- Advertisement -

«Мен композитор емеспін… Бірақ әндерім бар»

187

- Advertisement -

Ғани МӘТЕБАЕВ,

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі,

ҚР Мәдениет саласының үздігі:

«Мен композитор емеспін… Бірақ әндерім бар»

– Бір сұхбатыңызда «Композитор емеспін, ән құрастырушымын» депсіз. Осының мағынасын қалай түсінуге болады?

– Ме н ком п о з и т о р л а р д ы « Ту м а композиторлар», «Сауатты композиторлар» деп екі топқа бөлемін. Тума талантқа ән тылсым бір күштің әсерімен құйылып келеді. Содан тамаша әндер туады. Бірақ түптің түбінде әннің құйылып келуі тоқтайды. Осы кезде композиторға білім, сауаттылық қажет болады. Бірақ өкінішке қарай, олардың көбісінің білімі жетпей, орта жолда қалып кетеді. Сөйтіп, «Пәленше оқымаса да керемет ән жазып жүр», «Пәленше оқымаса да керемет әнші» деп айтады жұрт. Мен оларға: «Дұрыс, пәленше – керемет композитор. Оқымағанның өзінде сондай. Ал сол адам сауатты болса, өмірге қандай әндер келуі мүмкін екенін ойладыңдар ма?» – деймін. Мәселен, марқұм Кеңес Дүйсекеев ағамызда тума талант та, музыкалық сауат та болды. Нәтижесінде халыққа қандай керемет, қайталанбас туындылар тарту етті.

Ал өзіме келсем, композитор емеспін. Б і р а қ ә н д е р і м б а р . Ә н н і ң ж а з ы л у формасын білемін. Буындарын есептеп шығарамын. Маған ән құйылып түспейді. Жоғарыдағы сұрағыңда айтылғандай, әнді құрастырамын. Құрастыру формасын білемін. Кейбір өнерпаздар санасына құйылып түскен тамаша әннің «Ана жерін өзгерт, мына жерін ауыстырсақ» деп, жақсы әннің парша-паршасын шығарып жатады. Сондықтан тума таланттар оқыса, сауатты болса, небір ғажап әндер өмірге келетін еді деп есептеймін.

– Сіздің әншілігіңізді көпшілік жоғары бағалайды. Дегенмен Шәмшінің «Дүнген қызы» әні ыңғайыңызға дөп келді. Содан ба Қордайдың Масаншы, Сортөбе ауылдарындағы дүнген ұлтының өкілдері де әндеріңізді сүйіп тыңдайтын көрінеді. Әсіресе сіздің орындауыңыздағы «Дүнген қызына» сұраныс көп деп естідім. Мұны әйгілі әнші Сәуле Жанпейісова бір сұхбатында айтқаны бар. Есіңізде ме?

– Иә, мұндай сипаттағы әңгімелерді естігенмін. Мен Шәмшінің «Дүнген қызы» әнінің алғашқы орындаушысымын. Бұл әнді Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылының тұрғындарына шырқап бергенім бар. Бірақ Қордайдың Масаншы, Сортөбе ауылдарына концерттік бағдарламамен бармағанмын. Әрине, сәті түсіп жатса, қордайлықтардың алдында да «Дүнген қызын» орындап беруге әзірмін. Сәуле әпкеміздің де айтып отырғаны осындай тілек шығар. Әнші болған соң барша көрерменге өнер көрсетуге дайын болуымыз қажет. Дайынбыз. Жалпы, Жалпақтөбедегі дүнген бауырларымыз Шәмші Қалдаяқовты ерекше құрметтейді. Олардың тойларында талай қонақта болдым. Ол жердегі дүнген аталар, апалар менімен қазақша сөйлеседі. Үлкен қариялары: «Балам, өнерің өркендесін!» – деп бата береді. Рашид Бәкіров деген дүнген ұлтының белсенді ақсақалы мені баласындай көретін.

