Меркінің бұрынғы көркі қайда?
Меркінің бұрынғы көркі қайда?
Меркі – жері шұрайлы, табиғаты тамылжыған көркем өлке. Ал тарихына келсек, сонау VII-VIII ғасырдан бастау алатын көне шаһарлардың бірі, өз заманында көркейіп, өскен қала. Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл қала талай жаугершілік дәуірлерді бастан кешірді. Қираған да кездері болды. Бірақ, ата-бабаларымыз құтты мекенін дұшпаннан қорғап, қала іргесін қайта тұрғызған, өркендеткен. Тарих пен тағылымы үлгі боп... Қасиетті Меркі жерін жауға ойрандатпай ел бірлігі мен тұтастығын ойлаған даңқты Жауғаш, Сыпатай, Тілеміс, Ақкөз батырлардың ұрпағы ешқашанда намысты қолдан бермеген. Алаштың біртуар ұлдары, ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Қарымбай Қошмамбетов сынды тұлғалар осы топырақта елдің еңсесін көтеруде күш салып, аянбай тер төккен. Ел ағалары А. Асқаров, Ә. Ысмайылов және басқа да іскер азаматтар басшылық жасаған тұста Меркі ауданының экономикасы өрлеп, атақ-даңқы облысқа, республикаға, тіпті бұрынғы Одақ көлеміне жетті. Әрине, бұл осындағы халықтың ерен еңбегінің жемісі. Ауданнан 54 Еңбек Ерінің шығуы да көп жайтты аңғартса керек. Олардың есімдерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында аудан орталығындағы саябақтан «Даңқ аллеясын» ашып, бейнелерін қойып, жанына аты-жөндерін жазу жоспарланғанын құптарлық игі іс деп білген жөн. Бүгінде аудандағы 44 елді мекенде 82 мың 522 адам, оның ішінде 30-ға жуық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл өңірде тірлігі ілгері басқан кәсіпорындар баршылық. Атап айтсақ, кеңес дәуірінде даңқы алысқа кеткен Қант зауыты 2003 жылы «Орталық Азия Қант бірлестігі» ЖШС-ның Меркі бөлімшесі ретінде қайта құрылып (директоры А. Жұмин), онда 639 адам жұмыс істеуде. Биыл 8 айда 33 мың 800 тонна шекер өнімін өндірді. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғандағы өнім көлемінің 44 пайызы. Себебі, шетелден әкелінетін шикізаттың болмауынан өндіріс 4-5 ай тоқтап тұрды. Сол аралықта зауыт жоспарлы жөндеу жұмысын жүргізіп алды. Нәтижесінде 3 миллиард 574 миллион 300 мың теңгенің өнімі өндірілді. Жыл соңына дейін тағы осыншама көлемнен артық өнім өндіру көзделген. Баяғы сыра зауыты қайта жаңғыртудан өтіп, 2006 жылы «Алкопищепром» ЖШС құрылған (директоры Ұ. Тілеуберген). Ағымдағы жылы 8 айда 309 миллион 700 мың теңгенің спирт және 35-тен астам арақ түрін шығарыпты. Өткен жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында осы серіктестік жанынан ашылған ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдейтін Консерві зауыты алма, асқабақ-сәбіз шырыны, алма, асқабақ джемі, қызанақ тосабы сияқты 50-ден астам өнім түрлерін шығаруда. «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС (директоры Д. Айтүленов) 2005 жылдан бері сүт өнімдерінің 70-тен астам түрін шығарумен шұғылдануда. Үстіміздегі жылы 8 айда 428 миллион теңгенің немесе 1572 тонна сүт өнімін өндірді. Зауыт бұрнағы жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «БанкЦентрКредит» АҚ-нан 35 миллион теңге алып, бүгінгі күні «Таң» сусынын, лимонад және басқа да өнім түрлерін шығаратын қондырғылар алды. