- Advertisement -

«Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде»

425

- Advertisement -

Әдебиеттің басты критерийі – көркем шындық. Ақынның да, жазушының да көксейтіні сол үдеден шығу екені айтпаса да түсінікті. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері өмір сабақтарымен астасып жататындықтан, көркем шындығы поэтикалық әуен болып өріліп, көзге көрініп тұратындығымен құнды екені рас. Оған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймыз. Ол – жалпыхалықтық махаббатқа ие болған дарабоз ақын.

Аспантаудың алдаспаны атанған ақынның өлеңдеріндегі диалогтар шығарманың өн бойына қан жүгіртіп, қалыпты динамика арқылы оқырманды әрі-сәрі күйге түсіретіні баршаға мәлім. Жалпы алғанда диалог көркем туындыдағы кейіпкер образын ашудағы негізгі тәсілдердің біріне жататыны белгілі. Онда адамның сезімі мен тебіренісі, ішкі ойы сұрақ-жауап арқылы өріліп, айқын көрініс табады. Мұқағали Мақатаев өз өлеңдерінде сол диалогты образды ашудағы басты фактор етіп алғанын көзі қарақты оқырман қауымның жақсы білетіні, түсінетіні ақиқат. Ол кейде диалог арқылы өзінің әлемін таныстырып та жатады. Онысы аса сәтті шығатыны да шындық. Соның бір айшықты дәлелі «Менің анкетам» өлеңі екені сөзсіз.

– Туған жерің?

– Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.

– Туған жылың?

– 1931. Құрдасымын Шәмілдің.

– Жынысың кім?

– Еркекпін ғой, еркекпін!

Және – дағы тәуірмін!

Мұнда ақын біржақты жалаң пафостан құралатын ойларға бой алдырмайды. Кейіпкер ретіндегі айтатын сөзін өз танымымен ғана емес, екінші тараптың сауалы арқылы жандандырып, жарқыратып береді. Сол арқылы өлең жолдарындағы ырғақты ширата түседі. Сөйтіп оқырманының ойымен ойнайды. Онысы әсерлі шығып, жұртшылықтың жүрегіне жетеді.

– Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?

– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

– Отқа түсіп өртенсем не етер едің?

– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?

– Жел боп, қуып ақыры жетер едім.

– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

– Қойшы, сәулем бәрін де көтеремін…

Ақын диалогқа құрылған осы өлеңінде қыз бен жігіт арасындағы шынайы сезімді, яғни, махаббат ұшқынын сұрақ-жауап түрінде береді. Мұнда екі тараптың да мінез-құлқы, табиғаты, болмысы ашық әрі нақты беріледі. Қыздың бойына, болмысына тән нәзіктік, еркелік сауал арқылы айшықталса, жігіттің қайсарлығы мен сезімге деген адалдығы нақты, айқын, сенімді жауаптары арқылы түйінделеді. Әрі диалог ұзаққа созылмай, «Қойшы, сәулем бәрін де көтеремін» деген әдемі оймен түйінделіп тұрғаны көкейге қонатыны тағы да рас. Бұл диалогта ақын қыздың да, жігіттің де мінезінен бөлек, танымын, түсінігін жүрекке жылы тиетін жолдар арқылы барынша көркемдеп тұрып көрсете білген. Қызға тән қылық та, жігітке тән өжеттік те баршылық. Сол арқылы оқушысының көңілінен шығады.

Мұқағали Мақатаевтың «Адасқанда» өлеңіндегі диалогтан ренішке толы ақын жүрегінің дүрсілін сезінеміз. Бір ырғақтың бойымен жазылған бұл жолдар да елді елең еткізбей қоймағаны сөзсіз.

– Біздер әлі тіріміз бе, ей?

– Тіріміз.

Жөнсіз босқа қырта бермей жүріңіз!

– Мені ұнатпай келесің — ақ, бастаушым,

Түсінбеймін, не болады күніміз?

– Не болушы ед, қорқатұғын несі бар?

Өле кетсек өлгендердің біріміз!..

