- Advertisement -

Бірлесе білген ел бәрін жеңеді

57

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың онлайн форматта халыққа есеп беру кездесуі өтті. Есеп беру кездесуі жергілікті телеарналар, облыс әкімдігінің сайтында, инстаграм, фейсбук және ютуб ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді. Сондай-ақ өңір басшысы тікелей эфир кезінде әлеуметтік желілер, 109 қысқа нөмірі бойынша Сall орталыққа және Skype қосымшасы арқылы түскен облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Алдымен Бердібек Машбекұлы облыстың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы қысқаша әңгімелеп берді. Мемлекет басшысы қолдауымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының аясында жергілікті билік халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толығыменен орындады. «Біздің кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің қиындыққа, дағдарысқа, індетке қарамастан істеген жұмыстарының нәтижесінде 2020 жылы өңірдің ішкі өнімі былтырғы жылменен салыстырғанда 2,2 пайызға өсті. Барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғарылаған. Республиканың көрсеткіштерінен төмен емес. Өткен жылы кәсіпорындардың шығарған өнімі жарты триллион теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы саласының өнімі де 5,3 пайызға жоғарылаған», – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Былтыр бізде жаңа экономикалық сала пайда болды. Ол – фармацевтика саласы. Қазір індетке байланысты үш фармацевтика өнімдерін шығаратын кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың өткен жылғы шығарған өнімдері 2019 жылменен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Енді осы қарқынды сақтай отырып, биыл ең кем дегенде 2,6 миллиард фармацевтикалық өнім шығару басты міндет болып тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес індетті тезірек тоқтату мақсатында Отар елді мекенінде биофарм зауыты салынып жатыр. Оған мемлекеттік бюджеттен қосымша 8 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша оның құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Сәуір айында ол зауыттан 50 мың дозалық вакцина шығарылады. Жалпы бұл зауыттың қуаттылығы жылына 30 миллионнан 60 миллионға дейін доза шығару. Ол жерде негізінен ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері жұмыс істейді. Оларға жағдай жасау үшін Үкіметтің қолдауымен 60 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Маусымға дейін тағы қосымша екі 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Яғни 180 пәтерлік үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар спорт және мәдениет кешендері салынатын болады.

Елбасымыз егемендік алған күннен бастап Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуды үнемі айтып келеді. Яғни осы салада жұмыс істейтін қазақстандықтардың санын ең кемінде 30 пайызға жеткізу қажет. Былтыр бұл тапсырма 22 пайызға орындалды. Қазіргі таңда аймақта 70 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеуде. Олар 126 мың адамды жұмыспен қамтыған. Шығарылған өнім көлемі жарты триллион теңгені құрайды. Биыл осы салада жұмыс істейтін жамбылдықтардың санын 23 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Экономиканы дамытудағы облыстың басты тірегінің бірі – «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы. Бұл корпорация аймақтағы 2 мыңнан астам нысандармен бірлесіп жұмыс істеуде. Былтыр корпорация кәсіпорындар мен шаруашылықтарға 13 миллиард теңгенің көмегін көрсетті. 15 мыңдай адам осы корпорацияның қолдауына ие болды. Мұндағы негізгі мақсаттардың бірі баға бағамына байланысты құрылған тұрақтандыру қорын ары қарай дамыту. Яғни қолдауды, көмекті қажет ететін көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға арзан бағамен азық-түлікті сатып алуды қамтамасыз етеді. Бұл мақсатта 15 әлеуметтік дүкен ашуды жоспарлап, оның 13-і ашылды. Ол жерде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары төмен бағамен өткерілуде. Ол жерде жұмыс істейтіндер де аз қамтылған, көпбалалы отбасының мүшелері.

