- Advertisement -

Жыр алыбына белгі қойылса

104

- Advertisement -

Халықаралық Түркі академиясы ұлы жырау, дала данагөйінің туғанына 175 жыл толуына орай 2021 жылды «Жамбыл жылы» деп жариялады. Бұл түгел түркінің мақтанышы болған ұлан-ғайыр жыраудың бай мұрасы, бауырлас түркі елдерінің басын қосып, мөлдір бұлақтай сусындата беретінін көрсетіп отыр.

Кезінде облысымыздың орталығы Жамбыл қаласы болып аталған, қазіргі кезде облысымыз Жамбыл есімімен аталып отырғаны неліктен деп ойласақ, Жамбыл бабамыздың өзі:

Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел-үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Хан, Жамбылда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан,

– деп өзі айтқандай ол кісі қазіргі Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылының аумағында орналасқан Жамбыл тауының оңтүстік беткейіндегі «Талды» деген бұлақтың маңайында дүниеге келген.

Мұны біз есімізді біле бастаған бала кезімізде, көне көз қарияларымыз айтқан әңгімелерінен естігенбіз. Сол кезде ата-бабаларымыз, тіршілік көзі мал болғандықтан, малды айдап бағып, көшіп-қонып жүрген екен. Сондай бір кезекті көшу мезгілінде, түйенің қомында Жамбыл бабамыз дүниеге келген екен деп естідік.

Ал енді тау неге Жамбыл болып аталған десек, ескі моғол (монғол емес) тілінде «Жамбыл» деген сөз «қорған-қоршау» деген мағынаны білдіреді екен. Аталмыш тау, арғы жағы, бергі жағы биік тау сілемдері болып келеді. Баяғы сол жаугершілік заманда, жаудан қорғайтын қорған болғандықтан осылай атанған. Елімізге Жамбыл тауы жаудан қорғайтын қорған болған.

Жыр алыбы Жамбыл бабамыз біздің өңірде туған деп сырт елге мақтанамыз. Ал сол бабамыздың біздің аудан аумағында туғанын айғақтайтын ештеңенің болмауы ұят-ақ.

Менің айтайын дегенім, Жамбыл бабамыздың биылғы жылы аталып өтейін деп отырған 175 жылдығы қарсаңында осы жерге белгі – ескерткіш қойылса, өзімізден кейінгі ұрпаққа, елімізге келетін туристерге бір жақсы дүние болар еді. Ақын Тұрсынай Оразбаева Жамбыл жайлы:

Өмірі тұнған тарих,

Өнері жыр,

Жырымен көңілдерге себеді нұр.

Дарыны, даналығы дариядай,

Жиырмасыншы ғасырдың Гомері бұл! – демекші баба басына белгі қойсақ қазақтан шыққан Гомерімізге арналған үлгілі, ұлағатты іс болар еді.

 

Жамбыл ҚАЛЫБАЕВ,

Мойынқұм аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support