Қорықпаңыз, біз әзірге тіріміз…

Бұл тармақтардан өкініш пен үміттің шағылысқан сәулесі тайталасқандай көрінетіні рас. Әуелде ақын жүрегі ертеңіне сұрақ белгілері арқылы алаңдаушылыққа бой алдырғанымен, соңында «Қорықпаңыз, біз әзірге тіріміз…», – деп келер күнге деген үміт отын тұтатып тұрғандай көрінетіні бар. Сол арқылы оқырмандарына кәдімгідей салмақты ой салады. Әлбетте, мұндағы «қырт» сөзі көбінесе ауызекі сөйлесуде қолданылатыны түсінікті. Әйтсе де, ақынның бұл диалогты жедел ырғаққа, әрі санаға салмақ салмайтын қарапайым сөздерге құрғандығын ескерсек, «қырт» сөзі өлеңнің композициясын бұзып тұрмағаны анық.

Ақын ең бастысы сөзге келгенде асқан жауапкершілік танытады. Өлеңдерінде қазақтың қасиетті қара сөзін қалай болса солай қолданбайды. Ол сөзді қолдану мәселесіне асқан шеберлікпен келеді. Сонысынан-ақ оның талғампаз, эстет ақын екенін аңғаруға әбден болады. Алдымен әуелгі ойды айқындайтын мазмұнға бай сөзді еркіне қарай таңдап алады да, кейін сөздің образ жасаудағы экспрессивтік мәніне барынша терең бойлайды. Содан соң ғана сөздің шумақтағы өзге сөздермен үйлесуі мен үндесуіне, ұйқасуына, дыбыстардың өзара ара-қатынасына айрықша мән береді. Оны «Қайран жеңгем» атты өлеңінен де айқын байқаймыз.

Су сұрасам, сүт берген, айран берген,

Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!

Қарғаның валетіндей едірейіп,

Қасыңа мына біреу қайдан келген?

Апырай, суық еді сұрқы неден?!

Адамға қарайды ғой сыртыменен.

Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,

Қимылыңды бағып тұр мұртыменен.

Осы шумақтарда едірейіп және сұрқы деген сөздерді таңдауында да ерекше мән бар десек, қателеспеспіз. Әрине, жоғарыда келтірілген сөздердің синонимдері жеткілікті екенін бәріміз де білеміз. Алайда ол осы сөздер арқылы өзі жасаған образды дәл әрі анық ашады. Жағымсыз образды жасауда дәл осы екі сөз айрықша дөп келіп тұрғанын аңғартады. Одан бөлек, «сұрқы неден» деген сөз тіркесі «сыртыменен», «мұртыменен» сөздерімен өзара үндесіп тұр. Ақын сол арқылы көркем ойды көрікті етіп бере білген. Осы өлең жолдарындағы «Қарғаның валетіндей едірейіп» деген сөз тіркесі де образдың бейнесін дәл сомдауда айрықша маңызға ие екені сөзсіз деп түсінеміз. Әрі бұл ақынның тапқырлығын көрсетеді.

Ақиық ақынның басқалардан дараланып тұратын артықшылығы сол – өзіне ғана тән ерекшеліктері. Ол қазақ тіліндегі синонимдерді поэтикалық қызметте орынды пайдаланып қана қоймай, антонимдер мен омонимдердің де өлеңдегі қызметін өзінше әдемі айшықтай түседі. Мұны әсіресе антонимдерді бір шумақ ішінде бірнеше рет қолдануынан да көреміз, байқаймыз. Ол сол арқылы өмірге деген пәлсапалық танымын, ойын нақтылай, айқындай түседі Мәселен:

Тұныққа төніп қара да,

Тұнық боп көрін халыққа.

Ақ па екен дүзің, қара ма?

Өзіңді-өзің анықта .

Немесе:

Дүниенің ағын да, қарасын да,

Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.

Қарасымен шамаң жоқ таласуға,

Ей, өмірім, зымырап барасың ба? – деген жолдардан ғажап ақынның қарсы мәндес сөздерді тамаша қолдануы арқылы өлеңге айрықша өң беруге ден қойғанын білуге болады. Бұл – Мұқағали Мақатаевқа ғана тән ерекшелік. Ақиық ақын бұл тәсілді кәдесіне тамаша жаратқанын түсіну қиын емес.

Мұқағали Мақатаевтың өзіне ғана тән айрықша тәсілдері бар екенін кезінде білікті ғалымдар сан мәрте айтып, жазып кеткенінен хабардармыз. Солардың бірі – белгілі бір сөз тіркесін немесе өлеңнің қандай да бір тармағын бірнеше мәрте қолдануы, сөйтіп ойната білуі. Ондай жырларының қатарына «Біреуге» деген өлеңін де жатқызуға әбден болады. Бұл шығарма да қазақ халқына етене таныс.