Енді ауыл шаруашылығын диверсификациялау мәселесі. Қазір дағдарысқа байланысты қандай өнімдерге сұраныс бар? Олардың бағалары қалай? Мысалы, Жамбыл облысында биыл бірінші рет 980 гектар алқапқа рапс орналастырылды. Ендігі мақсат –көкөніс, бақшаны дамыту. Өңірдің бұрыннан даңқы шыққан өзіндік өнімдері бар. Ол Қазақстанда ғана емес, бұрын одаққа әйгілі болған алма, картобымыз, пиязымыз бен сарымсағымыз. Соған көңіл бөліп, қосымша сұранысқа ие өнімдерді шығаруға күш салуымыз қажет. Рапсқа қосымша сояны, мақсарыны көбейту керек.

«Одан кейін соңғы кездері бал өндіру мәселесін шындап қолға алып отырмыз. Меркі балының қандай сұранысқа ие екенін жақсы білесіздер. Осы бал шаруашылығына үлкен үміт артып отырмыз. Оларға жергілікті бюджеттен субсидия төлейміз. Былтыр 1200 тонна бал шығарылса, енді оны 1500 тоннаға жеткізу мақсаты тұр. Біздің өңір таулы аймақ болып есептеледі. Бастауын таудан алатын 22 өзен анықталған. Енді сол өзендерде форель балықтарын өсіруге болады. Қазір Алматының ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сол 22 тау өзендерін кәсіпкерлерге беріп, форель балығын өсіріп, аулау және адамдардың демалатын орындар ұйымдастыру көзделген. Мұндай орталық Қордай ауданының Сортөбе ауылында бар. Одан кейін Жамбыл ауданында қолға алынуда», – деді Бердібек Сапарбаев.

Ауыл шаруашылығы үшін ең үлкен мәселенің бірі – суармалы және пайдаланылмай жатқан жерлерді тиімді пайдалану. Одан кейінгі мақсат суармалы жерлерді көбейту. Кеңес одағы кезінде Жамбыл облысында 210 мың гектар суармалы алқап болған. Қазір 172 мың гектар суармалы алқапты пайдаланып отырмыз. Былтыр 55 мың гектар қосылды, биыл 50 мың гектар жерді қосу керек. Ол үшін өңіріміздің су балансы жасалуда. Басты мақсат – жердің асты-үстіндегі суларды тиімді пайдалану. Біздің өңірде қанша су ұңғымасы болған? Солар қазір жұмыс істей ме? Осыны анықтап, ол ұңғымалардың астында қанша су қоры бар, оны қалай пайдалануға болады, міне, осыған болжам жасау қажет.

Келесі мәселе – тұқым. Былтырдан бері бұл мәселені қолға алып жатырмыз. Негізінен элиталы бірінші, екінші сұрыпты тұқымды себу керек. Төртінші, бесінші сортты тұқымды себуді тоқтатын уақыт келді. Ол алдын ала жоспарлы түрде өнімді аз алу деген сөз.

Жерді құнарландыру мақсатында мемлекет шаруаларға тыңайтқыштың 50 пайызын тегін береді, қалған 50 пайызын күзде егін жинағаннан кейін төлеуге мүмкіндік берілген. Барлық шаруа қожалықтарын осы тыңайтқышты пайдалануға ұсынамыз.

Облыста қолдағы бар техниканың 70 пайызының жұмыс істеп жатқанына кемі 30- 40 жыл болған. Былтыр «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 100-ге жуық техника алынды. «Сарыарқа Автопром» компаниясымен жұмыс істеу арқылы ескі тракторларды оларға алғашқы жарна ретінде өткізіп, 5 жылға лизинг жүйесімен жаңа трактор алуда. Біз осы компаниямен біріккен кәсіпорын құрдық.

Дәл осындай жұмыс мал шаруашылығы саласында да жүргізілуде. Мал жайылымдары мен шабындықтарды көбейту керек. Ол үшін орман қорының пайдаланылмай жатқан жерлерін пайдаланған жөн. Былтыр ол жұмыс басталды, биыл жалғасын табады. 2019 жылы ауылда тұратын халықтың табысын көбейту жөнінде қанатқақты жоба басталған болатын. Қазір оның бірінші кезеңі аяқталды. Көрсеткіші жаман емес. 11 ауылда тұратын тұрғындардың табысы артты. Екінші ол жердегі жұмыссыздардың өзін-өзі қамтуынан жұмыссыздар саны азайды. Жоба аясында үй іргесіндегі жер телімдері игерілді. Қазір жобаны ары қарай жалғастыру турасында үкіметке ұсыныс бердік. Көптеген ауыл тұрғындарынан да «осы жобаға енген елді мекендердің санын көбейтсек» деген ұсыныстар түсіп жатыр. Енді тиісті министрлік өкілдері қанатқақты жобаға енген ауылдарды зерделеу жұмыстарын жүргізген соң Үкімет отырысында қаралатын болады.

