- Advertisement -

«Сендер жақта жел жоқ па, әлде күн жоқ па?»

162

- Advertisement -

Табиғаттың тегін қуатын пайдалану тәжірибесі дамыған елдерде мықтап қолға алынған. Себебі баламалы энергия көздерін кәдеге жарату – экономикалық, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Аталмыш тақырыптың елімізде өткен халықаралық ЭКСПО көрмесіне арқауы болуы бекер емес. Бұл – уақыттың талабы айқындаған сұраныс.

Ал республика бойынша жаңартылған энергия көздерін пайдалану жөніндегі облысымыздың көрсеткіштері көңіл көншітерліктей. Өңіріміздің еліміз бойынша өндірілетін баламалы энергия көздерінде 20 пайыз үлесі бар. Дейтұрғанмен ақырғы меже бұл емес.

Ағымдағы аптада өткен аппараттық жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдағы 5 жылда жаңартылған энергия көздерін кемінде 630 МВт-қа жеткізу қажет деген міндетті жүктеді. Бұл өңірдегі жалпы энергия көздерінің 50 пайызын құрамақ.

Облыстың табиғи-климаттық жағдайы мен маңызды энергетикалық әлеуеті ескеріле отырып, соңғы 10 жылда күн электр стансаларының, жел құрылғыларының, кіші су электр стансаларының құрылыстары белсенді түрде жүргізілген. Мәселен, 2010 жылы небәрі 2 МВт энергия өндірілсе, 2020 жылы көлем 318 МВт-қа жеткен. Оның ішінде 5 нысанда 15,2 МВт су электр қуаты, 6 жел электр стансасында 102,1 МВт, 5 күн электр стансасында 201,2 МВт энергия өндіріліпті.

Э н е р ге т и ка ж ә н е ком м у н а л д ы қ шаруашылық басқармасының бастығы Құдайберген Қорғанбаев жаңартылған энергия көздерін өндіру бойынша облыстағы 16 нысанда 290 адам тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. «2020 жылы өндірілген баламалы қуат көлемі сағатына 616 миллион кВт-ты құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 47 пайызға өсті. Оның ішінде жел электр стансалары арқылы 23 пайыз, күн электр стансасы бойынша 107,3 пайызға, су электр стансасында 5,8 пайыз өсім байқалады. 2020 жылы барлық энергия көздері арқылы сағатына 2,5 миллиард кВт өндірілсе, оның ішінде жаңартылатын энергия үлесі 24 пайыз», – деді ол.

Басқарма басшысының баяндамасынан белгілі болғандай, қазіргі уақытта инвесторлар есебінен жалпы құны 55,4 миллион теңгені құрайтын 2 жел, 2 су электр стансаларының құрылыс жобалары іске асырылып жатыр екен. Олардың бірі – құрылысы 2019 жылдан өтпелі Жаңатас жел электр

стансасы. 2020 жылы жоспардағы 100 МВт-тың 40 МВт-ы пайдалануға берілсе, биыл қалған 60 МВт іске қосылмақ. Ендігісі – 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген Шу ауданындағы қуаттылығы 9,2 МВт Тасөткел су

электр стансасы. Бүгінде тестілік режімде 2 турбинасы жұмыс істеп тұр, наурыз айынан бастап толыққанды іске қосылмақ. Ал «Казгидрооперейтинг» ЖШС арқылы Жуалы ауданындағы Көксай өзенінде орналасқан су электр стансасының құрылысы 2019 жылы басталған. Жоспарлы қуаттылығы – 18 МВт. Қазір 4 МВт-ты құрайтын бір кіші су электр стансасының турбинасы орнатылған. 2022 жылы пайдалануға беріледі. Талас ауданында

2020 жылы 10,5 МВт-ты құрайтын 2 жел электр стансасы пайдалануға берілсе, биыл қосымша 9,5 МВт-тық жаңа жел электр стансасының құрылысы басталып кеткен көрінеді. Ол 2022 жылы аяқталады деп күтілуде.

