- Advertisement -

Әкімнің өтірігі әшкере болды

149

- Advertisement -

 

Жаңатас қаласындағы орталық қазандық 9-шы ақпан күні істен шығып, қыстың ортасында қала жылусыз қалған болатын. Жылыту маусымы басталмас бұрын қазандықтардың жай-күйі түгел пысықталып, қажетті отынмен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда бүгінгі күні «Жаңатас Су-жылу» мекемесі тығырыққа тіреліп отырған сыңайлы. Осы орайда облыс әкімдігінде жиын өтіп, мәселе жан-жақты қаралды.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтан маусымның басында мән-жайды сұрағанымда, мәселе жоқ, отын жеткілікті деп сендірген болатын. Баяндағанда бәрі жақсы сияқты, енді келіп бүкіл республикаға әйгілі болдық. Қайта, ауа райы жылы, ал -15, -20 градус аяз болса, көп қабатты үйлер, аурухана, балабақшалар қайтпек еді? Қаржы берілді, мазут алынды, ал нәтиже не болды? Жауапкершіліктің жоқтығы осындай жағдайға алып келеді», – деп жауапты басшыларды сөгіп, олардан жауап алды.

Салаға жауапты энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Құдайберген Қорғанбаев өз баяндамасында оқиғаның қалай орын алғанын, себептерін түсіндіруге тырысты. Жалпы облыстағы 4 қалада жылу энергиясын өндіретін 9 отын-қазандық бар, оның 8-де негізгі отын түрі – табиғи газ болса, Жаңатас жылу қазандығында – мазут отыны жағылады. Моно және шағын қалалардың орталық қазандықтарын тиісті отынмен қамтамасыз ету үшін жылыту маусымына қажетті 1 075,112 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде Жаңатас қаласының орталық қазандығына 10 608 тонна мазут сатып алуға – 691,2 миллион теңге бөлінген. Қазандықта сыйымдылығы 3500 текше метр болатын 3 резервуар бар.

Басқарма басшысы орталық қазандықты жоспарлы әлеуметтік мазутпен қамтамасыз ету үшін тапсырыс беруші Сарысу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен мердігер «Galaxy Petroleum» ЖШС арасында 2020 жылдың 1 қазанында келісімшарт жасалғанын, шартқа сәйкес, жыл соңына дейін 10 608 тонна мазутты толық жеткізу міндеттелгенін, алайда мердігер тарапынан келісімшарттың талаптары толығымен бұзылғанын хабарлады. Шартта көрсетілген міндеттемелер орындалмауына байланысты 165,352 миллион теңге бюджетке кері қайтарылып, 2021 жылға қайта жоспарланыпты. Дегенмен 2020 жылдың соңына дейін 7971 тонна мазут жеткізуге қаржы төленген болса, нақты жеткізілгені – 7 004 тоннаны құраған. Зерделеу барысында тапсырыс беруші 967 тонна жеткізілмеген мазутқа 60,6 миллион теңге төлем жасаған көрінеді.

«Жаңатас Су-жылу» МКК-ның күнделікті ұсынылатын жедел ақпараты бойынша 9 ақпанға 6 тәулікке жететін 438 тонна мазут қалған. 6-шы ақпан күні мердігер жеткізген 47,6 тонна сапасыз мазуттан нормадан артық конденсат көлемі анықталғанына қарамастан, мазут қабылданып, резервуарға құйылған. Соның салдарынан, 9 ақпан күні, сағат 20:00-де орталық қазандықта бу және су жылытқыш қазандарында технологиялық тоқтау орын алды. Қазандықтың жұмысын қалыпты жағдайға келтіру үшін 2 тәулік ішінде барлығы 733,4 тонна мазут жеткізіліпті.

9 -11 ақпан күндері аралығында қазандықта 8 рет қайта қосу процессі орын алған көрінеді. Резервуардағы су көлемінің азаймауына байланысты қазандықтар қайта тоқтаған. «Қазандықтың қайта өшулерінің екінші себебі резервуардың төменгі жағында орнатылған бумен жылыту радиаторларының тесілуі болуы мүмкін. Болжамға сәйкес, тесілген радиаторларынан шыққан бу конденсатқа айналу арқылы мазутқа су болып қосылып отырған.

Осыған байланысты резервуарға баратын құбыр желілері жылытылып, су араласқан сапасыз мазуттан тазартылды. Конденсатты болдырмау мақсатында мазутты резервуарға толық жібермей, қабылдау пункті арқылы сорғылардың күшімен тікелей қазандарға қарай жеткізу туралы мамандармен техникалық шешім қабылданды. Нәтижесінде, 11 ақпанда, сағат 18:35-те қазандық толық іске қосылды. Қазандықтың параметрлері қайта қалпына келтіріліп, температуралық ке стеге сәйке с жылудың берілуі қамтамасыз етілді», – дейді Құдайберген Қорғанбаев.