Бұл жерде басын ашып айтатын бір мәселе бар. Шәмші дүнгеннің қызына ғашық болмаған. Сол қонақжай халықтың арасында жүрген соң, олардан көп жақсылық, құрмет көрген. Содан «Сыйға –сый, сыраға –бал» дегендей, дүнгендерге деген құрметін, ризашылығын білдіргісі келіп, соны әнмен жеткізген. Ән халық үшін де, дүнген ұлты үшін де қадірлі болған дүнген қызына арналған. Сөзін Сабырхан Асанов ағамыз жазды. Әннің сөзі мен сазы үндесіп, ғажайып туынды өмірге келген. Бұл бір халықтың құрметіне жауап ән болып жазылған секілді. Шәмші атамыз орыс, неміс халқынан сондай құрмет көрсе, оларға да мәңгілікке өшпейтін, тозбайтын ән қалдырар еді. Сондай құрметке дүнген бауырлар ие болып отыр. Мұның өзі – бір тарих. Бұл әннің өміршең екендігі анық.

«Айгүл Иманбаева жайып жібереді деп ойламадым»

– Өткен жылдың соңында «Қазақстан» ұлттық арнасынан берілетін «Егіз-лебіз» шоу- бағдарламасында қазылар алқасының тұрақты төрайымы, әнші Айгүл Иманбаеваның «Әлеуметтік желіге жамбылдық әнші досымыз Ғани Мәтебаев: «Аясаң, аяма!» – деп жазыпты» деп жалпақ жұртқа бір дүниені жариялап жібергені бар. Әңгіме не туралы еді?..

– Ол сәт «Егіз — лебіз» шоу-байқауының жартылай финалы болатын. Жүзден жүйрік шыққан кілең үздіктер қалған кез. Кімнің өнері озық екенін анықтау қазыларға да қиын соға бастаған сәт. Сондай уақытта қазылар құрамында отырған белгілі әнші, өнердегі досым Мейрамбек Бесбаевтың жеке чатына «Досым, аясаң, аяма!» – деп жазып жібергенмін. Оның барша тыңдарманға, барша қазақ еліне айтылып кететінін білмедім. Мен «ешкімнің қабағына қарама, әділ шеш, ешкімді аяма» деген ойды айтқым келген еді. Кейде өнерпаздың көңіліне қарас аң, оның кейбір кемшіліктері білінбей кетеді. Жалпы, көрерменге байқалмаған кемшілік кәсіби маманға байқалып тұрады. Сондай сәтте шын жүйрікті бағала дегенім ғой. Содан Мейрамбектен «Аямадым» деген жауап келді. Одан кейін де Айгүл Иманбаева мен Мейрамбек Бесбаев маған хабарласып, пікірімді сұрап отырды. Мен өз ойымды айттым. Менің ойым олардың шешімімен 90 пайыз сәйкес келді. Сөйтіп, бір әншінің жекесіне жазған екі ауыз сөзім бірталай жерді шулатты. Әлеуметтік желінің қандай әлеуетке ие екенін осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар.

– Ән байқауларына қатыспайды екенсіз. Бұл не? Әнді қадірлеу ме, шығармашылық ізденіске деген адалдық па?

– Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Қазіргі уақытта ешқандай байқауға қатыспайтыным рас. Байқауға қатысатын уақыт болады деп есептеймін. Мен де талай байқауларда бақ сынағанмын. Шәмшінің ырғақты әні «Дүнген қызымен» Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқауға қатысып, жүлдегер атанғаным бар. Ха лықара лық «Шабыт» фестивалінде де өнер көрсеткенмін. Байқаудың өнерпазға кері әсер ететін жері бар. Кейбір өнерпаз «Мен пәлен деген байқаудан бас жүлде алдым ғой. Ел неге маған құрмет көрсетпейді?» деп күпсініп жүреді. Бұл өнерпазды бұзатын қасиет. Керісінше, еш байқаудан жүлде алмаса да, елдің ең сүйікті әншісіне айналып кететіндер жеткілікті. Сондықтан бойдағы талантты байқаудан алған бәйгемен өлшеуге болмайды. Өз басым соңғы 20 жылдан бері ешқандай ән байқауында бақ сынаған емеспін. Енді алдағы уақытта да ән сайыстарында жүлдеге таласатын ойым жоқ. Өнерімді дамытудың басқа мүмкіндіктерін қалт жібермесем деп жүрмін.