«Ирригациялық жүйелер туралы айтатын болсақ, арықтарды, канал, лотоктарды тазалау, жөндеу жұмыстары ары қарай жалғасады. 2019 жылы механикалық отряд құрылған. Бұл да облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған. Өте дұрыс. Біз ол жұмысты да ары қарай жалғастырамыз. Тараз қаласында 8 канал, 2 дренаж бар. Былтыр оларды тазалау жұмыстарын бастадық. 180 миллион теңге бөлінді. Таразда 51 километр лоток бар, соның 21 шақырымы жөнделді. Оған 300 миллионнан астам теңге бөлінді. Біздің мақсат – арық, каналдарды жөндеу арқылы суармалы алқаптарды көбейту», – деді есептік жиында Б. Сапарбаев.

Тағы бір келелі мәселенің біреуі – тұрғын үй. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандыққа қолайлы өмір сүру жағдайын жасау керек деген болатын. Бірінші кезекте тұрғын үймен қамту қажет. Өткен жылы 670 мың шаршы метр тұрғын үй салу мақсат етілсе, биыл 700 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. 880 жамбылдық тұрғын жалдамалы тұрғын үйден пәтер алды. Енді биыл оны мың адамға жеткізу мақсаты тұр. Тұрғын үй кезегінде 32 мың адам бар. 2446 пәтер пайдалануға берілді. Бұл әлі де аз. Сондықтан инфрақұрылым жүргізу ісіне әлі де кәсіпкерлерді, компаниялар мен ірі өнеркәсіп орындарын тарту керек.

Қазақстанда алғашқы болып «Асарлатын үй салу» жобасы Жамбыл жерінде қолға алынды. Былтыр осы жобамен 98 үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек былтыр 1300 километр жол жөнделді. Осылайша Жамбыл облысы жол жөндеу бойынша республикада алдыңғы орынға шықты. Биыл 1000 километр жол салынады. Бұл бойынша жергілікті әкімдік Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуде. Енді жол салуда жаңа технологияны қолдану керек.

«Жасыратыны жоқ, қоғамдық көлік жөнінде түйіткілді мәселе бар. Электронды билетті енгізудегі мақсатымыз бекерден- бекер емес. Бәрі ашық болуы керек. Таза болуы тиіс. 100 пайыз билеттендіру керек. Қанша ақша түскенін, қайда кетіп жатқанын қадағалаймыз. Автобустардың жағдайы да көптің алаңдаушылығын туғызуда. Өткен жылы 100 автобус сатып алу жоспарланған. Бірақ ол іске аспай қалды. Биыл 100 автобус сатып алуды қайта жоспарлаудамыз», – дейді облыс әкімі.

Халықты газбен, ауызсумен қамту былтыр 82 пайызды құрады. Ендігі мақсат – биыл ауызсумен қамтуды – 88, газды 85 пайызға жеткізу. Былтыр бірінші рет 45 елді мекенге газ берілді. Қордай ауданында 22 елді мекен газбен қамтылды.

Балама энергия көздерін пайдалану, яғни жел, күн, су арқылы энергия қуатын өндіру облыста жақсы жолға қойылған. Солардың көмегімен 318 мегаватт электр энергиясы өндірілді. Ол Қазақстанда өндіріліп жатқан энергияның 20 пайызын құрайды. Бұл жағынан да Жамбыл облысы Қазақстанда алдыңғы қатарда. Биылғы мақсат сол көрсеткішті 3849 мегаватқа жеткізу. Бұл бойынша қажетті жобалар бар. Қаржы салатын инвесторлар да табылған.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі – халықты жұмыспен қамту. «Жұмыспен қамту жол картасы», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және тағы да басқа бағдарламаларға 77 мыңға жуық жамбылдық қатысты. «Еңбек» бағдарламасымен өткен жылы 42 мың жұмыс орны ашылды. Оның 21 мыңы тұрақты жұмыс орны. Тұрғындардың табысын көбейтудің арқасында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың санын азайту керек. Бұл көрсеткіш 69 мыңға дейін азайтылды, енді биыл 65 мыңға дейін азайту көзделген. Оған жұмыс орындарын сақтап қалу арқылы қол жеткізуге болады.