Бүгінгі күнге мазуттың тәуліктік шығыны 62 тоннаны құрайды, қазандықта 908 тонна мазут бар, бұл 14 тәулікке ғана жетеді. Мердігер ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін 1000 тонна, наурыз айында 1500 тонна мазутты жеткізуді жоспарлауда. Алайда орын алған жағдайға байланысты мердігерге толық сенімсіздік туындап, басқа жерлерден мазут жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Өңір басшысы басқарма жұмысының нашар екенін баса айтты.

Сондай-ақ жиында мазуттың тиімсіз пайдаланылып келгені туралы да мәселе көтерілді. Осы орайда «Қазір күн жылы. Неге күніне 50 тоннаның орнына 70 тонна мазут жағуы керек? Бұл ешкімнің отынды есептемейтінін аңғартады. Ауа райының өзгеруіне байланысты неге нормативті өзгертпейсіңдер? Күн жылыда мазутты да, көмірді де аз жағу керек деп неге ешкім айтпайды? Мемлекеттің ақшасы әкелеріңнің ақшасы ма?», – деген Бердібек Машбекұлы отын қоры жеткілікті деп жалған ақпарат берген аудан әкімі Бақытжан Жақсылықовты да сұрақтың астына алды. «Мазуттың 1 айлық қоры бар дедің, қайда сол қор?» – деп төтесінен қойылған сұраққа «мердігерді сотқа бердік», – дегеннен артық жауап айта алмаған Б.Жақсылықовқа облыс басшысы былай деді: «Аудан әкімі істеліп жатқан жұмыстар жөнінде өзінің сөзімен айта ала ма? Әлде тек жазып бергенді оқи бере ме? Сен ситуацияны білмейсің ғой деймін. Анаған жаздық, мынаған жаздық, тапсырма бердік дейсің. Нәтижесі қайда? Неге келген цистернадағы мазуттар лаборотория арқылы тексерілмеген. Тексеріліп барып, актіге қол қойылу керек. Мазуттың орнына су жағып, конденсаттар кесірінен барлық құрылғылар істен шығып қалса, не болады сонда? Басыңызбен жауап бересіз осының бәріне! Менің ойымша, бұл жерде сыбайлас жемқорлық бар сияқты, бір мүдде бар. Енді ары қарай не болады? Әлі 1 жарым ай уақыт бар жылу маусымын аяқтауға. Мазутты қайдан аласыңдар?».

Жиында онлайн байланысқа шыққан «Жаңатас-жылу» КММ директоры Ғани Исқақов та сұрақтарға жауап берді. Ол өз сөзінде қаңтар айынан бастап мазуттың сапасы жөнінде дабыл қағып, тиісті басшыларға хат жазғанын айтып ақталды. «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ескерту беріліп, 5 цистернаны қабылдамай қойдық. Мердігерді шақырып едік, келмеді. Аудан әкімінің орынбасарына, бөлім басшысына жазбаша шықтым: «мынаның бәрі толған су, қалай қабылдаймын деп». Бәрі хабардар болып отырған», – деді кәсіпорын басшысы.

Осы орайда мән-жайды біліп отырып, облыс әкіміне ескертпеген аудан басшысы тағы да сын садағына ілікті. Сұрақ- жауап барысында жауапсыз мердігер компания былтыр да тендерге басқаша атаумен қатысып, проблема туындағаны анықталды. Сондықтан бұл жолы компанияның тендерді кімнің көмегімен ұтып, қалай келгенін анықталатын болды.

Жиында облыс әкімі тағы бір өзекті мәселеге назар аудартты. Тараз қаласының тұрғындары тарапынан үйлерге жылудың әлсіз беріліп жатқанына байланысты арыз-шағымдар жиі түсетін болған. Сондай-ақ ақпан айынан бастап жылуға төлем есептегіш құрылғы арқылы саналып алынуы тиіс. «Тұрғындар төлемді пәтерлерінің шаршы метріне қарай төлеуде. Бұл дұрыс емес», – деген Бердібек Машбекұлы Тараз қаласының әкіміне осы мәселені реттеуді тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімдігінің аппарат жетекшісіне мәселенің мән- жайын анықтап, кінәлі тараптарға шара қолдану үшін жұмыс тобын құру тапсырылды. Аудан әкіміне ең қатаң жаза қолданылатыны ескертілді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ұлан Еркінұлына, басқарма басшысы Құдайберген Қорғанбаевқа шара қолданылуы мүмкін.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support