Сен қандайсың? Сен бе? Сен…

Жыландайсың елге сен,

Жүре алмайсың жөнге сен,

Құрдымдайсың шөлде сен,

Құрымайсың, өлмесең!

Сен сондайсың! Сондайсың!

Барса келмес жолдайсың.

Балшықтағы сордайсың,

Түбінде сен сорлайсың!

Түбінде сен оңбайсың!

Сондайсың сен, сондайсың!

Осы бір екі шумақтың өзінде «сен» деген сөз әлденеше рет қайталанады. Бұл ақын өзі жырлап отырған беймәлім кейіпкердің жағымсыз образын әшкерелеуде шешуші рөлге ие болып тұрғаны талас тудырмаса керек.

Ол өз сөзінде: «Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармаларымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас», – деп бекер айтпаған.

Оқырманының алдында ағынан жарылған шынайы ақынның «Бүкіл менің жазғаным – бір ғана поэма» деуі – шын мәніндегі парасат иесі, өмірге, қоғамға барынша ойлы көзбен қарайтын жанның жан тебіренісі, әлеуметтік ортаға айтар көзқарасы бар ақынның ширыққан үні.

Адамның психикалық шұңғымаларын терең білетін ақынның жыр кестелерінен тағылымы мол жайттар аса көптеп кездеседі. Осыдан барып, оның жыр дестелерінен лингвистикалық, психологиялық әрі дидактикалық мотивтердің танымдық қабылдауымызды түрлендіре түсетін қасиетіне кәдімгідей тәнті боламыз. Мұны оның жыр жолдарын жан-жақты зерделегенде байқауға болады. Көзі қарақты жұрт та сол қасиетті бірден аңғаратыны ақиқат.

Зәредей қылығың жоқ мен сенбеген,

Жасудамын, жаныммен көрсем деп ем.

Жасымнан жамандықты жеңсем деп ем,

Жасырмай бәрін айтып берсем деп ем.

Жамандық көре алмайсың сенсең менен,

Өзіңнің қалыбыңмен өлшенген ем,

Аманат бір өзіңе, өлсем денем,

…самал сырын жеткізіп, бұлақ сөзін,

Болсам деп ем өзіңнің құлақ-көзің.

Бастап кетті басқаға шуақ сезім,

Шуақ сезім – секірген лақ кезім.

Менде өзіңдей болмады тұрақ төзім.

Неге бұлай?

…Білесің бірақ та өзің,

Несін білдім өмірдің, несін көрдім?

Көз жазып қалмайын деп көшіңе ердім.

Туған ел, көз жасы үшін кешір мені,

Кешегі жетімдер мен жесірлердің!

Ортасында өшу мен өсулердің

Таяғын тарттым талай кесірлердің,

Туған ел, сол үшін де кешір мені!

Иә, «Халыққа хат» ақын жырының лейтмотиві іспеттес, халқының алдында өзінше есеп беруі. Бұл – Мұқағали Мақатаевтың психикалық үрдістері мен айрықша қасиеттері ме дерсің! Шын мәнінде де өз-өзіне сын көзбен қарау дегеннің үлгісі де осы болар, бәлкім. Мұндай қадамға барып, мұндай өлеңді жазу – сөз жоқ ұлы ақындардың ғана қолынан келеді.

Тіл дегеніміз – адамзат мәдениетінің қуаты, энергиясы» деген ғалым Вернадскийдің пікірі көркемдікпен астасқан ойлардан кесте тіккен ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына тән екені талас тудырмайды. Ақиық ақынның эпикалық туындыларының алапат қуаты – оның Тұлға ретіндегі болмысын биіктете, аспандата түседі. Мақатаевтың қаламынан саулап, ақ парақ бетін шиырлаған дастандары: «Ару Ана», «Мұзбалақ», «Өмірдастан», «Райымбек! Райымбек!», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандар, қош болыңдар», «Жер үстінен репортаж», «Қашқын», «Чили – шуағым менің», «Шекарада», «Моцарт Жан азасы», (реквием), «Боз орамал» (баллада), «Жыл әкелген жыр» (новелла)…