«Сол 1 сәуір ұмытылмайды»

– Ғанеке, мына сұрақ сізге ауыр ма, жеңіл ме білмей отырмын. 2012 жылдың 1 сәуірі – күлкі күні қарсаңында облыстық «Арай» жастар газеті бірінші беттен бадырайтып «Ғани Мәтебаев үйленді» деп ақпарат таратып, соңына қалыңдығының есімі кім екенін табу үшін оқырманға жасырып, шешуін халыққа қалдырған еді. Бұл әзіл үшін әзірленген жалған ақпарат болатын. Сіз сол сәтте қандай күйде болдыңыз?

– Бұл жағдайдың маған жеңілдеу соққаны, мәселеден мен хабардар болып отырдым. Аталған газеттің сол кездегі бас редакторы Оралхан Дәуіт: «1 сәуірге оқырмандарымызға бір ерекше тарту болсын. «Ғани Мәтебаев үйленді» деп ақпарат таратайын. Өкпелеп қалмайсың ба?» – деп келісімімді алған. Бірақ процесс жүріп берген кезде жағдай ушығып кете жаздады ғой. Біз көпшілікті бұлай шулатамыз деп ойламаған едік. Қаншама кісілер ауылға, әке-шешеме хабарласып, құттықтаған. Сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеұлының маған қоңырау шалып: «Ғани, құсың құтты болсын! Сенің ауылыңа беташарға шығайын деп тұрмын», – деп хабарласқаны қызық болды. «Келіннің» аты- жөні жасырынған бос торкөздерге неше түрлі әнші қыздардың атын жазған оқырмандар болды. «Арайдың» келесі нөмірінде «Сіз алдандыңыз» деген жауап жазылғанда барып, оқырман бұл ақпараттың әзілге құрылғанын түсінді. Менің де телефоным тынышталды. Сол 1 сәуір ұмытылмайды.

– Сол кездегі жалған ақпарат қашан шын ақпаратқа айналады?

– Сәті келгенде. Көп уақыт қалмаған шығар. Бұйрық білетін нәрсе ғой.

– Сіз жайлы қызық оқиғалар аз емес. Олардың біразы Әлібек Әмзеұлына қатысты айтылады. Сол жағдайларды өзіңізден естісек…

– Әрине, майын тамызып айтып беруге болады. Әлекең облыстық мәдениет басқармасын басқарып тұрған кезде, туған жері Талас ауданының Көшек ауылында жаңа клуб салынып, облыстық филармониядағы «Алатау» ансамблі концерт қоюға бардық. Көшек дегеніңіз Тараз қаласынан 170 шақырым қашық жердегі ауыл екен. Жолы ол кезде өте нашар еді (қазір жөнделіпті). Содан әлгі шұрық-тесік жолмен өкпе — бауырымыз алқымымызға келіп, Көшекке әрең жеттік. Сол кезде: «Әлекең (Әлібек Әмзеұлы) айдаладан келіп, адам болған екен- ау», – деп әзіл айтып жібергенім бар. Отыз тістен шыққан сөз отыз мың адамға жайылып кете береді екен. Бұл сөз басқарма басшысының құлағына да жетеді. Көп ұзамай бір концертте кездескенде Әлекең: «Бала, бері кел. Сен мен жайлы не деп жүрсің, ә? Ұрыспайын десем «айдаладан келіпті» депсің, ұрысайын десем, «адам болған екен» деп аяқтапсың. Саған не істесем екен осы?» – деп қалжыңдады. Арада екі- үш ай өткенде Көшек ауылына тағы барып концерт бердік. Басқарма басшысы да сол жерде. Айналайын ауыл халқы әнді керемет тыңдап, қадіріңді біледі. Содан концерт барысында әнімді айтып болып, кетейін деп жатсам, «Ғани, сәл тоқтай тұр», – деп сахнаға Әлібек Әмзеұлы шықты. Жерлестеріне қарап: «Мынау баланың не деп жүргенін білесіздер ме? «Әмзеев айдаладан келіп адам болыпты» депті. Осы балаға не істерімді білмей, ойланып жүр едім. Бүгін бір шешімге келдім. Бұл балаға сіздердің алдарыңызда шапан жауып, құрмет көрсетейін», – деп шапан жауып, құрмет көрсеткені бар.