Білім сапасын арттыру, колледж бен жоғары оқу орындарын бітіргендерді жұмыспен қамту да күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Індетке байланысты оқу методикасы өзгерді. Бүгінде оқушылардың 49 пайызы қашықтан, 51 пайызы дәстүрлі түрде оқытылуда. 22 нысанның құрылысы басталды. Оның 13-і былтыр пайдалануға берілді. Қалғанының құрылысы жалғасуда.

Мемлекет басшысы барлық мектептерді бейнебақылаумен қамтуды, әжетханаларын ішке кіргізуді тапсырған болатын. Бұл облыста былтыр толығымен орындалды. Сондай-ақ білім саласы өткен жылы 497 жас маманмен толықты.

Былтыр өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы орын алған еді. Жалпы өткен жылы індетке байланысты өткізілген іс-шараларға 11 миллиард теңге жұмсалды. Оның ішінде дәрі- дәрмек, құрал-жабдық, көлік сатып алу бар. Үкіметтің көмегінің нәтижесінде қазір 2 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Науқастар саны артып кеткен жағдайда 4300 төсек орны дайындалған. Т.Рысқұлов ауданындағы бұрынғы 200 орындық туберкулез ауруханасы, Тараз қаласында қосымша 180 орындық перзентхана ғимараты дайын тұр. Індетке шалдыққандар әзірге аз.

Дегенменде өңірде әлі де 257 дәрігер жетіспейді. Індеттің алдын алу мақсатында 183 маман даярланды.

« Ө ң і р д е г і м е д и ц и н а м е ке м е л е р і н дәрігерлермен қамтамасыз ету үшін Алматы мемлекеттік университетімен келісімшартқа тұрдық. Былтыр сол университеттің филиалы ашылды. Филиалға Жамбыл өңірінен барып университетте оқып жатқан 100 резидент тарттық. Олар оқуын №7 қалалық аурухана мен медколледж базасында өткізеді», – деді бұл жөнінде Бердібек Машбекұлы.

Аймақта бұқаралық спортты дамыту 32 пайызды құрады. Былтыр 13 жабық спорт нысаны, 92 спорт алаңы салынды. Енді 8-ін саламыз. Сөйтіп алдағы жылы бұқаралық спортпен айналысатын халықтың үлесін 35 пайызға жеткізу көзделген. Жастар арасындағы еріктілер жобасы әрі қарай жалғасын табады. Мәдениет және туризм саласында да оң жұмыстар атқарылуда.

Цифрландыруға байланысты барлық елді мекендерде интернет жүйесін енгізу, оның жылдамдығын арттыру мәселесі назарда тұр. Бұл бағытта тиісті министрліктермен жұмыстар істелуде.

«Біз Қазақстандағы ең көп ұлттың өкілі тұратын өңірдің біріміз. Ол үшін бейбітшілік келісім жобасы қолға алынды. Басқа ұлттың өкілдері шоғырланған 26 елді мекеннің әрқайсысының әлеуметтік паспорты жасалды. Өңірде қандай шешілмей жатқан мәселелер бар? Қандай мәселелер ертең наразылық туғызуы мүмкін? Міне, бұл паспортта осы мәселелер қамтылатын болады.

«Міне, ел Тәуелсіздігі бізге осындай үлкен сый жасап, дамуға кең жол ашты. Еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында осындай қыруар шаруа атқарылды. Алдағы уақытта да ынтымақ-бірлікпен жұмыс істейтін болсақ, биік межелерге қол жеткіземіз, халықтың тұрмысын жақсартамыз», – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беруге кірісті.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support