Бұл дүниелердің барлығы болмысы шынайы лирикамен тұмшаланған жанның поэзиясындағы ой мен сезім бірлігі, олардың арақатынасы логикалық жүйені сақтауымен де құндылығын арттырып, сюжетті лирикалық дүниелердің сұлбасын құрайды, бір-бірін толықтыра түседі. Жаңа әзірде аты аталған шығармаларының қатарына «Аппассионата» атты көлемді поэмасын қоссақ, ақынның поэтикалық әлемі қуаттана, жандана түседі. Ақын шығармаларының әлемі мен айтар ойы – адамзаттың тағдыры, адамның тірлігі, мінез-құлқы, сезімі мен түйсігін тани түсеміз. Ақиық ақынның өзі айтқандай, оның лирикалық «мені» – жалпы халық, қауым, заман, қоғам, қоршаған орта. Мұқағали Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарына адамның ғұмыры, тағдыры, дәуірдің ықпал-әсерін шебер қиюластырады. Тіпті алма- кезек ауысқан табиғат құбылыстарының қанық бояуын тауып, қайырғанда да жүгінер тәңірі – Адам, «Адам оқитын жырға адамды қатыстырмау – ессіздік» деуі оның азаматтық кредосы екені анық.

Келдім өмір, қойыныңды аш, енейін,

Ашты-тәтті тамағыңнан өбейін.

Тартылмаған талабымды қуат қып,

Соқпағыңмен мен де алысып көрейін.

Жас жанымды бере алмаспын бекерге,

Арпалысып, азабыңды алармын.

Жер бетінде жақсы тіршілік етерге,

Өзіме лайық бақытымды табармын.

Бақыт іздеп, соңғы сәулем сөнгенше,

Азабыңмен аянбай-ақ алысам,

Сенің түрткі күндеріңе көнгенше,

Мәңгі дымқыл төсегіммен табысам!..

Ол үшін тау – биіктіктің өлшемі, һәм символы. Содан да болар ақын Дала мен Тауды, Отанды, Жерді шексіз сүйеді, сол арқылы оларға жан бітіріп, көркем тіл арқылы әлем картинасының бейнесін өлеңмен өреді. Халық даналығы келбетін сөзбен суреттеуде Мұқағали ақындығы Тұлға ретінде биіктен-биікке көтеріліп, өз үні, өз көзқарасымен де оқырманды тербетті.

«Мен таулықпын! Таудан мен жаратылғам, Тау деген –ана туған дара тұлғам… Тауға барып, көкке ұшып кетсем бе екен, ұстап алып, қыранның қанатынан» деп ақиық ақын тауға, далаға құрметін ақтарады. Бұл жерде ол Тауды асқақтықтың символикалық үлгісі ретінде таңдау арқылы өзінің арманын жайып салады. «Әдебиет шындықты шындап шегелейді» деген Твардовскийдің тұжырымы Мұқағали Мақатаевқа қаратылып айтылған ба деп те ойлайсың кейде…

Өзін жиырма бірінші ғасырдың құрдасы атаған ақынның өлеңдерінің бірқатары сырттай да, іштей де ұйқаса кетуімен де ерекшеленетінін жұрты жақсы біледі. Бұл жерде сырттай ұйқас ретінде шумақ жолдарының соңғы және алғашқы сөздерінің бір-бірімен ұйқасып, үйлесіп шыға келетіндігін тілге тиек етіп отырмыз. Ішкі ұйқас дегеніміз – әр жолдағы қаз-қатар тізілген сөздердің бірдей дыбыстармен әдіптелуі ғой.

Қара тау қара күзді ұнатпайды,

Қарайды, қамқор болып жұбатпайды.

Қарманып, қалжыраған қарақұс кеп,

Қайыңның бұтағына шуақтайды.

Болмаса:

Қарашаның қалықтап желіменен,

Қаздар кетті қоштасып көліменен.

Қайтқан құстың қария қанатына,

Қарайды көзін сүртіп жеңіменен.

Осы бір екі шумақ өлең жолдарының алғашқы жолдарындағы сөздер «ҚА» буынымен басталып тұрғаны тайға таңба басқандай аңғарылады. Одан бөлек әрбір шумақтың байланыстырушысы саналатын үшінші жолда қатар тұрған сөздердің бәрі де «Қ» дыбысынан басталған. Мұның өзі ақиық ақынның жүрегінен құйылып түскен өлеңнің елдің санасына тез жетуіне себепші болатынын байқатса керек-ті.