Құдайберген Қорғанбаев 2023-2025 жылдарға құны 76,5

миллиард теңгені құрайтын 4 жоба жоспарланып отырғанын, онда 175 тұрақты жұмыс орындарын ашылатынын атап өтті. Өңірде инвесторлар тарапынан қаражат тапшылығы себебінен тоқтап қалған жобалар да жоқ емес. Айталық, Қордай ауданында қуаттылығы 100 МВт-ты құрайтын жел электр стансасын қою жоспарланған болатын. Шу ауданында 110 МВт-тық жел және 50 МВт-тық күн электр стансасын іске

асыру көзделген. Бұл жобалар жанданса, қосымша 260 МВт жасыл энергия қосылар еді. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жасыл экономика бойынша бірде-бір жоба жүзеге аспаған Байзақ, Жамбыл,

Мойынқұм аудандарын сынға алды. «Сендер жақта жел жоқ па, әлде күн жоқ па?», – деген аймақ басшысы аудан басшыларынан жеке-жеке жауап алды. Сондай-ақ аталмыш аудандарға басқарма мен облыс әкімі орынбасарлары

тарапынан қандай шаралар қолданылғанын сұрады. Белгілі болғандай, тек хаттамалар толтырылумен шектелген. «Хаттама қалады, нақты шара қолданылуы керек», – деді Бердібек Машбекұлы. Қордайда – 2, Байзақ ауданында – 1 су қоймасын салу

жоспарланып отыр. Аймақ басшысы осы орайда су электр стансаларын орналастыруды жобада қарастыруды тапсырды. Ал тиісті басқарма орайлы сәтті ұтымды пайдалануға бас ауыртпаған сыңайлы. Сондай-ақ аудандардағы жасыл экономика әлеуетін ескере отырып, энергияның қосымша көздерін өндірудің 5-10 жылға арналған картасын жасау тапсырылды.

Аппараттық жиында тоқтап қалған жобалар бойынша онлайн байланысқа шыққан Қордай, Шу аудандарының

әкімдері сұрақтың астына алынды. Осы орайда Қордай ауданында бұрын жұмыс істеп, кейін тоқтаған «Георгиевка ГЭС-ін» зерттеп, ол кезінде қанша электр энергиясын берді, неге тоқтап қалды, қазір оны жүргізуге бола ма, жүргізсе қанша энергия береді деген сұрақтарға жауап табуды тапсырды. Жаңартылатын энергия көздері жобаларын қолға алатын инвесторлар тауып, оларға инфрақұрылым, жер бойынша қажетті қолдау көрсету жөнінде облыстық жер қатынастары басқармасымен, кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасы басшыларының қысқаша баяндамалары тыңдалды. Инвесторларға қажетті ақпараттар басқармалардың сайттарында тұруы қажет. Алайда бұл жұмыс та ақсап тұрған сыңайлы. Сондықтан Цифрландыру басқармасын тезірек құрып, ол басқарма сайттар жұмысының белсенділігін тексеріп отыру тиістігі айтылды. Облыс басшысы басқармалар арасындағы, сондай-ақ министрліктермен байланыстың нашарлығын атап өтті. «Әрине, көрсеткіш республика деңгейінде жақсы, бірақ бізде резерв жеткілікті. Мысалы, күн электр стансасын барлық аудандарда ашуға болады. Сондықтан инвесторлармен жұмысты

күшейту керек», – деп бір ай уақыт ішінде жаңартылатын энергия көздерінің картасын әзірлеуді тапсырды облыс әкімі. Карта бекітілген соң, сайттарға шығарылып, елшіліктер арқылы инвесторлармен байланыс орнатылу керек. «Жайылым, қыстақтардағы малшыларға бұрынғы кеңес үкіметіндегідей 30- 40 шақырымға электр желісін тарту тиімсіз. Сондықтан онда күн, жел стансаларын қою қажет», – деді Бердібек Машбекұлы. Жиында көтерілген мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасарлары Ұлан Жазылбек пен Алмас Мәдиевке, бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Қарлығаш Есбергенова

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support