«Футбол достыққа жол ашты»

– Індеттің ізі шықпай тұрған кезде әншілер арасында шағын футболдан турнирлер өтіп тұрушы еді. Осы іс-шараларда белсенділігіңізді байқадық. Әлі де футбол ойнап тұрасыз ба?

– Бұл футбол додасын алғаш алматылық әншілер бастады. Олардың жиналып, өзара ойнай бастағанына біз қызықтық. Оларға Алматы қаласының әкімдігі қолдау білдіріп, жеке бапкер жалдап, жаттыға бастады. Бұл жағдай бізге де ой салды. Тараздық әншілер жиналып, кішігірім дайындықтар жасап жүрдік. Содан Қайсар Көкішев екеуміз алматылықтарға шығып, оларды жолдастық кездесуге шақырдық. Алматы қаласы мен тараздық әншілердің арасындағы жолдастық кездесу «Тараз» футбол клубының стадионында өткенінен көпшілік хабардар. Бұл жамбылдықтар үшін үлкен жаңалық болды. Әншейінде «Әншілер спорттан алшақ, микрофон ұстағаннан басқаны білмейді» деген пікірлер айтылады ғой. Осы жолдастық кездесу сондай негізсіз сөздерге де жақсы жауап болды. Содан соң біз өз облысымызда жолдастық кездесулерді жалғастырдық. Сарысу ауданы әкімдігімен, «Эмвей» компаниясының өкілдерімен, айтыскер ақындармен жақсы, тартысқа толы ойындар өткіздік. Біздің бұл бастаманы өңір айтыскерлері жалғап әкетіп, «Ақынға керек көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты облыс арасындағы турнирлерін екі-үш жыл қатарынан өткізді. Алдағы уақытта Алматы қаласындағы әріптестерімізбен екінші кездесу өткізу ойымызда бар. Мына індет бір жайлы болса, оның да сәті келер. Бірақ ол жолы жеңіске жету үшін тер төгетініміз анық. Жалпы, футбол ойыны көп адамдармен достыққа жол ашты.

– Соңғы уақытта қырғыздың әндерін көбірек айтып жүрсіз. Қырғыз еліне концерттік сапармен көп бардыңыз. Себебі неде?

– Ашығын айтайын, маған қырғыздың әншілері, қырғыздың әндері өте ұнайды. Мелодиялық құрылымдары қандай әсерлі десеңізші! Содан Эльмирбек Иманәлиевтің «Бұлбұлым» деген әнін тыңдап, орындай бастадым. Жақсы ән. Бірақ екі дауыста айтылса мұнан да әсерлі болар деп ойлап, әнші Оңал Азаматоваға қолқа салдым. Дуэтке ол кісі де келісе кетті. Екеуміздің орындауымыздағы ән өте сәтті шықты. «Бұлбұлымды» Оңал Азаматова екеуміз қырғыз елінде өткен бір концертте орындадық. Айыр қалпақты ағайындар ұзақ қол соғып, жібермей, үлкен құрмет көрсетті. Біз ондай ықыласты көп уақыттан бері көрмей кеткен едік. Шынайы көңілмен соққан шапалақтары толқытты. Тіпті олар: «Қырғызша таза айтып тұрсыңдар. Аз уақытта мұнша деңгейде қалай меңгергенсіңдер?» – деп таңғалды. Мендегі бір өкініш осы әнді Эльмирбек марқұмның өзіне тыңдата алмадым. Әлде әлеуметтік желі арқылы тыңдады ма екен деп ойлап қоямын. Қалай болғанда да бұл қырғыз ағайындарға ұнаған керемет ән болды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support