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында басқа да кәсіп иелері өз өндіріс орындарын, шаруа қожалықтарын ашып, жұмыстарын жүргізуде. Біз оның бірнешеуіне ғана тоқталдық. Жалпы алғанда, ауданда атқарылған шаруалармен қатар, алда тындырылар тірліктердің қыруар екендігін аңғардық. Елбасы саясаты негізінде облыс әкімі аудан экономикасын дамыту тұрғысында алға қойған міндеттерді аудан басшысы жүзеге асырып, нақтылы нәтижелерге қол жеткізсе, өңір әлеуетінің артып, халықтың әл-ауқатының жақсара түсетіні кәміл. ауыл ажарын ойлайтын адам бар ма? Меркі ауылдық округінің құрылғанына биыл – 20 жыл. Экономикалық бағыты – өндіріс, егіншілік және мал шаруашылығы. Халық саны – 14719, оның 8382-сі – қазақ, 6337-сі өзге ұлт өкілдері. Жалпы округте 3454 үй, 71 көше және 58 әртүрлі мекеме орналасқан, 24 шаруа қожалығы бар. Бір таңқаларлығы – осы Меркі ауылында жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық автобустар үшін автобекет жоқ. Бұрын әжептәуір автобекеті болған екен. Ол қазір жекеге өтіп, қаңырап тұр. Тіршілік нышаны байқалмайды. Әттең, барды ұқсата білсе, біраз мәселенің шешімін табары даусыз. Бірақ, мұндай ой әзірге жергілікті атқарушы билік басшыларына келмеген сыңайлы. Оған көз жеткізу аса қиын емес. Жұртшылықпен тілдесіп, орын алып отырған олқылықтарды көзімізбен көрген соң, көп мән-жайға қанықтық. – Автобекетіміз жұмыс істеп тұрғанда, қалаға да, ауылдарға да бір жерден билет алып, автобустың қай бағытқа қай уақытта жүретінін де қиналмай-ақ біліп тұратынбыз. Енді ол тәртіптің көзден бұлбұл ұшқаны қашан?! Автобустарға аудан әкімдігі жанындағы аялдамаға келіп мінеміз. Мұнда ауылішілік автобустар да аялдайды, – дейді тұрғындар. Біз сол жерге барғанымызда, шынында да сапырылысқан көліктер арасында «Қызыл ту», Андас батыр ауылдарына, Тараз қаласына да жүретін автобустар тұр екен. Бұл аялдамаға бұрынғы автобекет қашық та емес. Алайда, амалсыздан өздеріне ыңғайлы деген орындарды қалаған секілді автобус жүргізушілері. Мұндай жайсыз көріністі «хан базардан» да көресіз. Ығы-жығы базар алдынан Аспара, Меркі қой шаруашылығы және басқа елді мекендерге жүретін автобустар жолаушыларын жинауда... Бір автобекеттің жоқтығынан, Алматыға да, Таразға да қатынайтын қоғамдық автобустарға жолаушыларды жайғастыру мәселесімен әйелдер жол бойында тұрып-ақ айналысуда. Аудан тұрғындары солардан автобустардың қай уақытта жүретінін, орынның бар-жоғын анықтап, билетке алдын-ала тапсырыс беріп қояды. Сөйтіп, баяғы автобекеттегі диспетчердің функциясын осылар көлік жүргізушілермен ұялы телефон арқылы байланыса отырып атқарып келеді. Бұл біріншіден, қаншалықты мәдениеттілікке, тәртіптілікке жатады?! Екіншіден, жергілікті қазынаға бұдан түсер көк тиын да жоқ. Үшіншіден, тар жолда «тамаша» жасап, жол қауіпсіздігіне тигізер кері әсері өз алдына бір төбе. Сайып келгенде, қалаға да, ауылдарға да жолаушылар тасымалдау қызметі заман талабына сай көрсетілмеуде. Жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп, тіршілігіміз өткен ғасырдағы жағдайдан да төмен болуы атқарушы биліктегілерге де сын екені анық. Енді жол мәселесіне назар аударсақ. Меркі ауданының орталығынан ұзындығы 7,7 шақырымдық күре жол өтеді. Бұл – Ә. Ысмайылов көшесі. Жолдың әбден тозығы