- Advertisement -

Мемлекеттік бағдарламаларға мейлінше мән беру керек

36

- Advertisement -

Аудан мен ауыл әкімдерінің жергілікті тұрғындар алдында есеп беруі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмай қалған түйінді мәселелерді шешу үшін күш жұмылдыруға және алдағы мақсат-міндеттерді нақтылауға мүмкіндік беретіні анық. Мұндай жиындарда жергілікті тұрғындар міндетті түрде күнделікті тіршілікте кездесетін түйткілді мәселелер мен тұтас ауылды алаңдатқан ауқымды мәселелерді қозғайды. Сол арқылы әкімдер алдағы жұмыстарының жоспарын нақтылап, жыл бойы атқаратын жұмыстың бағыт-бағдарын бекітіп алады. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев шалғайда жатқан аудандарға атбасын бұрып, жергілікті әкімдердің есепті кездесулеріне қатысқаны да, сондықтан.

Ержан Жұматұлы ең әуелі Т.Рысқұлов ауданындағы Өрнек ауылында болып, аудан әкімі Е.Садырқұлов пен ауыл әкімі Бауыржан Ақүрпековтың есебін тыңдады. Ауыл әкімінің айтуынша, өткен жылы 14 тұрғын мемлекеттің қайтарымсыз грантына ие болса, 24 адам шағын несие алыпты. Алайда облыс әкімінің орынбасары аталған көрсеткішке көңілі толмайтындығын және көпбалалы отбасылар мен ауыл жастарына арналған түрлі бағдарламаларды тиімді пайдалану керектігін ескертті. Сонымен қатар есепті кездесуде жол, ауызсу, жайылымдық жер және интернетке қатысты мәселелер де айтылып, аудан әкімі тарапынан тиісті жауап берілді.
Келесі кезекте, облыс әкімінің орынбасары Шу ауданының әкімі Н.Календеров пен Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Найла Қондыбаеваның есеп беру жиынына қатысты. Бір айта кетерлігі, бұл – аудан бойынша «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына енген бірден-бір ауыл. Қазіргі кезде мұндағы тұрғындар қанатқақты жобаның аясында қажетті қаржыларын қолдарына алып, кәсіптерінің қам-қарекетімен алаңсыз айналыса бастаған. Дегенмен ауылда әлі де түйткілді мәселелер бар екенін байқадық. Мысалы, ауыл тұрғыны Жаңакүл Сұраншиева ағын су мен жайылымдық жер ауыл үшін өзекті мәселенің бірегейі болып отырғанын жеткізді. Ал Марлен Махамадиев ауылдағы спорт алаңшасы жобалық-сметалық құжатқа сай салынбағандығын және пилоттық жоба әкімдік тарапынан дұрыс түсіндірілмегенін айтты. Соның салдарынан ауылдағы ағайынның бірқатары тиімді жобаның шарапатын көре алмай отырған көрінеді. Бұдан бөлек, ауыл бойынша жайылымдық жер мен ағын су, егістік жер мен электр бағаналарына қатысты түйткілдер де сөз болды. Өз кезегінде аудан әкімі Н.Календеров аталған мәселелердің барлығын да назарға алып, рет-ретімен шешетіндігін жеткізді.
Есепті жиында облыс әкімінің орынбасары ауыл әкімдерінің жұмысын ширата түсу керектігін ескертті. «Шынын айту керек, бүгінде жүзеге асып жатқан 14 мемлекеттік бағдарлама болса, ауыл әкімдері соның өзін толық білмейді. Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі де дәл осы мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті тұрғындар арасында тиісті деңгейде түсіндіре алмағаны көрініп тұр. Мұндай мәселе тек Шу ауданында ғана емес, өзге де ауылдық округтерде бар екені күмәнсіз. Сондықтан ауыл әкімдері мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар мен тиімді несиелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Өткен жылдың өзінде өңірімізге 150 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Соның ішінде 64 миллиард теңгеге «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 806 жоба іске асырылды. Ал қайтарымсыз несие мен грантқа 9,5 миллиард қаржы жұмсалды. Бұл қаржының барлығы да тұрғындар игілігі жолында игерілді. Биыл да алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында көптеген игі бастамалар мен тың жобаларды қолға алудамыз. Сондай-ақ облысымыздың атын иеленген Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отырмыз», – деді Е.Жұматұлы.

Ерғали Қартайған

Т.Рысқұлов, Шу аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support