- Advertisement -

Жер комиссиясының төрағасы өз туысқандарының 1366,5 гектар жер алуына көмектескен

71

- Advertisement -

Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жер қатынастары саласына мониторинг жүргізді. Жалпы алғанда жер мәселесі қашанда даулы ғой. Сондықтан бұл тексеру кезінде бірқатар кемшіліктердің анықталатынын о баста-ақ ішіміз сезген. Дегенмен де қолында билігі барлар жағдайды ұтымды пайдаланып, жерді туған-туыстарына «жеті шелпекше» таратып, заңның баптарын айналып өтіп, мейлінше молынан қарпып қалуға тырысқан ниеттерін байқағанда тіптен, түңіліп кеттік. Мұндайда қазақ атам «Сенген қойым сен болсаң…» деуші еді.

Сонымен «Қолдан келсе, қонышынан бас» демекші, аймақтағы жерге байланысты барлық мәліметтер қолында тұрған мекеме қызметкерлері «мүмкіндікті» мүлт жібермепті. Жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау, жер учаскесіне жер-кадастрлық құжаттаманы қалыптастыру, дайындау және беру, жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтіру жөніндегі жобаларды жасау, жергілікті жерде жер учаскелерінің шекараларын белгілеу, жер учаскелері және олардың субъектілері туралы деректер банкін жинақтау, өңдеу және жүргізу сияқты жұмыстармен айналысатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының қызметкерлері дәл осы мәселеде елде жоқ пысықтық танытыпты. Яғни мониторинг барысында Корпорация қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері иелігінде үлкен көлемде бірнеше жер учаскелерінің тіркелгендігі анықталған. Сонда облыстық филиалдың мамандары жер туралы ақпараттарды өз мүдделеріне тиімді пайдаланған болып тұр ғой. Әрине, біздің елде жер алуға, оны пайдалануға әркімнің де құқы бар. Бірақ бір мекеменің бірнеше қызметкерлерінің атында, олардың жақын туған-туыстарының атында мыңдаған, жүздеген гектар жердің тіркелуі сізді күдікті ойларға жетелемей ме?
Атап айтар болсақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жер кадастры басқарма басшысының орынбасары Т-ның атында Байзақ ауданында орналасқан 95,74 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері тіркелген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жер кадастры басқармасының бас сарапшы жерге орналастырушысы Д-ның иелігінде 1830,124 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері бар, оның ішінде Т.Рысқұлов ауданында 1744 және Жамбыл ауданында 86,124 гектар. Корпорациясының Жер кадастры басқармасының бас сарапшы жерге орналастырушысы Ж-ның иелігінде 305 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері бар, оның ішінде Жуалы ауданында 136 және Т.Рысқұлов ауданында 169 гектар. Осы басқарманың жетекші сарапшы жерге орналастырушысы Г-ның иелігінде Жамбыл ауданында 178 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері тіркеліпті. Корпорацияның Тараз қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге орналастырушы бас маманы А-ның отбасы мүшелерінің атында Тараз қаласында орналасқан 62,2 соттық жер учаскелері бар. Соның ішінде, қарындасы мен әйеліне Тараз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 24 мамырдағы №1110 және №1112 қаулыларымен 15,3 соттық жер учаскелері берілген. Осы бөлімнің жерге орналастырушы бас маманы М-ның отбасы мүшелерінің атында Тараз қаласында 80,52 және Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылдық округінде 20 соттық жер учаскелері бар.
Корпорацияның Байзақ ауданы бойынша жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге орналастырушы бас маманы Ж. отбасы мүшелерінің атында 568 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері рәсімделген. Талас, Шу, Жуалы, Жамбыл аудандары бойынша да корпорацияның бөлім қызметкерлері иемденіп алған ауыл шаруашылығы жерлері жетіп артылады.

Осылайша жалпы алғанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстағы мамандары меншігінде 13 мың гектар, яғни 300-ден аса жер учаскелері бар екен.

Сондай-ақ 2018 жылы 29 наурызда Жамбыл ауданындағы мемлекеттік жер қорынан берілетін жер учаскелеріне пайдалану құқығын беру бойынша конкурс өтті. Конкурсқа Жамбыл және Өрнек ауылдық округтерінде орналасқан 420 гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерін 10 жыл мерзімге пайдалану құқығын алу үшін, осы конкурсқа төрағалық жасап отырған жер комиссиясының төрағасы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасарының әйелі – азаматша Ш. өтінім білдіріп, қатысқан. Конкурс нәтижесінде ол жеңімпаз болып танылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Жер комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары 2006 жылдың 28 қарашасынан 2018 жылдың 2 сәуірі аралығында өзінің туысқандарына (анасы, әйелі және аға- інілеріне) 1366,5 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуға қолдау көрсеткен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары мұнымен аяқталмайтыны белгілі. Агенттік филиалының басшысы Равиль Төлебаевтың айтуынша, алдағы уақытта барлық аудандар қамтылатын көрінеді. Ал анықталған жайттар бойынша жер учаскелерін мемлекетке қайтару үшін жер инспекциясы мен жер қатынастары бөлімдері сотқа жүгінуде.

«Жерді алып, іске жаратты» деген көзбояушылық үшін құм төгіп, шарбақпен қоршап қоятындары қаншама. Бүгінде өңірде 150-ден астам жер учаскелері пайдаланылмай бос жатыр. Өкілетті органдар олардың кейбірін сотқа беруде. Бірақ заңның олқы тұстарын пайдаланып, айласын асыратындар көп. Сондықтан жерлерді түгел қайтару үшін Жер туралы Заңға өзгерістер енгізілгені жөн. Бау-бақша егеміз деген желеумен ауқымды гектарларды алып, кейіннен тұрғындарға жеке-жеке учаске ретінде бөліп сататындар да бар. Яғни ауыл шаруашылығына арналған жер есебінде аукционға салып, содан соң тұрғын үй салуға деп мақсатын өзгерте салады. Осындай оқиғалар кесірінен көпшілік егін егіп, мал бағуға жер таппай жүр», – деген Равиль Төлебаев қызмет барысында қонышынан басып, оп-оңай «олжаға» кенеліп, өзін былай қойғанда, туған-туыстарына дейін жермен қамтып тастаған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жерге қатысты өкілеттігін кері қайтару туралы ұсыныс тастап жатқандарын мәлімдеді.

П р е з и д е н т Қ а с ы м — Жо м а р т То қ а е в «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты халыққа Жолдауында «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп елдегі осы жайтқа айрықша назар аударып, жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті, нақты тапсырмалар жүктеді: «Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес». Президент осылай десе, облысымыздың әкімі Бердібек Сапарбаев та әр жиын сайын осы мәселені көтеріп, айтудай-ақ айтып келеді.

Ендеше Президенттің тапсырмасына пысқырмайтындар қарапайым халық емес, қолында билігі барлар болып тұр ғой. Сонда енді кімге сенеміз?

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support