жеткені былай тұрсын, ауданның орталық алаңынан жайбарақат өту мүмкін емес. Көлік кептелісі – қалыпты жағдай секілді. Бір-біріне жол бермеген көлік те, жаяу жүргіншілер де көше ортасында абдырап тұрғаны. Жан-жағы таксилер тұрағына айналған. Осы тұста орналасқан «Меркі» базарынан артынып-тартынып шыққан сауда жасағандарды күткен көліктерден аяқ алып жүру қиын. Жол қауіпсіздігін де, кептеліс жайын да күрделендіріп тұрған басты нәрсе не? Бұл сауалға жеке кәсіпкер Т. Әлімқұлов қысқаша жауап берді. – «Меркі» орталық базарын сыртқа көшірсе, көптеген түйінді мәселе өзінен-өзі шешімін табар еді, – деді ол. Иә, ауданның бет-келбетін танытатын Меркі ауылының қақ ортасынан орын тепкен базардың көзге қораш көріністердің көбеюіне әкеп соғып жатқаны ақиқат. Сондықтан да ауыл тұрғынының ұсынысы көңілге қонарлық. Меркіліктер: «Мал базары прокуратура жағында, шөп базары сот маңында орналасқан. Бұл базар да жан-жағына ыңғайсыздық жағдай туғызып тұрғаны өкінішті» деп те іштегі сырын бізден бүкпеді. Әрине, жаман ниетпен айтып отырған жоқ олар. Ауылдың көркін ойлағандықтан, туған жеріне жаны ашығандықтан білгенін жасырмауда. Тағы бір еске салып өтерлік жайт, Ысмайылов көшесімен темір жол стансасына барып, Савва атындағы мектептен бұрылар жолдың жайы да мәз емес. Себебі, ойдым-ойдым жол күндіз-түні жүретін көлік жүргізушілерінің жүйкесін жұқартуда екен. Жаңатоған ауылдық округіне қарасты Мыңқазан ауылындағы жолдың нашарлығын тілге тиек еткен қариялар «тіпті түгел жаңаланбаса да, шұңқырланған жерлерін жамап, жөндеп берсе екен. Әрі көшедегі әр бағана сайын болмаса да, аракідік жарық қойылса, аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз» дейді. «Махаббат әлемі» сауда орталығынан төмен, солтүстікке қарай жолдың бойын жабайы базар жайлаған. Тамақ өнімдерін пісіріп саудалаған адамдар. Ал, жанынан шаңын бұрқыратып автокөліктер өтуде. Сонда санитарлық тазалық дегеніміз қайда? Оның денсаулыққа залалы ешкімді ойландырмауы қалай? Меркі ауылының тұрғындары ұзындығы 7 шақырым боларлық Лермонтов көшесінің де тоз-тозы шыққандығын жеткізді. Бірнеше көрші ауылды жалғайтын бұл жолдың жөнделмеуі де көпшілік қауымды қынжылтуда. Темір тұлпарын баптап мінетін Меркі ауылының байырғы тұрғыны С. Өзтемірұлымен жолығып сөйлестім. – Бұрынғы Советский, қазіргі Ақтанбердиев көшесіне жуырда асфальт төселді. Оған әрине, қуандық. Алайда, бір өкінішті жайт, жұртшылық «лежащий полицейский» атап кеткен жол белдемшелері көшеге өте жиі қойылған. Бірінен өтіп, жылдамдықты енді қосқанымызда келесісіне тап боламыз. Кейбір үй егелері көлікті жәй жүрсін деп, жолға жапа-тармағай белдемшелерді қойдырып тастаған. Бұны байқамай көлігін оқыстан секіртіп өткен жүргізушілер техникалық құралының тез құритынына қалай іші удай ашымасын? – дейді ол ренішін білдіріп. әкім не дейді? Біз Меркі ауылының келбетін көрген соң, бірқатар тұрғындармен жүздесіп, көкейлеріндегі пікірлерін білген соң, аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновқа жолықтық. Ол жоғарыда қозғалған бірқатар көкейтесті мәселелерге орай ойларын ортаға салды. – Әңгімені алдымен аудан орталығындағы автобекет жайынан бастайын. Негізінен заң бойынша автобекет ауыл шетінде