік қосқан адам басқа зиянын былай қойғанда, өтірік түс көруі мүмкін.

– Республикалық поэзия фестивалі өтпеген Жамбыл жерінде айтыс өтеді де жатады, бұл дұрыс па?

– Биыл ұлы жырау Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуімен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздің барлық аймағында осы мерейтойдың кең көлемде тойлануын тапсырды. Оның үстіне облысымыз Жамбыл ақынның атында болған соң, бұл айтыстың өтуі дұрыс деп ойлаймын. Енді поэзия фестиваліне келетін болсақ, алдымен поэзия фестивалі өтіп, сосын ғана айтыс болуы керек деген қағиданы еш жерден оқымаппын. Былтыр «Nūr Otan» партиясының жанынан құрылған «Мирас» кеңесінің ақын-жазушылармен өткізген кезекті отырысында мен осы тақырыпты қозғаған болатынмын. Хамит Есаман бастаған біраз ақын қатысты. Ішінде өзің де барсың. Сондағы айтқан сөзімді еске түсіріп көрейін. Т. Қожекеев: «Сатира мен анекдоттың бір-біріне ұқсайтын бір жері бар да, ұқсамайтын тағы бір жері бар» деген болатын. Ұқсайтын жері – екеуі де елді күлдіруге бағытталған. Ұқсамайтын жері – анекдот отбасы– ошақ қасында қалады да, сатира әлемдік деңгейге көтеріледі». Сол айтпақшы, айтыс пен поэзияның ұқсайтын жері бар да, ұқсамайтын жері бар. Ұқсайтын жері – екеуі де елдің мұңын айтуға бағытталған. Ұқсамайтын жері – айтыс тек ұлт шеңберінде қалады да, поэзия әлемдік деңгейге көтеріле алады. Мүмкін болса біз жазба поэзияға көп көңіл бөліп, мүшәйра, жыр кештерін ұйымдастырайық деген болатынмын. Әлі де сол ойдамын.
Орайы келіп тұрғанда тағы айта кетейін, мен поэзия фестивалінің де, жыр мүшәйраларының да елімізде жиі ұйымдастырылып тұрғанын қолдаймын. Жиындарда соны мәселе ретінде қозғап та жүрмін. Керек десеңіз, ұйымдастырып та жүрмін, әлі де ұйымдастыра беремін.
Мысалы, жыл сайын ораза айында «Дін – ғылымның анасы» атты мүшәйраны мешітпен бірігіп ұйымдастырып келемін. Үкіметтің қаржысына емес, жеке демеушілер көмегімен, Алла қаласа биыл да ұйымдастырамын. Кезінде оның бір бәйгесін Хамит Есаман, бір бәйгесін Үміт Битенова, арғы жылғы бәйгесін ақын Елдар Боранбек алған болатын.

– Жазба ақынсыз ба, әлде айтыскер ме?

– «Ақынмын деп мен қалай айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым». Бұл Аспантаудың алдаспаны атанған Мұқағали Мақатаевтың өлеңі. Алапат туындыларды дүниеге әкелген Мұқағали өзін ақынмын деп айтпағанда, мен қалай ақынмын деп айта алуым мүмкін? Жалпы кітапты жақсы оқитын қазақтың қатарынанмын. Сондықтан өзімді жақсы оқырманмын деп анық айта аламын. Ал жариялап жүрген өлеңіме келер болсақ, менікі «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендей деңгей ғой.
Баяғыда бір қария шылым шегіп тұрған немересін ұстап алып, аямай жазалапты да, былай шыға ойланып: «Қой, қай адам жетіскеннен шылым шегуші еді, мүмкін бір үлкен қайғысы бар шығар», – деп қайтып келіп: «Балам, енді ұрыспаймын, ұрмаймын да, неге темекі шектің айтшы?» десе: «Ата, ішкеннен кейін, шеккің де келеді екен» депті. Сол сияқты оқығаннан кейін жазғың да келеді екен.

– Сіздіңше көркем әдебиет қандай болуы керек?

– Адамның жаны ну орман сияқты. Оның болмыс-бітіміне ешқандай ғылым әдебиет секілді еркін кіре алмайды. Кеуденің көлеңкелі тұстарына сиқырлы сөз ғана сәуле түсіреді. Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзі жан-жақты кемел тұжырым. Меніңше көркем әдебиет арлы болуы керек қой. Атақты шығармалар жазған алыптардың бәрі де аласұрып ақиқатты ғана іздеген деген пікірдемін. Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасындағы» Раскольников та, Толстойдың «Отец Сергийіндегі» әулие әкей Сергий де өз жанына араша іздеген өз қоғамындағы ғаріп кейіпкерлер. Абай да, Мұқағали да Алланы танып, адамды сүйіп, жүректерге әдебиет арқылы ізгілік дәнін себуге ұмтылған әулиелер деп түсінемін. Қазақ атам мұндайды, «Аузы бөлек болғанмен, айтатын тілегі бір» дейді.

– Кейде халтурщиктер де өздерін ақын деп жатады. Айналаңызда халтурщиктер бар ма, жоқ па? Болса оларға «Сен халтурщиксің» деп айтып па едіңіз?

– Қалталылар қымбатын, арзанын ақшасы аздар алады дегендей, базардың жаймасында тұрған заттардың бәрінің өз алымсағы болады. Бірақ барлығы керек қой. Сол сияқты осалдарының да өз тыңдармандары болады. Шынымды айтсам мен «халтурщиктің» қандай болатынын білмейді екенмін. Әркімнің өзіне шақтап берілген қабілеті мен білімі бар. Оларға «Біз ғана мықтымыз, сендер елдің миын ашытып, талғамын бұзасыңдар, бұларыңды қойыңдар!» деп қалай айтасың? Осалдар болмаса біз мықтыны қалай өлшеп танимыз? Биік таудың шыңы мен етегі болады. Төменгі саласы болмаса шың аспанда салбырап тұрмайды ғой. Қорыта айтқанда, майда тасы мен ірі тасы біріккенде ғана тау құралады. Ақындықтың аспаны кең, бәріміз сыямыз. Сондықтан ешкімге де сен «халтурщиксің» деуге қақым жоқ деп ойлаймын.

– Станиславский театр киім ілгіштен басталатынын айтады. Сіздіңше мәдениет неден басталады?

– Әдебиет – адамның ішкі жан дүниесі болса, мәдениет – адамның сыртқы сипаты. Әдебиетті жан десек, мәдениетті тән деуге келетін шығар. Құранда жазылған бойынша қарасақ, Адам атаны Алла тағала топырақтан жасап болып, тәніне жан үрлегеннен кейін құлағына «Ассалаумағалейкум!» деп сәлемдескен. Адам атамыздың Жаратқанымыздан ең алғаш естіген сөзі осы болғандықтан, мен үшін мәдениет амандасудан басталады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ.

 

Comments are closed.