Жалпы алғанда Мұқағали Мақатаев – Тыныштық және Сенім симфониясы секілді ұғымдар бір бойына жинақталған ғасыр ақыны. Алаштың ақиық ақынының екінші болмысының (өлең қалыбында) Алашты шарлап жүргені де, шарлай беретіні де рас.

Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, бауырлар,

Әлем – дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,

Қорған емес салтанатты, сәнді сарай соғыңдар,

Ей, адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!

Анамыз – Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,

Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық…

Армысың сен, арамызда жалғыз перзент –

Тыныштық!

…«Көп кешікпей көктем де келер енді»… Осы бір қарапайым тармақтан адамның, келешекке, бағдарлы болашаққа бет түзеген, алдағы өмірге асыққан жанның сағыныш-шері, үздіктірген үміт, тағатсыз жүректің лүпілін тасқынды жырға айналдырып, кәдуілгі қарапайым сөздермен-ақ әдіптелген қарапайым жолдан нағыз ақынға тән алапат күш сезіледі. Табиғат лирикасын суреттеу мәнерінен эстетикалық талғамның исі аңқиды. «Біздің көктем», «Көктем де келер», «Көктем», «Осы бір көктемді» және тағы да өзге өлеңдері айтарының серкесі, жазарының көкесі де, көктем тұжырымы арқылы талдау мен жинақталуы да бірге өтіп жатады. Жанға жайма шуақ бұл кез – жыл мезгілінің бірі ретінде ғана емес, ақындық көзқарастың ойға қуат берер күші де.

Көктем де келер,

От ойнар әлі аспанда.

Көгерер әлі:

Кәрі емен, қайың, жас тал да.

Дүлейдің шоғы түспесе екен деп тіле,

Аспанда апат зарядтар жағаласқанда!

Көкірек көкжиегі кіршіксіз таза, ойы тұнық, сезімі таңғы шықтай мөлдір ақынды бірауық күмән-күдік билеп кететін тұстар да баршылық:

Сазға тағы оралды сары ала қаз,

Сарша тамыз, тағы да бола ма жаз!

Салқын жайлау, самал жел, саумал бұлақ,

Жатар ма екен көпіршіп, таудан құлап?!

Биыл жазда тағы да көгере ме,

Былтыр күзде қуарып қалған құрақ?!

«Көгереді бәрі де көгереді» – бұл ақынның жүрдек сезімі мен сенім отының тұтанған тұсы. Көктем жай ғана жайма шуақ кезең емес, ол – ақын жанын жадыратар таусылмайтын қуаныш: «Көктем келді. Өмірдің келешегі – Көкпен бірге дүркіреп төл өседі. Сағым қыздың ап қашып орамалын, асыр сап тентек жігіт – жел еседі. Көктем келіп ауылға қыз көрікті, таң-тамаша дүние жүзге еніпті. Асқар ала таулардан асып әрі, Аяз атаң барады мұз бөрікті».

Ақын келешекке сенеді. Ол үміт-көктемімен сары уайымға салынғысы келмейді. Ол жасыл желекке оранған көктемнен жағымды хабар күтеді. Жақсылықтың лебін сезінгісі келеді… Оған төмендегі шумақ дәлел бола алады:

Көп кешікпей көктем де келіп қалар,

Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.

Азан-қазан аспанның қоңырауы,

Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар…

Кейде сөзде кие бар деп жатамыз. Ақынның айтқаны айдай келеді дейтіндер де аз емес. Әйтсе де, тіршілікте дәм тұзының таусылатын кезін болжаған ақындар әлемде көп емес. Ондай қалам иелерін жаһанда «әулие ақын», «әулие жазушы» деп жатады ғой.

Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі…

Ендігі қалған өмір,

Неше жылға жетерін,

Неше күнге

Ұмыт болып есебің де, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде.

Адал едім,

Артынан «арам» болдым,

Адам едім,

Ақыры «надан» болдым.

Жиылып бұл жалғанның жамандығы,

Ақыры маған қонды.

Жаман болды…

Айтыңдар,

Қайсысың бар ардақтаған?

Таразыға тең қойып, салмақтаған.

Басылған маңдайыма қарғыс таңба,

Қарауға жан батпаған.

Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,

Қыранмын екі көзін қан қаптаған!

«Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде», – деген ақын дәл сол жасында бақилық болды. Бірақ өзі болжағандай өлеңдері жаңа ғасырмен бірге жасап келеді. Бұдан соң оны «әулие ақын» демей көр…

 

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support