болуы керек. Бұл автобекет кезінде жеке меншікке сатылып кеткен. Жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық автобустар ол орыннан жүретін болса, «автобекет» иесіне міндетті түрде көрсеткен қызметіне ақы төлеуі тиіс. Міне, осыдан қашқақтаған көлік жүргізушілері өздеріне ыңғайлы көрінген жол жиегін таңдап, сол жерден жолаушыларды алып кетеді. Жол қауіпсіздігін сақтау үшін де, мәдениетті қызмет көрсету үшін де тәртіп керек екені рас. Бұл мәселені қолға алуымыз керек. Айналысып көрейік. Дәл орталықта базар болғандықтан, көп көліктің әр тұста шоғырланып тұратыны да мәлім, – деді аудан басшысы Бақтияр Бейсембайұлы. – Біз жуырда ауданның елді мекендерінің бас жоспарын бекіттік. Базарды ауылдың екі жеріне көшіруді сол жоспарға ендіріп, оны жүзеге асыру шараларын қолға алудамыз. Қазір Алматыға шығар күрежолдың бойынан базар үшін 20 гектар жер бөлу мәселесін шештік. Енді бір базар Меркі ауылына өзге округтен қосылып отырған 200 гектар жердің 20 гектарына салынбақ. Алдағы жылы конкурс өтіп, анықталған жеңімпаз инвесторлар құрылысын бастайтын болады. Бұл маңызды жаңа үлгідегі нысандар екі-үш жылдың көлемінде пайдалануға беріледі деген ойдамыз. – Осында үлкен кісілерден: «Бұрын Меркіні қала деуші едік, қазір дала болды, бұрын Құланды дала деуші едік, қазір қала болды» дегенді естідік... – Бәрі салықтың көлеміне байланысты. Тұрар Рысқұлов ауданының бюджетінде темір жол, электр мен газ жүйелері сияқты ірі салалардың қызмет көрсету табыстары арқасында қазына қоржынына 2 миллиард теңге қомақты салық түседі. Ал, Меркі ауданының бюджетінде 1 миллиард теңге болған. Биыл біз бұл мөлшерді 1,5 миллиард теңгеге жеткізбекпіз. Әр өңір өз бюджетіне қарай қажетті шаруаларды халық игілігіне жұмсай алады. Бірер жылда Меркінің экономикалық-әлеуметтік ахуалының көтеріліп, көркейетінін көретін боласыздар, – деді әкім. Аудан әкімі, сондай-ақ, жол мәселесіне де тоқталды. Жұртшылықтың орталықтағы жолдарға яғни, Ысмайылов, Лермонтов және кейбір көшелер жайына көңілі толмайтынын білеміз. Шынында да Меркі ауданы ортасынан өтетін облыстық маңызы бар Қырғызстанға батыстан кіретін жол – 7,7 шақырым және Меркі-Шу-Бурылбайтал – 7 шақырым болатын автожолдардың қазіргі таңдағы жағдайы өте нашар. Ойылған жерлері көбейген. Бір сөзбен айтқанда, тозығы жеткен. Оның шеттерінің желініп кеткені соншалық, жол қауіпсіздігінің сақталмауына соқтырып отыр. Жаңағы екі жолдың жобалық-сметалық құжаты 2012 жылы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан да өткен. Жалпы сметалық құны – 3 миллиард 758 миллион теңгені құраған еді. Ол кезде бұл жолдар республикалық маңызы бар жол болып есептелетін. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі пайдалануға берілгендіктен, аталған жолдар облысқа қарады. Енді бұрын жоспарланған қаржыны облыстық бюджеттен бөлу қиынға соғатыны белгілі. Жуырда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Меркі ауылының ортасынан өтетін жаңағы 7,7 шақырымдық жолды асфальттауға 300 миллион теңге бөлуге ықпал етті. Жол бойына автобус аялдамаларын жасап, жаяу жүргіншілерге арналған жол салу және басқа да тиісті шараларды қоса атқаруға біз өз тарапымыздан тағы 200 миллион теңге қарастырудамыз. Көлік жүргізушілерінің жолдарға «лежащий полицейский» аталып кеткен белдемшелердің көп қойылғанына ренжитініндейі бар. Мәселен, Андас батыр ауылының орталығындағы көшеге ондай белдемшелер шектен тыс қойылған екен. Оны алдырып тастадық. Оны әркім өз бетінше қоя бергені дұрыс емес. Меркі ауылындағы жолы жаңадан асфальтталған Ақтанбердиев көшесінде де осындай келеңсіз көрініс орын алып отырған секілді. Оның бәрі алынады. Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 179 миллион, аудандық бюджеттен 102,7 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға барлығы 17 көшеге орташа және 25 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Көшелерді жарықтандыру жүйесіне аудандық бюджеттен 20 миллион теңге қаралды. Меркі ауылындағы Т. Бокин көшесіне түнгі жарықтандыру ісі аяқталып, Сарымолдаев ауылындағы Рычилов көшесінің соңына трансформатор орнатылғанын айтып өткен жөн. – Аудан орталығының ортасына шөп базары мен мал базарының орналасқанын да жөн көрмеуде ауылдықтар. – Шөп базарының орнына автотұрақ жасамақпыз. Қазір аукционға құжатты әзірленуде. Ал мал базарына келсек, оны да ауыл сыртына шығаруды жоспарладық. Оған бүгінде жер қарастырып жатырмыз. Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде бөлінген 14 миллион 638 мың теңге қаржыға тұрғындар ұсынысы негізінде Ысмайылов көшесінің бойында орналасқан орталық базар жанындағы жотаны көгалдандырудамыз. Гүлденген бұл аумақ Меркі ауылына сән берері сөзсіз. Аудан әкімі Б. Көпбосыновтың сөзі осы. Тілші түйіні Аудан орталығына барғанымызда өңірде қолға алынған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда біраз игілікті тірліктерден хабардар болғанымызды мақала басында айттық. Бірақ, біз олардың бәрін тәптіштеп шығуды алдымызға мақсат тұтқан жоқпыз. Бір ғана айтарымыз, ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетінің қандай екенін оның орталығының кескін-келбетінен-ақ байқауға болады. Сондықтан да аудан орталығы – Меркі ауылының көркіне көз тоқтатып, тіршіліктерінің жай-күйі төңірегінде ой қозғағымыз келді. Көшелерін аралап, А. Асқаров атындағы орталық стадионның 131 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп жатқаны сияқты жақсы істеріне сүйініп, келеңсіз көріністеріне күйіндік. Тұрғындардың ой-пікірін де тыңдадық. Оның бірқатарын мақаламызда атап айттық та. Бір азамат «А. Асқаров көшесінің бойына оның ескерткішін орнатса» деген ұсынысын білдірсе, «Меркі» шипажайына баратын Сарымолдаев көшесінде жолыққан кісілер үзік-үзік болып тозығы жеткен аяқжолдарды көрсетіп, «қай көшеде болсын осындай тротуарларды жөндеу ұмыт қалмағаны жөн» деді. Бір ұлтжанды азамат «Екі қабатты ғимараттағы «Дахаб сити» байланыс салонының және оның қарсы бетіндегі «Восток» кафесінің атаулары, сыртындағы жарнамалары мемлекеттік тілде жазылмауы қалай? Бұл нысандардың аудан әкімдігіне жақын жерде тұрғандығының өзі сын емес пе?» дейді. Тұрғындардың осындай көптеген ойлы пікірлерін жинақтап, қаперге алу қажет-ақ. Ауыл сәнін бұзбайтын, қайта сәулеттік жағын жайнатып, көрген адамға эстетикалық ләззат сыйлайтын шараларға көбірек мән берілсе, құба-құп.
Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».
Меркі ауданы.