- Advertisement -

«Үркер» ұлттық сыйлығы иегерлерінің онлайн шеберханасы өтті

47

- Advertisement -

«Медиа дамыту қоры» журналистика саласындағы келелі мәселелерді көтеріп қана қоймай, игі шараның да ұйытқысы бола білді. Журналист мамандарын дайындайтын екі бірдей ұлттық университеттің басын қосып, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегерлерінің онлайн шеберханасын өткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева  «Әлемдік журналистер тәжірибесінде ұлттық мәртебелі сыйлық иегерлерінің шеберлік сағаттарын өткізу дәстүрін «Медиа дамыту қоры» сәтті пайдаланғанын еске салды. Мәселен, «Pulitzer Prize»  пулитцерліктер екі жылда бір Гонконг университетінде 10 күн бойы студенттерге шеберліктерін бөлісіп, арнайы жиналады. «SOPA  Awards» Азия елдері журналистері сыйлығы жеңімпаздары  да Гонконгта бас қосып, екі жылда бір студенттерге дәріс оқиды. Мұндай кездесудің болашақ мамандар мен жас журналистер үшін тәжірибе алаңы болатынын атап өтті. «Үркердің» онлайн шеберханасының ашылу салтанатында сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ журналистердің шеберлік сыныптары білім алушы жастарға берері көп тағылымды шара екендігін жеткізді. Сондай-ақ қазіргі журналистердің беделі мен мәртебесіне қатысты өткір ойларын ортаға салды.

«Үркердің» онлайн шеберханасында «Kyzylorda News.kz» порталының бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев репортаж жазу шеберлігімен бөлісіп, жас мамандарға 7 түрлі кеңес берді. Эксперимент жасау, драматургия заңдылығымен жазу, мақсатты түрде бақылау, детальдар табу, пунктир әдісін меңгеру, киноматографиялық тәсіл, бэкграундпен толықтырудың мысалдарын көрсетті. Н.Мықтыбаев пандемия кезінде жасаған сериялы репортаждары үшін «Үркер» ұлттық сыйлығын алған. Журналист жүлделі репортаждарында қолданған тәсілдерді кеңінен баяндап берді. «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Гүлбаршын Айтжанбайқызы сәтті сұқбат жасаудың қыр-сырын баяндады. Танымал ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтен сұқбат алу үшін 6 ай күткенін, қазақ тілді баспасөзге мойынсұнуға себеп болған сұрақ қою тәсілдеріне тоқталды. Тәжірибелі журналист Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен ағылшын, орыс тілдерінде  сұқбаттасқан. Онлайн кездесуде Г.Айтжанбайқызы сәтті сұқбат жасау үшін кейіпкерді ресмилік шеңберінен шығару, оның өзінен жасырған шындығын айтқызудағы журналистік әдістер туралы әңгімеледі. «Үркер» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанған басылымның бірі «Жұлдыз» журналы болатын. Аталмыш басылымнан жазушы Тұрысбек Сәукетаев болашақ тілшілерге бірқатар кеңестер берді. Ғасырлық мерейтойын келесі жылы атап өткелі отырған «Жұлдыз» журналының тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, қазақ публицистикасына қатысты мәселелерге тоқталды. «Үркердің» онлайн шеберханасында журналистиканың барлық саласының үздіктері әр аймақтан қосылып, шығармашылық ізденістері мен тәжірибесін ортаға салды.  «Atyray» радиосының аға редакторы Слухия Қаттарқызы пандемия кезіндегі журналистердің хабарларына тоқталды. Аймақтық радио болса да, әлемнің түкпір-түкпірімен байланысқа шығып, тікелей эфирде сұқбат құрудағы жетістіктерін сөз етті. Ғасырға жуық тарихы бар «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт басылымдағы аймақтың өткір мәселелеріне байланысты жазылған сыни мақалаларын таныстырды. Ресми сайт құрылымына, мазмұнын байытудағы редакция ұжымының жұмысын көпшілікке көрсетті. «Srtategy2050.kz» порталының бас редакторы Қайрат Жандыбаев «Үркер» ұлттық сыйлығын алған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабына жасаған лонгридтерімен таныстырды. Журналист лонгрид жасаудың тәсілдері мен принциптеріне тоқталып, аудиторияға өтімді ақпаратты дайындау шеберлігімен бөлісті. «Үркер» ұлттық сыйлығының онлайн шеберханасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист, Шерхан Мұртаза атындағы номинацияның иегері Қайнар Олжай қорытындылады. Танымал публицист журналистердің сауаттылығына байланысты кеңестер айтып, шығармашылық тәжірибесіндегі танымал тілшілердің жұмысынан мысалдар келтірді. Онлайн шеберханаға қатысқан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің деканы, профессор Сағатбек Медеубекұлы аталған шараның нәтижесі мен тиімділігіне ерекше тоқталды. «Медиа дамыту қорының» бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірлескен онлайн шеберханасына Қазақстанның бірнеше аймағынан талапкерлер, магистранттар мен докторанттар, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысты. Онлайн байланыстағы қатысушылар аталған шеберлік сағатының тәжірибе алмасуда маңызды екендігін айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support